- АҚ ЖЕЛКЕН
- 16 Қыркүйек, 2024
Арыңды өзің таптасаң...
Қызылордада қоғамды шошытқан оқиға болды. Кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысын сыныптастары тәнін сатуға мәжбүрлеген. Бұл сорақы әрекеттеріне қоса қызға зорлық көрсетіп, ұрып-соққан, қорлаған деген болжам бар. Айтуға арың, жазуға қолың бармайтын қылмысты жасап отырған кәнігі қылмыскерлер емес, өрімдей жас балалар. Ана сүті аузынан кетпеген балалар неге мұндай әрекетке барды? Бала жанынан таза, мөлдір не бар еді мына ғаламда? Қай кезде жүректеріне лайлы дақ түсіп үлгерді? «Қазір осы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды» дейді Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға қоғамға жария болған сәтте аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу фактісіне уақытында кедергі келтірмеген уәкілетті тұлғаларға қатаң шаралар қолдануды тапсырып, өз жұмысына салғырт қарағандарды қатаң сынға алды. Бұл істі өзі бақылауда ұстайтынын айтып, бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғановаға жұмыс тобын құруды жүктеді. «Зорлық-зомбылық салдарынан жарақат алған жәбірленуші жасөспірімнің заңды өкілі – анасы баланы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Қазір дәрігер тағайындаған емді үйде алып жатыр. Денсаулығы жақсы, бірқалыпты. Медициналық, психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қажетті көмектер жасалып жатыр» дейді бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
Тәрбиенің негізгі темірқазығы – отбасы. Бұл оқиғада барлық жасөспірімдердің ата-анасы балаларына толыққанды тәрбие бере алмай отыр. Қазір көп ата-ана «баламның тамағы тоқ, көйлегі көк, ештеңеге мұқтаж емес, оқытып жатырмын, болды» деген ойда. Бұл өте өкінішті жағдай. Қоғамдағы көп келеңсіздік – тәрбиеден. Баланың үйде де, түзде де, яғни білім мекемелерінде де тәрбиесіне баса назар аударылуы керек, – дейді Жақсыгүл Тоғанова. Бала тәрбиесінде олқылықтар көп. Әлбетте, ата-ананың орынын ешкім баса алмайды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз отбасы тәрбиесінде жиі айтылады. Әрбір ата-ана осылай ойлайды және үнемі тілге тиек те етеді. Алайда балапанның қанаты қатайғанда, көп ата-ананың үміті кесіліп, қай жерде қателескенін білмей аһ ұрып жатады. Осы тұста ұрпақ тәрбиесіндегі қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің рөлі туралы қалам тербеп жүрген жазушы Зейнеп Ахметованың: «Тәрбие айтудан ғана емес, көрсетуден сіңеді», – дегені ойға оралады. Демек, мәселе балада емес, адасқан баланың ата-анасында.
Жасөспірімдер қатыгездігінің себебі отбасы тәрбиесінде ғана емес, тереңде. Бала тәрбиесіне отбасынан бөлек, мектебі, араласатын ортасы, достары әсер етеді. «Бұл оқиғаларға мен де, сіз де, ол да – бәрі, тұтас қоғам кінәлі. Салғырттығымыз, немқұрайдылығымыз кінәлі» деген ұстаз, QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлының пікірі ащы да болса шындық: «Бүгінгі бала тәрбиесінде балалардың қауіпсіздігі мәселелері отбасылық деңгейден шығып кетті. Отбасылық деңгейден биік. Мен үнемі қайталайтын бір сөз бар. Оқушының үш жұрты бар. Отбасы, мектеп, қоғам. Осы үш жұрт тізе қосқанда ғана бала қауіпсіз және дұрыс тәрбие алады, тұлға болып ержетеді. Кез келген баланы «өзімнің қызым, өзімнің қарындасым, өзімнің әпкем» деп қарамайтын қоғамнан жақсылық күту қиын. Жалпы, қазір қоғамды әртүрлі деңгейде бөлшектеу жүріп жатыр. Керісінше, қоғам бірігуі керек. «Кез келген бала – менің жалғызым» деген кезде ғана бұл мәселелер тоқтайды. Бәріміз салғыртпыз. Өз басымызға түскен кезде ғана ойланамыз, әйтпесе ойланбаймыз. Сондықтан мұндай оқиғалар ауыр. Бұл – қоғам болып ойланатын, қоғам болып шешетін дүние», – дейді А.Ахметжанұлы.
Буллинг, зорлық-зомбылық, вандализм, көше бұзақылығы, тіпті білім ошақтарында қылмыстың жасалуы бала тәрбиесіндегі олқылықтың тереңдеп, қоғам дертіне айналып бара жатқанының көрінісі емес пе? Қызылордалық белгілі журналист, қоғам қайраткері Айткүл Шалғынбаева: «Мектепте жасалған бұл қылмыс – жаға ұстатарлық жағдай. Тіпті миға сыймайтын дүние. Балалар әлемі мен қылмыс бір-біріне кереғар, қабыспайтын, ойлауға да қорқатын жағдай болуға тиіс еді», – дейді.
– Кей мектеп басшылары келеңсіздікті барынша жасыруға тырысады. Себебі бірінші таяқ жейтін солар – мектеп пен мұғалім. Мектеп басшыларын да түсінгіміз келеді. Бірінші соққы мектепке тиетін болғасын, олар жасыруға мәжбүр. Бірақ қылмысты жасыру да қылмыс екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан бала қылмысына байланысты ювеналды заңдылықтар мен Отбасы туралы Заңға өзгерістер енгізілуге тиіс. Баласын жүгенсіз, еркімен жіберіп, қатыгездікке, хайуандыққа тәрбиелеген (кей отбастарында ата-ана баланың көзінше төбелесу, ұрып-соғу, мүмкін баланың өзі таяқпен өсуі) ата-аналарға үлкен мөлшерде айыппұл салып, төлей алмаса, одан да үлкен жаза қолдану заңдылығын қарастыру қажет. Мектеп басшылары, мұғалімдердің мектеп аумағынан тыс болған қылмысқа жауапкершіліктерін жеңілдетіп, егер қылмысты жасырса, ҚР Қылмыс кодексіне сәйкес жауапқа тартуды ескерген жөн. Ал шынтуайтына келгенде, бұл азғындықтың себеп-салдары тереңде. Осы жасөспірімдер қылмысы, жалпы қылмыстар, азғындық – баланың бойында ұлттық құндылықтардың жоғалып бара жатқанының белгісі. Отбасылық құндылықтардың әлсіреуінен туындап жатқан ұлттық проблема. Ал Қызылордадағы қылмыстық оқиға – қазақ қоғамының бүгінгі бейнесі. Қыз бала – ұлттың ары. Қыз баласын дүниеге келгеннен қамқорлық пен махаббатқа бөлеген қазақ неге азып барады? Бұл бәрімізді ойлантатын ең үлкен мәселе, – деп дабыл қағады Айткүл Шалғынбаева.
Айткүл Шалғынбаева бала тәрбиесіндегі мәселелерді шешу жолдарын ұсынады
1. Мектеп бағдарламасына этнопеда-гогиканы қайтару. Баланың бойына жас шақтан ұлттың қайнарын егу.
2. Отбасылық, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін контенттерді дамыту. Мектеп пен отбасы байланысын нығайту.
3. Мектепте психологтардың кәсібилігін арттыру. Әр баланың мінез-құлық картотекасын шартты емес, шынайы түрде жасау. Ауытқу байқалса, отбасымен, баламен анонимді жұмыс жасау. Бұл өте маңызды.
4. Біле білген адамға, педагогика – тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – қасірет.
Қазіргі балалар қолдарындағы телефон, гаджеттен керекті де, керексіз де ақпараттарды алып жатыр. Жасына сай келмейтін тақырыптарды оқиды, тыңдайды, көреді. Психологтардың пікірінше, мұның бәрі баланың психологиясына әсер етеді. З.Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабында: «Заң деген – әдет, адамгершілік деген – әдеп, әдеп деген – басқаларға мейірімді болу», – деген дәйексөз бар. Бала бойына ізгілік дәнін егетін ата-анасы, тәрбиешісі, ұстазы дейміз. Қоршаған ортасы, оқыған кітабы, көрген киносы, қазіргі уақытта әлеуметтік желіге жүктелген видеолар – бәрі-бәрі бала санасына қашалып жазылып, ізін қалдырып жатыр. Жасөспірімдер арасында естір құлаққа ауыр қылмыстар жасала бастады. Себебін кім зерделейді? Олқылықтың орнын немен толтырамыз? Мына әлемнің ең бір жарық сәулесі, ғажайып нұры бала емес пе еді?! Жасөспірімдер қатыгездігінің себебіне үңіліп, қоғам болып қолға алмасақ, болашағымыз – бұлдыр, алдымыз – тұман…
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024
1424 рет
көрсетілді0
пікір