- АҚ ЖЕЛКЕН
- 15 Қыркүйек, 2024
Көлеңкесі көркем образ Алдаров
«Ел іші – өнер кеніші». Өткен айда, Токио олимпиадасы болып жатқан уақытта TikTok желісінен чемпионымыз Елдос Сметовтің тұғырда тұрған портретін салған суретшіні көріп қалдым. Желіге лезде тараған чемпионның суреті көзге бірден жылы ұшырады. Оның авторы қағаз қиындыларынан портрет жасайтын суретші Рауаж Жарылқасынов деген жас талант екен. Суретші кәдімгі картон қиындыларын кәдеге жаратып портрет салуды әдетке айналдырған. Ол көбіне әйгілі тұлғалардың келбетін бейнелейді. Ең қызығы, туындыларды оларға сәуле түсіру арқылы ғана тамашалай аласыз. Рауаждың бірегей туындылары TikTok, Instagram желілерінде көп қаралым жинап, үлкен қолдауға ие болып жатыр. Өзінің айтуынша, желідегі белсенділігінің арқасында бір жылдың ішінде миллионнан астам оқырман жиналған. Сурет өнерінің түрлі тәсілін меңгерген дарынды жігітті сөзге тарттық.
– Менің аты-жөнім Рауаж Жарылқасынов, ал лақап атым – Алдаров. Аты-жөнім басқаша болғанымен, әлеуметтік желіде «Алдаров» деген атпен танылдым. Мұны лақап атым ретінде өз ойымнан шығарып, қоя салғам. Қазір бәрі мені Алдаров деп таниды. Алматы облысы Қарасай ауданы Ұлан деген ауылда тұрамын. Негізі Қарақалпақстанда туғанмын. Қазір Абай атындағы ҚазҰПУ-да кескіндеме мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Үшінші курста оқимын. Ата-анам бар, отбасында үш баламыз, мен ортаншысымын. Ернімдегі жырыққа байланысты мектепке кеш бардым. Яғни 9 жасымда мектепке барып, 20 жасымда бітірдім. Қазір жасым 22-де.
– Суретпен қашаннан бері айналысасың? Бұл жолға қалай келдің?
– Сурет салумен бала кезден бері айналысамын. Бұл менің сүйікті ісім. Бала кезімде достарым, көршілерім болмады. Ол кезде қазіргідей интернет, телефон, әлеуметтік желі деген жоқ. Содан қатты зерігіп кеттім бе, қолыма қалам алып, неше түрлі сурет сала бастадым. Теледидардан көріп қызыққан қаһармандарды, мультфильм кейіпкерлерінің суретін салатын едім. Кішкентай параққа салған суреттерімді ағама, отбасыма көрсететінмін. Олар мені қолдап, жылы сөз айтып мақтайтын. Сөйтіп, одан әрі шабытым ашыла бастады. Күнде сурет салуды әдетке айналдырдым. Маған жай ғана сурет салған ұнайтын. Өзімді процесс барысында өте жақсы сезінетінмін. Бала кезде салған суреттерім әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
– Сенің туындыларың әлеуметтік желіде лезде тарап, үлкен қолдауға ие болып жатыр. Бұл саған шабыт бере ме? Бір портретті салуға қанша уақыт кетеді?
– Туындыларымды әртүрлі әдіс-тәсілде саламын. Жан-жақты болған ұнайды. Сурет те саламын, мүсін жасаумен де айналысамын. Солардың бірі – картоннан қиып жасаған жұмыстарым көпшілікке ұнады. Оған көп зат керек емес, бар болғаны картон, бұрандалар, желім ғана қажет. Мұндай туындыға шамамен 5-6 сағат уақытым кетеді. Бірақ жұмыс кезінде уақытқа қарамаймын. Процестен ләззат аламын, жұмысқа беріліп кетемін. Көбіне парақшама туындының дайын нұсқасын емес, жалпы жасалу барысын саламын. Бұл көпшілікке ұнайды. Әлеуметтік желідегі оқырмандардың қолдауы, әрбір айтылған тілек, әрине, маған үлкен шабыт береді.
– Қандай үлкен-үлкен тарихи тұлғалардың портретін жасадың? Оларды жұртқа көрсеткеннен кейін қайтадан бұза саласың ба, әлде шеберханаңа сақтап қоясың ба?
– Бірқатар танымал тұлғалардың портретін жасадым. Олардың ішінде Дінмұхамед Қонаев, Димаш Құдайберген, Абай Құнанбаевтың, сондай-ақ Виктор Цой, Юрий Шатунов және т.б. өте танымал өнер адамдарының портреті бар. Жасаған жұмыстарымды тастамаймын, барлығын жинап алып қоямын. Алайда қазір бәрін сыйғызу мүмкін емес болып барады.
– Байқасақ, ТikTok желісінде миллионнан астам жазылушың бар екен. Мұнша жазылушы қанша уақытта жиналды? ТикТоктан табыс түсе ме? Сурет салып ақша табасың ба?
– Мен TikTok желісін карантин басталып келе жатқан кезде қолдана бастадым. Ал бір миллион оқырманды бір жыл, бір айдың ішінде жинадым. Табыс дегенде TikTok-тан сурет салуға тапсырыстар ғана түсіп отырады. Адамдар жекеме шығып суретке тапсырыс береді. Тек тапсырыстар салып қана табыс табамын. Бірақ менің арманым – үлкен үйірме ашып, балаларға суреттен сабақ беру. Осындай жұмыс істеп табыс тапқым келіп еді, бірақ қалай бастарымды білмей жүрмін. Әзірше тек тапсырыс арқылы күн көріп жүрмін. Үйлерінің қабырғасына сурет салғызатын адамдар бар, уақыт болса, оған да барамын. Табысымды көп деп те, аз деп те айта алмаймын. Шүкір!
– Ұстазың бар ма? Әлде бәрін өз бетіңше үйрендің бе?
– Барлығын өзім үйреніп жүрмін, осы кезге дейін де өз бетімше үйрендім. Ұстаз дегенде маған ақыл-кеңесін берген мектептегі мұғалімдерімді (ағайларды) ұстазым деп айта аламын. Былайша барлық затты өз бетімше үйренген ұнайды, сол кезде көбірек тәжірибе жинаймын.
– Портрет ең қиын жанр деседі. Портреттеріңнің құны қанша?
– Портрет ең қиын жанр, мұнымен келісемін. Мен салатын портреттің құны қағаздың немесе кенептің көлеміне қарай болады. 15 мыңнан бастап 200-500 мың теңгеге дейінгі аралықтағы бағаға саламын. Өнер туындысы сатылмайды, ол тек бағаланады! Бұл – ең маңызды нәрсе!
«Маған ең үлкен шабыт беретін адам – ата-анам. Олардың маған сенімі әрдайым алға жетелейді, жаңа туындылар жасауға деген құштарлығымды оятады. Әкем әр ісіме көмектесіп, керек заттарымды әкеліп береді», – дейді суретші. Рауаждың алда өзінің жеке көрмесін өткізу жоспары бар екен. Сөз арасында бұл оның кішігірім арманы екенін де айтып қалды. Өнеріңді жұртқа ұсынып қана қоймай, оны табысқа айналдыру үлкен еңбек дер едік. Заманның мүмкіндігін пайдаланып, керемет туындыларымен көпшіліктің ықыласына бөленген дарынды суретшінің арманына жетуіне тілектеспіз. Алдағы уақытта да бірегей өнерімен талайларды таңдай қақтырып, бұдан да биік белестерді бағындырары сөзсіз.
Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024
1394 рет
көрсетілді0
пікір