- АҚ ЖЕЛКЕН
- 16 Қыркүйек, 2024
Hype: кім қандай құрметке лайық?
Гуглға «жұрттың назарын қалай аудартуға болады?» деп жазсаң, түрлі-түрлі тәсіл ұсынады. Мысалы, образың, стилің, киіміңнің түсі, әшекейлерің де ерекшеленіп, адамның назарын аудартып тұру керек. Ал қоғамның назарын бірден аударатын бір жол бар. Ол – хайп ұстау. Біреулер әлеуметтік желіде аудиторияның көңілін өзіне бұру үшін ұтқыр видеолар түсіріп, қызық посттар жазып, еңбектеніп жатса, енді біреулер «мынау бүйтіп жатыр, масқара» деп байбалам салып-ақ жұрттың назарын бұрып әкетеді.
Хайптың не екенін тәптіштеп айтпасақ та түсінікті. Ал хайп сөзі бізге ағылшын тілінен енген. ХХ ғасырдың басында АҚШ-та пайда болған сөз, америкалық жастардың арасында 2000 жылдардың соңында қолданыла бастады. Біздің елде 2010 жылдары рэперлер мен блогерлер әндерде, бейнебаяндарда және әлеуметтік желілерде «хайп» сөзін қолданғаннан еніп, тез тарады. Хайп – екіжүзділік (ағылш. – «hypocrite») сөзінен шыққан. Азғындық, әдепсіз, алдау әрекеттерін білдіреді. Жалпы, «хайп» сөзі ең алғаш маркетинг саласында пайда болып, уақыт өте келе қолдану мағынасы кеңейген болуы мүмкін деген болжам бар. Өткен ғасырдың 20-жылдарында америкалық жастардың кештерінде «хайп» деп есірткі немесе морфин мөлшерін қабылдағаннан кейін пайда болған сезімді айтқан деген ақпаратты да көзіміз шалды. Сондықтан лингвистер хайп «гипербола» сөзінен шыққан, яғни асыра сілтеу дегенді білдіреді деп болжайды.
Хайп ұстау немесе хайпожор
Ал бізге белгілісі, хайп – белгілі бір тақырыптың немесе адамның айналасындағы медиада немесе әлеуметтік желідегі қолдан жасалған ақпараттық шу. Сол шуды тудыратын адамдарды хайпожор дейміз немесе хайп ұстады дейміз. Хайп ұстайтынның да, хайпожордың да мақсаты – кез келген жолмен жетістікке жету. Хайпожор – талқыланатын тақырыптар мен оқиғаларды өзіне назар аудару үшін пайдаланатын адам. Қарапайым сөзбен айтқанда, танымалдық шыңында қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істейді. Әдетте, ол мұны тек пайдакүнемдік мақсат үшін де жасайды. Яғни адамдарды қызықтыратын оқиғаның фонында өзін көрсету, әрі пайда табуды мұрат тұтады.
Медиадағы хайп
Хайп өзіне жарнама жасаудың бір құралы екенін түсінгендер танымал болу үшін бірінші қадамын хайп ұстаудан бастайды. Мысалы, «Қалаулымға» қатысқан жастардың көбі хайп арқылы танылды десек болады. Бағдарламаға келген кезде біреумен ұрсысып, төбелесіп, жылап-сықтап, тіпті бетпақтанып, көрерменнің есінде қалу үшін бар «өнерін» салады. Ертесінде ұйқысынан танымал болып оянады. Әлеуметтік желіде жазылушылары көбейіп, әртүрлі бағдарламаларға қатысып, танымалдығы арта түседі. Қаншалықты танымал болса, соншалықты пайда да табады. Халық көп қарайтын ток-шоуға сарапшы ретінде келіп отырып: «Сендер, ажырасқан әйелдер – қоғамның сорысыңдар. Біз жек көреміз. Мысалы, мен жеке өзім ажырасқан әйелдерді жек көрем. Отырғым келмейді олардың қасында», – деген сөздерді айту арқылы қоғамның назарын өзіне аударып, белгілі бір деңгейде танымал болу – хайп ұстауға жатады. Әрине, бұл сөзді айтқан адам өзі мойындамауы мүмкін, бірақ түбінде көзге түсіп қалу деген ішкі менмендік жатқаны анық. Бұл – хайп ұстаудың бір ғана түрі.
Бір сайттан немесе парақшадан танымал адамның қайтыс болғанын немесе жазылмайтын дертке шалдыққанын оқып қалып, сайттың сілтемесін басып қаласыз. Ол адамның тірі екенін және оның ауруы тек болжам екенін ғана білесіз. Осылайша, сіз жай ғана сайттың оқылымын арттырғысы келген хайпожордың торына түсесіз. Міне, кейбіреулер осылай хайп үшін жалған ақпарат таратудан да тайынбайды. Дегенмен хайпожорлар шындыққа жанасатын ақпаратқа да жүгінеді, бірақ оны адам жағасын ұстайтын формада ұсынады. Мысалы, «Абай Бегейдің кәмелеттік жасқа толмаған қызы тұрмысқа шыққаны рас па?» немесе «Шок болып отырмын»: Алтынай Жорабаева қызына қатысты тағы бір жаңалықты жариялады» деген секілді «айғайлатып» тақырып қойып, әдейі адамның қызығушылығын тудыратын тіркес қосып, оқырманды ынтықтыра түседі.
Бизнестегі хайп
Хайп кең таралған тәсіл болғандықтан, маркетологтар оны жиі пайдаланады. Бизнестегі хайптың мақсаты – сату көлемін арттыру үшін өнімнің айналасында ақпараттық шу тудыру. Соңғы кездері әлеуметтік желіде бизнесін жарнамалау үшін аспаннан «секіріп» түсіп немесе «домалай» кетіп, «төбелесе» салып, жарнамасын айта жөнелетін видеолар көп қаралып жүр. Мұны өздері қанша жерден креатив санаса да, негізінде тауарды сату үшін жасалған хайп екені білініп-ақ тұрады.
Бұл бер жағы, танылу үшін халықтың жүйкесіне ши жүгіртетін компаниялар да бар. Мәселен, тұрғын үй салатын бір компания жарнамалық баннерге «Енеңмен бірге тұрудан шаршадың ба? Онда пәтер сатып ал!» деген секілді сөйлем жазып, жұрттың сынына қалып жатты. Ал Grand park сауда үйінде шабадан сататын дүкен «Тоқалға чемодан ал!» деген жарнамалық плакат ілгені үшін әлеуметтік желіде қатты сыналып, соңында сауда үйінің әкімшілігіне «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 369 200 теңге айыппұл салынды. Арандатушылық мазмұндағы жарнама жасайтындардың мақсаты тауарды сатудан бөлек, компанияның айналасында жасанды пікірлер толқынын тудырып, эмоцияны ояту болуы мүмкін. Өйткені жұрт мұның жарнама екенін түсінсе, хайптан ештеңе шықпайтынын жақсы біледі.
Әлеуметтік желідегі хайп
Әлеуметтік желіде хайп жасаудың хайпожорға көп пайдасы тиеді. Хайп ұстаған оған белсенді аудитория, көп жазылушы, танымалдық әкеледі. Әлеуметтік желідегі хайпожорлар көбіне екіжүзді болып келеді. Мысалы, ерлі-зайыптылар ажырасып, онда да дүние-мүлік бөлінісі жанжалға ұласып, соңында еркек әйелді ұрып жығады. Мұны көрген аудиторияның пікірі екіге бөлінеді. Бір топ әйелді қолдаса, екінші топ еркекті жақтайды. Ал хайпожорлар екі топты да қолдап, лайк басып отырады. Алғашында біреуге жаны ашып, пост жазып алады да, сәлден кейін «естіген ақпаратым бойынша, негізі мынадай екен деп» пікірін өзгертіп, әлгі өзі жаны ашып отырған адамды мансұқтай бастайды. Оның басты мақсаты – әйтеуір үнсіз қалмау, шудың ішінде жүру. Өзіндік пікірі бола бермейді. Ал өзі таратқан ақпараттың мазмұны хайпқа негізделеді. Хайпожордың жазғанын оқу әрдайым қызық сияқты көрінуі мүмкін. Жалпы хайпқа құрылған нәрсені оқу, көру – өте қисынды құбылыс. Себебі, көп адам сарыжағал басылым стилін ұнатады, өсек айтқанды, біреудің жеке өмірін егжей-тегжейлі білгенді жақсы көреді. Арсыздыққа құрылған ток-шоуларды, жұлдыздардың жанжалға толы өмірін талқылап, көретіндер де сол көпшілік, жасыратыны жоқ.
Хайп назар аудартудың таптырмас құралы екеніне жақында тағы да көзіміз жетті. Өткенде ЛГБТ өкілдері киіз үйдің ішінде жалаңаш билеп, жұртты шулатты. Бұл да азшылық топтың хайп ұстау арқылы әлеуметтік желіде пікір тудыру тәсілі еді. Әлеуметтік желіге жалаңаш денесінің суретін салып, көп-көрім блогерге айналғандар жетіп-артылады негізі. Хайптың көкесі ТикТокта десек, қателеспеспіз. Тікелей эфирді қосып қойып кекіру, жел шығару, түрін мыжырайтып ит болып үріп, мысық болып мияулау да хайп ұстауға жатады. Көріп отырған адам реакция жіберген сайын, жаңағы «маймыл» болып отарған «әртіс» оңай ақша табады. Сондай-ақ, ТикТокта «Груз200» деген видеолар да көп қаралады. Артқы әйнегіне «Груз200» деп жазылған көліктердің видеосы ең көп қаралып, реакция жинайды. Фонына қайғылы әрі жылаған әуен қосып қояды. «Өлген адамның мәйітін көлікпен алып бара жатыр» деген белгі. Тіпті адам өлімінен де хайп ұстау хайпожорлар үшін түк емес.
Хайпожор болу тренд пе?
Хайп ұстайтындардың перспективасы ұзақ емес алайда. Қысқа ғана уақытта жарқ етіп өте шығатын сәуле. Сондықтан хайп ұстау, хайпожор сленгі жағымсыз мағынада айтылады. Хайп арқылы танылу, өзіңе деген сенімді бекіту, ішкі менмендігіңді қанағаттандыру мүмкін бе? Оны хайпожорлардың өміріне қарап-ақ таразылауға болады. Өзіңе назар аудартудың басқа қандай жолдары бар екенін іздеп көрерсің, жас дос. Қалай дегенде де, аз уақытта танымал болуға ұмтылу – жас адамға тән мінез. Бірақ өмір жастық шақпен ғана тоқтап қалмайды. Бәрінен дұрысы – бала күннен білім жинау. Білімді адамға хайп түк те қызық емес. Арзан күлкі, арзан мінез адамды аздыратынын, уақыт өте келе ондайлардың өкініші көп болатынын білімді адам ерте түсінеді. Ғалам сырын ұғуға тырысып, күн сайын жаңалық ашуға ұмтылғанға не жетсін!
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024
1401 рет
көрсетілді0
пікір