- АҚ ЖЕЛКЕН
- 16 Қыркүйек, 2024
«Шапалақтың таңбасындай беттегі»
«Тағы бір кесел – вандализм. Өкінішке қарай қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүниежүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурде жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?»
(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінен)
Қоғам мүлкін, рухани-мәдени құндылықтарды бүлдіріп, қорлап, талан-тараж еткен вандалдардың тарихтағы ізі сонау V ғасырда Рим империясының жұртында жатыр. Батысқа бет алған ежелгі шығыс германдық тайпалар қаланы тонап, ғажайып өнер туындыларының тас-талқанын шығарды. Құнды заттарды қолды етті. Есіріп, елірген вандалдар Римді басып өтіп, қазіргі Франция, Испания, одан әрі Гибралтар бұғазы арқылы Африкаға дейін сапар шегіп, жүріп өткен жолдарын тып-типыл тонап отырды деген деректер жазылған тарихта. Оларда мәдени мұраға, сәулет өнеріне деген құрмет, тіпті, құндылықтарды түсінерлік сана да болмағаны анық. Оқушы кезімізде осы секілді әсем ғимараттарды қиратып, сұлулықты әп-сәтте жоқ қылған вандалдардың варварлық әрекеттері туралы оқиғалар бізге ескі заманның ертегісі секілді көрінетін. Бала көңіліміз жабайылық өткен ғасырлардың еншісінде қалды деп сенді. Алайда уақыт ұршықтай дөңгелеп, қанша ғасыр өткенмен, ұрпақтар алмасып, заман жаңғырғанмен, осы бір ежелгі жабайы мінез адамзатпен бірге бүгінге дейін жетіп отыр. Өкінерлік, опынарлық жайт. Әлемде вандализм әрекеттері сирек кездесетін елдер бар. Олар бұл жағдайға қатаң жаза тағайындап, қылмыспен күресті жүйелі жолға қойған. Біздің елде, өкінішке қарай, әлі күнге мәдени ескерткіштерге шимай-шатпақ жазулар жазып, қоғамдық орындарды бүлдіріп кететіндер саны азаймай отыр.
Вандализммен қоғам болып күресу қажет
Елімізде тарихи, мәдени және табиғи мұраларымызды вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акциялар өткізіліп, белсенді жастар ескерткіштерге салынған суреттер мен жазуларды өшіріп, айналасын тазалап, ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жастардың бұл әрекеттері көңіл қуантады. Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әбуғали Ерғали мәдени орындарымызды вандализмнен қорғап, сақтауға халық болып жұмыла кіріссек, нәтижелі болады дейді.
– Екі мың жылдық тарихы бар Тараз – тарихи жәдігерлерге бай өлке. Бірақ қазір көненің көзіндей болған ескерткіштерімізді аялап жүрміз деп мақтана алмайтын жағдайдамыз. Қаншама ғасырдан бері сақталып келе жатқан, тарихтан сыр шертетін мұраларымыз бүгінде шимай-шатпақтан көз ашпай келе жатыр. Біз, жастар, ел көлемінде өтіп жатқан акция аясында қаламыздағы Тектұрмас кесенесі, «Әулиеата» ескерткіші, «Төрткүл» керуен сарайы сынды тарихи-мәдени орындардың айналасын тазаладық. «Әулиеата» ескерткішінің Талас өзені бетіндегі қабырғасына жазылған жазулардан көз сүрінеді. Мән-мағынасыз сөздерді өшіріп жатып, ескерткіштерге жанымыз ашыды. Адамдардың туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарамайтынына қынжылдық. Әлбетте, акция өткізіп, бір топ жас бүкіл мұрамызды келеңсіз әрекеттерден қорғап қала алмаймыз. Мақсат – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару және бай мұрамызға көздің қарашығындай қарауға үндеу, яғни азаматтардың санасы мен жауапкершілігін аттыруды насихаттау. Жалпы, мұндай жұмыстар науқандық сипат алмауға тиіс. Себебі, туған өлкеміздің әрбір тасына, нысандарымыздың бүтіндігіне, айналамыздың тазалығына өзіміз ғана жауаптымыз, – дейді ол.
Еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатқан акцияға қатысушы жастар мәдени орындарды қоқыстан тазартып, жәдігерлеріміздегі шимайларды өшіріп, ел тұрғындарына үндеу тастап, дабыл қағып жатыр. «Әр адамның вандализм әрекеттерінің алдын алып, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысқаны дұрыс» деп санайды олар.
Әбуғали Ерғали:
– Көбіне жастар балалықпен, ойынмен өздерінің ойын, сезімін білдіріп немесе дос екенін білдіріп, түрлі жазу жазып кетеді. Оларда бүлдірейік деген теріс ой болмауы да мүмкін, бірақ әлгі өздері жеткізгісі келген «ізгі ойдың» шырмауынан шығып, бұл тарихи мұрамызға, тарихи мүлкімізге жасалған қастандық екенін жандарымен сезінулері тиіс. Вандализм әрекеттеріне тосқауыл қою үшін Заң да қабылданды. Біз бұл әрекеттердің қылмыс екенін, дұрыс емес екенін насихаттау бағытында сондай жазуларды өшіріп, үздіксіз жұмыс істеп келе жатырмыз. Ескерткіштерді және тарихи ғимараттар қабырғаларындағы шимай жазуларды өшіру қиынға соғып жатыр. Себебі, өшіру-қашау барысында мұраларымызға үлкен нұқсан келуі ықтимал. Соған жол бермеуіміз керек. Тазарту жұмыстары ептілікпен, сақтықпен жасалуға тиіс.
«Вандалдар – білімсіз, мәдениетсіз және агрессиялы адамдар»
Ауладағы орындықтарды, көшедегі шамдарды, тұрғын үйдегі жеделсатыны сындырып кететіндер және табиғи аумақтарды, көрікті жерлерді бүлдіретіндер – қоғам мүлкі, қоршаған табиғат өз игілігіміз екенін түсінбейтіндердің әрекеті. Ондайлар ғасырлардан жеткен, еліміздің рухани байлығы саналатын тарихи мұраларымызды аялай ма?!
Белгілі психолог Анна Құдиярованың пікірінше, вандализм – агрессияның, надандық пен зұлымдықтың шектен шыққан көрінісі.
– Вандализмге баратындар – ішкі агрессиясы бар, яғни өз-өзіне көңілі толмайтын, өзін кінәлайтын адамдар және сыртқы агрессиялы – айналасындағы адамдарға ызалы адамдар. Мәдениеттен жұрдай, эстетикалық көзқарасы дамымаған надан, жабайы адамдар. Тамаша дүниелерді жыртып, қиратып, бүлдіреді. Бұларды деструкцияға құштар адамдар десек болады. Ал жасөспірімдердің, балалардың арасында вандализм әрекеттеріне баратын балалардың көпшілігі айналасына, ата-анасына, достарына ашулы балалар дер едім. Олар іштеріндегі ашу-ызаны ит-мысықтарды қорлап немесе өлтіріп, суреттерді жыртып, бүлдіру арқылы шығарады, – дейді психолог.
Психологтар «өкпе-ренішіңді іште сақтамау керек» деген кеңесті жасөспірімдердің дұрыс түсінбеуі де тәртіпсіздікке алып келетінін айтады. Агрессиясын сыртқа шығарудың жолы осы деп қоғамдық орындардағы мүліктерді қирататындар кездеседі. Вандализм әрекетіне барған адамдарға мына нәрсе әсер етті деп себебін кесіп айту мүмкін емес. Себебі, адам айналасындағы заттарға, мәдени нысандарға біреуге ашуланып немесе сөзге еріп, ештеңенің байыбына бармай, бұзақылықпен зиян келтіреді. Ең өкініштісі, вандализм әрекетіне баратындардың көпшілігі өздерін кінәлі санағысы келмейді. Бұл – өте қате түсінік.
Қазақстанда вандализм үшін жаза күшейтілді
Мемлекет басшысы шілде айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтілді. Оны бір топ адам немесе бірнеше рет және қылмыстық топ болып жасағаны үшін жауапкершілік енгізілді. Дәл осындай қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған нысандарды, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін белгіленді. Осы тектес қылмыстарды жасағаны үшін бұдан былай қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан емес, 14 жастан бастап тартылады. Енді вандализмге жол бергендер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәулікке қамауға алу. Сондай-ақ «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған бұзақылық» үшін 200 мың АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Қоғамдық жұмысқа 300 сағат беріледі, ал қатаң жаза ретінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Қирап жатқан ескерткіштер көп тегі,
Қарағым-ай, қарғауға сөз жетпеді!
Құлпытасқа түскен сызат,
Жарқыншақ –
Шапалақтың таңбасындай беттегі!
Кімді аяйды есіргендер,
Қызғандар?!
Ар-ожданын тумай жатып сызғандар?
Бәрін, бәрін,
Барлығын да бұзады
Бақилардың тыныштығын бұзғандар! – деп Қадыр Мырза Әли айтқандай, «бақилардың тыныштығын бұзбау» үшін бүгінгі ізгі әрекеттерге қолдау көрсеткеніміз дұрыс-ау... Сонда, бәлкім, өткеннен қалған мұралармен қатар адамзаттың арына «шапалақтың таңбасындай беттегі жарқыншақтар» түспес. Бәлкім, азаяр...
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024
1419 рет
көрсетілді0
пікір