- Спорт жұлдыздары
- 15 Қыркүйек, 2024
Демеу Жадыраев, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері: Ісіңнің шебері бол, мақсатыңа сен
Париж бозкілемінде талайды тамсандырып, небір мықтылардың мысын басқан Демеу Жадыраевтың өнері көпшіліктің көңілінен шықты. 35 жасқа толар шағында олимпиаданың күміс жүлдегері атанған балуан қазақ спортының тарихын жаңартып қана қоймай, жарқын жеңісімен жанкүйерлердің де жанын жадыратты. Иә, Демеу Тәуелсіз Қазақстан тарихында грек-рим күресінен олимпиада ойындарының финалына шыққан алғашқы қазақ баласы атанды.
– Демеу, олимпиаданың алтынын емес, күмісін иелендіңіз. Қай сезім басым: сүйініш пе, өкініш пе?
– Иә, мықты қарсыластардан басым түсіп, финалға шыққаннан кейін күллі қазақ жұрты үміт артып, сенім білдірді. Спортқа қадам басқалы осы Олимп шыңына шығып, Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатуды армандадық. Кезінде олимпиадада атой салған Нұрбақыт ағамызды (Теңізбаев – ред.) әуеждайдан күтіп алып, сол кісілердің жолын жалғастыруды көздедік. Бір шетінен, қанша жылғы еңбектің, төккен тердің ақталғанына шүкір етесің. Екінші жағынан, олимпиаданың жөні бөлек. Финалда жеңілген соң, көңіл күйім қатты түсіп кетті. Өйткені бүкіл елдің намысы сынға түсіп жатқанда сүріну, алтынға бір қадам қалғанда жеңілу деген өте қиын. Жоғарыда айтқанымдай, сенім артқан күллі қазақ жұртына алтын сыйлай алмағаныма, Жапонияның туының орнында қазақтың көк туы тұрмағанына өкінесің. Дегенмен күмісті алтынға пара-пар бағалаған елімнің қолдауын ерекше сездім. Сын сәтте ыстық ықыласын көрсетіп, демеуін аямаған жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Финалдан соң ағайларыммен бірге Геннадий Головкиннің өзі де «Еңсеңді тік ұста!» деп қолдау көрсетті. Десе де тұғырда тұрғанда ішім алай-дүлей болғанын жасырмаймын.
– Финалда психологиялық тұрғыдан қатты қысым болғанын айттыңыз. Жеңілісіңізге де осы фактор әсер еткендей болды. Өкініштісі, жеке бапкеріңіз жаныңызда болмады. Боранбек ағай болғанда, бәлкім, белдесу басқаша болар ма еді, қалай ойлайсыз?
– Оның да әсері болған шығар. Өйткені Боранбек ағай менің жай-күйімді, қыр-сырымды менен жақсы біледі. Көзімізге, жүріс-тұрысымызға қарап-ақ қандай күйде екенімізді ұғады. Психологиялық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да дұрыс бағыт-бағдар бере алатын жан. Осы уақытқа дейін маған деген сенімін жоғалтқан емес. Олимпиада чемпионы, жүлдегері атанатыныма сеніп келді. Сондықтан ағайым жанымда болғанда басқаша болар ма еді? Әрине, «ағайым жанымда болғанда 100 пайыз алтын алар едім» дегенім ағаттық шығар. Бірақ Боранбек ағайдың мансабымдағы ғана емес, өмірдегі де алар орны ерекше.
– Қаншама балуандар, спортшылар осы олимпиада биігін бағындыра алмай, спорттағы жолын тұйықтап жатты. Сіздің де басыңыздан сондай қиындықтар өткені анық. Дегенмен соңына дейін барып, діттегеніңізге жеттіңіз. Бұл мақсатқа деген адалдық па, әлде табандылық па?
– Ең бірінші осы жетістікке жетуімнің ең басты себептерінің бірі жақсы бапкердің жолығуы деп айтар едім. Расында, небір мықты балуандар олимпиада тұғырынан көріне алмай, спортты жарты жолдан тастап кетті. Өйткені сол шыңды бағындыру үшін бүкіл өміріңді арнайсың. Бірақ бұл биікті бағындыру екінің біріне бұйыра бермейді. Спорт жолы – өте ауыр жол. Сағың сынып, спорттан біржолата кеткің келетін кездер де болады. Бірақ Боранбек ағайымның сөздері әркез жігерімді жанып, алға жетелейтін. Екеуміз бір-бірімізге шынайы сендік. Ағайым спортта кездесетін қиындықтардың бәрін айтып қана қоймай, сол қиындықты жеңуге де көмектесті. «Өз сәтіңді, өз уақытыңды күт» деп үнемі айтатын. Шүкір, сол үміт 35 жасымызға таяған тұста орындалып жатыр. Дегенмен бұл жетістіктің артында табандылық та, төзімділік те, қайсарлық та жатыр деп ойлаймын. Ал сол қасиетті бойымызда қалыптастырып, арманымызға адал болуды ағайымыз үйретті. Кейде достарымыз қыдырып, той тойлап жүргенде қызығатынбыз. Бірақ жетістікке жету үшін темірдей тәртіпті ұстану керектігін түсіндік.
– Бас бапкер Юрий Мельниченко «Демеу күресті қойып, бапкерлік міндетке көшкені, спорттық ұйымдарда басшылық қызмет атқарғаны дұрыс деп ойлаймын» деді. Жалпы бапкердің пікірімен келісесіз бе? Әлде бозкілемде әлі де несібем бар деп ойлайсыз ба?
– Иә, бас бапкеріміздің бұл пікірін кейіннен естідім. Әрине, әркімнің өз пікірі, ойы бар. Бірақ бапкерлікке бет бұрып, шәкірт тәрбиелеу немесе басшылыққа бару туралы мүлде ойланып көрмеппін. Әлі өзіміз шәкіртпіз, сондықтан шәкірт тәрбиелеу ойда жоқ. Шыны керек, спорттан кету туралы ойланып көргенім жоқ. Жеке бапкерімізбен ақылдасып, алдағы жоспарларымызды құрап, мансабымызға қатысты шешім шығарамыз. Бәрі уақыттың еншісінде. Бірақ бозкілемнен әлі кетпейтініміз анық.
– Жүлде алатыныңызға қай кезден бастап сенімді болдыңыз? Бәлкім, Ақжолды жеңгеннен кейін шығар...
– Шыны керек, медаль аламын деген ой болған жоқ. Тек әр кездесуге шыққан сайын бозкілемде барымды салуға, жақсы күрес көрсетуге тырыстым. Жеке бапкерім ең бірінші алғашқы айналымдағы қарсыласты жеңу керектігін айтты. Әуелі алғашқы айналымнан сәтті өтіп алуды, бозкілемді, жарыстың ахуалын сезіну маңызды екенін ескертті. Ағайымыз «кілемге шығасың да, жұмысыңды істейсің, артық ойды басыңнан алып таста» деп нұсқау берді. Ал бас бапкеріміз әр белдесуге тактикалық тұрғыдан ақылын айтып отырды. Олимпиададағы ешбір белдесу оңай болған жоқ. «Осы балуанды жеңгеннен кейін жүлде алатыныма сенімді болдым» деп, ешкімді бөліп-жармаймын. Бірақ барлық қарсыласымды жеңуге болатынын білдім.
– Қазір қырғыз балуандарына қызыға қарайтындай күйдеміз. Олимпиадаға қатысқан төрт балуаны да жүлдеге таласты. Жалпы, қырғыздардың күресінің мұндай деңгейге көтерілуінің сыры неде деп ойлайсыз?
– «Елу жылда ел жаңа» демекші, грек-рим күресі барлық елде қарқынды дамып жатыр. Соның ішінде айыр қалпақты ағайындарымыздың да күресі қазір жаңа деңгейге шыққан. Әрине, бір есептен, біз үшін бұл өте жақсы. Өйткені көршімізге қарап бой түзеп, біз де дамытуымызды тоқтатпауға тырысамыз. Көршімізбен бәсеке арқасында нәтижеміз де жақсара түседі. Дегенмен қырғыздардың күресі енді жаңа деңгейге шығып жатса, қазақ грек-рим күресінің тарихы тереңде жатыр. Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлықанов, Бақтияр Байсейітов, Нұрбақыт Теңізбаев сияқты мықты балуандардың салып берген сара жолын жалғастыратын жастарымыз да жетерлік. Сондықтан күресіміз қазір қырғыздардікінен қалып қойды деп айтуға келмес.
– Олимпиаданың күміс жүлдегері деген атақ өміріңізді өзгертсе де, өзіңізді өзгертпепті. Мұның сыры неде?
– Қарапайымдық қанымызда бар қасиет қой. Сондықтан «олимпиаданың күміс жүлдегерімін» деп кеуде қағатындардың қатарынан емеспіз. Құрмет-қошеметке бөлеп, барынша ыстық лебіздерін білдіріп жатқан халқыма ерекше алғыс айтқым келеді. Сый-сияпатын көрсетіп жатқан жандарға да рақмет айтамын. Иә, олимпиаданың күміс жүлдегері деген атақ аздап танымалдығымызды арттырып, өмірімізді өзгертсе де, ішкі жан дүниемізді өзгерткен жоқ. Дінмұхаммед атамыз айтпақшы, қанша биікке көтерілсек те, халқымыздан төмен екенімізді ұмытпаймыз. Өйткені бұл жеңістің артында халықтың да дұға-тілегі, батасы жатыр.
– Біздің жас оқырмандарымызға айтар ақыл-кеңесіңіз...
– Ең бірінші қай салаға барса да, сол саланы жан дүниесімен жақсы көру керек. Спорт болсын, басқа болсын, өз ісінің шебері болуға тырысу керек және өзін-өзі дамытуын тоқтатпай, әркез ізденісте болу керек. Өмірін сол салаға арнау керек. Екіншіден, жақсы көрген саласындағы ұстазын тыңдау керек. Ұстазын алдамай, айтқанын екі етпеу қажет. Өз ісіне адал, әділ болса, түбі діттеген мақсатына жететіні анық. Сондай-ақ алға қойған мақсатына жететініне сену керек.
Сұқбаттасқан
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024
1408 рет
көрсетілді0
пікір