• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Қыркүйек, 2024

Адырнасы үзілген садақ

Биыл мерейтойлары атап өтіліп жатқан қазақ зиялыларының жастық шағына үңілсек, олардың оқу-білімге, ғылымға сонша іңкәрлігін байқаймыз. Бір қарағанда, олар өмірге көз ашқан уақыт – нағыз аласапыран шақ. Алғашқы орыс революциясы өткен 1905-1907 жылдар, 2014-2018 жылдар аралығында І Дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістер, 1917 жылғы Қазан төңкерісі, одан кейін дереу тұтанған азамат соғысы, әрі қарай – республикалардың, автономиялардың құрылуы... Тарихи оқиға өте көп. Жүктің бірде ары, бірде бері ауып кетуі оңай.

Осы кезеңде оқуға ұмтылған қазақ зиялылары неткен жанкешті болған десеңші! Әні, М.Сералин бастаған топ «Ай, қап!..» деп өкініп қалмайық, қазақ жұрты!» деп журнал шығара бастады. Маман бай қазақ романына байқау жариялап, қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасуына жол ашты. Ахмет бастаған қайраткерлер халықтың аты бұрмаланбасын деп «Қазақ» деген газет шығарды. Төңкерістің ізін ала ел тізгінін өзі ұстауға тырысқан Алаш автономиясы құрылды, алғашқы Алаш әскері жасақталды. Тарих дөңгелегі сыртқа айналмағанда, Ұлы дала жұрты сол дүмпумен серпілгенде, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей кететін айдынды ел болып отырар едік. 

Жә, қазіргі күніміз де жаман емес. Азат жұртпыз. Біздің азаттығымыздың алғышартын сол қым-қуыт заманда жасап кеткен арыстарға мың тағзым!Қазақ жазба әдебиетінің алғашқы классиктерінің бірі Бейімбет Майлин сол дәуірдің білімге аса сусаған, табиғи дарынын біліммен тамаша ұштастыра білген жанкешті жас ретінде көрініс береді. Ол жалшы Жармағамбеттің ұлы еді. Жармағамбет ерте қайтыс болды, анасы Күлғизардың дәм-тұзы да ерте таусылды. Сонда жетімді қанатының астына алған Бойдас әже Бейімбеттің ұғымтал, зерек, қабілетті екенін бірден аңғарған. Бізге жеткен естеліктерде әженің: «Бейімбеттен үмітім үлкен. Қисса, өлеңдерді жаттап алып жүр. Әрі қарай оқытайық. Бірдеме ғып күнелтерміз. Оқуына қажетті шығын шықпай тұрмас. Ол үшін көңіл таршылығын жасамайық», – деген жүрекжарды тілегі де келтіріледі. Бейімбеттің білімге құштарлығы кепкен қауға түскен от секілді. Ол байдың делбешісі болып жүріп-ақ қазақ мінезінің ойқы-шойқы тұстарын зерттеп танып жүрді. Ол елді алдаған арамза молда, жанбақы ақындарды жұрт көзінше әжуәлаудан тайсалған жоқ. Ол «Айқап» журналының қазақ санасына сепкен нұрын бірден сезінді. Ол 1914-1916 жж. Уфадағы даңқты «Ғалия» медресесінде үздік шәкірттердің бірі болды.

«Ғалияда» оқып жүргендегі Бейімбеттің бір әрекеті оның бүкіл болмысынан хабар береді. 1913 жылы белсенді татар шәкірті Шайықзада Бабич «Парлақ» қолжазба журналын шығарады. Оған еліктеген башқұрт студенттер – «Ай» және «Без», черкестер «Ләгу» қолжазба журналын шығара бастайды. Білім айдынына бір жылдан кейін бой ұрған Бейімбет қазақ бауырларымен бірге «Садақ» журналын шығаруға кіріседі. Башқұрт жазушысы Сәйфи Құдаш: «Садақты» қызықты шығаруға Бейімбет пен Жиенғали Тілепбергенов көп күш жұмсады, тіпті жұмасына бір шығарып тұрған кездері де болды», – деп еске алады. Бұл деректі Т.Кәкішев, Т.Бейісқұлов сияқты ғалымдар толық растайды. «Садақ» журналы 1915 жылдың 9 қыркүйегінен 1918 жылдың 10 ақпанына дейін шығып тұрды.

«Садақтың» кезекті бір саны шығып, оқу залына қойылғанда, Мәжит Асадуллин деген шәкірт, өзі молда баласы және тағы бір Мұстафа деген татар жігіті шу көтереді. «Мұнда татар медресесі, егер қазақ шәкірттері журнал шығаратын болса, мұнда ресми тіл болған татар тілінде шығарсын» деп айқайлайды олар. Олар «Садақты» дәлізге шығарып тастайды. Медреседегі тәртіп бойынша қолжазба журналдардың сандары қойылып, мөр басылып, сондағы кітапханаға өткізіледі екен. Мәжит пен Мұстафа дәлізге шығарып тастағаны былай тұрсын, «Садақтың» екі нөмірін жыртып тастайды. Бұл жағдай қазақ шәкірттеріне қатты әсер етеді. Екі зорлықшыға ерген жастар енді оларды келеке-мазақ жасай бастайды. 

1916 жылдың 16 қаңтарында «Вахт» газетінде «Медресе «Ғалиядағы» қазақ шәкірттерінен ашық хат» жарияланады. Осы хатқа қол қойған 38 жастың арасында Б.Майлиннің аты да бар. Олар қазақ тарихын, тілін, әдет-ғұрпын қорғай отырып, медресе басшылығына бейбастақтықты тыю туралы өтініш айтады. Мәселе ушығып келе жатқандықтан, жалпы жиналыс өткізіледі. Лық толы залда кейін татар халқының зиялы ұлы ретінде танылған ақын Ғалымжан Ибрагимов сөз сөйлеп, қазақ жастарының бастамасын толықтай қолдайды. Ш.Бабич те Бейімбет бастаған қазақ жігіттерінің жанкешті еңбегін баса көрсетіп, қазақтың ауыз әдебиеті мен енді ғана еңсе көтерген жазба әдебиетінің жаңа көкжиегі ашылғанын көтере сөйлейді. Бұл естеліктердің барлығы Т.Бейісқұловтың Би-ағаң туралы мақалаларында бар.

Денсаулығына байланысты «Ғалияда» екі жыл ғана оқып, кейін ауылына мұғалімдікке кетуге мәжбүр болған Бейімбеттің ұлтшыл, қазақшыл мінезі осы шағын оқиғадан-ақ менмұндалап тұр. 1916 жылы медресенің 10 жылдығы аталып өткенде, Ахмет Байтұрсынұлы Уфаға арнайы келеді. Шәкірт Бейімбет даңқты ғалыммен сол кезде бетпе-бет кездесіп сөйлеседі. Қазақ көгіне білім күнін жарқыратқысы келген жас дарынға бұл кездесудің де ерекше әсер еткені анық. Одан әрі қарай Бейімбет журналистік және жазушылық өнердің шыңына шықты. Ол «Еңбекші қазақтың» шығуына еңбек сіңірді, «Бірлік туы», «Қазақ», т.б. басылымдардың белсенді авторы болды. Бейімбет қазақ жазба әдебиетінің өзіндік мәдениетін қалыптастырды. Ол барлық әдеби жанрды алға жылжытуға ерен еңбек сіңірді деп сеніммен айта аламыз. Би-аға 1937 жылдың 6 қазанында тұтқынға алынып, 1938 жылдың 26 ақпанында атылды. Оған «контрреволюцияшыл, алашордашыл, кеңес өкіметінің билігін күшпен тартып алуға ұйымдасқан астыртын топ мүшесі» деген айыптар тағылды... «Садақ» пен Бейімбет өмірінің арасындағы нәзік байланыс бәрібір байқалмай қоймайды. «Садақ» Бейімбет медреседен кеткеннен кейін тағы екі жыл шығып тұрса да, алғашқы қадамынан-ақ кедергіге көп ұшырады. Ал қазақ әдебиеті тарихында адырнасы ширыққан садақтай жанкештілігімен қалған Бейімбет Майлыұлы да зұлым саясаттың  құрбаны болды.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024

1393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы