• Шығармашылық портрет
  • 16 Қыркүйек, 2024

Ойлануды үйреткісі келгендей

Аягүл Мантай – қазақ әдебиетінде аяулы әңгімелерімен ғана емес, өзі де аяулы қалпында қалған жазушы. Оның мезгілсіз дүниеден өткені оқырмандары мен әдебиет айналасындағыларды бей-жай қалдырған жоқ. Біреулер кінәлады, біреулер аяды, ал тағы бір топ «болуы керек» жағдай ретінде қабылдады. Оның шығармашылығы туралы біраз нәрсе жазылды және айтылды. Бірақ бір сұрақ сұрақ қалпында қалып барады. Ол шығармашылықтағы мақсатына жете алды ма? Жалпы, оның мақсаты не еді?

Тәлейіңе жазылғанды көрмей кетпейсің...

Адам пешенесіне жазылғанды көріп бітпей кетпейді. Қазақы таным осылай сөйлейді. Басын ашып алатын нәрсе сол, ол өзінің кең маңдайына жазылған ғұмырды көрді, кешті, кетті. Бәлкім, оның маңдайына басқа тағдыр жолын таңдау да жазылған болар. Бірақ ол осы жолды таңдады. Қазақ пешене туралы қарапайым адамдарға осылай айта келіп, өнер адамдарына келгенде «әлі де берері мол еді» деп қалады. Біздіңше, қолына қалам ұстатқан адамын Жаратушы жазары біткенде алады. Тек біз өзіміз күтпей қалғандықтан да «мезгілсіз өмірден өтті» дейміз.

Қарапайым қоғамда туған ақылды кейіпкерлер...

Әрбір әрпі санап берілген жазу-ғұмырында Аягүл екі кітап берді оқырманға. Үшіншісі көзі кеткеннен кейін жарық көрді. «Аягүл» деген атаумен төртінші кітабы да шыққан. Оған жазушының шығармаларымен қоса ол туралы естеліктері де басылды. Аягүлдің шығармаларының бәрі – ортасынан ерекшеленіп тұратын адамдар туралы. Оның кейіпкерлері – мына қоғамнан, адамдар арасынан өз орнын таба алмай шарқ ұрғандар. Сөйте тұра олар өмірін өзгерткісі келмейді. Қасіретіне шексіз ғашық кейіпкерлер галереясын жасап берген Аягүлдің өзі де өз әңгімесінің кейіпкерлеріне ұқсап кетеді. Әлеуетіне, шығармаларының мықты екеніне сене тұрып, ол өмірден баз кешуді жаны сүйгендей көрінеді. Бір жазбасында «менің әлеуетімді Қазақстан пайдалана алмай отыр» деген сөз кездескен еді. Қазір интернет беттерінен оның осы жазбасын кездестіре алмай отырмын. Жалпы, Аягүлдің жазбаларында да, шығармаларында да адамдар арасынан қашып, басқа бір дүние іздеп жүретіні байқалады. Және оның кейіпкерлерінің бәрі дерлік шалғай ауыл ортасынан қымбат кофе дайындайтын кофехана ашып алған адамдар сынды. Ойлары ортасынан биік, кез келген сәтте философиялық диалогқа дайын жүреді. «Диалог» дегеннен гөрі «монологқа» жақын шығар олардың сөзі. Өйткені өзіне сәйкес жауап ала алмаған кейіпкер сөзі монолог болмаса, диалог деген терминге сыймайды.

Гамлет феномені

Оның Томпақ, Айза, Александра сынды кейіпкерлерін алып қарайықшы. Ауылда өскен Томпақ қыздың оң босағада отырып босанып, баласының атын «Бұлттан көтердім» деп «Бұлт» қоюы, «Жүрегім жаурап жүр», «Көктем де жылыта алмады» деген сияқты сөздерін қарапайым ауыл адамдары түсінбейді. Өнер тілін түсіну немесе классика кодын табуда зерттеушілердің көбі «Гамлетке» жүгінеді. Гамлет феноменін түсінбей, шығарманың түбіне жету қиын. Шекспир сыртқы әрекеттен гөрі ішкі сезімдерді суреттеуге тырысты. Әкесін өлтірген ағасынан кек алуды ойлады. Бірақ сөйте тұра ол өзімен алысып, орны толмас қателік жасаймын ба деп қорықты. Өзімен-өзі алыса жүріп «өлсем бе, қалсам ба» деген атақты дилемаға жолықты. Яғни ол өзгені өлтіруге құштар бола жүріп, өзі өлімге асықты. Өйткені бір ғана адамды өлтіріп, өмірді өзгерту мүмкін емес, бірақ мына әділетсіздіктен қашып кетуге болады деп ойлады. Бұл нәрсе әлемдік мәдениетте «ақылды жанның азабы» деп аталады. Гамлет феноменінің жарқын көрінісі – «Мартин Иден» және Абай. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген сөзді Ұлы ақын Гамлеттен қорытып, қазақы түсінікке сыйдырғандай көрінеді. Аягүлдің кейіпкерлері де ақылынан азап шегеді. Және өз ішімен арпалыса жүріп, өзгені, өмірді ұмытады. Әрекетті де ұмытады олар. Осы әрекетсіздіктен тағы бір жазушының ізі байқалады.

Cogito ergo sum

«Өзін-өзі, шын мәнінде, сыйлай білетін, жақсы өмір үшін күресе білетін жігерлі адам үш күн тұрмайтын біздің қаладағы кішкентай бөлмеміз тым жұпыны. Терезені ашсақ, әр жерінен жыртылып, ажыраған  қоңыр түс қағаздар желбірейді. «Кім болса да, мына түс қағазды талғамсыз адам таңдаған» деп күңкілдегенімізбен, онсыз да көңілсіз өмірімізді одан сайын көлегейлеп тастаған бөлмені ақтап, сырлау ешқайсымыздың ойымызға кіріп шықпады. «Басқа пәтерге көшем». Екеуміз де солай ойладық. Бірақ біз көшпей, сол ескі жатақханада тұрақтап қалдық».

Бұл – жазушының «Соқыр сана» шығармасынан үзінді. Осы абзац менің есіме Чеховты түсіреді. «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасының өне бойы «Мәскеуге көшеміз» деген сөзден тұрмаушы ма еді? Бірақ олардың Мәскеуге көшуге әрекеті жоқ. Осы турасында сыншылар Чехов кейіпкерлерін «логикалы әрекетсіз» адамдар деп таниды. Яғни ойлайды, шешім қабылдайды. Бірақ оған жету үшін саусағының ұшын да қозғалтпайды. Аягүлдің кейіпкерлерін өз қасіреттеріне ғашық деген пікіріміз осыдан туып еді. 

Дегенмен Аягүлдің басқа бір әңгімесі тағы бір шындықтың бетін ашатын сияқты. «Бөтен» шығармасында: «Өмірін жоспар мен кестелерге сыйғызып, сызып қойған шеңбермен жүретін адамдар, «бәріне уақытында үлгеруім керек» деп жанталасатын адамдар ерте үйленіп, ерте тұрмыс құрады. ...Олар «өмірде бәріне жеттім» деп ойлайды. Шын мәнінде, олар ештеңеге жетпейді. Себебі, олар өздерін Құдайға жеткізетін адами құндылықтарды таптап кетеді. Уақыт өте келе сол сезімдермен бірге өздерінің де көміліп кеткенін байқайды. Тірі: тамақ ішеді, жейді, ойнайды, күледі, материалдық дүниесі жетеді, бірақ рухани мүгедек. Қоғам түгілі, өзіне де жақсылық жасай алмайды» – дейді жазушы. Жазушы ойы Декарттың атақты «Cogito ergo sum» – «ойлана аламын, яғни мен бармын» деген түйінімен астасып жатқан сияқты.

Иллюзия

Жазушының кейіпкерлеріне тән тағы бір мінез бар. Олардың өте мықты бола тұрып, өте әлсіздігі. Шығарманы оқып отырып кейіпкерлердің бір нәрсеге тырмысқанын, тағдырға мойынсұнғысы келмейтінін байқайсың. Бірақ іштеріне үңіле келгенде олардың сонша әлсіздігі көзге ұрады. «– Сен онымен ешқашан өмірде бетпе-бет кездескен жоқсың ғой. Сен күнәһар емессің, сен – өз қиялыңның құрбанысың. Оған деген сезімің осыдан бес жыл бұрын оянса, осы күнге дейін онымен кездесуіңе болар еді ғой. Саған өз қиялыңмен өмір сүру ұнайды, сол себепті, онымен кездесуден қашасың. Кездессең, оны мәңгілікке жоғалтып алатыныңды білесің. Бұл психологиялық соққыны сенің нәзік жүйкең көтермейді. Оған деген сезім, құштарлық сенің әлсіз жүйкелеріңді емдеп, сенің  өмір сүруге құштарлығыңды арттырады. Саған өзіңді-өзің сақтау үшін осы рөлді ойнау ұнайды. Оның, жалпы ешкімнің сенің өміріңнің режиссері болғанын қаламайсың. Әйел жаратылысы ретінде сенің ең басты қателігің – осы. Өзіңді-өзің азаптап тағы да осылай қанша жыл өмір сүресің? Тағы да бес жыл ма, әлде он жыл ма? Әлде отыз жыл?..»

Аягүл Мантай кейіпкерлері-нің бәрі осы ауытқуды бастан кешіп жатқандай. Олар тағдырымен, шын қалауымен бетпе-бет келуге қорқады. Өзінің қателігі, жұрттан жасырғаны ашылып қалатындай, олардың бәрі дерлік өз қиялында, өздері жасап алған иллюзияда өмір сүріп жатыр. Тіпті автордың өзі де айналасына вакуум жасап алып өмір сүргендей көрінеді.

Құдайды іздеушілер

Жазушының қайбір әңгімесін алып қарасаңыз да, Құдай мен Тағдыр деген ұғымдарға соқпай өтпейтінін аңдайсыз. Бірі Құдайға ренішін айтады, бірі ренжи жүріп оны тапқысы келеді. Тағдырының неге сонша ауырлығын, мұны неге ұмытып кеткенін сұрағысы келеді. Құдай тарапынан жасалған әділетсіздіктерге төзгісі келмейді. «– Мені Сәбираны сағынып, іздейді дейсің бе? Өзім жарымай жүріп, оған жиі сыйлық жасауымның себебі: қайырымдылық көрсетіп, Құдайдан шарапат күту емес, мүгедек қыздың өмірге деген құштарлығын зерттеу,  бір тыныш таппайтын жанымның қанағатсыздығын тұншықтыру. Бұл – басқаның қайғысынан бақыт іздеу емес, өзіңдегі барды бағалап, тәубеге келу, – деді Айза.

– Құдай мүгедек, қаріп-қасірлерді сау, бірақ рухани адамдар күш-қуат, энергия алсын деп жаратқан демексің бе? Егер солай болса, бұл қаншалықты әділетті? – деп оған да, өзіме де сұрақ қойдым». Біздің дін сіңіп кеткен қоғамда тәубеге келтірудің жолына Аягүл осылай қарсы шығады. Мұның арғы жағында Құдайды қорғау тұрғандай. Уағызшылар жұртты жұбату үшін: «Қолың бар, көзің бар, он екі мүшең сау. Мүгедектерге қараңыздаршы. Оларды Алла бізді тәубеге келтіру үшін, өзіңде барды бағалау үшін жаратты», – деп жатады. Расында, олар тәжірибе үшін, біреуді жөнге салу үшін жаратылды деу қаншалықты әділетті? Біреуді мүсіркеп, біреуді аяп тапқан шүкірдің, біреуді аяушылықпен табылған Құдайдың қандай қадірі бар? Осындай ойларының ұшқынынан болса керек, жазушы «Иллюзия» әңгімесінде: «– Мен өз Құдайымды іздеп жүрмін, – дедім. – «Жүз жылдық жалғыздықтың» авторы Габриэль Маркес «Мен Құдайға сенбеймін, бірақ одан қатты қорқамын» десе, кейіпкерлері Құдаймен ымыраға келмейтін Камю «...мағынасыздық –  Құдайсыз жасалған күнә» дейді. Бірақ олардың ешқайсысы Құдайсыз емес еді. Адамзаттың ақыл-ойын дамытуға үлес қосқан, «ұйықтап жатқан миларды» оятып, «саналарды сілкінткен» олар өз Құдайын іздеді. Олар Құдаймен еш «делдалсыз» тікелей қарым-қатынас жасады», – дейді.

Құдайды іздеу тұрғысындағы автордың түйіні осыған саяды. Яғни ешбір мүгедектерге қарап мүсіркемей, дін немесе басқа нәрсенің ізімен емес, Құдайға тікелей барғысы келеді олар. Расында, оның кейіпкерлерінің ешбірі Құдіретке жақындау үшін садақа беріп, мешіт жағаламайды. Бәлкім, олардың қателіктері де осында ма екен? Ешбір ойсыз, көзсіз, соқыр сеніммен сену керек пе Құдайға? Бірақ бұл жазушының «ойлана алсам ғана – мен бармын» деген принципіне қарсы келеді ғой. Түйіндей келгенде, жазушының барлық кейіпкері – Құдайды іздеп жүргендер. Оны тапсақ – өзімізді табамыз деп ойлайтын сияқты. Бұл тек кейіпкерлерге ғана емес, автордың өзіне де тән іздену болатын.

Ол Құдайды тапты ма?

Адам өмір бойы іздейді. Адам өмір бойы ізденісін жалғастыру арқылы «бар болады». Осы ізденіс тоқтаған күні оның өмірі де тоқтамақ. Өзі айтқандай, «тірі, ас ішеді, жүреді, көреді». Бірақ олар енді өмірде жоқ. Жазушы ретіндегі Аягүлдің миссиясы не еді? Осының бәрін қорытындылай келгенде, Аягүл адамдарға өмірлік ізденісті, ойлануды үйреткісі келгендей. Декарттың ұрпағы ретінде ол ойлану арқылы адам өзінің бар екенін сезіне алатынына көпшіліктің көзін жеткізгісі келген сыңайлы. Ал не туралы ойлануға болады? Ой түбіне түсіп нені іздейді адам? Мәңгілік, бастау мен соңы жоқ бір ғана нәрсе бар-ды. Ол Құдай ғой. Осылай Аягүл адамдарға өз Құдайын, жүректеріндегі Тәңірді іздеуге үндеді. Біздің түсінігімізше, ол осы үнін шығармалары арқылы оқырманына жеткізе білді. Жеткізе білгені оның – қалам ұстағандағы, арғы жағында өмірге келгендегі миссиясы орындалғандай. Бірақ өзі сол іздегенін тапты ма? Мына дүниеден оны таппай, өзге өмірде дидарласуға асығып кеткен сыңайлы.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024

1417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы