• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Қыркүйек, 2024

«Өлгендерден емес, тірі адамдардан қорқамын...»

Биыл жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Жазушыны «балалар әдебиетінің классигі» десек те, қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Яғни оны балаларға ғана арнап жазды деуге болмайды. «Өлгендер қайтіп келмейді», «Қайдасың, Гауһар?» секілді сүйекті шығармалары кез келген жастағы оқырманның көңілінен шығады. Оның себебі – боямасыз өмірді, шындықты жазуында. Шындықты жазған адам шындықты айта ала ма? Көз көргендердің Бердібек Соқпақбаевтың өз аузынан естіген әңгімелерін саралағанда, тауып айтты дейтін емес, не нәрсенің де ақиқатын айтқанына кезігеміз. Мысалы, Баққожа Мұқай былай дейді: «Бекең «айтпаса сөздің атасы өледі» дейтін қағиданың адамы еді. Көп жағдайда сөзін көңілге кек болып тұнбас әдемі әзілмен жеткізетін. Кейде сүйекке біткен мінезіне салып тік кететін. Сол мінезі кедергі жасап, жақсылыққа бет алған істі теріс бұрып жіберетін. Ісінің оңға баспағанына өкіне тұра, шындық үшін ұпай жоғалтқанына мүлде ренжімейтін». Ендеше, Бердібек Соқпақбаев айтты дейтін әңгімелердің бір парасына назар аударып көрейікші...

***
Жазушы Оразбек Сәрсенбаев Бердібек туралы тамаша естеліктер қалдырғанның бірі. Оның естелігінен жазушының тұтас болмысын тануға болатындай. «Ол кезде жаспыз, асаумыз, аңқаумыз. Шетімізден максималист, «күрескерміз». Алыс-жақынды шолуға, таразылауға, екшеп-елеуге құмар-ақпыз. Дүниенің кемшілігін көрсек, қарап тұра алмаймыз: сыпыра сынап, міней бастаймыз. Біздің осындай күйдім-пістім әңгімемізді төзімділікпен недәуір уақыт тыңдауға мәжбүр болған Бекең бір кезде:
– Әй, жігіттер, босқа шаршамаңдар. Сендер қанша шырылдағандарыңмен, бәрібір ешнәрсе өзгермейді, – деді. 
– Сонда қалай, қиянатқа құлдық ұрып, үнсіз жүре беруіміз керек пе? – деді біздің қатарымыздағы бір білгіш.
– Әрине, сөйтесің. Басқа амалың жоқ, – деп Бекең миығынан күліп қойды. 
– Сіздер сөйтесіздер... тірлігіміз қайтіп оңалсын! – деп біздің білгіш Бекеңе ренжіген сыңай танытты. 
Бекең жайбарақат, тіпті салқын сабырлы қалпынан өзгермеді. Басын сәл қисайтып, қолын жоғары қарай шошайтып тұрып:
– Бар пәле ана жақта ғой, жігіттер. Сол жақ өзгермей, бұл жақ оңбайды, – деген... – Біздің бәрімізден биік тұрған тағы бір құдіретті күш бар емес пе? Қорасына күштеп әкеліп қамаған мына біздің қазақ секілді аз ұлттарды шетін шығармау үшін, қажет кезінде сатып жіберіп, қарны ашқан тұстарында сойып жеп отыру үшін оларды бір-біріне айдап салу, мүйіздестіріп қою олардың ежелгі машықтары емес пе? – деп, өзіне осыншама айдан анық нәрсеге милары жетпей жүрген біз секілді жеткіншектеріне Бекең ол жерде тіпті көңілі толмаған сыңай танытқандай болды. – Мәскеудің көлеңкесі түсіп тұрған елдің көсегесі көгеріп, өнері өркендей береді дегенге мен, мысалы, өмірі сенбеймін. Сендер де сенбеңдер! Міне, менің беретін батам осы! – деп аға жазушымыз сол жерде «Сөзім осымен тәмам» дегендей бізден бөлініп шығып, бұрынғыша жападан-жалғыз кете барды...»

*** 
Жазушы Баққожа Мұқай Бердібек екеуі ауылдас. Нарынқолдың жазушылары дегенде екеуінің есімі қатар аталады. Тіршілігінде де екеуі ағалы-інідей болған деседі. Інісінің ағасы туралы естелігінде мынадай әңгіме бар: 
«Анда-санда Жазушылар одағына келіп-кеткені болмаса, уақытын Кеңсайдағы саяжайында өткізетін Бекеңнің тірлігін түсіну қиын еді. 
– Неге жазбайсыз? Үндемей кеттіңіз ғой, – дейтінмін мен.
– Өтірік айтуға арым бармайды. Ал шындықты айтсақ ешкім баспайды. Егер жазар болсам, Кеңес үкіметінің құрылуын адамзат тарихының үлкен қатесі ретінде көрсетер едім, – дейтін ол. Ол уақытта мұндай сөз айту түгіл жүрек шімірікпей тыңдаудың өзі оңай болмайтын. Үйреніп қалған әдетке бағып, кеңес үкіметінің жақсылықтарын айтып әңгіме өрбітсең, Бекең шамданып қалатын...»

*** 
Бердібек өте тапқыр адам болды, – дейді жазушы Қалмұқан Исабаев. – Бір көзі зағиптыққа ұшыраған әйгілі ағамыз болды. Бірде Бердібекке:
– Сенің бір көзіңді алып тастаса, сол кісіден аумайды екенсің, – демесім бар ма.
– Өй! – деді ол жұлып алғандай. – Одан да ағаңа бір көз салып берсейші, менен аумай қалсын!
Бердібектің Кеңсай зираты маңында саяжайы бар. Сол сөз болып, өзінің қонып жүретінін айтқанда Таһауи:
– Зираттан қалай қорықпайсың-ей? – деді.
– Мен өлген адамдардан емес, тірі адамдардан қорқамын, – деді Бердібек.

*** 
Жазушы жиырма жылдан аса жазуды мүлде қойып кетіпті. Оқырманның көңілінен шыққан жазушыны көрген жұрт «неге жазбай кеттің?» деп сұрай береді екен. Бердібектің жауабы біреу-ақ. «Жазғанмен, баспайды» дейді екен. Неге баспайды? Мүмкін, басқа себебі бар шығар. Бұған қатысты жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт мынадай естелік қалдырыпты:
«Өлгендер қайтып келмейді» романының жарыққа шығуы да оңай болған жоқ. Шындықты шырылдатып, жеріне жеткізе айтқан тұстарын: «Мұндайды айтуға болмайды, бұл жағдайлар кеңестік өмір шындығына қайшы, «жат», – деп шығарманың үштен бірі аяусыз туралды. Осындай жөнсіз жұлмалау үздіксіз қайталанып тұрды. Ара-тұра қайта басылған шығармаларының беттерінен жылт еткен шындық айтылған тұстар кездессе, жерден жеті қоян тапқандай, «мұндайды айтуға болмайды, бұрын қалай байқамағанбыз» деп «пысықай» редакторлар тағы да ойып-ойып алып тастайтын.
Осындай аяусыз қиянаттардан, жалпы тоқырау жылдары өмірімізді жайлаған келеңсіздіктерден жаны ауырып қажыған жазушы біруақ өзімен-өзі болып, томаға-тұйық жүріп алды. Шаршады, қажыды. Қисынсыз қиянат титықтатты. «Жазғаны толық жарық көрмеген соң, жазып керегі не?» деп түңіле қол сілтеген Бекең, бұл тұста:
Өсек пен өтіріктен тойып кеттім,
Жазуды сол себепті қойып кеттім, – деп өлеңдетіп қоятын...»

Дайындаған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024

1390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы