• Спорт жұлдыздары
  • 16 Қыркүйек, 2024

Тунис таэквондосын тұғырға шығарған

Париж олимпиадасында спортшыларымыз-дың жетістігі туралы жарыса жазып жатқан шақта, «қазақ бапкерінің шәкірті олимпиада чемпионы атанды» деген ақпарат тарады. Расында, Есбол Сұлтанов баптайтын Тунис құрамасының таеквондошылары олимпиада чемпионы, жүлдегері атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді. 80 келіде бақ сынаған Фирас Катоуси олимпиада чемпионы атанса, 58 келіде өнер көрсеткен Мұхамед Халил қола жүлде иеленді. Туниске тарихи алтын сыйлап, бір жылға жетер-жетпес уақытта спортшылары жеңіс тұғырына шығарған қазақ бапкері кім?

Есбол Сұлтанов таеквондодан талай дүбірлі додада бақ сынап, ел намысын қорғады. Ол спортшы ретінде 2007 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатында 72 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Сондай-ақ 2006 жылы Доһада өткен Азия ойындарында және 2007 жылғы Универсиадада өнер көрсетті. Иә, Сұлтанов спортшы ретінде олимпиада, әлем чемпионаты сияқты биік шыңдарды бағындыра алмады. Дегенмен бапкер ретінде оның шәкірттері талай дүбірлі додада топ жарып, үздіктердің қатарында болды. 

Есбол 2008 жылдан бастап бапкерлікке бет бұрып, Алматыдағы «Шаңырақ» мамандандырылған мектеп-интернатында жаттықтырушы болып қызмет істеді. Ол жерден көп чемпион тәрбиелеп, біраз жетістіктерге жетті. Жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болған кезінде шәкірттері арасынан үш әлем чемпионы және төрт жүлдегер шықты. Оның шәкірттері 2014 жылдан бастап әлем чемпионаттарында үздіктер қатарынан көріне бастады. 2014 жылы Бакуде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Нартай Оразбаев небір мықтыларды жарыс жолынан шығарып, финалда ғана ирандық спортшыға есе жіберді. 2017 жылы Египеттің Шарм-әл-Шейх қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Бақытжан Әбілхасан 41 келі салмақта чемпион атанса, Рита Бәкішева қола жүлдегер атанды. Осылайша, Бақытжан отандық таэквондо тарихындағы әлем чемпионатының алтынын иеленген тұңғыш спортшы атанды. Содан кейін Есбол Сұлтановтың шәкірттері 2019 жылғы әлем чемпионатында да тұғырдан көрінді. Айдана Сүндетбай мен Әсел Әбубәкір қола жүлде жеңіп алды. Ал 2023 жылы Босния және Герцеговинаның Сараево қаласында өткен әлем чемпионатында екі бірдей шәкірті әлем чемпионы атанды. Бауыржан Исамедин Аустралия, Иран, Түркия, Эквадор және Германия өкілдерін айқын жеңсе, Таисия Боровикова да қарсыластарының бәрінен басым түсіп, чемпион атанды. 

Есбол Сұлтанов жастарды да жаттықтырып, ұлттық құрамада да бір жылдай көмекші жаттықтырушы болды. Жастар құрамасын жаттықтырған кезінде де шәкірттері әлем және Азия чемпионаттарында жүлде салып жүрді. 2014 жылы Тайпейде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Артур Ким алтынға сынық сүйем қалғанда тоқтап, күміс жүлдегер атанса, дәл сол жылы Фариза Алдоңғарова мен Ерасыл Қайырбек Азия ойындарында үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ Фариза мен Ерасыл ересектер арасындағы Азия чемпионаты және 2018 жылғы Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.

ТУНИСКЕ ҚАЛАЙ ЖОЛ ТҮСТІ? 

Е.Сұлтанов ұлттық құрама сапына қырыққа жуық спортшыны дайындап  қосты. Бірақ ересектер арасындағы құраманың тізгінін Оңтүстік Кореядан келген мамандар ұстап, 10 жыл бойы жаттықтырды. Легионер жаттықтырушылар білікті бапкерді ұлттық құраманың жанына жолата қойған жоқ. Одан бөлек, білікті маманды көре алмайтындар да жоқ емес еді. Әртүрлі әрекеттермен жыққысы келіп, жеңісті басқа жолмен жұлып алуды көздеген. 2023 жылы таеквондодан Тунис негізгі жарыс саналатын әлем чемпионатын сәтсіз аяқтаған соң, олар халықаралық деңгейдегі бапкер іздейді. Оңтүстік Корея, Иран, Египет, Франция елдерінің білікті мамандары арасынан Есбол Сұлтановты таңдап алады. Олар қазақ бапкеріне жақсы келісімшарт ұсынды. Білікті маман бір жылдың ішінде Тунис құрамасымен төрт бірдей тарихи жетістікке қол жеткізді. Әуелі Африка чемпионатында Сұлтанов баптайтын спортшылар 2 алтын медаль мен бірнеше күміс және қола жүлде жеңіп алды. Ал Африка ойындарына 8 спортшыны баптап апарып, 6 алтын, 1 күміс жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте Тунис құрамасы алғаш рет 1-орын жеңіп алды. Бұған дейін тунистік таеквондошылар мұндай жетістікке қол жеткізіп көрмеген-ді. Сондай-ақ әлемнің кіл мықтылары қатысқан Гран-приде де 2 алтын жүлде алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға табан тіреді. Африка елдері арасында олимпиада жолдамасы  сарапқа салынатын жарыста жалпы саны 4 жолдаманың төртеуін де иеленген. Бұл да – Тунис тарихында болмаған оқиға. Сұлтанов шәкірттері қатысқан жарыстың барлығында сенсация жасап, ел ойламаған нәтиже көрсетті.

ТАРИХИ ЖЕТІСТІК СЫРЫ

Әу баста Тунис жанкүйерлері бас бапкерлеріне сенімсіздікпен қарады. Өйткені әлемге аты шыққан әйгілі бапкер емес еді. Одан бөлек бапкердің өзге құраманың спортшыларын өзіне баурап алу, айтқанын істету оңайға соқпайтыны да белгілі. Дегенмен білікті бапкер өз-өзін қамшылап, спортшылардың көңілін табумен қатар, бабын келтірудің жолдарын іздестірді. Ең бірінші мықты команда  жасақтап, жақсы жетістікке жетудің оңтайлы жолын ойластырды. Жанына екінші көмекші жаттықтырушы, физикалық жаттықтырушы, физиотерапевт, психологтардан құралған мықты мамандарды жинап, жұмыла жұмыс істеді.  Әр спортшының жеке бағдарламасы жасалды. Шыдамдылығы мен қайсарлығы жағынан өте мықты тунистік таеквондошылардың техникалық-тактикалық, көру және ойлау қабілеттерін арттырғаннан соң, олар жақсы нәтиже көрсете бастады. Сонымен қатар спортқа жауапты құзырлы органдар, яғни министрлік, таеквондо федерациясы және ұлттық құраманың өзара байланысы, ынтымақтастығы да бапкердің жақсы нәтиже көрсетуіне септігін тигізді. Бір мүддені көздеген басқармалардың қоян-қолтық жұмыс істеуін үлгі ретінде қарауға болады.

БАПКЕРДІҢ БАСТЫ АРМАНЫ

Елімізде таеквондо жақсы дамыған. Мықты бапкерлер де, спортшылар да өте көп. Жақында таеквондо федерациясы басшылығы қызметінен кетті. Басшылықта отырғандардың көбісі өз ісінің маманы болмағандықтан жұмыс жақсы жүрмесе, екінші жағынан әрдайым ұлттық құрамаға Оңтүстік Кореядан аты белгісіз тағайындайтын. Сондықтан федерацияның толық құраммен ауысуын заңдылыққа балап, жаңа басшылықтан күтетін үміт те көп. 
Есбол Сұлтановтың Тунис таеквондо федерациясымен келісімшарты тамыз айында аяқталды. Білікті бапкерге Тунис тағы да жақсы келісімшарт ұсынған. Одан бөлек бірнеше мемлекеттен де жақсы ұсыныстар түсті. Бірақ Қазақстан тарапынан әлі ешқандай ұсыныс болмапты. Дегенмен Қазақстан федерациясы ұсынысын алға тартып, хабарласып жатса, бетпе-бет кездесіп, маман әңгімелесуге дайын. Мән-жайды кәсіби тұрғыда талқылап, толық жоспары мен жобасын көрсетіп, барлығы бапкердің жұмыс үлгісіне сай келіп жатса, құраманың тізгінін ұстаудан қашпайды. Өйткені бапкер үшін елге қызмет еткеннен артық абырой жоқ. Бапкердің арманы –шәкірттерінің өз елінің туын көтеріп, Олимп шыңын бағындыруына үлес қосу. Өйткені елдің алғысын алу – Есбол Сұлтанов үшін биік мәртебе, зор мақтаныш.

Айтпақшы, Мемлекет басшысы олимпиада жүлдегерлерімен кездесу барысында Есбол Сұлтановтың ерлігін ерекше атап өтіп, жан-жақты қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2024

1421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы