- АҚ ЖЕЛКЕН
- 25 Қазан, 2024
Ұлы махаббат мекені

«Махаббат деген не?» Қырықтан асып, біраз өмір көрген, көп нәрсеге сабырмен қарайтын жандарға жоғары сынып оқушылары көбірек қоятын сұрақ осы. Әлгі адам сәл бөгеліп қалады. Бәрі көкірегінде сайрап тұр, бірақ айтуға тіл жетпейтіндей қиын. Махаббат жоқ дейін десе – жас болғаны рас. Бар дейін десе – көңілдің қай астарында, жүректің қай түкпірінде қалғанын есіне түсіре алмас. Сол кезде кенет басына бір ой келеді. Ол:
– отбасын, жарын, балаларын, туыстарын – яки әулетін;
– достарын, әріптестерін, тілеулестерін – яки айналасын;
– туған жерін, орманынкөлін, өзен-суын, тау-тасын – яки қоршаған ортасын;
– туын, елтаңбасын, әнұранын, мемлекетке қажетті барлық атрибуттарды – яки мемлекетін;
– ақыр аяғында, бар әлемді ерекше махаббатпен жақсы көретінін түсінеді.
Сөйтеді де, кенет жол тапқан адамдай көкірегін керіп тұрып: – Махаббат – бар! Махаббат – бүкіл әлемге деген сүйіспеншілік! – деп түйіндейді. Әрине, бұл жауапқа бозбала да, бойжеткен де қанағаттанбас. Бірақ олар осының ең жақсы жауап екенін уақыты келгенде түсінеді. Өйткені әлемге, оның ішінде еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілік – махаббаттың ең үлкені!
Өзің ойлап қарашы, жас дос! Сен Қазақстан деген алып мемлекетте дүниеге келдің. Қаз-қаз тұрдың, былдырлап бірдеңе айттың, апыл-тапыл бастың. Сенің табаныңның астында тұрған жер – өз мекенің. Осы мекенді еш адамда жоқ, өзіңе ғана тән ұлы махаббатпен сүйе бастағаныңды бірден сезінбессің. Бірақ сәл ұзасаң – оралғың келіп тұратын, сәл алыстасаң – сағына қоятын ғажап мекен ол. Сөйтіп, сенің бойыңда Отанға деген ұлы махаббат бүршік жарады. Мұқағалидың «Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем» дейтіні де осыдан. Отанды ешкім сүйдіруге мәжбүрлемейді, ол сезім сенің бойыңда өзі пайда болады. Ата-ана, бауыр, ұстаз, дос, әріптес, үлкенкіші – бәрі-бәрі сенің Отанға деген махаббатыңның шоғын үрлеушілер.
Қарашы, сенің Қазақстаныңда бәрі бар. Асқар шың ба – Алатауың, Қаратауың, Алтайың! Құмды далаң ба – Сарыесік-Атырауың, Мойынқұмың, Қызылқұмың, Нарынқұмың! Сұлу көлің бе –Бурабайың, Балқашың, Зайсаның, Көлсайың, Алакөлің! Көрсе көз талдырар далаң ба – Сарыарқаң, Бетпақдалаң! Мың иірімді өзенің бе – Жайығың, Ойылың, Ертісің, Тобылың, Ілең, Шуың! Теңіз табанын көргің келе ме – Бозжыра жаққа тартып кет!
Жақында Мақаншыдан Алматыға қарай көлікпен келе жатып, Қазақстаныма қатты сүйсіндім. Және қатты қапаландым!.. Өйткені... осынша жазира жерді, Қазақстанның әрбір пұшпағын толықтай көріп шығуға бір адамның ғұмыры жетпейді екен ғой. Балқаш пен Алакөл бірбіріне қол созған ғашықтардай ұмсынып жатыр. Екі араны Жоңғар қақпасының желі кернеп барады. Берірек кел де, Тамшыбұлаққа тамсан! Апырай, қазаққа осынша ғажайыпты бергенде, ие бола алады деп берді ғой Жаратушы! Неткен несібелі ел едік!
Он жылдан астам уақыт Бурабайға барғанда, сидиып өскен сылаң қарағайларға қарап тұрып тамсанғаным да есімнен кетпейді. Өйткені мен таудың баласымын. «Басқа тау мені таңдандыра алмас» дегенім бекер екен. Бурабай маңындағы я аласа да емес, я биік те емес таулар мені қатты тебірентті. Шығыстағы Өрелге, Рахман қайнарына барғанымда да таңдай қағып тұрып алғаным да бір жыр.
Жә, менің елім табиғатымен ғана ерекше емес қой. Адамдары қандай! «Аузын ашса жүрегі көрінеді» деп айқын мінездеме беріп үлгерген маған дейін-ақ. «Аспанға қол созып өскен» дала баласы да, «асқарға қол созып өскен» тау ұлы да – тәкаппар, сөйте тұра – тым бауырмал. Тым елшіл. Тым халықшыл. Өйткені елді сүю – оған қанымен дарыған. Қазақ ұланы туған ел, туған жер қасиетін қанындағы табиғи кодпен-ақ сезінеді.
Міне, мен, сен, ол – бәріміз өмір сүретін Қазақстан осындай! 25 қазан – Республика күні! Ал Республика – заңды билігі, конституциясы, шекарасы, заңды құрметтейтін әлеуметі бар толыққанды ел. Өзіміз сезіне бермеуіміз мүмкін, бірақ Тәуелсіздік таңын қарсы алу бақыты бұйырған ерекше ұрпақ екенімізді бірте-бірте түсінерміз. Әрине, отыз жылдан астам уақытта бәрі бірден керемет болып кеткен жоқ. Бірақ Қазақстан халқының түрлі жаһандық, ішкі қиындықтарға қарамай, үміт шоғын үрлеген үстіне үрлеп алға басып келе жатқанына ырзамын. Бір ұрпақтың қателігі де, жетістігі де келесі ұрпақтың тұрмыс-тіршілігінен көрініс береді. Біз бір қадам алға бассақ, кері қадам жасамауға тырысуымызбен-ақ өміршеңбіз. Өйткені жасампаз еліміз бар.
Біз қала халқы болып келеміз. Ал қала халқы болып ұйысқан ел ғалым ел, яғни өз тұрмыс-тіршілігін ақылға орайластыра алатын ел болады. Қала халқы бола отырып, қазақ өзінің басты құндылықтарын да қатар алып келеді: жаңарған, замана көшіне ілескен тіл, діл, дәстүр, мәдениет, саясаты бар. Сөйтіп, айналып келгенде, өмірде басалқы тартқанда, көкіректе бір ғана ұлы махаббаттың шоғы ешқашан сөнбейтінін түсінеміз. Біз отбасымызды сүю арқылы, достарымызды, әріптестерімізді қадірлеу арқылы, туған жерді құрметтеу, ардақтау арқылы Отанды сүйеміз. Оның жұмсаса – қолғанаты, атса – оғы, сүйенсе – ер-азаматы болуға дайынбыз. Оны бізге ешкім тәптіштеп үйретпейді. Осы Ұлы даланың перзенті болғандықтан да, сүйекпен бірге біткен қасиеттерді өзіміз ұлы махаббатқа айналдырамыз. Ал Отанды сүю арқылы Әлемді сүйеміз. Өйткені Қазақстан – әлемнің бір бөлшегі. Әлемді Қазақстансыз елестету де мүмкін емес.
Бізге мемлекетшілдік сезімі жетіспей жатыр. Адал перзент елін ешқашан тонамайды, қайта қолдағы барын береді. Адал перзент қай жақта жақсы өмір барын іздеп сарсылмайды, жақсы өмірді өз ошағында, өз елінде жасауға талпынады. Қазақстан – Республикам менің!
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024

1641 рет
көрсетілді0
пікір