• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Қазан, 2024

Бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын немесе жасөспірімге хат

Қымбатты жас дос! Instagram, TikTok, Facebook секілді жылдам хабар алмасатын әлеуметтік желілер тұрғанда, осылай журнал арқылы хат жазып отырғаным үшін кешірім сұраймын. Бұлай хат жазуымның мәнісі бар. Оны хатты соңына дейін оқысаң түсінесің. Мен хатты оқитыныңа сенем. Себебі, хат деген қойнына бір құпия жасырынған, жүрегіңе қуаныш ұялататын хабар алып келетін, ерекше сезім сыйлайтын тосын дүние ғой! Иә, рұқсат етсеңдер, хат арқылы не айтқым келді, бәрін рет-ретімен баяндайын.

…Жазда ас үйдің терезесі үнемі ашық тұратын. Күні бойы аулада балалар шулап ойнап жүреді. Балалардың риясыз күлкілері, бір нәрсеге таласа қалып, жамырай шулайтыны, артынша шұрқыраса табысатыны, жарқын-жарқын дауыстарымен ауланы ғана емес, әр пәтерді әлдилейтіні, бәрі-бәрі мына ғаламды балалар әлемі ғана мамыражай күйге бөлеп тұратынын дәлелдей түсетін. Әрдайым ас үйдің терезесінен еріксіз тысқа көз салып, асыр салған балаларға қарап, бір уақыт дамылдап, жаным жай табатын. Расында, балалардың әлемінен артық таза, жылы, шуақты әлем бар ма!

Бір күні түс әлетінде балалар әдеттегіше ауланы басына көтере шулап, қызу ойнап жатты. Бұл сәтте үлкендер мен секілді түскі астың қамымен күйбеңдеп жүрген болар. Кейбіреулері мұндай уақытта жұмыс орындарында шығар, бәлкім… Балалардың шуы кенет тына қалды. Еріксіз сыртқа көз салдым. 10-12 жас аралығындағы ұлқызы аралас бір топ бала дөңгелене отырып, сыбыр-күбір бір нәрсені талқылап жатыр ма, бастары түйісе қалыпты. Бір кезде кішкентай сүп-сүйкімді қыз «өз қаламызды бүлдірмейікші!» деп дауыстай сөйледі де: «Одан да басқа ойын ойлап табайық», – деді күлімдей. «Қаламызды бүлдірмейік» деген сөз назарымды бірден аударып, құлағымды тіге қалдым. Балалардың біреуі:

«Сызамыз да, артынан дереу өшіреміз ғой», – деді. Әлгі қыз: «Кеттік, басқа ойын ойнаймыз. Тек сызбайық. Бізсіз де бүлдіретіндер жетіп жатыр», – деді де, әрі-сәрі боп отырған топ баланы райынан қайтарып, басқа ойын туралы идеясын айтып жатты. Үңіле қарасам, қолдарында маркер, түрлі жазып-сызатын қаламдар бар екен балалардың. Мәнжайды түсінгендей болдым. Балалар аулаларды аралап, «орындықтарға, алаңдағы ағаштан істелген бұйымдарға, үй қабырғаларына сурет салайық» деп кеңескен. Әлгі титімдей қыз «қаламызды бүлдірмейікші» деп бүтін нәрсеге сызат түсіруді қаламай тұр. Сөзге тоқтаған балаларға да риза болдым. Өз тұрған жеріңе, қалаңа, оның әрбір затына қамқор болу деген қандай аяулы сезім еді!

Бұл біреулер үшін түкке тұрмайтын оқиға болып көрінгенімен, бүгінгі күні тіпті үлкендерге де ғибрат етуге болатын әрекет дер едім мен. Себебі, білесің бе, бүтін дүниені бүлдіру оңай, қайта бүтіндеу қиын! Айналаңды, табиғатты бүлдіру жеке мәдениет пен тәрбиенің деңгейін көрсетеді. Бұл сыннан кез келген адам өте бермейді. Адамдарға ыңғайлы болу үшін, тұрғындар игілігі, шаһардың, ауылдың, елдімекеннің, көшенің әдемі болуы үшін жасалған дүниелерді бұзатындардың көздегені не? Мәселен, біреулер көше шамдарын, орындықтарды сындырып, спорт алаңдарындағы мүліктерді қиратып кетеді. Кез келген ескерткішке, ғимарат қабырғалары, есіктеріне, тіпті автобустардағы орындықтарға жазып кететіндер көп арамызда. Оны өздерің де көріп жүрсіңдер, солай емес пе?!

Тіпті, жақында қазақстандық бір әйелдің Грузияға қыдырып барып, Батумидегі керемет Ботаника бағында өсіп тұрған сирек бамбукке барып атын жазып кеткені туралы мәлімет тарады. Айтуға ұят. Талқылау да ерсі. Бірақ осы әрекетті жасаған – біздің қоғамның мүшесі. «Жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей» деп Ыбырай Алтынсарин айтқан сөз оралады ойымызға. Мүмкін, бала кезден «қоғам мүлкі – өз мүлкіміз» деген сана қалыптаспағаннан да осындай келеңсіз оқиғалар болып жатқан болар…

Біз «қиратып жатқан мен емес қой, қатысым қанша?» деп көз жұма қарап отыруымыз керек пе, әлде бір әрекет еткеніміз жөн бе? Себебі, шындығында мына ел, тамылжыған табиғат, орман, тау, бау, көл, шөл, шаһар, ауыл, көше – бәрі туған Отанымыздың, яғни, сені мен менің, бәріміздің игілігіміз емес пе?! Мен осы хатты жазып отырғанда ойыма мына бір әннің сөздері қайта-қайта орала берді:

«Сездіруге батпадым да,

Бала махаббатымды.

Терезенің жақтауына,

Ойып жаздым атыңды».

Әуені үйлескен әдемі ән. Бірақ терезенің сәнін кетіріп, ойып жазу не үшін керек болды екен деп ойланасың. Атыңды шығарудың, сезіміңді білдірудің ізгі жолдары жеткілікті емес пе еді? Бірақ кейде осылай бүтін дүние сезіміңнің бодауында кетіп қалатыны болады... оны ақын жасыра алмаған.

Әке-шешеңді, ауылаймағыңды ардақтай білуді, өз ұлтыңды сүю, ана тіліңді ардақтау, өз халқыңның тарихын құрметтеп, оған тіл тигізбеуді, өз Отаныңды жаудан қорғауды ұрпаққа өсиет етіп кеткен даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Тәрбиелі адам – тәртіптің құлы, тәртіпті адам – елдің ұлы» деп бірауыз сөзбен тұжырымдап, жасампаздық жолын нұсқап кетті. Ал санаға ізгіліктің дәнін еккен Ыбырай атамыз «үнемді бол, еріншек болма, білімге ұмтыл, жақсы қасиеттерді бойға сіңір» деп ұрпаққа ізгі жолды көрсетті.

Қазіргі қоғам мүлкін бүлдіріп, өз елімізде, кейбірі шет елде де ұятқа қалып жүрген жандардың «қисық» істері де, әлдебір әлеуметтік желідегі желіккендердің әрекеті де емес, саналыға ұлыларымыздың даналығы үлгі болса деймін. 

Құрметті жас досым! Хатты бастағанда қысқа қайырам деп ойлаған едім. Кейде түйдектелген ой, қоғамдағы ойландыратын оқиғалар осылай өріле беретіні бар. Сондықтан осы хатыма өздеріңнен пікір күтемін. Туған қала, аудан, ауыл, аулаңа жанашырлықпен қарайсың ба? Біреу бүлдіріп жатса, әлгінде тілге тиек еткен балалар секілді ара түсесің бе? Бүтін дүниені бүлдіру оңай, қайта қалпына келтіру неге қиын? Осы сауалдарға өз ойларыңды жазып, хатымды толықтыруға рұқсат.

Ізгі ниетпен, Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкеннің» тілшісі

Суреттер pixabay.com сайтынан алынды.

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024

1543 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы