• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Қазан, 2024

Аяулы аяусыз ақша

Қазір бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас күрделілеу. Көзқарастары сәйкес келмей жатады. Оның ішінде ақшаға байланысты да келіспей қалатынын көріп жүрміз. Ата-ана ақша үлкен еңбекпен келіп, тиындап жиналатынына сенімді. Ал өсіп қалған баланың ақша туралы көзқарасы мүлде бөлек. «Иә, ата-анамыз ақшаны қиналып, терлеп еңбектенгенде ғана келеді деп ойлайды. Жолда келе жатып бір шабадан ақша тауып алса да, иесін тауып қайтарып беру керек дейді. Құдай ақшаны сол адам арқылы жіберіп тұрған шығар, бәлкім. Мен иесін іздемей-ақ, сол ақша ны қаже тіме жарата беретін едім, мысалы» дейді мектеп жасындағы қыздармен сөйлесіп қалғанымызда. «Есек тің артын жусаң да мал тап» деген Абайдың сөзі жастарға жүрмейді. Одан да ТикТокқа шығып, билей, ән айтып ақша тапқанды жөн көреді. Ертең балаң өсіп, немерелі болғанда ТикТок бола ма, жоқ па, бір Құдай біледі ғой. «Жас кезіңде не істедің?» десе, әлеуметтік желіде жұлдыз болдым дей ме сонда? ТикТоктан зейнеткерлікке шықпайтын шығар енді? Сонда қалай ақша таппақ?» деп таксист ағай ыза болды.

ТикТок демекші, «кітапты кедей адамдар оқиды» немесе «Мұқағали Мақатаев жылаңқы еркек болған» деп жүрген жастардың мақсаты да – жұрттың назарын өзіне аудартып, танымал болу және сол арқылы ақша табу. Байер болды, Қытайдан арзан тауар әкеліп сатты, курс сатты, блогер болып ақыл айтты, сөйтіп, аз уақыттың ішінде үйлі-күйлі болып шыға келді де, екі-үш жерде жұмыс істеп, айлық күтіп жүретіндерге тиісе бастады. Әрине, әр жерден алған ақшаның басын құрап, материалдық игілікке жеткен адамдар үшін ақша әрқашан аяулы. Өйткені олар сол үшін жылдарын сарп етті. Ал аз уақытта тез ақшалы болғандарға ақша әрқашан құрал болып қала береді. Ең қызығы, осының бәрі өсіп келе жатқан балаларға әсер етіп жатыр. «Елдер неге байып кетті, менің ата-анам неге байымайды?» деген қарсылықтың бір жағында инфлюенсерлердің үлесі бар.

Қала баласы мен дала баласы ақшаға қалай қарайды?

Біздің өтінішіміз бойынша, тарих пәнінің мұғалімі Нұржан Толыбаева жоғары сыныптың балаларымен ақша жайында әңгімелесіп көрді. «Ақша сендер үшін не? Ата-аналарыңмен ақша жайында әңгімелесесіңдер ме? Олар не дейді?» деп сұрадым. Бірінші болып қыздар пікірін айтты. Олар үшін ақша – терапия. Көңіл күйлері болмаған кезде қолына ақша түссе, бірден көңілі көтеріледі екен. Бірақ балалар ақшаға келгенде қорқыныш бар екенін айтты. Айналасында қаржылай тапшылық көрмейтін достарына деген қызғаныштан әрі өзін кінәлі сезінетін болып шықты. Дегенмен олар өскен кезде экономиканың белсенді өкіліне айналады. Сол кезде ақшаға деген көзқарасы міндетті түрде өзгеретініне сенемін, – дейді Нұржан Толыбаева. – Олар да ақшаның тәуелсіздік беретінін, өмірден ләззат алуға себеп болатынын жақсы біледі. Ақша ұстап жүрген жоғары сыныптың балалары ақшаны қалай жұмсау керек екенін үйреніп қалыпты. Сондықтан болар, еңсесін тік ұстап, еркін жүретінін байқадым. Үлкен қалада ақша айналысы көп. Сондықтан балалар да бұл тақырыптан тыс қалмайды. Ал ауылдағы балалардың ақшаға деген көзқарасы қандай екені мені ойлантады. Меніңше, олар да ақшаның адамға тәуелсіздік беретінін біледі. Ақшаның қайдан келіп жатқанын білмесе де, құнын білуі мүмкін. Себебі, ақша жоқ болып қала ма деген үрей басым. Қаланың балалары ақшаның қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын күнде көріп жүргендіктен, өздерін сенімді, байсалды ұстайды. Ал адамгершілік, еңбекқорлық дамыған отбасының балалары ақшаны бағалайтыны, оған аса мән беретіні байқалды. Ақшаны депрессия мен жаман көңіл-күйді емдеудің бір түрі деп есептейтін балалардың отбасындағы тәрбиенің қандай екенін айта алмаймын. Бұл да жаман емес, ақшаның көп функциясының бірі емдеу емес пе?

Ақша табу мен жетістікке жету екі бөлек

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист, қаржы сарапшысы:

– Ересек адамдар ақшаға, жалпы жетістікке жету үлкен маңдай термен келеді деп бағалайды. Табиғатта да солай болып келген. Соңғы уақыттарда жаңа мамандықтар пайда бола бастады. IT саласы алға шықты, мобилография, СММ, бизнес-кеңесші, сату мамандары өте жақсы табыс тауып жүр және сол салада істеп жүрген жастар ақшаны оңай, тез таба бастады. Бірақ өмірде жетістікке жету бар және ақша табу бар. Меніңше, ақша табу өте қиын деп қарамау керек. Адам ақшамен дұрыс қарым-қатынас орнатса, жақсылап еңбек етсе, соған сай білім жинаса, ақша табамын деп қиналмайды. Бұл – білім мен қабілетті дұрыс пайдалану дер едім. Ал жетістік оңайлықпен келмейді. Ол үлкен еңбек пен маңдай тердің нәтижесінде келеді. Көп жағдайда осы формуланы білмей жатамыз. Қоғамда ақшаға деген қарым-қатынас түзу емес. «Ақша – қолдың кірі», «періште алтын көрсе жолдан таяды» деген мақалдар, дүниеқоңыздықты, дүниеқор адамды мансұқтау ақшаны жек көрушілікті қалыптастырды. Керісінше, «ақша – құрал, оған кез келген тауарды айырбастауға болады, жинасаң – қазына болады» деп жастардың құлағына сіңіру керек. «Ақылды адам байыса дүние мүлкін пұл етеді, ақымақ адам байыса дүние мүлкі оны құл етеді» деген сөз бар. Біз мұның жарқын мысалын әлеуметтік желіде «байлығын» бұлдайтындардан-ақ көріп жүрміз. Сондықтан ақшаға жақсы көзқарас қалыптастыру үшін сауатты байлар керек.

Тақырыпқа орай қоғам мүшелерінен пікір сұрай жүретін әдетіміз бар еді. Ата-аналар не дейді екен?

Бақытжан аға, 4 баланың әкесі:

– Төрт балам бар. Үшеуі Алматыда оқиды. Үлкені оқу бітірген, екіншісі – студент. Өзіміз Талғарда тұрамыз. Сабақтарына барып-келгенге қиналмасын деп, Алматыдан пәтер жалдап бергенбіз. «Солар ештеңеден тарықпасын» деп еңбек етіп жүрміз ғой. Жолай көлігіме адамдар отырғызып аламын. Олар берген ақшаны бірден ортаншы баламның карточкасына аудартамын. Өйткені ол өсіп қалды. Ақшаны көп жұмсайды. Кейде амандық-саулық сұрамастан, уотсабыма «5000 теңге» деп жазып жібереді. «Әй, алдымен амандаспайсың ба?» деп сөйлеп аламын.

Айжан, 2 баланың анасы:

– Үлкенім 12 жасқа келді. «Ақша жоқ» дегенді бірден түсінеді. «Ақшаң болғанда кафеге барайық, жоқ болса, үйден іше саламыз» деп отырады. Бір күні ұйықтар алдында маған түрлі сұрақ қойды. «Мама, сен осы жұмысыңда қанша жыл жүрсең де, әлі күнге дейін айлығың миллион теңгеге жеткен жоқ. Неге миллион алатын жұмысқа ауыспайсың?» дейді. «Менің саламда миллион алуым үшін үй көрмей, сендерге тамақ жасамай, кірлеріңді жумай жүруім керек. Соған келісесіңдер ме?» десем: «Жарайды, бизнес жасап кетуге де болады ғой, мен көмектесер едім», – деп ойланып қалды. Өз мамандығымды жақсы көретінімді, осы айлықпен де жақсы өмір сүріп жатқанымызды айттым. Бірақ ол сол күйі «миллион табуға мүмкіндік бар бола тұра, неге жұмыс ауыстырмайсың?» деген сұрағына жауап таппады.

Ағылшын экономисі Ричард Линн экономикалық өсім мен ақшаға деген құндылықтың арасына оң корреляция орнатыпты. Яғни экономикалық өсім қаншалықты жоғары болса, ақша соғұрлым құнды болады. Сондай-ақ теріс корреляция бойынша экономикалық шығын көп болса, ақшаның құны да төмен болады. Бұл таза экономикалық көзқарас болса да, өмірге жақын. Ақша балалар үшін аяулы болмаса, оған, бәлкім, кедейлік кінәлі шығар... Адамның жасы өскен сайын ақшаны қабылдау, оның өмірдегі рөлі өзгеретінін психологтар айтып жүр. Төменгі сыныптың балаларына қарағанда, жоғары сыныпта оқитын балалар ақшаға саналы түрде қарайтыны секілді, ата-ана мен баланың ақшаға деген көзқарасы да әртүрлі. Ақша – тәуелсіздік. Тәуелсіздікке кім қандай жолмен жеткісі келеді, мәселе сонда. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024

348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы