• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Қазан, 2024

Себебі көп сергелдең

Қазақстанда суицид мәселесі өте өзекті болып отыр. Статистика бойынша, еліміз (2023 жыл) 178 мемлекет арасында 19 орында тұр. Жыл сайын өзіне қол жұмсау салдарынан 3700-ден астам адам қаза табады екен. Бұлардың басым көпшілігі – орта жастағы адамдар. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау статистикасы бойынша да еліміз алғашқылардың қатарында. Өткен қыркүйек айында Алматы қаласының өзінде 5 бірдей суицидтік жағдай тіркеліп, нәтижесінде 6 адам қайтыс болды. Олардың төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Біреуі – 19 жас тағы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің курсанты. Соңғысы – 18 жастағы жас жігіт.

10 қыркүйек – әлемдік суицидтің алдын алу күні. Дәл осы күннің белгіленуі бекер емес. Себебі, статистика бойынша көктем, күз мезгілдері – өз-өзіне қол жұмсау актісі ең көп тіркелетін уақыт. Мұны психологтер түрліше түсіндіріп жүр. Мезгілдің ауысуы кезінде адам бойында аффектілік бұзылу жағдайы көп байқалады екен. Күз мезгіліндегі оқудың басталуы, көктемдегі оқушылардың емтихандарға дайындығы – бәрі-бәрі жасөспірім санасына стресс болады. Алматыда да осы жылғы қыркүйек жан түршігерлік оқиғалармен есте қалды. Осы мәселелер төңірегінде біршама әңгіме өрбіген болатын. Оның көбі телефондағы «өлім ойындары» туралы..

«Көк кит» кетіп, «Қызыл дельфин» келді ме?

16 қыркүйек күні Алматыдағы №20 мектептің жетінші сыныбында оқитын А. және С. есімді екі қыз сабақтан шығып кеткен... Куәгерлердің айтуынша, екі қыздың біреуі аяқ киімін шатырда шешіп қалдырған... Orda.kz сайты осы оқиғалар бойынша зерттеу жүргізіп, екі қыз бір-бірімен жақын дос болғанын анықтап отыр. Сонымен қатар, сыныптастарының айтуына қарағанда, олар жазда «Қызыл дельфин» атты ойын ойнаған. Ол – «Телеграм» желісіндегі чат-бот. Оны табу да, ойнау да оңай. Біз осы мақаланы жазу барысында тіркеліп көрдік. Бірақ жас ерекшелігімізге байланысты болса керек, чат ешқандай ойын да, тапсырма да ұсынған жоқ.

Аталған бот TikTok желісінде жарнамаланған. Осы негізде аталған желіде тапсырма орындап жатқан жасөспірімдердің видеолары таралыпты. Тапсырмалардың дені көшедегі көліктің дөңгелегін жару, жарылғыш заттар арқылы адамдарды қорқыту секілді болып келеді. Дегенмен осы ботты тексеріп, анализ жасаған ресейлік блогер бұл тапсырмалардың өте жеңіл деңгей екенін айтады. Ал ауыр деңгей соңынан келеді. Ол деңгейге жету үшін бала ботта ұзақ уақыт отырып, тапсырмаларды орындауға тиіс. Ботқа моральдық және қоғамдық тәртіпке сыймайтын не түрлі контент жүктелетінін де блогер айтып өтеді. Оның ішінде адамды пышақтау жолдары, қолдағы бар нәрселерден жарылғыш зат жасау сынды түсіндірме-ақпараттар бар көрінеді.

«Қызыл дельфин» бірнеше жыл бұрын шу болған «Көк китке» ұқсас ойын екені даусыз. Бірақ оның астарында не жатыр? Тұрақсыз сәби санасымен ойнау кімге пайдалы? Жауап жоқ. Мұндай ойындарды құрықтау да қиын. Өйткені атаулары, желідегі мекенжайлары өте жылдам ауысады. Және жүктелген контент аз уақыт ішінде өшіріліп отырады. Осы негізде біздің тексерушілер, құқық қорғау органдары тығырыққа тіреліп, бұл ойындардың жасөспірім өміріне шын ықпалын анықтай алмай жатыр. Дәл осы бот оқиғадан кейін тексеріс кезінде көз жұмған екі қыздың бір сыныптасының телефонынан анықталған. Orda.kz сайты қыздар оқитын №20 мек тепке жақын №120 мектеп те де 12 жасар қыздың 12 қыркүйек күні өзіне қол жұмсағанын жазды. Екі мектептің ауданында әлгі ботқа өтуге болатын QR суретінің жапсырылғаны да белгілі болған. Десе де құқық қорғау органдары бұл екі істі біріктіре зерттеп, «өлім ойындарына» қатысы жоқтығын ескертті.

КОНТЕНТІ КҮМӘНДІ ВИДЕООЙЫН

Бірден айта кету керек, бұл ойындардың атын атаудан саналы түрде қашып отырмыз. Ата-аналардың ортақ чаттарында осы оқиғалардан кейін интернет-дүкендерде тегін қолжетімді бір ойын туралы сөз болған. Ойынның мотиві бойынша, бала ата анасынан қашуы керек. Оларға білдірмей кілт іздеп, үйден қашып шығу жолдарын қарастырады. Дегенмен ойындағы деңгейлерден өту үшін математикалық тапсырмаларды орындап, ойжұмбақтарды шешуге тура келеді. Ойынның әлеуметтік жарнамасында да «ойжұмбақтарды шеш» деп жазылған. Бірақ бұл ойындағы ата-ана образы өте дөрекі. Яғни баласын ұрады, ұрса береді. Ал әкесі тіпті виртуал ойын ойнап, алкогольді сусындар ішіп отырады. Бұл ойын бала санасына ата-ана бойындағы кемшін қасиеттерді бадырайтып көрсетуге бағытталғандай. Бірақ ойынның құрастыру шылары «тапсырманы орындау үшін жасалған сюжет» деп ақталады.

10 қыркүйектен бері қарай осы ойынның рейтингі түсіп жатқаны көзге ұрды. Өйткені сол кездерден бастап ата аналар тарапынан төмен баға қойылып, негатив пікірлер қаптаған. Олардың денін болған оқиғаларға байланысты қазақстандық қолданушылардың жазғаны да байқалып тұр. Ата-аналар чаттарында тараған әңгімеден кейін көбі балаларының телефондарын тексеріп, осы ойынды тауып алғанын жеткізген.

Ойын құрастырушысының (атын тағы жасырын қалдыруды ұйғардық) бұл ойыннан бөлек тағы екі туындысы бар екенін анықтап отырмыз. Екеуінің де ұсынатын контенті – қаталдық. Біріншісі – адам өлтіруші маньяктан қашу туралы. Екінші ойын үйде жалғыз қалған баланың тылсым қара күшті шақырып алып, соңынан одан қашып, көптеген тапсырмаларды орындау мотивіне құрылған.

Жалпы бейнеойындар бүгінде аса танымал. Балалар мен жасөспірімдер өмірінің бөлшегіне айналып кетті. Ал олардың психикаға әсері жайлы не түрлі әңгіме бар. Бейнеойынға құмар баланың психикасы бұзылады, ашуға берілгіш және күйреуік келеді. Бұл факторлар айналасы на әсер етеді. Яғни ашуын басқа адамдардан алып, кей дәрежеде өзіне қол жұмсауы да ықтимал.

Ғалымдар көптеген эксперименттер нәтижесіне сүйене отырып мынадай қорытынды жасайды. Бейнеойындар когнитивтік, моторикалық және әлеуметтік дағдыларды дамытуға оң әсерін тигізеді. Бірақ ойынға жұмсалатын уақыт пен жанрды ескеру өте маңызды. Сонымен бірге зерттеулердің бәрі зертханалық зерттеу саналатынын ғалымдардың өздері мойындайды. Яғни тәжірибеге қатысушылардың барлығы дерлік өздерінің экспериментте екенін анық біледі. Оның үстіне тәжірибе кезінде адамның басқа да проблемалары, психикалық тұрақтылығы деген сияқты жеке ерекшеліктері ескерілмейді. Сондықтан мұндай зерттеулердің дұрыстығын абсолют шындыққа балау мүмкін емес.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Ойыншыны экран алдына алып келген себептің де маңызды екенін білген абзал. Яғни ойыншы аздап сергу үшін немесе стресстік жағдайдан аз ғана ойын алаңдату үшін емес, шынайы өмірден қашып келуі ықтимал немесе ол лудоман болуы да ғажап емес. Осы жерден біз бейнеойындардың жағымсыз жағына жарық түсіреміз.

Америка психологиялық қауымдастығы 2015 жылы зорлық-зомбылық бейнеойындарының агрессияға әсерін қарастырған көптеген зерттеуге метаанализ жасады. Бұл шолуда 170-тен астам зерттеудің мәліметтері қарастырылып, «зорлық зомбылық мотивтегі бейнеойындар қысқа мерзімді агрессиялы реакциялар туғызып, ойыншылардың эмпатиясын төмендетуге әкеледі» деген қорытынды жасады. Алайда зерттеу авторлары ойындар мен нақты қылмыс немесе ауыр зорлық-зомбылық арасындағы байланыстың дәлелденбегенін атап өтеді. Яғни мұндай ойындар агрессияға бейімділікті арттыруы мүмкін, бірақ қылмысқа тікелей әсері байқалмайды.

Ал канадалық ғалымдар бейнеойындарға, әсіресе қатігез ойындарға тым көп әуестену жасөспірімдердің «моральдық есеюін» кешіктіруі мүмкін деген болжам жасайды. Күніне үш сағаттан артық ойын ойнап, шынайы өмірде аз қарым-қатынас жасайтындар эмпатия сезімін жоғалтып, айналасын абстрактілі сипатта қабылдауы мүмкін. Мұндай көзқарас агрессияға бейімдіктен де қауіпті болуы ықтимал, бірақ бұл құбылысты әлі де тереңірек зерттеу қажет.

Жапонияның Осака университетінде 2017 жылы суицидтік тенденциялардың тууының бейнеойындармен байланысы туралы зерттеу жүргізілді (АҚШ ғалымдарымен бірге). Зерттеуге 5000 жапониялық және америкалық жасөспірім қатысты. Нәтижесінде бейнеойын мен суицидтік ойлар арасында тікелей байланыс жоқтығы анықталып отыр. Бірақ психикалық проблемалары бар жасөспірімдердің ойынға тым көп уақыт бөлуі олардың жағдайын нашарлатуы мүмкін екені айтылды. Әсіресе бұл шынайы өмірден, шынайы қарым-қатынастардан қашып жүрген балаларға тікелей байланысты.

Ойынға өте көп уақыт арнап, шынайы қарым-қатынастың жоқтығынан бала немесе жасөспірім бойкүйездікке (депрессия) ұрынады. Терең депрессияның соңы көп жағдайда суицидпен аяқталатыны жасырын емес. Orda.kz сайтының зерттеуінде өзіне қол жұмсаған екі қыздың әлеуметтік жағдайы дұрыс болғаны, ол жағынан мәселенің жоқтығы айтылған. Тіпті мектептегі буллингтің де бұған қатысы жоқ екені дәлелденген. Ал жоғарыда айтып өткеніміздей, қыздардың телефонынан ауыр ойындар да табылмаған. Бұл туралы полиция департаменті мәлімдеп отыр. Яғни өрімдей қыздардың өліміне себепкер болады-ау деген басқа қандай нәрсе болуы ықтимал? Бірақ себеп ешқашан жалғыз болмайды...

Қорыта айтқанда...

Ғалымдар бір нәрсені айқын көрсетіп отыр. Ешбір «өлім ойындары» немесе қатігез мазмұндағы ойындар психологиясы дұрыс қалыптасу үстіндегі бала мен жасөспірімді тікелей суицидке бастамайды. Өзіне қол жұмсауды былай ысырып қойып, баланың мұндай ойындарға құмартуының өзі – айналасындағы психикалық жағдайдың дұрыс еместігінен. Үлкендермен, ортасымен қарым-қатынасының бірқалыпты болмауының да әсері үлкен екенін білген жөн. Баланың өзіне қол салуына жалғыз видеоойын немесе «өлім ойындары» себеп бола алмайды. Суицидтің бастауын бір емес бірнеше қырынан қарап, проблеманы жасырмай зерттеу керек.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024

1161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы