• Спорт жұлдыздары
  • 30 Қазан, 2024

Арманға жеткен Ақмарал

Кейіпкеріміз Ақмарал Науатбек қазақ параспорты тарихына атын алтын әріппен жазды. Ол жақында ғана Парижде өткен Паралимпиадада алтыннан алқа тағып, парадзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш чемпион атанды. Мықты спортшылар қатарында ел намысын абыроймен қорғаған Ақмаралдың өмірі күрт өзгеріп, үлкен спортпен біржола қош айтысуға тура келген кезі болған. Бірақ мұқалмайтын жігері алға қойған арман-мақсатына жетуіне себеп болды.

Ақмарал 1999 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ақмарал бала күнінен спортқа жақын, мінезді қыз болды. Бірінші сыныпта анасы Роза Бужігітова қолынан жетектеп каратэ үйірмесіне апарады. Бір жылдай айналысқан соң, олардың отбасы Астанаға қоныс аударып, Ақмарал спорттан қол үзіп қалады. Сөйтіп жүргенде алғашқы бапкері Марат Сәруарұлына жолығады. Бапкер талантты жасты дзюдо спортымен айналысуға шақырады, ал Ақмарал каратэ мен таеквондо спортынан үйірме бар-жоғын сұрайды. Сөйтіп, таеквондоға келген сәтінде бапкер болмай қалып, уақытты босқа өткізбей бір күн дзюдомен айналысып көруді жөн көреді. Ақмаралдың шапшаңдығын, тез қағып алатын қабілетін көрген Марат бапкер оны дзюдода қалуға көндірді. Бір ай бойы Ақмарал анасынан тығылып дзюдоға барып жүрді. Қызының дзюдомен айналысып жүргенін білген анасы: «Дзюдо – ер балалардың спорты», – деп қатысуға рұқсат бермеген.

Дзюдоға қатысқанына бір-ақ ай болғанына қара мастан бапкері Ресейге Науатбекті халықаралық жарысқа апаруды ұйғарды. Ақмарал анасына дзюдоны жақсы көретінін, осы спортта биік белеске жеткісі келетінін айтады, жарыста жеңіліп қалса, дзюдоны тастауға уәде берді. Ақыры ана сы қыруар қаражат тауып беріп, Ақмаралды жарысқа жіберді. Бірақ жас балуан қола жүлде үшін белдесу де жеңіліске ұшырап, жеңіс тұғырынан көріне алмағанына қатты намыстанды. Дегенмен қайсар мінезді қыз анасынан тағы бір мүмкіндік беруін сұрап, дзюдомен айналысуды жалғастыруға көндірді. Араға бір ай салып, балуан қыз екінші жарысына қатысты. Бұл жарыста Ақмарал қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, 11 жасынан бас тап дзюдо спортымен кәсіби түрде шұғылданып, олимпиада чемпионы болуды армандады.

Ұлттық құраманың үздігі

Ақмарал жасөспірімдер мен жастар сапында тамаша нәтиже көрсетіп, дүбірлі додаларда топ жарып жүрді. Әлемдік ареналарда ел намысын 2015 жылдан бастап қорғап, жасөспірімдер арасында жақсы нәтиже көрсетті. Тверьде (Ресей) өткен Еуропа кубогінде финалға дейін жетіп, финалда жергілікті балуанға есе жіберсе, Берлиндегі байрақты бәсекеде 6 белдесу өткізіп, қола жүлде үшін белдесуде жеңілді. Содан кейін алғаш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бақ сынап, ширек финалда сүрінді.

Ақмарал – әр белдесуде барын салып, соңына дейін күресетін қайсар қыз. Бір жарыста жеңілсе, екіншісінде сол есесін қайтаруға барын салады. Әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін Тайландтағы Азия чемпионатында қарсыластарының бәрін жеңіп, мансабындағы алғашқы үлкен жетістігіне қол жеткізді. 2016 жылы Ақмарал көп жарысқа қатысқан жоқ. Жыл басында тағы да Тверьде өткен Еуропа кубогінде күміс жүлде жеңіп алды. Бұл Ақмаралдың 48 келідегі алғашқы жарысы еді. Содан кейін жаттығу барысында жамбасын сындырып, өте ауыр жарақат алды. Тіпті алты ай бойы аяққа тұра алмай, төсек тартып жатып қалды. Дәрігерлер спортқа қайта оралуы тұрмақ, аяққа тұрып кетуінің өзі екіталай екенін айтқан. Бірақ Ақмарал қайсарлығы мен мұқалмайтын жігерінің арқасында бұл қиыншылықты да жеңіп шықты.

Араға бір жыл салып, Литвада өткен Еуропа кубогінде жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлде үшін белдесуде отандасы Ғалия Тынбаевадан жеңіліп қалды. Жалпы, жасөспірімдер арасында әлемдік аренада Ақмаралдың басты қарсыластарының бірі осы Тынбаева болды. 2017 және 2018 жылғы Азия чемпиона тында да Ғалиядан ұтылып, жүлдеден қағылды. 2017 жылы қола жүлде үшін белдесуде жеңілсе, 2018 жылы финалда ұтылды.

Ақмарал 2019 жылдан бастап ересектер арасындағы жарыстарға да қатысып, сәтті маусым өткізді. Әуелі Софияда (Болгария) өткен ашық Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанса, сосын Линьянода (Италия) өткен Еуропа кубогінде күміс жүлде иеленді. Бұл жарыстың финалында да Ғалияға есе жіберді. Дегенмен Германияда өткен Еуропа кубогінде Ғалияны жартылай финалда жеңіп, алтын жүлде үшін белдесуде бразилиялық балуаннан басым толықтай ересектер сапына ауысып, Ұлттық құраманың үздігі, нөмірі бірінші балуаны атанды. Ол Қазақстан чемпионатында Ғалия Тынбаева, Әбиба Абужақынова сияқты мықтылардың мысын басты.

Жалпы, Ақмарал – Қазақстан чемпионатының 12 дүркін жеңімпазы. Ол жастар арасында да әлемнің ең үздік балуандарымен белдесіп, бірқатарын жеңді. Украиналық Дария Белодид, француз Ширин Брукли, жапон Нацуми Цунода және өзбек Диора Келдиярова сияқты мықтылармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетті. Әсіресе, Париж олимпиадасында айды аспанға бір-ақ шығарып, алтыннан алқа таққан Келдиярованы Азия чемпионатында қалай ұтқанын жанкүйерлер ұмытпаса керек. Ақмарал бұл спортшыларға ересектер арасында да бәсекелестік туғыза алар еді, бірақ енді ұлттық құраманың көшбасшысы атанғанда өмірін күрт өзгерткен үлкен қиындыққа тап болды.

Арманына жетуіне себепкер – анасы

Кезекті медициналық тексеріс кезінде Ақмаралдың көзінің көру қабілеті нашарлап бара жатқаны белгілі болды. Бастапқыда мән бермей, спортпен ары қарай шұғылдана берді. Өтпелі жас кезеңіндегі ауытқушылық болар деп аса көңіл аудармаған. Бірақ сырқат тоқтамай, барған сайын күшейе берген. Уақыт өткен сайын жанары солып, жаттықтырушысы спортты доғармаса көзінен айырылып қалатынын ескертті. Тіпті денсаулығына байланысты спорт интернаты да оқудан шығармақ болды. Бірақ қосымша тексерістерден өтіп, рұқсат алды.

2020 жылы ересек тер арасында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанғаннан кейін тағы да медициналық тексерістен өткенде жанарының көруі нашарлап кеткені анықталып, әлемдік додаларға қатысуға рұқсат берген жоқ. Дәрігерлер спортты осымен доғару керектігін айтып, ары қарай шұғылдануына тыйым салды. Өйткені Ақмаралдың көзінің көру қабілеті – 13 деңгейінде екені анықталды. Қан арқылы берілген сырқат болғандықтан, емдеуге, түзеуге келмейтіні, ота жасалғанмен пайда жоқ екені белгілі болды.

Дәрігерлер шешімі спортшының өмірін күрт өзгертіп, өмірін басқа арнаға бұрды. Ақмарал психологиялық жағынан ең қиын кезеңін өткеріп, үлкен күйзеліске тап болды. Жарты жыл бойы өзін өмірдің басқа бір бағытынан іздеп көрсе де, ойына дзюдодан басқа ештеңе кірген жоқ. Осындай қиын шақтан өтуіне ең алдымен анасының қолдауы көп әсер етті. Анасы қызының жан азабын көріп, өзін қоярға жер таппаған сәттері көп болған. Десек те Ақмаралдың таңдауымен келісіп, қолдау көрсетіп, арманына қанат бітіріп, жігерін жаныды. Анасының дәл осындай сәттегі қолдауынан кейін Ақмарал үшін алынбайтын асу жоқтай көрінді. Олимпиадада атой салуды армандаған Ақмарал сол арман-мақсатына жететініне сенген.

Парадзюдодағы тарихи жетістіктер

Ақмарал қарапайым спортшылар сияқты шұғылдана алмайтын болған соң, ойлана келе, 2021 жылдың соңына қарай парадзюдоға ауысты. Ол параспорттағы үлкен жетістіктерінің біріне бір жылдан кейін қол жеткізді. Бакуде өткен әлем чемпионатында атой салып, небір мықты балуандардың мысын басты. Бұл дүрмекке Ақмарал жарты жылдай дайындалып, бала күнінен бері келе жатқан үлкен арманы – әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Дегенмен Ақмарал Бакуде өткен бәсекенің әрбір кезеңінде кіммен күресетінін алдын ала болжап, біліп отырды. Сәйкесінше, солардың әрқайсысына арнайы әдіс дайындап, тактика құрды. Ақмарал үшін ең басты қарсыластар Рио Паралимпиадасының чемпионы, Токио ойындары ның күміс жүлдегері француз қызы болса, екіншісі Токио олимпиадасының чемпионы әзербайжан қызы еді. Спортшының іштей болжағаны дәл келіп, финалда француз қызымен күш сынасып, иппонмен жеңді.

Ақмаралдың бұл жетістігінің артында да бір сыр бар. Ол үнемі ер балалармен жаттығу жасап, белдеседі. Осындай жаттығулардан, бәсекелестіктен өткеннен кейін жарыста жеңіл болды. Парадзюдодан әлем чемпионатында тарихымызда әйелдер арасында алғашқы алтынды иеленген Ақмарал Паралимпиадада чемпион атанатын алғашқы қазақ атанатынын іштей сезген. Тіпті, түсінде тұғырда тұрғанын да көрген. Ақмарал соңғы жарты жылда ешқандай жарысқа қатыспай, тек Париждегі дүрмекке дайындалды. Отандасымыз жарысқа физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан мықты дайындалып келген. Нәтижесінде бозкілемде қарсылас шақ келтірмей, финалда байырғы қарсыласы, жергілікті спортшы Аурериес Мартинет Сандринды үшінші рет сан соқтырды. Осылайша, ол бала күнгі арманына ғана қол жеткізіп қоймай, парадзюдодан Паралимпиада чемпионы атанды. Ақмаралдың ендігі арманы – екі дүркін әлем және Паралимпиада чемпионы атану.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

Суреттер ғаламтор кеңістігінен алынды

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024

1866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы