- АҚ ЖЕЛКЕН
- 31 Қазан, 2024
Ел жүрегінде еңбегімен қалды
Тұрақты айдарымыздың бүгінгі кейіпкері – жазушы Ырысбек Дәбей.
«Тезірек есейсем ғой...»
Әкем туралы ойласам, аяулы Алтай, Алтайдың бір қиырындағы ескі құжырамыз есіме түседі. Әулетіміз өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында Қытайда болған саяси реформалар кезінде репрессияға ұшырап, мал-мүлкі талан-таражға түсіп, бас көтерер азаматтың бәрі сүргінге айдалды. Әкемнің әкесі (Нұрсал атам), ағалары алды жиырма жылдан сотталды, қамалды. Әкемді де тыныш қойған жоқ. Мойнына тақтай іліп, басына қағаз қалпақ кигізіп ұрды, соқты, ауыр жұмысқа жекті. Кейін саясат өзгеріп әулеттің суішері барлары аман-есен оралды, кейбірі түрмеде марқұм болды. Бұл тарғалаң шақ, тайғақ кешуді ақын атамыз Нұртаза Сақауұлы деген кісі:
Басынан Өр Алтайдың орын алдық,
Боғдадан аса көшіп бір белеңді.
Жүкей, Сақау, Құсайын қолға алынды,
Сен бастап көшірдің деп іргелі елді.
Артынан талай адам тағы ұсталды,
Халыққа салады деп дүрбелеңді.
Бізге де тыныштықты бергені жоқ,
Жаланы «қалдықсың» деп бізге де ілді.
Жетім бала, жесір боп қатын қалды,
Көз көрді құлақ естіп білмегенді.
Ажалды өліп, ажалы жетпегендер
Айналып жиырма жылда үйге келді.
Аймаңдай арыстарым, әне, солай,
Қиналып, қуғын көріп, түрмеде өлді... – деп жырлаған екен.
Мұндай аумалы-төкпелі кезеңнен кейін жағдайдың қалай болатыны белгілі ғой, кішкентай кезімде әкемнің тапқан-таянғанын бала-шағасына әзер жеткізіп, тынбай еңбек ететіні есімде. Бір шаңырақта төрт қыз, үш ұл болдық. Ұлдың үлкені – мен, үш әпкем, қарындасым, екі інім бар. Аздаған мал мен егістік жеріміз болды. Малдың жем-шөбін жинау, егістік науқаны кезінде әкем үйге қалжырап, шаршап келеді. Ол кезде біз бұғанасы қатпаған баламыз, әкемнің жаңағыдай түрін көргенде «тезірек есейіп, әкеме қолғанат болсам ғой» деп армандаушы едім. Есейіп, етек жинаған соң шамамызша әкемізге жәрдемдесіп, қалбалақтап қасынан қалмайтынбыз. Әкей бізді асты адал тауып, тынбай еңбек қылуға баулыды, солай тәрбиеледі. Мектеп оқып жүрген кезде, жазғы демалыс уақытында бір сәт те бос жүретін кезіміз болмайтын. Жарты күн немесе бір күн ойнап кетіп қалсақ, үлкен қиянат жасағандай жанымыз қалмаушы еді. Қазір ойласам, біз содан жаман болмаппыз. Еңбекқор болып өстік, ол дағдының қазір шығармашылықпен айналысып жүрген кезіңде де әсері болады екен.
Әкемнің азан шақырып қойған аты – Дәлелхан
Аздап әңгіме-өлең жазып, сол жазған дүниелеріміз басылым беттерінде жариялана бастады. Аты-жөнім «Ырысбек Дәбей» деп беріледі. Сол кезде кейбір кісілер: «Дәбей деген не мағына береді?» – деп сұрап жатады. «Әкесінің еркелеткен аты екен» дей салам көбінде. Шын мәнінде әкемнің азан шақырып қойған аты – Дәлелхан, бір тарихи оқиғаға байланысты әкесі Нұрсал «Дәбей» деп өзгертіпті. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Алтайда болған ұлт-азаттық көтерілісі кезінде (әкем сол уақыттарда туған) Оспан батыр, генерал Дәлелхан Сүгірбаев, ел басқарған Жүкей деген атамыз арасында келісім болып, Моңғолия жеріне ел көшірмек болады. Мұның астарында сол кездегі кеңес саясатының да әсері болса керек, ақыры келісім бұзылады. «Сәбеттің айтқанын істемейік» деп келісімді бұзған Жүкей атамыз екен. Дәлелхан генерал ашуланып Жүкейді байлап-матап, елді орнынан қозғайды. Арада атыс болып, кісі өледі. Ақыры жұрт көшпейтін болып, қонысында қалады. Сол оқиғадан кейін Нұрсал атам (Жүкейдің ақылшысы болған кісі) Дәлелханға ренжіп, әкемнің атын Дәбей деп өзгертіпті. Әкем өмірден қайтқалы екі жылдай боп қалды. Құлпытасына екі есімін де жаздық.
«Романыңды ана кісінің қолына жеткіз»
Бір күні Алматыдан ауылға (Жетісу облысы, Ақсу ауданының Алтынарық ауылы), қара шаңыраққа бардым. Таңғы шай ішіп отырғанбыз. Әкем құлшылық-ғибадатына берік, тақуа адам еді. Шай үстінде: «Құдай жолынан абзал не бар, намаз оқысаңшы, балам», – деді. Мен алдында ғана Маңғыстау топырағына барып, 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиға туралы роман жазуға дайындалып жүргем. Табан ет, маңдай терін даулағаны үшін зорлық зомбылық көріп, айдың-күннің аманында ажал құшқан мұнайшылардың өз аузынан естіген әңгімелердің біразын дастарқан басында айттым. Айттым да: «Маған Құдай аздап жазып сызатын қабілет берді ғой, сол мұнайшылардың көрген жәбір-жапасын, қайғы-қасіретін жазсам деймін. Мен үшін Құдай жолы осы секілді», – деп әкеме қалжыңдап күлдім. Әкем біраз үнсіз отырды да: «Кітабың шыққан соң ана кісінің (үлкен қызметте болған лауазымды кісінің атын атады) қолына жеткіз», – деді. Әкемнің ауыр, қиын тақырыпты жазуыма тілектес болғаны маған үлкен жігер, шабыт сыйлады.
«Әкелерің мектеп директоры немесе жақсы қызметте болып па еді?..»
81 жасқа қараған шағында әкеміздің о дүниелік болғаны отбасымыз үшін ауыр қайғы болды, орны ойсырап қалды. Қабырғамыз қайысты. Қазақтың «әке – асқар тау» деген қанатты сөзінің мәні тура мағынасында ашылды. Көп уақыт арқамнан бірдеңе түсіп қалғандай, уілдеп жел соғып тұратындай сезініп жүрдім. Әкем қайтқанда, арысы Астана, Арқа, Шығыс Батыстан көңіл айтып көп адам келді. Кішкентай ауылда жаназаға мыңдаған адамның сапқа тұруы шынында да таңғаларлық жайт еді. Қара құрым ел, қайшыласқан машина қабір басына дейін барды. Кейін қара шаңырақта отырған інім ауыл поштасына әкейдің құжатына байланысты барса, поштадағы әйел: «Әкелерің мектеп директоры болып па еді?» – деп сұрапты. Інім: «Жоқ», – дейді. «Онда басқа жақсы қызметте болып па еді? Өткенде жаназада жиналған адам сұмдық көп болды ғой», – дейді аңтарылып... Үлкен қызмет істеп немесе ат-атағың дүркіреген атақты адам болмай-ақ, қарапайым тірлік кешіп те ел жүрегінде қалуға болады екен. Әке өлімі соны да ескертіп кетті...
Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024
1589 рет
көрсетілді0
пікір