- АҚ ЖЕЛКЕН
- 31 Қазан, 2024
Оқ жонған ұлдар
Танымал тұлғалар жетерлік. Әкелері де, өздері де танымал династияларды санап шығу мүмкін емес. Біз тек әлемдегі ең танымал дегендерін жинақтадық. Әрине, бұл әлемдік тұлғалар негізінде жазылған мақала болды. Ал қазақтан шыққан танымал әкелер мен балалар жайлы «Ақ желкен» журналының сәуір айындағы санынан оқи аласыздар.
Бала әкесінің көшірмесі емес...
Фольклор – халықтың ауызша тараған әдеби туындылары, шығармашылық мұрасы. Ал бұқаралық сипат алған мұндай шығармалар халықтың терең танымынан, дүниеге көзқарасынан көп мағлұмат берері сөзсіз. Әсіресе белгілі бір халықтың мақал-мәтелдерін талдай отырып, бабаларымыздың өмір салтын, ырым-тыйымдарын және күнделікті тұрмыстағы позициясын тануға болады. Бірақ біздің фольклорды танымайтынымыз сол, оның астарынан тарихи шындық пен абсолют ақиқатты табуға тырысамыз. Осы тұрғыда бір-біріне мағыналық жағынан қарсы екі мақалды көре отырып, оның міндетті түрде біреуін ақиқатқа жақындатқымыз келеді. Бұл фольклор табиғатын білмегенімізден. Мысалы, «тектіден текті туады» деген мақал бар. Осыған «бір анадан ала да туады, құла да туады» деген мақалды қарсы қойсақ болар. Немесе «жақсы бала әке басын – төрге, жаман көрге сүйрейді» деген мақал да осы араға орынды келер. Фольклор – абсолют ақиқат емес. Ол да көркем шығарма және оның бойында да тарихи немесе әлеуметтік шындықпен қатар көркем шындық та болады. Осы тұрғыда қарағанда, мақал-мәтелдер де ситуациялық тұрғыда өзгермелі келеді. Яғни фольклор өмірдің кез келген ситуациясына жақын және ол өмірдің өзі. Қалыптасқан тұрақты мағыналық қағидалары жоқ.
Әке мен бала тақырыбына келгенде әңгімені осы фольклордан бастағанды жөн көрдік. Өйткені фольклор қазаққа етене жақын жанр. Оның үстіне әке өсиеті, әке аманаты немесе әке тәрбиесі қазақтың фольклорлық шығармаларында көптеп кездеседі. Сонымен, танымал, ақылды әкеден дәл өзіндей ұл тумас. Бұл тұрғыда әкенің бала бойына бітетін қасиеттерін биологиялық және рухани тұрғыда санамалап шықсақ.
Биологиялық тұрғыда әкенің балаға әсері
Генетика тұрғысынан: Әке ұлына өзінің ДНҚ-сының жартысын береді. Бұл тәни ерекшеліктерді (мысалы, көздің түсі, бойы, дене құрылымы) және белгілі бір ауруларға бейімдікті қамтиды. Сонымен қатар, әкесі ұлының бойына Y-хромосомасын беріп, еркектік белгілерінің дамуына әсер етеді.
Гормоналды әсері: Әкесі өз гені арқылы ұлының тестостерон деңгейіне әсер етеді. Бұл физикалық дамуға, мінез-құлыққа, агрессияға және жыныстық жетілуге әсер етеді.
Эволюциялық тұрғыда: Эволюциялық тұрғыда ұлы әкеден тірі қалуға (выживание) және көбеюге ықпал ететін қасиеттерді алады. Яғни физикалық шыдамдылық, қорғаныс қабілеті және әлеуметтік дағдылар.
Интеллект турасында: Ғылыми зерттеулер интеллектінің шамамен 50-70%-ы тұқым қуалаушы лыққа байланысты екенін көрсетеді. Яғни интеллект, есте сақтау, назар аудару және оқу қабілеттері сияқты когнитивтік функциялар генетикалық тұрғыда әкеден ұлына мұра болуы әбден мүмкін. Егер әкесі жоғары интеллектілі жан болса, ұлына да оның белгілі бір когнитивтік қабілеттерінің берілу ықтималдығы жоғары.
Ми ерекшеліктері тұрғысында: Әке ұлына беретін гені арқылы ми қыртыстарының ерекшелігін де беруі мүмкін. Бұл әсіресе маңдай ми қыртысына қатысты. Бұл бөліктің ойлау, жоспарлау және мәселелерді шешу үшін жауап беретінін есіңізге түсіріңіз. Яғни осы ми қыртысының ақылды әкеден берілуі ұлдың интеллектісіне үлкен әсер етеді. Дегенмен биологиялық мәселелер алғашқы жарна ғана. Тәрбиенің де маңыздылығын кейінгі орындарға ысыруға болмайды.
Рухани тұрғыда әкенің ұлына әсері
Жігіттік мінез үлгісі: Әке ұлына еркектік мінез-құлықты үлгі ретінде көрсетуде маңызды рөл атқарады. Бұл мінез ішіне жауапкершілік, сенімділік, еңбекқорлық және эмоциялық беріктік сияқты қасиеттер кіреді. Ұлы әкесін бақылай отырып, мәселені шешу және адамдармен қарым-қатынас жасау тәсілдерін қабылдайды.
Өз-өзін бағалау: Әкенің қолдауы мен мойындауы ұлының өзіне деген сенімділігін арттырады. Тәуелсіз шешім қабылдау қабілетіне де әсері зор. Ұлының тәрбиесіне мән бірген әке эмоционалды тұрақты ұл тәрбиелейді.
Жеке шекара мен тәртіп: Әке бала өмірінде аса беделді тұлға ретінде әрекет етеді. Сол арқылы ұлына жеке шекарасын қалыптастырып, белгілі бір ережелердің маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Бұл ұлдың өзін өзі бақылау және басқаларға құрмет сияқты қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.
Эмоциялық қолдау: Әке көбіне қатаң тәрбиеші ретінде көрінеді. Дегенмен олар эмоциялық қолдау көзі бола алады. Әкенің қамқорлығы мен түсіністігі ұлына өзінің сезімдерін жақсы түсінуге және қиын жағдайларды еңсеруге көмектеседі.
Байқасаңыз, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, әкенің ұлына беретін тәрбиесі мен гендік ерекшеліктерінің көбі жабайы немесе қатал қоршаған ортада өмір сүруіне дайындайтындай. Яғни өмір үшін күресуге қажетті ақыл, ерік-жігір әкеден берілсе, анадан мейірім, махаббат деген қасиеттер дариды. Мақаламызда сөз ететін әкелер өз бойындағы бар қабілет пен мінезді ұлдарының бойына барынша сіңіргені байқалады.
Нобель лауреаттары
Уильям Брегг, Лоуренс Брегг. 1915 жылы Уильям Брегг пен Лоуренс Брегг физика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері атанды. Әкелі-балалы ғалымдар рентген сәулесі арқылы кристалдардың атомдық түзілісін зерттеу әдісін ашқан болатын. Олардың жаңалығы медицина, материатану салаларының зор екпінмен дамуына әсер етті. ДНК құрылымын жете зерттеуге де Брегг жаңалығы қатты әсер етті.
Екі ғалымның өмірбаянына үңілсек, Уильям Брегг ғалым ғана болып қоймай, үлгілі әке болғаны байқалады. Ол баласының ғылымға қызығушылығын байқап, әрқашан қасына алып жүрген. Зертханада бірге жұмыс істеп, бала кезінен ұлына ғылымдағы жаңалықтар жайлы әңгімелеп отырған. Кейіннен жақсы оқу орынында білім алуына барын салып, нәтижесінде екеуі бірге әлемдегі ең мықты сыйлыққа ие болды.
Нильс Бор және Оге Бор. Нильс Бор 1922 атом құрылымын зерттегені үшін Нобель сыйлығын алды. Оның зерттеуіне әкелі-балалы Бреггтердің тікелей әсері бар. Өйткені олар кристалдағы атом түзілісін зерттесе, сол әдіс арқылы Нильс Бор атом құрылымын зерттеп, атом энергиясын пайдаланудың жолын ашқан болатын. Сонымен қатар бүгінгі қарқынды дамып жатқан кванттық физиканың негізін қалады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ғалым ұлымен бірге Даниядан көшіп, Америкаға бет алған. Сонда атақты Манхеттен жобасында (атом бомбасын жасау жобасы) жетекші ғалымдардың бірі болды. Осы жұмыстарының барлығында ғалымның ұлы Оге қасында жүрген. Жалпы, 1922 жылы Нильс Бордың отбасында екі қуаныш болды. Бірінші, оның ұлы Оге 19 маусым күні дүниеге келді. Сол жылдың 11 желтоқсаны күні ғалым Нобель сыйлығы лауреаты атанды. Оге жастайынан әсемпаз болып өседі. Бұл қасиетін байқаған әке оны ғылыми әңгімелерге баули білді. Әсіресе Огеге өз үйінің ғалымдар бас қосатын жер болғаны қатты әсер еткен сияқты. Өйткені Нильс өз заманының Эйнштейн, Гейзенберг сынды тау тұлғаларымен дос болды. Бұл екеуі де – Нобель лауреаттары. Манхеттен жобасы кезінде 20 жастан енді асқан баласын Нильс Бор бірге алып жүрді. Бірге жұмыс істеді. Осы жобадағы кезең де жас жігіт өміріне елеулі әсер етті. Қарапайым қағида ғой, адам үш ғалыммен араласса, төртіншісі өзі болмақ. Оге Бор 1975 жылы әкесі сияқты атом ядросын зерттеудегі еңбектері үшін Нобель сыйлығын иеленді.
Ханс фон Эйлер-Хельпин және Ульф фон Эйлер. Ханс фон Эйлер-Хельпин – химия саласы бойынша, ал ұлы Ульф – медицина саласы бойынша Нобель лауреаттары. нейрофизиология саласын биік деңгейге көтерді. Оның ашқан жаңалықтары негізінде психикалық аурулардың көбінің емдеу жолы табылды. Сонымен қатар жүрек ауруларының емі де Ульф ашқан жаңалық негізінде жүзеге асырылып жатыр. Әкесі фермент табиғатына байланысты кешенді еңбек етіп, адам ағзасындағы тамақтың қорытылуы мен оның жасушаларға әсерін, астың энергияға айналу процесін зерттеген. Бұл жаңалық дәрі-дәрмек өнеркәсібіне, ауруды анықтау мәселелеріне зор серпін берген. Сонымен бірге тамақ өнеркәсібінің де қарыштап дамуына әсер етті. Ал оның ұлы Ульф фон Эйлер медицинаның Өмірбаяндық тұрғыда алып қарасақ, бұлардың арасында да өте берік қарым-қатынас болған. Әкесі ұлының ғылымға қызығушылығын дамытып, өзімен бірге алып жүрген. Оны кішкентай демей-ақ бар жаңалығын бөлісіп отырған. Зор рухани қолдау білдірген. Қарапайым тілмен айтқанда, Ханс ұлына адамдық және ғалымдық тұрғыда да үлгі бола білді.
Джозеф Джон Томсон және Джордж Паджет Томсон. Джозеф Джон Томсон 1906 жылы физика саласы бой ынша ғылымдағы ең мықты сыйлықты иеленді. Оның ең басты жаңалығы – электрон ды ашуы болатын. Яғни атом нан да кішкентай заттың бар екенін дәлелдеді. Оның ғылыми жаңалығын технологиялық тұрғыдан экран арқылы жеткізуге болады. Яғни Джозеф бүгінгі күнделікті өмірде қолданылатын экран ды ойлап тапты десек те бо лады. Сонымен қатар атом құрылымына алғаш жарық түсірген ғалым ретінде та нымал. Оның ұлы Джордж әкесінің жолын қуып, физика саласында 1937 жылы Нобель сыйлығын алды. Бұл ғалымның ең ұлы жаңалығы ретінде жартылайөткізгіштерді айтуға болатын шығар. Бүгінгі тілмен айтқанда, тұтас компьютерлік технологияның негізін қалады.
Ұлының өмірі жоғарыда атап өткен ғалымдармен ұқсас. Әкесінің қасында жүруі және ортаның әсері. Джордж Паджеттің физикаға қызығуы турасында мынадай әңгіме бар. Бірде әкесі зертханада жұмыс істеп жатқанда, Джордж кіріп келеді. Ол әкесінің жұмысына үңіліп, әр нәрсені сұрай бастайды. Әңгіме атом құрылысы туралы болып кеткенде, әкесі барынша оңай түсіндіру үшін: «Ойлап қарашы, атом деген – қала. Ал электрондар – оның тұрғындары. Олардың бәрі оң зарядты электронның айналасына жиналады. Атом және электрон деген – осы», – деп жауап берген екен. Джордж осы әңгімеден кейін өзінің ғылымға шын ықыласы ауғанын түсінген көрінеді. Кейіннен ол өз естелігінде: «Әкем маған бір нәрсені үйретті. Ғылым жұмыс қана емес, ол – ғажайып жаңалықтар әлемі. Осы ғажайып әлемді өзімнен кейінгіге әкем сияқты жеткізе алсам – бақыттымын», – деп жазды. Ғалым әкелердің ғылымнан алыс талай ұлдары болған. «Ғалымның ұлы міндетті түрде ұлы ғалым болады» деген сөз жоқ. Бірақ ғалым әкелердің ұлдарына әсері ұшан-теңіз. Бір қызығы, ақын-жазушылар өмірінен мұндай деректерді таба алмаймыз. Яғни әкесі әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған авторлардың ұлдары жазушылық жолмен жүрмеген. Жүрген күннің өзінде әкелеріндей танымал болмаған.
ӨНЕРДЕГІ ӘКЕЛЕР МЕН ҰЛДАР
Өнер – ғылым емес. Сондықтан өнерпаздардың өнерге тигізген әсерін ғылымдағыдай дөп басып айтып, бағалау да қиын. Сондықтан танымал жазушының немесе әртістің баласы да сол жолды қуар болса, не әкесінен асып танымал болады немесе әкесіне жетпей жатады. Бірақ бұл жолды ұлының таңдауына әкесінің әсері зор екені жасырын емес.
Тарковскийлер династиясы. Әлемдік кинематографияға өлшеусіз үлес қосқан Андрей Тарковский – ақынның баласы. «Сталкер», «Айна», «Солярис» секілді фильмдерімен авторлық киноның негізгі канондарын қалыптастырған режиссердің өнерге әкесіне еліктеп келгені анық. Оның әкесі Арсений Тарковский кеңес өкіметіне аса танымал ақын болатын. Тіпті Арсенийдің әкесі Александр да патша өкіметі тұсында журналистік қызмет атқарып, өлең жазған екен.
Жалпы, бұл отбасыға өлең мен өнер сіңгенге ұқсайды. Тарковский әулетінің әрбір мүшесі өлең жазған. Тіпті бір-біріне жазған хаттарын да поэзия тілімен жеткізген. Отбасылық естеліктеріне назар аударсақ, әулет өмірінде поэзия мен театрдың орны тым ерек болғаны байқалады. Осы аура, осы өнерге деген махаббат әкеден баласына жетіп отырғандай. Кинорежиссер, сценарист Андрей Тарковскийдің қазақ киносына да қосқан үлесі баршылық. Ол «Көксерек», «Атаманның ақыры» сияқты қазақ киноларының сценарийін жазуға атсалысқан.
Михалковтар отбасы. Сергей Михалковты қазір көпшілік тани бермесе де, кеңес заманында атағы жер жарған ақын болған. Себебі, ол кеңес одағы гимнінің авторы еді. Сол үшін ең жоғары құрметке ие болған. Сонымен қатар кеңес өкіметі балалары арасында оның «Степа ағай» атты поэмасы аса танымал болды. Бұл шығарма негізінде «Степа ағай» деп аталатын мультфильм де түсірілді. Бойы ұзын милиционер ағай есіңізде болар...
Ақынның екі ұлы бар. Үлкені – Андрей Кончаловский (анасының тегін алған). Ол кинорежиссер және сценарист ретінде танымал. Алғашқы картинасы «Алғашқы ұстаз» деп аталады. Шыңғыс Айтматовтың повесі негізінде түсірілген. Сонымен қатар, «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры», «Көксерек», «Мәншүк туралы баллада» сияқты қазақ фильмдерінің сценарийін жазған. Никита Михалков – ақынның екінші ұлы. Ол да кинематография саласында қызмет етіп, біршама жетістікке жеткен. Жоғарыда айтып өткен «Атаманның ақыры» фильмінің сценариін жазуға қатысқан. Режиссерді танымал ететін бір нәрсе бар. Никита Михалков – тәуелсіз Ресей тарихындағы «Оскар» сыйлығын алған жалғыз режиссер. Оның «Күннен шаршағандар» атты фильмі 1995 жылы «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» алтын мүсінін иеленген болатын.
Өмірбаяндық деректерге сүйене отырып, Сергей Михалков екі ұлының тәртібіне аса мән бергенін байқауға болады. Ол шығармашылық тұрғыда еркін, бірақ күнделікті өмірде өте тәртіптілікті талап еткен. Сонымен қатар әке Михалков балаларының бойына патриоттық және азаматтық жауапкершілікті сіңіруге көп күш салған. Осын дай тәртіп пен шығармашылық еркіндік арқасында екі ұлы да ақынның өзінен асып түскен танымал тұлғаларға айналды. Жалпы, өнер адамдарының ішінде ұлдары өнер жолын қуғандар жетерлік. Мысалы, жазушы Чарльз Диккенстің ұлы да жазушы болған. Әкесі сияқты танымалдыққа жетпеген, әрине. Владимир Набоковтың жалғыз ұлы Дмитрий аудармашы және опера әншісі мамандығын таңдаған.
Әке жолын таңдаған кез келген ұл алдында биік мақсат тұрады. Ол әкесінен асып түсу керек. Одан зор танымалдыққа жетуге тиіс. Сонымен қатар танымал әкенің балаға әсері қиын тиеді. Өйткені ол әрқашан бақылауда болмақ. Бұл туралы жазушы Эрнест Хемингуэйдің баласы: «Мен ешқашан өзіммен-өзім болған емеспін. Әрқашан жұрт назарында күн кештім», – дейді. Кейбір ұлдар өзінің аты-жөнін өзгертіп те алады. Мысалы, атақты америкалық жазушы Стивен Кингтің ұлы Джозеф Хиллстром Кинг әкесінің жолын қууды таңдаса да, аты-жөнін өзгертіп алған. Оның шығармашылық лақап аты – Джо Хилл. Осы есіммен ол өте танымал жазушыға айналды. Бәлкім, әкесінің тегімен қалғанда бұлай болмас па еді? Өйткені халық салыстыруға, танымал жанның ұрпағын бақылауға құмар-ақ.
Спорттағы атақтылар
Кіші және үлкен Мейуезерлер. Флойд Мейуезер есімі бокссүйер қауымға етене таныс. Ол бірнеше салмақ дәрежесінде әлемнің абсолют чемпионы. 19 жылдық мансабында бір де бір рет жеңіліп көрмеген. Ол соңғы ширек ғасырдағы ең үздік боксшы саналады. Дегенмен Флойд тақыр жерден өсіп шыққан талшық емес. Оның әкесі де үлкен Флойд Мейуезер боксшы болған. Орта салмақта өнер көрсетіп, өз заманында танымалдыққа жетті. Ал оның екі бауыры Джефф пен Роджер Мейуезерлер орта салмақтағы әлем чемпиондары болатын. Яғни кіші Флойд Мейуезер – боксшылар династиясының заңды жалғасы.
Қорғаушы Мальдинилер. Италия футболының жанкүйерлері Паоло Мальдини есімін ешқашан ұмытпайды. Аты аңызға айналған қорғаушы «Милан» командасының бойтұмары болатын. Тіпті бұл командадағы Мальдини таққан үшінші нөмір әлі күнге ешкімге берілмеген. Дегенмен футболшы Даниель мен Кристиан атты екі ұлының біріне үшінші нөмірді беруге рұқсат еткен. Бірақ екі ұлы да әкесінің деңгейіне жете алмады. Дегенмен көпшілікке танымал футболшылар екені анық. Ал «Миланның» Паолоға дейінгі жарық жұлдыздарының бірі Чезаре Малдини еді. Иә, Паолоның әкесі. Ол клубтың капитаны ретінде 1962-63 жылдардағы Еуропа чемпиондар кубогының жеңімпазы атанды. Бұл лигадағы «Миланның» тұңғыш жетістігі еді. Паолоның әке жолын қуып, атақты футболшы атануына, сөз жоқ, әкесінің әсері зор. Шындығында, футболдағы кәсібилікті, еңбекқорлықты баласының бойына Чезаре сіңірді. Осы ұрпақ жалғастығының арқасында «Милан» клубында үш ұрпақ Мальдинилер ойнады.
Холандтар. «Манчестер Сити» клубының шабуылшысы Эрлинг Холанд – әлемдегі ең танымал футболшылардың бірі. Ол өзіне дейінгі шабуылшылардың рекордтарын жаңартып, бүгінгі футболға жаңа леп сыйлады. Бұл жолға түсуіне оның әкесі себепкер болса керек. Альф-Инге Холанд мансабының біраз бөлігін «Нотингем Форест» клубында өткізді. Баласы сияқты аз уақыт «Манчестер Сити» са пында ойнап, тіпті капитан да болған.
Тюрамдар. Қазіргі таңда «Интер» сапында ойнайтын Маркус Тюрам және «Ювентус» сапындағы Хефрен Тюрам – ағайынды футболшылар. Екеуі де – Франция құрамасының ойыншылары. Әрине екі футболшы да әкесі Лилианның жетістіктеріне жету үшін біраз тер төгу керек. Лилиан Тюрам 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Франция құрамасы сапында әлем және Еуропа чемпионы атанды. 2000 жылғы Еуропа чемпионатында да үздік өнер көрсетіп, символикалық құрама сапына енді.
Қорыта келгенде
Барлық танымал тұлғаның артында ата-анасының қолдауы тұр. Ғалымды да, спортшыны да, өнерпазды да үлкен жолға шабыттандыратын – әкесі мен анасы. Біз бұл мақаламызда ұл өміріндегі әкенің маңызына тоқталдық. Танымал әке тағдыры ұлына оң әсерін де, кері әсерін де тигізетінін сөз еттік. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, бір әке кіндігінен ала да, құла да тарайды. «Ақымақтан – ақымақ, ақылдыдан тек ақылды туады» деген ақиқат жоқ. Бірақ ақиқат бір нәрсе бар: бала бойындағы өмірмен күресуді және үлкен өмірге бейімдікті әке қалыптастырады.
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024
1583 рет
көрсетілді0
пікір