- Спорт жұлдыздары
- 25 Қазан, 2024
Бала жастан оза шапқан

Бала кезден аламаннан топ жарып жүрген шабандоздардың барлығы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бас қосып, бақтарын сынады. Тай жарыс, құнан, топ бәйге, аламан бәйгеде талай мәрте аты озған шабандоздың жетістіктері мен үздік көрсеткіштері ел ішінде кеңінен айтылып жүр. Солардың ішіндегі Хамза Амангелді, Аңсар Арыстанбек, Бекзат Ділдәханның жетістіктері бізді де ерекше таңғалдырды. Бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалына дайындалып жатқан шабандоздардың уақытының тығыздығына қарамастан аз-кем әңгіме құрудың сәті түсті.
ӘЛЕМДІ ТАҢДАНДЫРҒАН АҢСАР
Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында атсейістер де елегізіп, шабандоздар да тақым қысып, мықты дайындықпен келгенін байқатты. Әсіресе аламан бәйгеге қатысқан 27 сәйгүлік пен шабандоздың жартысынан көбі жарыс жолынан шығып, алтын мен күмісті қазақ шабандоздары жеңіп алды. Жеңімпаз Аңсар Арыстанбек төрт жылдан бері бәйгеге шабады. Алматылық жас спортшы бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, сегіз автокөлік жеңіп алған.
Дәл осы дүбірлі додаға қыстан бері дайындалып, жарысқа жақсы тактика қойып шықты. Аламандағы басты қарсыластары саналатын Жұмыртұяқ пен Қарақызды да тыңғылықты зерттеп, қалай жеңуге болатынын ойластырды. Расында, шешуші айналымда басты қарсыластарының алдын орап, оқ бойы оза шапты. Аңсар үшін бір күнде бірнеше атқа мініп бәйгеге шабу еш қиындық тудырмайды. Көшпенділер ойындарында әуелі құнан бәйгеде Айшуаққа мініп қатысып екінші келсе, артынша аламанда бақ сынады.
Дегенмен әр жүйріктің өзіне тән қыр сыры бар. Біреуі қамшы салдырмаса, біреуін мәреге жақындағанда қамшылау керек болады. Аламанда маңдайы жарқыраған Айқабақ – қамшы салдырмайтын, бабымен жүгіретін жылқы. Аңсар әр айналым сайын бапкері Жамбыл Бөбекбайдың нұсқауына құлақ асып, аттың жағдайын баяндап отырады. Бапкері соңғы айналымдарда қалай әрекет ету керектігін айтып, шабандозға ақыл-кеңесін беру керек. Ат, бапкер және шабандоз бір-бірін жақсы түсіну керек. Аңсар осы уақытқа дейін біраз үлкен бәйгеде топ жарып жүрсе де, дәл осы Көшпенділер ойындарындағы жеңістің ерекше екенін айтты. Бұл дода Аңсар үшін жұлдызы жанған жарыстың бірі болды. Аңсар Алматы облысы, Талғар ауданындағы Туғанбай ауылында дүниеге келген. Сол ауылда №30 орта мектепте білім алады. 9 жасынан бастап тұлпар тізгіндеп, топ жарып жүр. Кемел Тоқаевтың асында Мамайқарамен Нива көлігін жеңіп алды. Қазір Аңсар Қазақстан чемпионатына дайындалып жүр. Ол бұл чемпионатта Көкдауыл, Асу, Отырар сынды сәйгүліктердің құлағында ойнайды. Ендігі мақсаты – осы чемпионатта үздік шығып, чемпион атану. Аңсар бұл белесті де бағындыратынына кәміл сенеді.
ЕҢ ЖАС ӘРІ ТАНЫМАЛ ШАБАНДОЗ
Хамза Амангелді мен Жұмыртұяқты жылқы сүйер қауым жақсы таниды. Бала кезден аламаннан топ жарып жүрген Хамза мен Жұмыртұяқ Көшпенділер ойындарында да басты фавориттердің бірі еді. Бірақ алдына Аңсар тізгіндеген Айқабақты ғана жіберіп, жүлделі екінші орынға ие болды. Екінші болып келгені үшін Хамза өзіне ғана өкпелі. Жұмыртұяққа ренжи алмайды, өйткені кінә өзінен деп санайды. Дегенмен ол 9 жасында 9 көлік, 1 пәтер, 70-80 миллион теңге жеңіп алып үлгерген. Биылғы ауқымды бәйгесі «Жолан жүйрігі» мен Көшпенділер ойындары болды. Кемел Тоқаевтың асында да бірінші болып келді. Тарихта қалатын бәйгелердің барлығында жүлдеге ілініп жүр. Жүлдені ат иесімен ғана емес, бірнеше адаммен бөліседі. Жылқы иесінің, бапкерінің, жылқының күтіміне қарайтын адамның және шабандоз баланың үлесі бар. Әрқайсысы өзіне тиесілісін алады. Айтпақшы, Хамза жеңіп алған пәтер Астанадан берілді. Ал жеңіп алған көліктерді сатып жіберген.
Хамза Амангелді Жетісу облысының Ескелді ауданына қарайтын Жалғызағаш ауылында тұрады. Өте ерке болып өсіп келе жатқан Хамзаны төрт жасында әкесі ат қораға апарып, атқа мінуді үйретті. Бес жастан бастап бәйгеге қатысып, атқа шаба бастады. Ал алты жасында алғашқы көлігін жеңіп алды. Хамзаның өзі де шабандоз болғысы келетін, ал әкесі бала сөзін жерде қалдырған жоқ. Қазір 4-сыныпта оқитын шабандоздың арманы асқақ. Ол өмірін тек жылқымен байланыстырады. Жарысқа байланысты кейде сабақтан да қалады. Мектепте көтермелеу жоқ, өзіне тиесілі бағаны алады. Хамзаның аттан құлаған кезі аз емес. Қанша ауыр жарақат алса да, атқа мінуден, бәйгеге шабудан қорқып қалған жоқ. Аяғын да шығарған, жамбасын да шытынатқан, басын да жарған кезі болған.
Хамзаға әкесі Марлан әр жарыста түрлі әдіс айтады. «Асықпай топ арасында жүр, аяғына дейін бір қалыпты ұста. Қашатын ат болса, қашасың, ұстайтын ат болса, ұстайсың» дейтіні бар. Күніне үш рет басқа жылқылармен дайындалса, Жұмыртұяққа бәйге алдында ғана мінеді екен. Хамза Бауыржан Мырзабаев секілді Америкада, Еуропада танымал жокей болғысы келеді. Сол жақтағы жокейлер мектебінде оқып, білікті маман болып, әлемдік деңгейде атқа шапсам деген үлкен арманы бар. Және сол арманына жететініне кәміл сенеді.
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024

862 рет
көрсетілді0
пікір