- АҚ ЖЕЛКЕН
- 18 Қараша, 2024
Қолымен от көсегендер
«Ақ желкен» журналының былтырғы №6 санында «Құрдым жолы» атты материалымыз жарық көрген болатын. Онда есірткіге, оның ішінде синтетикалық есірткіге тәуелділік турасында әңгіме өрбіттік. Көпшілікке білінбеуі мүмкін. Бірақ есірткі қолданушылар, оны тасымалдаушылар және жасаушылар да біздің арамызда жүр.
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕСЕ...
Елімізде тіркеуде тұрған 18 мыңнан астам есірткіге тәуелді адам бар. Олардың 1,5 мыңға жуығы – әйел адам. Және екі мыңға жуығы – жастар. Бұл көрсеткіш бірнеше есе көп болуы мүмкін. Өйткені есірткіге тәуелділердің көбі тіркеуге тұрмайды. Жоғары дозадан 100-ге жуық адам қаза тапқан. 2023 жылы еліміздегі есірткіге байланысты 3164 қылмыс дерегі тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12 пайыз жоғары. Жылдан-жылға осы көрсеткіш тек өсіп келе жатыр. Ең қорқыныштысы, есірткі сату, тарату істері бойынша сотталып жатқан адамдар арасында жастар саны өсіп келеді. Мысалы, былтыр олардың үлес салмағы 53 пайыз болған. Олардың бәрі дерлік 10-20 жыл мерзімге сотталып кетіп жатыр. Кәмелеттік жастан енді асқан жас баланың 10-20 жылын темір торда жоғалтуы өте ауыр. Оның үстіне бұл жастардың көбі есірткі тұтушылар емес, әншейін курьерлер. Оларды қарапайым тілде «закладчик» деп атайды.
Закладчик – есірткіні белгіленген жерге жеткізіп, елеусіз жерге қалдыратын адам. Олар көбіне күнқағары бар бас киім киіп, көзілдірік тағып, жасырын жүреді.
Заңгер Тимур ЫҚСАНОВ: «Есірткі бизнесімен айналысу-шылар – өте ақылды адамдар. Олар өз бизнестерін сәтті ұйымдастырып отыр. Есірткі бизнесмендері Қазақстанның саяси жүйесін, полиция, тіпті сот жүйесін де өз қалауынша қимылдатып отыр. Ал біздің құзырлы органдардың жауапқа тартып жүргендері жай ғана «жалаң қолымен от көсегендер» – закладчиктер. Есірткі бизнесі пирамидасының ең басында тұрғандардың ешбірі сот алдына жетпей жатыр», – дейді.
Шынында да есірткі бизнесін негізгі ұйымдастырушылардың ұсталуы өте қиын шаруа. Өйткені олар ешкіммен тікелей жұмыс істемейді. Бәрі ізін жылдам суытып үлгеруге болатын әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Есірткіге тапсырыс та, закладчикті жұмысқа алу мен оған берілетін тапсырмалар да дәл осы сызбамен жұмыс істейді.
Ескі таныспен қайта жолығу
Былтырғы мақаламызда синтетикалық есірткіге тәуелді болып қалған студент қыз туралы, оның осы жолға қалай келгені туралы әңгімелеген едік. Осы закладчиктер туралы материалды ж азу барысында ескі танысыма қайта хабарластым. Екеуміз жолыққан кезде оның біршама арықтап қалғанын байқадым. – Сізді хабарласады деп күтпеп едім, – деді ол жолыға салған бетте.
– Жүріп өткен жолыңызды жазған едім. Біраз адамға ұнаған сияқты. Сол үшін тағы бір тапсырма алып отырмын.
– Ұқтым. Не көмегім керек?
– Закладчиктер туралы сөйлескім келген. Олардың жұмыстары, қалай жеткізетіні туралы айтып берсең...
– Ой, ағай, сол да қызық болып па? – деп кейіпкерім күліп отырды да, жылдам езуін жиып мұрынын әнтек тартқандай болды.
– Тұмауратып жүрсің бе? – деген сөзіме:
– Жоқ, мұрныммен дұрыс дем ала алмаймын, – деп жауап берді. – Менің қолданатын нәрсемді (меф) білесіз бе, тұз секілді. Оның ұсақ кристалдары мұрын қуысына қадалып, екі-үш күнге дейін мұрнымды қанатып жүреді. Қиыны ол да емес, мұрынмен дем алу қиын. Өйткені ол әрқашан бітеліп тұрады...
– Әлі қоймадың ғой сонда?..
– Әйелдер психологиялық тұрғыда да, тәни тұрғыда да өте әлсіз халық қой. Оның үстіне біздің эмоциямыз өте шұғыл. Сондықтан ер адамдарға қарағанда аз доза тұтына тұрып, олардан артық дофамин ала аламыз. Сондықтан ағзамыз жылдам тәуелді болады.
– Дофаминнің не қатысы бар?
– Бұл адам бойындағы ләззат алуға жауап беретін гормон ғой. Ол неғұрлым көп бөлінген сайын сезім, сезіну арта бермек. Меніңше, ол адам ағзасында шексіз емес. Ал есірткі қолданғанда бірнеше күндік дофамин дозасын бір күнде алып қоямыз. Сондықтан ертесі күні дүние күңгірт тартып, еш нәрседен ләззат алу мүмкіндігі болмайды. Ең ауыры – алғашқы ләззат алған сәтіңді есіңе түсіру. Сол деңгейге жету үшін дозаны көбейте бересің. Бірақ оған екінші қайта жету мүмкін емес.
– Күл қайта жанбайды ғой.
– Сондай шығар... Сонымен, закладчиктер туралы айтайын. Олардың жұмысы бір қарағанда өте оңай көрінеді. Мопедке мініп алып, сөмкеңді арқалап, белгілі бір жерге тауарды тастап кете береді деп ойлаймыз. Бірақ бәрі соншалық оңай емес. Мен бір жігітпен бірге айға жуық уақыт сол жұмысты істеп көргем. Осы жазда ғой... Әлгі жігіттің телеграмына хабарлама келеді. Белгіленген жерден тауарды алып, оларды әртүрлі жерлерге қалдырып, суретке түсіріп, геолокация жібереміз. Солай жалғаса береді.
– Ұстап алмай ма?
– Ұсталып жатқандар көп. Бірақ адамдар көп байқай бермейді ғой. Қазір біреудің ісіне біреу араласатын заман ба? Бірде қызық болды. Бір закладканы апарып тастап, мопедке қайтып келсек, орнында жоқ. Полиция шақырдық. Сөйтіп, полицияның көлігіне отырып алып, жоғалған мопедті бірге іздеген едік. Ойлаңызшы, біздің сөмкемізде 12 грамға тарта есірткі бар. Бірақ полиция шақырғанымызға қарап олар бізді закладчик деп ойламаса керек...
– Өте тәуекелшіл екенсіңдер...
– Кейіннен көп көлемде алып, оны жеткізетін жерге бермей, өзіміз сатқан кезіміз де болды. Бірақ әлгі жігіттің барлық деректері жұмыс берушілердің қолында еді. Ол ұсталып, қатты таяқ жеді. Тауарды да қайтарып бердік, сатқанымыздың ақшасын артығымен төледік...
– Мен бір нәрсені түсінбеймін, ақша аударылған реквизиттер белгілі ғой. Солар арқылы табуға болмай ма жұмыс берушілерді?
– Жоқ. Ақша аударылатын адамдардың өзі де жалдамалы. Қарапайым студент, тіпті зейнеткерлердің карталары арқылы жұмыс істейді олар. Олардың өз айлығы бар...
– Ұсталып кетіп жатыр. Он жылға сотталып та кетіп жатқан закладчиктер бар... Соны көре тұра қалайша барады бұл тірлікке?
– Расын айтсам, жұмыс берушілер сендіреді. «Полицияға ұсталып қалсаңдар, өзіміз шығарып аламыз» деп уәде етеді. Бірақ уәдесінде тұрған дүкенді көргем жоқ.
– Есірткі сататын дүкен көп пе?
– Өте көп. Олардың тіпті өз амбассадорлары бар.
– Ол қалай сонда?
– Есірткі дүкенінің саудасын жүргізу мақсатында бірнеше адам жұмыс істейді. Олар сұлу қыздардың суреттерін қойып, танысу чаттарында отырады. Өзіне жазған жігіттерге белгілі бір дүкеннен есірткі сатып алып, өзіне келуін өтінеді. «Арамызда бәрі болады, тек осы дүкеннен мынадай есірткі сатып әкел» дейді. Сатып алады, чекті жібереді. Сосын әлгі сұлу таптырмайды оған. Осындай схемалар да бар.
– Мен бәрібір түсіне алмаймын...
– Шынын айтқанда, закладчик деген жұмысқа адам қызық қуып емес, ақша қуып келеді. Өте жылдам табыс табу мүмкіндігі бар. Бірақ ғұмыры да қысқа екенін түсіну керек. Сондықтан әлгі жігіттің жұмысын көріп, мен жолауға қорықтым. Кейде маған полиция мен есірткі дүкендерінің иелері сыбайлас па деген ой келеді. Өйткені закладчиктер өте сақ, көпке байқалмай жүреді. Сосын деймін, қарапайым курьер үшін 10-20 жылға сотталу әділетсіздеу емес пе? Өйткені Қазақстанда есірткі бизнесімен айналысатын «үлкен адамдардың» ұсталғаны жайлы естімеген екенмін.
– Сен биыл оқу орнын бітіресің ғой?
– Қайдағы? Оқуға деп берген ақшаның бәрін жаратып бітіргем.
– Енді не істейсің?
– Білмеймін. Әке-шешем былықтарымның бәрін біліп, қаладан алып кеткенше осылай жүре беретін шығармын... Өзім барып айтуға батпаймын.
«Жасыл желкен» алаңдайды
Елімізде есірткі тасымалдаумен айналысып, бірінші рет ұсталған азаматтардың өзі 10-20 жылға сотталып кетіп жатыр. Тіпті қалтасынан өте аз көлемде есірткі табылған адамдардың өзі 4-6 жылға темір торға жабылады екен. «Бұл өте ауыр жаза емес пе?» деген сауалмен «Жасыл желкен» қоғамдық бірлестігіне хабарластық.
«Жасыл желкен» – еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған республикалық қоғамдық бірлестік. Азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша көмек көрсетіп, әлеуметтік және экологиялық бастамалардың дамуына ықпал етуді мақсат етеді.
Осы бірлестік жетекшісі, қоғам белсендісі Гүлзат Алмажанова ханыммен аз-кем әңгіме өрбіттік. Ол кісінің айтуынша, «жыл басындағы көрсеткіш бойынша 297 бап негізінде 3 мыңға жуық адам темір торға тоғытылған. Дәл қазіргі көрсеткіш 7 мыңнан асып жығылады. Яғни сотталып жатқандардың 50 пайыздан астамы осы есірткі саудасымен айналысқандар болса, олардың 70 пайызы есірткі саудасымен бірінші рет ұсталып отыр. Ал олардың жас шамасы 14 жастан басталады».
– Бізде заң тым қатал ма?
– Иә. Менің таңғалатыным сол, 14 жастағы баланы бірден 10 жылдам астам уақытқа түрмеге жабу біздің елден басқа жерде кездеспейді. Оның үстіне қатаң жағдайдағы түрмеге жабу деген де өте қиын мәселе екенін атап айтқан жөн.
– Бұл жазаны жеңілдету үшін қандай амал жасалып жатыр?
– Жыл басынан бері үш алқасөз өткіздік. Өкінішке қарай, депутаттардан қатысқан адам болмады. Бас прокуратураның өкілдері ғана келіп қатысып жүрді.
– Сіздерді қандай танымал адамдар, депутаттар қолдап жүр?
– Біздің бастаманы барынша қолдап, жазаның ауырлығын батыра айтып жүргендер ішінен Азат Перуашевты айта аламын. Былайша мен қоғамдық бірлестік үшін танымал тұлғалар жинағаным жоқ. Ұлдарынан айырылып, түрмедегі баласына барын тасып жүрген ата-аналарды, өзіммен пікірлес жандарды жинадым. Бір бұл емес, «Жасыл желкен» бірлестігі құрылғанына бір жылдан астам ғана уақыт ішінде бірнеше жобаны іске асырды. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – осы «Есірткісіз болашақ» деген жобамыз. Жалпы, біз, президентіміз айтқандай, үкіметтік емес ұйым ретінде елдің дамуына, мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс іске асуына көмек етсек деген ниеттеміз.
– Жазаны жеңілдету дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Иә. Халықтың мұңы сол. Жоғарыда айтып өткенімдей, мұндай ауыр жаза біздің елде ғана. Кәмелеттік жасқа толмаған жас өскін бірінші рет қателесіп, сот алдына тартылады. Бірден 10 жылдам астам уақытқа жабылады. Түрмеден шыққаннан кейінгі оның өмірі не болмақ? Жоғары жаққа, Президентке аналардың мұңын жеткіздік. Үш бірдей алқасөз нәтижесінде биылғы жылдың соңына дейін жазаның жеңілдеуіне байланысты бір шешім шығаруға уәде берді. Президентіміз «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайда осы мәселеге нақтылай тоқталған болатын. Ол кісі «есірткі өндірушілерге жазаны қатайтуды» сұраған. Закладчиктердің де жазаға тартылуын заңды деді. Бірақ «мұндай ұзақ уақытқа емес» деп қосқан болатын. Яғни бір халықтың емес, Президенттің де ойында бұл мәселе бар екенін атап өткіміз келеді.
– Қандай ұсыныс, талап қойып отырсыздар?
– Есірткі тасымалдаумен бірінші рет ұсталып отырған жастарға деген жазаны жеңілдетуді сұраймыз. Мейлі, шартты жазаға тартылсын немесе үлкен көлемде айыппұл салынсын. Бірақ 10-15 жыл оның өмірін ұрлауға болмас... Сонымен қатар қарапайым жүк тасымалымен айналысатын азаматтардың да жазықсыз сотталып кетіп жатқаны байқалады. Оларға бір затты апарып беруге тапсырыс түседі. «Қымбат алтын бұйым немесе басқа зат» деп алдайды, тексеріс кезінде есірткі екені анықталады. Оның кінәсі жоқ қой. Осындай жағдайларды ескере отырып, жазаны екінші рет ұсталғаннан бастап қаталдатқан абзал болатын шығар. Біздің ұсыныстар осындай. Өйткені не түрлі ауыр хаттар келеді. Жақында осы мәселе бойынша алты жылға сотталған жігіт өзіне қол жұмсады. Бізге белгісізі бар, белгілісі бар, мұндай жағдайлар көп болып жатыр...
***
Жазаның жеңілдеуі онсыз да өршіп тұрған есірткі саудасына қалай әсер етеді? Бүгінгі жазаның қаталдығының өзінде мұндай жұмысқа барып жатқан жастар көп екенін көре отырып, жаза жеңілдегеннен кейін олар тіпті көбейіп кетпей ме деген де қорқыныш бар. Бірақ үлкен өмірге жаңа ғана аяқ басқан жастың 10 жылын темір торға беруі тағы өкінішті. Оқырмандарымызға бір ғана нәрсе айтқымыз келеді. Есірткіге байланысты жолдың бәрі дерлік жақсылыққа апармайды. Түбі ата-анаңыз бен өзіңіз қиналғаннан басқа жол жоқ. Ал мұндай жазамен темір торға тоғытылып келген жанға қоғамда тағы орын жоқ. Мемлекеттік, тіпті жекеменшік жұмысқа тұрудың өзі қиын екенін естен шығармаңыз!
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2024
885 рет
көрсетілді0
пікір