• Спорт жұлдыздары
  • 17 Қараша, 2024

Спортшы&жарнама: заманына қарай амалы

Жақында Forbes журналы осы маусымда ең көп табыс табатын спортшылардың тізімін жариялады. Әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналду көш бастап тұр. Оның жылдық табысы – 285 млн доллар. Соның 220 миллионы өзі ойнайтын «Әл-Наср» клубынан алатын жалақысы болса, 65 миллионы жарнама арқылы келген. Иә, әлемге танымал спортшылардың жарнама арқылы да табысқа кенелу мүмкіндігі бар. Қазір елімізге белгілі спортшылар түрлі жарнамалық роликке түсіп, әртүрлі өнімді жарнамалап жүр.

Жуырда танымал актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтардың әлеуметтік парақшасынан энергияны арттыру, салмақ жинау және бұлшық етті тез қалпына келтіруге болатын өнім туралы жарнамасын көріп қалдым. Бір шетінен материалымызға қатысы бар болған соң, екінші жағынан салмақ қосу мәселесі қызықтырған соң өнімді қолдану туралы менеджерлерге өтініш қалдырдым. Бес минут болмай жатып сатушы қыз хабарласты. «Иә, қандай мәселе бар сізде? Салмақ қоса алмай жүрсіз бе? Энергияңыз кешке дейін жетпей ме? Әлде жаттығудан соң бұлшық етіңіздің тез қалпына келуін қалайсыз ба?» деген сияқты сұрақтар қойып, өнімнің артықшылығы туралы айта бастады. Ешқандай химиясыз, елімізде жасалған халал өнім екенін баса айтты. Барлық ақпаратты тыңдап болған соң, бағасын білгіміз келді. «Өнімнің екі айға жететін төрт құтысы 102 мың теңге тұрады, бірақ сіз Еркебұланның атынан хабарласқандықтан, 25% жеңілдікпен 80 мың теңгеге ала аласыз», – деді сатушы маман. Шыны керек, «мұндай қарапайым дәрумендерді осыншама ақшаға сатып алу қаншалықты қажеті бар?» деген сұрақ туындайды. Дегенмен алып жатқан адамдар жетерлік. Өйткені бұл өнімді Еркебұланнан бөлек, Асу Алмабаев сияқты ММА спортының танымал өкілі де жарнамалайды. Одан бөлек, жағдайыңыз толық соманы төлеуге жетпесе, бөліп төлеу қарастырылған.

Спортшылардың жарнамадан табыстары олардың спорттағы жетістіктеріне және танымалдығына тікелей байланысты. Әсіресе, танымал спортшылар сұранысқа ие әрі бағалары да жоғары. Дегенмен олардың басым бөлігі әлемдік брендтерді емес, кішігірім өнімдерді жарнамалайды. Дәл қазір Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Ризабек Айтмұхан сияқты спортшыларды жарнамаға тартушылар көбейген. Үшеуі де бір өнімді жарнамалайды. Үшеуі де – еркектің күш-қуатын арттыратын «Витаман» өнімінің бренд-амбассадоры. Әрине, елімізді әлемдік аренада танытып жүрген спортшылардың осындай өнімдерді жарнамалап жүргені біртүрлі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олардың табыс көзі өткізетін жекпе-жегіне қатысты екенін ескерсек, қосымша табыс ретінде қажет ететіні анық.

Жарнамашы жұлдыздар

Кез келген спортшыға жарнамалық ұсыныстар түсе бермейді. Қазақстандық спортшылар арасында жарнама мен спорттық табысы жағынан ең танымалдары – теннисші Елена Рыбакина, футболшы Бақтияр Зайнутдинов және ММА жауынгері Шавкат Рахмоновты ерекше атауға болады. Мысалы, Рыбакина 2023 жылы теннистен алған жүлделері мен демеушілердің қолдауымен 5,5 миллион доллар шамасында табыс тапқан.  Оның жарнамалық серіктестері арасында Adidas, Rolex секілді танымал брендтер бар. Зайнутдинов та жарнамадан және клубтық келісімшарттардан жақсы табыс табады. Оның жылдық табысы 1,42 миллион доллар шамасында бағаланады. 

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов қазақстандық және шетелдік брендтермен серіктес болды. Нақтырақ айтсақ, боксшы Head&Shoulders сусабынының және Qazaq Oil жанармай бекетінің бренд-амбассадоры болды. Бірақ оның жарнамадан нақты қанша табыс тапқаны жайлы ресми ақпарат жоқ. Өйткені спортшылардың басым бөлігі жарнамалық табыстары жайлы ақпаратты жарияламайды. 

Айтпақшы, уақытында атағы жер жарып тұрған Геннадий Головкин, Илья Ильин, Александр Винокуров сынды спортшылар да жарнамамен біраз табыс тапқанын білеміз. Apple, Hublot  компаниясы және Nike брендімен келісімшарты болған Геннадий Головкин жарнама арқылы жылына 2 миллион доллар табыс тауып отырған. Илья Ильин бұрын минералды су брендтерін, оның ішінде ASU суын жарнамаласа, велошабандоз Александр Винокуров макарон өнімдерін жарнамалаған еді.

Табыс қанша?

Спортшылардың арасында букмекерлік компанияларды жарнамалайтындары да жоқ емес. Танымал боксшы Әли Ахмедов – Қазақстанда Pin-Up компаниясының ресми елшісі. Ол компаниямен эксклюзив келісімге қол қойып, брендтің түрлі жарнамалық акцияларында көрініп қалып жүр. Ал ММА спортшысы Ақтөре Батырбек Parimatch букмекерлік компаниясының елшісі ретінде танымал. Ол бұл брендті белсенді түрде насихаттап, Қазақстанда букмекерлік нарықтағы танымалдығын арттыруға үлес қосып келеді. Бір қызығы, букмекерлік компаниялар жарнамадан ақша аямайды. Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың халыққа пайдалы өнімдерді ғана жарнамалайтыны туралы Асудың менеджері әрі Шавкаттың досы Еламан Сейітхан айтып берді.

– Шыны керек, Шавкат пен Асуға жарнамаға қатысты көптеген ұсыныстар түседі. Негізі, олар анау-мынау нәрселерді жарнамалағысы келмейді. Тек халыққа пайдалы өнімдерді ғана жарнамалауға тырысамыз. Олар жарнамалап жүрген заттар – табиғи ингредиенттерден ғана тұратын әрі ерлердің күш-қуатын арттыратын өнімдер. Мазасыздық пен қорқынышты азайтып, тестостеронның көптеп бөлінуіне ықпал етеді. Бұлшық ет күшін арттырып, физикалық шыдамдылықты көбейтеді. Өнім түрлі пайдалы шөптердің сығындыларынан жасалған. Шавкат та, Асу да өздеріне лайықты қаржыны алады. Бірақ нақты соммасын айта алмаймын, – дейді Еламан.

Әлемге әйгілі UFC тұжырымында өнер көрсететін Азат Мақсұм Gorilla энергетикалық сусынын жарнамалау арқылы тәуір пайда табатынын жасырмады.

Иә, негізгі табысым көзім Gorilla энергетикалық сусынының жарнамасынан және қосымша жұмыс істеймін. Басқа спортшылардікін білмедім, өзім жарнама үшін еліміздегі орта жалақыны аламын. Ол меніңц күнделікті тұрмыс-тіршілігіме, оқу-жаттығу жиыныма жетпейтіндіктен, қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Шынымды айтсам, Gorilla сусынын өзім де ішемін, бірақ шамадан тыс емес. Күніне біреуін ғана ішу керек. Энергетикалық сусында жарнамалаудағы бірінші мақсат – табыс көзі болса, екіншіден, кейде энергия болмай тұрса, жаттығу алдында ішіп аламын. Мемлекеттен немесе басқа біреулерден қосымша айлық алмаймын, ал жарнама жасау арқылы оқу-жаттығу жиындарына қаржы табамын. Әрине, кез келген дүниені шамадан тыс қолданса зияны болатыны анық. Сол сияқты энергетикалық сусындарды да межесінен артық ішудің қажеті жоқ, – деді Азат.

Бізде спортшыларымыздың әлемдік брендтерді жарнамалап, қалтасын қалыңдатқанын қалаймыз. Бірақ ақшаға құнығып, жастардың болашағына балта шабатын дүниелерді жарнамалап жатса жөн болмайтыны ақиқат.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2024

865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы