- АҚ ЖЕЛКЕН
- 16 Қараша, 2024
Ұстазыма бас ием!
Жадыңда тек жақсылығымен, үлгі-өнегесімен сақталып қалған ұстазың туралы тебіренбей сөйлеу мүмкін емес шығар. Адамдар мектептегі ұстазымен бірге оқу орнындағы ұстазы, өмірдегі ұстазы туралы да айтпай қоймайды. Сондықтан өмірде бір ғана ұстаз болмайды. Бірақ әркім де ұстаз дәрежесіне жете бермейді. Ұстаз деген сонысымен аяулы.
Елдос ТОҚТАРБАЙ, балалар жазушысы, алаштанушы:
БІР ҒАНА СӨЗІ ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ
Қазір ғой неше түрлі профориентациялық тест бар. Тіпті профориентологпен сұқбат құрып, кеңесін алуыңа болады. Мен оқушы болған жылдары мұндай мамандық та жоқ еді. Жасырып не қылайын, осы сөзді бертін келе естідік қой. Біздің елде мектеп түлегі көбіне-көп болашақ мамандығын ата-анасының қалауы бойынша таңдап, оқуға түсіп жатады. Солардың көбі өз мамандығына қызықпай жүргенін де байқап қаламыз. Менің әулетімдегілердің бәрі математик не физик еді. Мен де сол сара жолды жалғастырмақ болып, болашағымды киберфизикамен байланыстырғанмын. Мектептің соңғы жылында физиканы таңдап, олимпиадаға қатысып, өте жақсы нәтиже көрсетіп жүрдім. Бірде сынып жетекшім Қарлығаш Байтоғымова апай шақырды. Кабинетіне кіріп барсам, жұмыс үстелінің үстінде отырып, газет-журналдарды шолып отыр екен. Қолындағы менің «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек», «Ұлан», «Ақ желкен» басылымдарына шыққан мақалаларым екен. «Елдосжан, сенің мына тырнақалды туындыларыңды тағы да оқып шықтым. Осы сен болашағыңды неге әдебиетпен байланыстырмайсың? «Жас тілшілер» форумына қатысып, «Журналист болғың келе ме?» байқауынан жеңімпаз болып, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне грант ұтып алғаның бекер болғаны ма? Сенің қабілетің – шығармашылық жұмыс. Сен көркем ойлауға, жазуға бейім баласың. Сенің табиғатың әдеби ізденіске жаратылған. Өз қабілет-дарыныңа қиянат жасама!» деп ұзақ сөйлеп, нақты мысал келтіре отырып, кеңес беріп, бағыт көрсетті. Әр аптаның соңында дайындық тестін тапсыратынбыз. Екі тоқсан бойы физиканы таңдағандықтан, осы жолы қазақ әдебиетін таңдау пәні ретінде белгілеп, алғашқы сынаққа қатыстым. 25 сұрақтың бәріне толық жауап беріппін. Содан кейін Қарлығаш Нұрмұханқызы мені үнемі бақылап жүрді. Сынып сағаттарында маған газет материалдарын талдатып немесе эссе, мақала жаздыратын. Егер осы күні жас жазушы ретінде есім-сойым қалыптасып, азды-көпті атаққа шықсам, соның бәрі аяулы Қарлығаш ұстаздың жанашырлығынан басталған әрі арман баспалдағына адастырмай жетелеген жол еді... Бір ғана сөз өмірімді өзгертті. Бір ғана ұстаз бір ұлттың тарихын түгендейтін жас үмітке аманат жүгін артып, өз мамандығына машықтады. Ұстаз ұлағаты деген осындай-ақ болар...
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
ЖАҚСЫ ҰСТАЗ БАР ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ
Қазір эмоциялық интеллект туралы зерделеп жүрмін. Оның негізі отбасында қаланады дейді. Мен мектепте де қаланады дер ем. Өйткені бала көп уақытын мектепте өткізеді. IQ күшті болса да EQ дамымаса, бәрі бекер дейді ғалымдар. Енді бала неше сағат ұстаздың алдында жүрсе, мектепте де қалыптасады емес пе? Жастармен әңгімелескенде ұстаздарым туралы көп айтамын. Әсіресе, Ғалия апайым. Бізге оқуын бітіре салып келді-ау. Сынып жетекші болды. Тарихтан берді. Киім киісі, жүргені, сөйлегені ғажап еді. Одан бөлек біз креатив форматты сол жылдары бастап кеттік. Кабинетте отырып ел-жер «аралаймыз». Сол елдің тарихымен, географиясымен танысамыз. Қызықты емес пе?!
Бір күні сабақ беретін мұғалімдерімізге әдептен аспай пародия жасатты. Апайдың өзін де көрсеттік. Жетінші сыныпта Қуыршақ театрын ұйымдастырғаны бар. «Петрушканы» қойдық. Ел бізді «Ғалияның класы» дейтін. Солар жеңеді деп өзгелер болмай жатып жеңіліп жататын. Жасөспірім шақта туған күн жасау басталады. Өзі бірге жүреді. Сыныпта кезекшілер еден жуатын. Кезекшілікті бір қыз, ұлдан қояды. Еденді ұлдар жуады, көбіне. Сыйлатып үйретті. Сол сыныппен әлі араласамыз. Бізді, қыздарды әлі солай сыйлайды. Еркінбіз, еркелейміз. Ол да апайдың тәрбиесінің бір ұшы. Әр сабақ біткесін сыныпқа кіріп шығады. Көңіл күйімізді аңдайды. Қабағымыз түйіліп, болмаса жылап отырсақ, себебін сұрайды, реттегенше тыным таппайды.
Жиырма жылдық кездесуімізде армандарымызды жазған бір бет парақтарды жинап, альбом жасап алып келді. Сол кезде жанарымыз суланып қалды.
Әрқайсысымызға, әрқайсысымыздың арманымызға бей-жай қарамаған екен ғой. Ұстаз тек математика, болмаса тарихты ғана оқытпай, рационалды бағытты ғана ұстанбай, бойымыздағы адами құндылықты толтырып отырған екен-ау... Өз әлемінде қалқып жүретін мен сияқты қияли қызды сөйлетіп үйретті. Үйде бітпей қалған кітапты үндемей ала келіп, тығып оқып, ешкім кедергі жасамаса екен деп жүріп мектеп радиосында жүргізуші болып, комсомол ұйымын басқарып кеткенімді білмей қалғанмын.
Өмірде сосын кәсіби ұстаз болады. Ол кісі маған мамандығымды сүюді ғана емес, көп дүние үйретті. Жанна апайым. Адамға, оның ішінде жасына қарамай маманға сенуді, нақты шешім қабылдауды үйретті. Иммунитет қалыптастырып, кәсіпті шыңдауды үйретті. Ол кісі маған әлі күнге Сіз дейді. Он жеті жасымда үлкен маманның, директордың Сіз деуі енді...
Біраз уақыт бұрын хабарласты. «Сен түскен хабарды көрдім. Жыладым. Қуаныштан. Шәкіртсіз өмірден өтпейтініме қуандым» деді. Маған одан өзге баға жоқ. Кітапхана саласының метрі. Және ол кісі шәкіртім деп қабылдаса. Өмірдің қалтарыс-бұлтарысы көп кезеңде, қалыптасып келе жатқан кезеңде алдымнан осындай ғажап ұстаздың кездесуі нығмет қой. Мен жалпы туғаннан сәнқоймын. Әкем көйлектің түр-түрін кигізетін. Содан ба, бірде ЦУМ-ға барсам, свингер-пальто сәнге шығыпты. Қалай да алу керек. Келесі ай еңбек демалысы. Оның қаржысы әжептәуір ғой. Пальто да арзан емес. Содан «жұмыс істей беремін, бірақ «отпускной» керек деп айттым. Ереже бар, заң бар. Бірақ апай ешқашан адамдықты, адами факторды ұмытпайтын. Не керек, әлгі пальтоны алдым ғой. Бұл жерде мәселе киім емес. Шешімде. Бүгін осы салада қандай да бір жетістігім болса, жалпы осы кітапхана саласына келуім мен қалуым осы кісінің арқасы. Өзімді басқа саладан көрейін деп шештім бірде. Телефонмен «үйге қайт» деді. Сосын «үйге – кітапханаға» қайттым...
Рухани ұстаз болады. Оның жөні бөлек. Менің ұстазым – Бейсен аға. Иә, Бейсен Құранбек. Былай танығанмен, ағамен таныстырған – осы «Ақ желкен» журналы. Кәсіби жетілуді үйретті. Эмоция ұстауды, шағымданбауды, айыптамауды, уақытты орынсыз жұмсамауды үйретті. Қазір медиада тікелей эфирге шығып, таңдайым тақылдап жүрсе, ол да ағайдың арқасы. Ол кісімен сегіз жылдай жоба жүргіздік. Қасында жүріп көп дүниені өзіміз үйрендік. «Рухани ұстазым» деп айта берейінші дедім бірде. «Жақсы» деді. Алғаусыз жақсылық жасауды үйретті. Адамды тыңдауды және тыңдатуды үйретті. Бірақ адам болмысы бар емес пе... Аға да, мен де адамға риясыз сеніп қалып, содан таяқ жеуді өмір екеумізге де үйрете алмады. Әр кездескен кез бір дәріс еді... Осы ұстаздарыма маған деген алғаусыз ниеттеріне, сенімдеріне алғыс айтамын да отырамын. Адамда тек, болмыс, мінез туа бітеді дейді. Отбасымдағы тәрбием де жолға қойылған еді ғой. Жасөспірім шақ солқылдақ ағаш іспетті, су құйсаң – гүлдейді, құймасаң – қуарады. Тамыры жердің астында болғанмен, қорегі үстінде. Бала да сол сияқты. Отбасынан қанша тамырланып шықса да ұстаз көп дүние береді. Барлық ұстаздарыма алғаусыз, риясыз алғыс айтуды өздерін көрмесем де айтып отырамын. Ұстаз, жақсы ұстаз барлық құрметке лайық.
Руслан МЕДЕЛБЕК, журналист, жиһангез:
КӨЗІМНЕН БАЙҚАҒАН БІР ҰШҚЫН
Өміріме үш ұстазым қатты әсер етті. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жаңалық ауылында орта мектепте оқып жүрген кезде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Әлия Қабдешова деген апайым болды. Ол кісі жазу-сызуға, әдебиетке, тарихқа қабілетім бар екенін байқап, шығарма жаздыратын, үйінен кітаптар әкеліп беретін. Кейіннен сол шығарманы Әлия апаймен бірге отырып, талдайтынбыз. 6-7 сынып оқып жүрген кезімнен бастап, журналистикаға қызықтым. «Ұланға» мақала жаза бастадым. Бірақ апайыма шет жағасын ғана айтқан едім. Мақалам шыққан күні бүкіл мектептен сүйінші сұрады. Кейіннен «ауылдағы мына мәселені жаз, оқушылардың мәселесін жаз» деп кеңес беріп, жетеледі. 9-сыныптан кейін ауылдағы балалар колледжге кете бастаған кезде Өскемен қаласына қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Жамбыл атындағы мектеп-гимназияға ауысқым келді. Өйткені бар арманым – журналист болу. «Не филолог, не журналист болуың керек» деді Әлия апайым. Сөйтіп, 9-сыныпты аяқтағанда Өскемендегі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепке түсуге келдім. Сол мектепке түсу үшін алдымен емтихан тапсыру керек болатын. Қазақ тілі мен әдебиетінен еш қиналмадым, тек математикадан «төрт», орыс тілінен «үш» алып қалдым. Орыс тілін ауылда нашар оқыдым. Өзім «Ұланның» жас тілшісі едім.
Менің бұл мектепке келгендегі негізгі себебім – Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбында оқу еді. Қанипа Бітібаева – КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты мұғалім. Ауылдағы ұстазым Әлия апай да, анам да Қанипа апайға телефон соғып: «Баламыздың сізде оқу арманы, филолог, журналист болғысы келеді», – деп өтінді. Ауылда бәріне «Бітібаеваның сыныбына барамын» деп айтып қойғанмын. Бітібаева апайдың сабақ жүйесі университеттегі сабақ жүйесіндей болатын. Яғни сабақ 90 минуттан болады, қазақ тілі мен әдебиетті университеттің деңгейінде оқытатын. «Маған бұл баланың математикасы мен орыс тілі керек емес. Қазақ тілі мен әдебиетінен «бес» алған екен. Болашақта үлкен ғалым шығайын деп тұр және жаза алады екен», – депті. «Ақ желкенге», «Айгөлекке», «Жетісуға» жазған мақалаларымды папкіге жинап, алып барғанмын.
«Қазақ тілі мен әдебиетін оқығым келеді» деген бала алдыма келе бермейді, – деп Қанипа апай директорға кіріп: – Математиканы алып кетер, орыс тілін бірдеңе ғып көтерерміз, бірақ қазақ тілі мен әдебиеті деп келіп тұрған баланың бетінен қақпаймын. Бір орынды осы балаға сақтап қояйық, – деді. Мектептен шыққан соң, қолымды алып: «Қазақ тілі мен әдебиетін және Қазақстан тарихын оқы. Сонда осы мектептегі үздік оқушылардың бірі боласың», – деп шығарып салды. Осылайша, күзде осы мектепте оқитын болып, ауылыма аттандым. Осы екі ұстазым жолымды ашып жібермегенде, анам айтқан кеден саласына кетер ме едім, бәлкім.
Өкінішке қарай жолымды ашып, бағыт-бағдар берген екі ұстазым бүгінде бұл дүниеде жоқ. Ылғи әдеби кітаптар көтеріп жүретінмін. Оны мұғалімдеріммен талқылайтынмын. Бір күні «Қараш-қараш оқиғасын» оқып, Қанипа апайдың алдында жылап жібергенмін. Сондай әрекеттеріме олар сүйсінетін. Физика-математикадан нашар болсам да, қазақ тілі мен әдебиетке келгенде алдыма қара салмадым. Соның арқасы шығар, қазір тарихи деректер мен оқиғаларға қатты қызығамын. 11-сыныпта қазақ тілі мен әдебиеттен республикалық олимпиадаға барып, ІІ орын алдым. Ол кезде республикалық олимпиададан орын алғандар жоғары оқу орнына грантқа түсетін. Сөйтіп, ҰБТ-дан 110 балл алған нәтижеме қарамай, республикалық олимпиаданың жеңімпазы ретінде ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім.
Ал үшінші ұстазым – анам. Біздің ауылда «кеденде істейтіндер – бай» деген түсінік болды. Анам мені кеден саласына барса екен деді. Бірақ менің қалауыма қарсы тұрмады. Әжем де қолдап, жетектеді. Бір адамның үлкен жетістікке жетіп, өмірден орнын табу үшін ұстаздары да, жақындары да қатты ықпал етеді. Ұстаздарым бетімнен қақпай, менің көзіме қарап отырып тыңдайтын. Қазір «баланың көзі жайнап, бірдеңе айтқысы келсе, тыңдаңдар» деймін таныстарыма. Бізде баланы көбіне бір құлақпен ғана тыңдайды. Әрқашан баланың көзіне тіке қарап, байланыс орнату керек. Өйткені ұстаздарым маған сондай өнеге көрсетті.
Айнұр Ахметова, әдебиеттанушы, PhD:
ҰСТАЗДЫҚ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ...
Ғылым саласына келуіме нақты бір ұстаздың өнегесі әсер етті десем, артық болар еді. Осы тұста өз пәнін әр уақытта жақсы үйретуге тырысқан мектеп пен жоғары оқу орнындағы жалпы ұстаздар қауымына алғыс айтар едім. Өйткені ғылым немесе жалпы дүние туралы білім бір ұстаздың қызықтыруымен немесе соның пәні арқылы ғана қалыптаспайды. Ал ғылыммен айналысу туралы идея Әл-Фараби университетінің филология факультетінде әртүрлі дәрістерді тыңдап жүріп әрі диплом жазып аяқтағанда келді деуге болады. Тек маған емес, сол жылдардағы студенттердің бәріне тіл мен әдебиеттің басқа өмірлік маңызды нәрселерден айырмашылығы, қазақ тілінің заңдылықтары, сөз өнерінің ерекшелігі, әлем әдебиеті, оның ішінде қазақ әдебиетінің орны туралы дәріс оқитын бірқатар ұстаздардың өнегесі ұнайтын.
Біз әрқашан фонетика маманы Съезд Шардарбекұлы Ақымбектің, сөзжасам маманы Анар Салқынбайдың, қазақ әдеби тілінің маманы Бағдан Момынованың дәрістерін сүйіп тыңдадық. Өзіме синтаксис маманы Ләззат Әлімтаеваның сөйлем талдату тәсілдері де ерекше ұнайтын. Ал тіл білімінің көрнекті ғалымдары Талғат Сайрамбаев пен Рақыш Әмірдің дәрістері мүлде басқаша қырынан әсер етті. Көркем әдебиет табиғатын, заңдылықтарын, қалыптасу тарихын, теориясын түсіндіруде факультеттің көрнекті ұстаздары Тұрсынбек Кәкішев, Күләш Ахметова, Өмірхан Әбдиманұлы, Зинол-Қабден Қабиұлы, Жолдасбек Мәмбетов, Самал Дәрібайұлы және Шоқан Шортанбайұлының ұстаздық жолы филология саласын таңдағанымыз үшін өзімізді бақытты сезінуімізге түрткі болды. Меніңше, Өмірхан Әбдиманұлы – ХХ ғасыр әдебиетінің нағыз шебер дәріскері. Ал студенттердің дәрістен алған ғылыми ақпаратын практикалық сабақтар арқылы бекітіп, сынақтан өткізуде Самал Дәрібайұлы мен Шоқан Шортанбайұлының ұстаздық өнегесі ерекше есімде қалды. Құрметті Тұрсынбек Кәкішев мағжантану, сәкентану, сәбиттану саласының білгір ғалымы еді. Тарихи тұлғалар мен олардың шығармашылығы арасында әртүрлі детальдар маңызды орын алатынын түсіндік. Ғылыммен айналысқанда ғалым адам күрделі тарихи кезеңдердегі әртүрлі контекстерге мұқият мән беру керегін ұқтық. Осындай бірқатар ұстаз-ғалымдар шоғыры ғылым саласына ықпал еткені анық. Ал дәрісін тыңдаған студенттер Фазыл Бисенбаев ұстазымыздың есімін ерекше атайды. Өкініштісі, сол жылдары оқу бағдарламасында Фазыл ағайдың дәрісі біздің топтарға жоқ болды.
Филология ғылымдарының кандидаты Самал Дәрібайұлы диплом жұмысыма жетекшілік еткенде ғылыми зерттеу жазудың жалпы кіріспесімен толық танысып шықтым деуіме болады. Бакалавриатта ғылыми тақырыптың өзектілігін, маңызын, жаңалығын түсінуім өте күрделі болды, жазып барған беттерім кафедрада бірнеше рет сызылғаны әлі есімде. Бұл әлемдік ғылымның өзінде – жалпы кез келген ғасырдағы ғылымда әрқашан маңызды саналатын ғылыми жұмыстың өзекті бөліктері. Бұл аталғандарды түйсікпен сезініп, жете ұқпайынша жаңа зерттеу жасау мүмкін емес. Ғылыми жұмыс жүргізу тәжірибесін үйрену үшін Әл-Фараби университетінің кітапханасындағы Диссертациялар залында филологияға қатысты қорғалған жұмыстардың көп бөлігін оқып шыққан болатынмын. Тіпті ғылыми жетекші ғылыми жұмыста пайдаланылмаған, яғни оқымаған әдебиеттерді дипломға қосуға болмайтынын да ескерткені есімде. Ал қазіргі уақыттың өзінде ғылыммен айналысып жүргендер кейбір әдебиеттерді пайдаланылған әдебиеттер санын арттыру үшін қосатынын байқаймын. Қазір ғылым саласында жүргеніме он жылдай болса да, жауапты ғылыми жұмыстарға бағалау қажет болғанда бірінші кезекте сол ұстаздарға хабарласып, пікірін білуге тырысамын. Өйткені олардың тәжірибесі маған әрқашан сенімділік береді.
Оқуға түскен алғашқы кезде маған барынша әсер еткен есімдерді атадым. Шын мәнінде, магистратура, докторантурада және одан кейін өзіме басқа төрт жетекші болған ғалымдар бар. Оның екеуі шетелдік. Кәсібилікке жақындауыма түрткі болған бұл ғалымдарға ерекше алғыс айтамын. Адамның табиғатында ғылымға, ғалымдыққа сай келетін мінез-құлық болады. Егер белгілі бір мәселелерді, құбылыстарды, мысалы әдеби мәтіндерді талдауға, салыстыруға, анализ жасауға, шынайы пайымдауға, зерделеуге жақын болған адам – болашақтың нағыз ғалымы болады деп ойлаймын. Әрбір ғалым әлемге әйгілі бола бермейтіні анық, бірақ оның жазып қалдырған ғылыми зерттеулері (жақсы зерттеу болса) әрқашан ғылымға нәр беріп тұрады және оқушы қауымға жазу арқылы жетері сөзсіз. Жақында бір ғылыми кітаптың тұсаукесерінде түрік ғалымының «ұстаздық (ғылыми) жазу арқылы ғалым өмірден өткеннен кейін де жалғаса береді» деп айтқаны есімде қалды.
Жазып алған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2024
859 рет
көрсетілді0
пікір