- АҚ ЖЕЛКЕН
- 15 Қараша, 2024
Әмір МАЙМҰРАТОВ, спорттық құзға өрмелеуші: Бұл спортта бір қателік бар еңбегіңді жоққа шығарады
Париж олимпиадасында жүлдеге біртабан жақын болған Әмір Маймұратов тамаша өнерімен көпшіліктің көңілінен шықты. Тіпті, олимпиада рекордын жаңартып, жанкүйер жадында қалды. Әмір олимпиададан кейін бірден жаттығуына қайта кірісіп, үш бірдей турнирге қатысып, үшеуінде де күміс жүлдеге қол жеткізді. Кейіпкеріміз қазір әлемнің ең үздіктері арнайы шақырту арқылы сынға түсетін додаға дайындалып жатыр.
Жаттығу жасау үшін автобуспен 4 сағат жол жүретінмін
– Әмір, әңгімеміздің әліппесін арғыдан бастасақ. Спорттық құзға өрмелеу – елімізде аса танымал емес және олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрі. Бұл спортқа қалай келдіңіз, несімен қызықтырды?
– Бала күнімде бокс, каратэ, спорттық гимнастика сияқты спорттың әр түрімен айналысып көрдім. Солардың ішінен спорттық гимнастикаға ерекше қызықтым. Бірақ жаттықтырушы анамды шақыртып алып, «мына баланы екінші жаттығуға алып келмеңізші, аяқ-қолы өте нәзік екен» дегені әлі есімде. Ал спорттық құзға өрмелеумен 2008 жылдан, яғни 12 жасымнан бастап айналыса бастадым. Астанадағы «Мега» ойын-сауық орталығының 4-қабатында құзға өрмелейтін жартас алаңы ашылды. Жартас алаңына әкем, ағам, үшеуміз шығып көрдік. Маған бірден ұнап, сол сәттен бастап құзға өрмелеу спортымен айналыса бастадым. Құзға өрмелеу барысында ұшатындай сезімде боламын. Сол үшін де осы спортты ерекше жақсы көремін. Әкем Айдар бір жыл бойы жаттығуыма өзі апарып, қадағалап жүрді. Бірақ ол кісі жаттығуыма келуін тоқтатқаннан кейін де «бәрінен мықты болуым керек» деген әдет бойымда қалыптасты. Екі апта жаттыққаннан кейін алғашқы жарысыма қатысып, екінші орын алдым. Бірақ содан кейінгі жарыстарымның барлығында жеңіліп жүрдім. Қарағандыдағы турнирде және Алматы қаласындағы спартакиадада құлап қалып, соңғы орын алдым. Бапкерім Клара Слуцкая «сені бекер жарысқа апардым, орныңа басқаны алуым керек еді» деп реніш білдірді. Жаттығуда деңгейім бәрінен жоғары болса да, жарыста жеңіліп жүрдім. Шымкентте өткен Қазақстан кубогында да фальстарт жасап, соңғы орында қалдым. Бірақ іштей өзімнің мықты екенімді, бәрін жеңе алатыныма сендім. Сөйтіп, 2008 жылдың қараша айында Астанада өткен Қазақстан кубогына қатысып, чемпион атандым. Содан кейін жастар арасындағы ешбір жарыста жеңілген емеспін.
– 16 жасыңда ересектер арасында Қазақстан чемпионы атаныпсың. Бұл сенің мықтылығың ба, әлде бәсекелестіктің төмендігі ме?
– Жастар арасында барлық жарысты жеңіп чемпион болғаннан кейін аздап зеріге бастадым. Өзімнің құрдастарымды ғана емес, өзімнен үлкендерді де жеңуді мақсат еттім. Сөйтіп, 1993-94 жылғы жастар арасындағы жарыстарға да қатысып, 2010 жылы барлық жылдар арасында жеңімпаз болдым. Демалыс күндері жаттығу жасау үшін Астанадан Қарағандыға автобуспен төрт сағат жол жүріп баратынмын. Қарағандыда бірінші жаттығуымды жасаған соң тамақтанып, аздаған үзілістен соң екінші жаттығуыма кірісетінмін. Жаттығу біткеннен кейін қайтадан автобуспен Астанаға қайтамын. Осындай дайындықтың арқасында 2011 жылы 15 жасымда ересектер арасында Қазақстан кубогын жеңіп алдым. Бірақ бұл жарыстың алдында жастар арасындағы турнирге қатысып, сол кезде төреші болған атақты құзға өрмелеуші Александр Нигматуллиннің бұра тартуынан жеңіліп қалдым. Өкініштен өзегім өртеніп, қатты жыладым. Дегенмен араға үш күн салып, Шымкентте өткен Қазақстан кубогының ширек финалында Нигматуллинмен кездесіп, жеңіп кеттім. Жартылай финалға шыққан соң, «ең мықты спортшыны ұттым ғой, неге чемпион болмасқа!» деп өз-өзімді жігерлендіріп, жарыс жеңімпазы атандым. Бұл жеңіс маған өте үлкен сенім сыйлады. Содан кейін тағы да Қарағандыда бір жыл дайындалып, 2012 жылы 16 жасымда ересектер арасында Қазақстан чемпионатын жеңіп алдым.
– Демек, 16 жасыңнан бастап ұлттық құраманың үздігі болып жүрдің. Сол Лондон олимпиадасынан кейін спорттық құзға өрмелеу олимпиада ойындарының бағдарламасына кіру мүмкіндігі бар екені белгілі болды. Бірақ тек Токиода енді. Бұл аралықта спорттан қол үзбеуге не түрткі болды?
– Иә, 2012 жылдары спорттық құзға өрмелеу олимпиада бағдарламасына енеді деген ақпараттар шыға бастады. Шыны керек, осы спортта еліміздің атын шығарып, олимпиада шыңын бағындыру үшін жаттығуымды тоқтатпадым. 2013 жылы шетелге оқуға түсуге мүмкіндігім бола тұра, арнайы Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне (ҚБТУ) оқуға түстім. Олимпиялық стандартқа сай жалғыз жартас осы Алматыда орналасқан. Сондықтан да жаттығуымды жүйелі әрі сапалы жасау үшін осы жаққа қоныс аудардым. Негізі, Токио олимпиадасына қатысуға да мүмкіндігім болды. Бірақ ол жерде мен өнер көрсететін «жылдамдық» бағдарламасы болған жоқ. Оның үстіне бапкерлер әлем чемпионатына тіркемеген екен. Ал Азия чемпионатының қарсаңында пандемия болып, жарыс өтпей қалды.
Париж қарсаңында бір ғана оқу-жаттығу жиынына қатыстым
– Париж олимпиадасына оралсақ. Жалпы дайындық қалай, қайда өтті?
– 2013 жылдан бері Алматы қаласындағы жалғыз олимпиялық стандартқа сай жартаста жаттығып жүрмін. Оның өзінде қабырғасы таза олимпиада жартасынікіндей емес. Шыны керек, 2013 жылдан бері жаттықтырушысыз, өзіміз жаттығамыз. Олимпиадаға дайындығымыз жаман болған жоқ. Жақсы бабымда болдым. Олимпиада қарсаңында бір ғана оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Миланда әлемнің ең үздік спортшыларымен бірге шынығып, үлкен тәжірибе жинадым. Бұл оқу-жаттығу жиыны кәдімгідей тәжірибемді арттырып, шеберлігімді шыңдады. Әлем чемпионы және әлем рекордын жаңартқан АҚШ спортшысымен спарринг өткізгеннен кейін деңгейімнің қатты өскенін байқадым. Ал елде маған қатты бәсекелестік туғызатын қарсылас жоқ. Дегенмен олимпиадаға тыңғылықты дайындалып, чемпион атануды көздеп бардым. Өкінішке қарай, бұйырмады.
– Олимпиада рекордын жаңартып, ширек финалға шыққанда жанкүйерлерге үміт сыйладың. Бірақ ирандық спортшыға қарсы сайыста қателік жіберіп, жүлдесіз қалдың. Жүлдегерлер қатарынан көрінуге не жетпеді?
– Олимпиадаға он күн ерте келіп, олимпиялық жартаста арнайы жаттығу жасадық. Сол жаттығу өте көп көмегін тигізді. Негізі, іріктеу айналымында тактика бойынша 80% ғана күшімді салып жүгірдім. Ирандық Реза Алипурға қарсы сайыста техникалық тұрғыдан қателік жібердім. Өрмелеу барысында аяғымызды тасқа қоймайтын тұс бар, сол жерде сәл төмен қойғандықтан аяғым тайып кетті. Қателік өзімнен болды. Одан бөлек, ирандық спортшы – екі дүркін әлем чемпионы, төрт жыл бойы әлем рекордын ұстаған спортшы. Сондықтан Реза сияқты сақа спортшылар қателікті кешірмейді. Қателікке бой алдырмағанда, 4.60 секунд көрсетер едім деп ойлаймын. Өйткені өте қатты жүгірдім. Бірақ бұл спорт қателікті мүлде кешірмейді. Басқа спортта күрес, бокста ұтылып жатсаң, «камбәк» жасауға мүмкіндігің болады. Бірақ спорттық құзға өрмелеуде ондай мүмкіндік жоқ. Бір ғана қателік қаншама жылдар бойы төккен теріңді жоққа шығаруы мүмкін.
– Олимпиада аяқталған соң бірден жаттығуды бастап кетіпсің. Тіпті, үш жарысқа қатысып, үшеуінде де күміс жүлдегер атанып үлгердің. Бұл мақсатқа деген адалдық па?
– Иә, олимпиада біткен соң бір күн де демалғаным жоқ. Бірден жаттығуға кірісіп кеттім. Мен ғана емес, олимпиададағы қарсыластарым да жаттығуларын бастады. Өйткені жыл соңына әлем кубогында, Азия чемпионатында, Бүкіләлемдік жағажай ойындарында және Испанияның Мадрид қаласында өтетін турнирде өнер көрсету жоспарымда болды. Әлем кубогында Париж олимпиадасында топ жарған және жүлдегер атанған спортшылардың барлығы болды. Жартылай финалда Парижде үздік алтылыққа енген италиялық Матеоны ұтып, финалда қытайлық Вак Син Шанмен шықтым. Негізі, үш жарыста да алтын алуға мүмкіндігім болды. Бірақ психологиялық тұрғыдан қателіктерге бой алдырдым. Азия чемпионатының жартылай финалында Парижде есе жіберген ирандық Реза Алипурмен шығып, жеңіп кеттім. Ал финалда Парижде күміс иеленген қытайлық Ву Пенгке қарсы шығып, фальстарт жасап жеңілдім. Испанияның Мадрид қаласында өткен турнир жаңа бағытта өтті. Яғни спортшылар екі жолақта емес, төрт жолақта жарысты. Мадридтегі турнирде жарыс болатын күні тамақтан уланып қалғандай болдым. Басым, тамағым қатты ауырып, төрт-ақ сағат ұйықтадым. Төсектен әрең тұрып, қатысу-қатыспауым екіталай болды. Сосын бір рет жүгіріп көрейін деп, ешқандай қыздырынбастан жүгіріп көрдім. Жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, үш рет 4 секундтай уақытта жүгіріп, үш жолақтың рекордын жаңарттым. Қатысушылардың ішінен қытайлық, индонезиялық спортшы және мен ғана 4 секундқа уақытқа жүгірдік. Осы жарыста Париж олимпиадасында чемпион болған индонезиялық спортшыны ұтып, финалда қытайлық спортшыдан 0,004 секунд ұтылып қалдым. Енді Сауд Арабиясында өтетін бүкіләлемдік жағажай ойындарында осы қателіктерді жібермей, топ жаруды көздеймін.
– Еліміздегі және әлемдік деңгейдегі басты қарсыластар кімдер? Олардың ерекшелігі неде?
– Спорттық құзға өрмелеудің «жылдамдық» бағдарламасы бойынша әлемдегі ең үздіктердің қатарына кіреміз деп қателеспеймін. Дегенмен Қытай мен Индонезияның деңгейі өте жоғары. Қытай бұл спортқа ғылыми тұрғыдан қарайды. Әр спортшыда жеке бапкер, психолог, күш-қуатын арттыратын арнайы маман бар. Тіпті дене қыздыру жаттығуын жасататын да жаттықтырушылары бар. Ал индонезиялықтар генетикалық тұрғыдан бұл спортқа бейімделгендей көрінеді. Бізде жалғыз физиотерапевт маманымыз бар. Сондықтан да қытайлық спортшылардың деңгейі өте жоғары, бір-бірінің орнын басатын мықтылар көп. Өкінішке қарай, бізде білікті бапкерлер, мамандар жоқ. Олимпиадаға бапкерсіз дайындалдық, жаттығу бағдарламасын, физикалық, техникалық дайындықтарды өзіміз жетілдіреміз.
– Жастардың спорттық құзға өрмелеуге қызығушылығы қандай?
– Шыны керек, қызығушылығы өте жоғары деп айта алмаймын. Парижде рекорд жасаған кезде барлығы бұл спортты көрді, бақылады. Бірақ қазір ешкім көрмейді, қызықпайды. Тіпті БАҚ та біздің жетістіктерімізді жетістіріп жазбайды. Басқа спорттан біреу бір нәрсе ұтса, бәрі жарыса жазады. Мен үш рет үздіктер қатарынан көрінгенде БАҚ-тың жазғанын өте сирек байқадым. Жарнамасы болмаған соң, жастардың да қызығушылығы аса болмайтыны анық.
– Жылдамдық бойынша 4.40 секундты бағындыруды көздеген екенсің. Бұл қаншалықты мүмкін?
– Меніңше, мүмкін емес нәрсе жоқ. Бастысы, адам мақсатына жететініне сену керек. Менің ең негізгі мақсатым – олимпиада чемпионы атану. Бұл арманымнан бас тартпаймын және жеңіске жететін мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Париж олимпиадасына алтын аламын деген ойым болған. Енді алдағы олимпиадалық циклде шеберлігімді шыңдап, арман-мақсатымның жолында тер төгуді жалғастырамын.
Сұқбаттасқан
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2024
875 рет
көрсетілді0
пікір