- АҚ ЖЕЛКЕН
- 15 Қараша, 2024
Қазақша сөйлеу – сән!
Қазір әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналып кетті. Кез келген ақпарат жаңалық тарататын арналар мен сайттардан бұрын желі арқылы желдей есіп, алдымен тарайды. Баланың тілі де YouTube желісіндегі контенттер арқылы шығып жатыр. Бұған тоқтау салу керек деп құр дабыл қаққаннан пайда жоғын түсінген азаматтар қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді өзінше қолға алды. Соның арқасында жаһан жұртшылығы қолданып отырған әлемдік ғаламторда қазақша сапалы дүниелер тамыр жайып келеді. Бұған қоса кейінгі кезде байқалған бір үрдіс – әлеуметтік желілерде блогтарын қазақша жүргізетіндердің көбейгені.
Бұрын аудиториясына тек орысша контент ұсынатын көптеген белгілі тұлғалар, өзге ұлт өкілдері, шетелдіктер Facebook, Instagram, TikTok, Threads желілерінде жазбаларын қазақ тілінде жазып, қазақша сөйлеп жүр. Тіпті, кейбір шетелдік желі қолданушылары қазақша әнге би билеп, челлендждер жолдап, қазақ тіліне, еліміздің өнері мен мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығушылық танытып жатыр. Әлбетте, бәріміздің ұйқыдан тұра сала қарап, түнде көзіміз ұйқыға кеткенше бір елі ажырамайтын әлеуметтік таралымдарда бұл құбылыстың қазақ тілін үйренушілердің қатарын күрт арттыруға үлес қосып отырғаны анық. Қазір қазақша сөйлеу сән бе? Осы сауалымызға жауап іздеп, аз-кем зерттеу жасап көрдік.
Бұдан бірнеше жыл бұрын отандық басылым беттерінде, ақпараттық порталдарда «қазақша сөйлеу сәнге айналмайынша, қазақ тілінің мәртебесі көтерілмейді» деген пікірлер кездесті. Сонымен қатар «қоғамда қазақ тілінің қолданыс аясын, мәртебесін көтеруге арналған бастамалар, қозғаушы күштер бар, қалыптасып келеді» деген позитивті тұжырымдар да айтылыпты. Әлеуметтік желілердегі қазақша сөйлеуге талпынғандар санының артуы – мұның нақты дәлелі.
Жақында кішкентай орыс қызының қоғамдық көлікте қолында бүркіті бар жолаушыны көре сала «Отан-Ана» әнін шырқай жөнелгенін бір желі қолданушысы видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктепті. Кішкентай қыздың бұл қылығына көпшілік тәнті болып, ары қарай іліп әкетіп, видеоны желілерде жаппай бөлісіп жатты. Миллиондаған көрермен сүйсініп, кішкентай әнші балапанға жылы лебіздерін аямады. Сөйтіп, әп-сәтте алты жасар Мария Исаенко әлеуметтік желінің жұлдызына айналды.
«Мария қазақша балабақшада тәрбиеленді. Қазір вокалдан Дәурен Жылқыбайұлынан сабақ алып жүр. Ұстазына алғысымыз шексіз. Қызымыздың қазақша сөйлегенін қалаймыз. Сол үшін қазақ әндерін шырқап, әні арқылы тілді тереңірек меңгерсе дейміз. Өзім де қазақ тілін үйреніп жүрмін. Қазір елімізде қазақша сөйлеу трендте. Бәріміз қазақша үйренуіміз керек!» деп ағынан жарылды Марияның анасы Кристина Исаенко.
Әлеуметтік желілерге шолу жасау барысында белгілі тележүргізуші, журналист Айгүл Мүкейдің қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, балаларымен ана тілінде сөйлесіп, оқырмандарымен жып-жылы сұқбат құратыны назарымызды аударды. Айгүлдің оқырмандарының да қазақ тіліндегі контентіне көбірек ықылас білдіретіні аңғарылады. Ал қазақ тілін небәрі екі жылда еркін меңгерген Владислав Теннің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін Facebook парақшасындағы әрбір жазбасынан көруге болады. Мамандығы дәрігер Владислав 30-ға тарта тіл біледі. Өз тәжірибесін қолданып, елімізде тіл үйрету курсын ашқан. Қазақстанда туып-өскен неміс қызы Алина Александрқызы Кан да блогын қазақша жүргізумен қатар, әріптесі Владислав секілді қазақ тіліне деген құрметін сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп, тілді әлеуметтік желі арқылы насихаттап жүрген жан.
Сонау Америкадан келген Жоел Адамсон да блогын таза қазақша жүргізеді. Елімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ат басын бұрып, сол кезден бастап қазақ тілін үйренуге құштар болған Жоелдің тілімізге деген құрметі ерекше. Франциялық Абдулла Секими де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Instagram парақшасын тек қазақша жүргізеді. Тіл үйренем деген жастарға ағылшын, қазақ тілдерін үйретіп жүрген тәжірибелі маман. Үстінен оюлы шапанын тастамайтын, көпшілік сүйсініп, «Иванбек», «Иванжан» деп атап жататын блогер Иван Червинский де блогын ара-тұра қазақша жүргізеді. «Қазақша сөйлеу қазір сән бе?» деген сұрағымызды әлеуметтік желіде қазақша сөйлеумен қатар, оқырмандарының қазақ тілін үйренуіне септігін тигізіп жүрген осы кейіпкерлерімізге қойдық.
Айгүл МҮКЕЙ, тележүргізуші, журналист:
Елін сүйетін әр азамат тілін де сүйеді
Қазақша білу – міндетіміз. Балаларымның ана тілінде еркін сөйлегенін қалаймын. Ал оны ақыл айту арқылы жүзеге асыра алмаймын ғой. Бала тек іс-әрекетті қайталайды. Олар біздің айнамыз. Сондықтан қазақша сөйлеуге тырысамын. Екіншіден, әлеуметтік желідегі аудиторияма қазақша сөйлеу арқылы мотивация беруім де мүмкін деп ойлаймын. Әрі осы қазақша контенттеріммен оқырмандарымның, тым болмаса, 10 пайызының қазақша үйренуіне пайдам тисе қуанам. Ал қазақ тілін үйреніп жүрген, қазақша сөйлеуге талпынып жүрген замандастарымыз, жастар «мен қазақша қате сөйлеп қаламын, мені біреу сынайды» деп ойлайды. Негізінде әр қатенің өзі үлкен тәжірибе. Сондықтан қазақша сөйлеуде жүрексінбеңіздер, ештеңеден қорықпаңыздар дегім келеді.
Владислав ТЕН, Lingva-Ten тіл үйрету орталығының директоры:
Қазақша сөйлеу қазір расында да сәнге айналды
Қазақстанда кейінгі екі-үш жылда қазақша сөйлейтіндер қатары артты. Менің ойымша, бұған көрші елдердегі ахуал да әсер еткен тәрізді. Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстар қазақша сөйлеуге талпынып, тілді үйренуге нақты бет бұрды. Менің тіл үйрету орталығыма келушілер санының артуын мысал етер едім. Біздің орталықта бұрын ағылшын тілін үйренуге келетіндер көп болса, қазір қазақ тілін үйренушілер көп. Бұл қуанатын жағдай. Өзім қазақ тілін бір жылда еркін меңгеріп алдым. Қазір бес тілде жақсы сөйлеймін, басқа отызға тарта тілдің грамматикасын меңгердім, ойымды жеткізе алатындай деңгейде білемін. Қазақша үйренген күннен бастап, Facebook желісінде парақшамды қазақша жүргізіп келемін. Мамандығым – дәрігер. Әлеуметтік желіде тілге қатысты ізденістерімді, шағын зерттеулерімді жариялаймын және қазақ тілінің маңыздылығы, ерекшелігі туралы жазбаларым арқылы келелі мәселелерге оқырман назарын аударамын.
Неге қазақ тілінде жазам? Неге қазақ тілін үйретем? Себебі, қазақ тілі маған ұнайды. Біз корей ұлты үшін қазақ жері мен тілі киелі. Сонау Қиыр Шығыстан корейлер ең бірінші Қазақстанға жеткізілді. Туған жерлерінен күшпен көшірілген корей диаспорасын қиын-қыстау кезеңде бауырына басқан, қамқор болған қазақ ағайынның жақсылығын осындағы әр корей біледі. Құрметтейді. Біздің аман қалуымызға бірден-бір себепші болған ұлттың тілін білу және елдің дамуына, тілдің дамуына қызмет ету менің, осындағы корейлердің борышы, парызы деп білем. Ал қазақ тілінде сөйлеу қазір расында да сәнге айналды. Келесі буын қазақ тілінде сөйлейді деп сенем. Себебі, қызығушылықтарын көріп жүрмін. Көпшілік арасында «үлкен қалаларда тұратын қазақтар ана тілінде сөйлемейді, балаларын орыс мектептеріне береді, бұл құлдық сананың көрінісі» деген пікірлер айтылып жатады. Рас, мұндай проблема бар. Меніңше, бұл уақытша. Қазір орысша сөйлейтін қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінің қажеттілігін түсінді. Астана қаласына келгеніме қазір 14 жыл болды. Алғаш келгенімде қазақша сөйлейтіндерді айналамнан сирек кездестіретінмін. Қазір қайда барсам да, қазақша сөйлейтін жұртшылықты көріп, қатты қуанам.
Алина КАН, қазақ тілі мектебінің негізін қалаушы және оқытушысы:
Бұл сән ғана емес, қазақ тілінің мәртебесі өсіп келеді
Мен блогымды қазақша жүргіземін. Қазір елімізде қазақша сөйлеу сән ғана емес, қазақ тілінің мәртебесі өсіп жатыр. Қазақ тіліне деген қызығушылық өте жоғары. Өзім қазақ тілінен сабақ беремін. Осыдан бес-алты жыл бұрын қазақша сөйлегенде қате айтатын сөздерім болатын, қазір еркін сөйлеймін. Қазақ тілін өте жақсы көремін. Сондықтан болар, тез үйрендім. Өзімнің тәжірибем арқылы оқушыларыма үйретемін. Екі жыл бұрын онлайн мектебімді аштым. Тек қазақ тілін үйретемін. Оған қоса осыдан бір жарым жылдай бұрын «Аманат» партиясы «Жастар қанатының» жанынан ұйымдастырылған «Сөйле» тілдесу үйірмесінде бір жыл тегін жұмыс істедім. Сол уақыттың ішінде 800-ден астам адамға қазақ тілін үйреттім. Сондай-ақ биылғы жылдың сәуір айында Алматыда «Алаш» атты қазақ тілі клубымды аштым. Қазақша сөйлеймін деген адамдар тегін келіп тіл үйренді. Қазір клубым уақытша жабық тұр. Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап қайта жалғастырмақ ойым бар.
Онлайн курсымда түрлі ұлт өкілдері оқиды. Арасында қазақтар да бар. Шәкірттерім қазақ тілін үйреніп, әлеуметтік желідегі парақшаларын қазақша жүргізуге ынталы. Мені бір қуантатыны – шетелдіктердің қазақ тілін үйренуге деген құштарлығы. Айналамызда көпшілік орысша сөйлеп жүргенмен, шетелдіктер қазақ тілін білу үлкен артықшылық екенін сезінеді. Қазақ елінде тұрып, тілін білмесең, адамның жанын түсінбейсің ғой. Сол себепті қазақша үйреніп жүр.
Тағы бір байқағаным әрі таңырқайтыным – шетелдік азаматтар қазақ тілін тез үйренеді. Әзірге не себепті олай екенін білмедім. Мүмкін тіл білуге деген құштарлықтан болар… Мен оқушыларыма үнемі тілді үйрену үшін сөйлеп, жазу керегін айтып жүремін, яғни үйренген тілді қолдану керек. Ол үшін Facebook, Instagram, TikTok секілді әлеуметтік желілер таптырмас құрал. Себебі, желі қолданушылары қазақша контент жасаған тіл үйренушіні қолдап, қанаттандырып отырады. Бұл адамға сенімділік береді. Тіл үйренуде бұдан да үлкен нәтижеге жетуге жетелейді. Бұл керемет мүмкіндік қой. Қателесем деп қорқудың қажеті жоқ. Қателік жасамаған адам ешқашан үйренбейді. Сол себепті, қазақша сөйлеу, қазақша жазу арқылы тіліңізді де, әлеуметтік желідегі парақшаңызды да дамыта аласыздар. Шәкірттеріме осы ойымды үнемі айтып отырамын.
Қазіргі жастарға тіл үйренуге де, өзін дамытуға да мүмкіндік өте көп. Ғаламтор бар. Оқығысы келсе, қолжетімді курстар тұр. Тек қазақша үйренем деген ынта мен талап қана керек. Қазақ тілін, елімді өте жақсы көремін. Қазіргі жастардың қазақша сөйлеуге деген ықыласын күнде көріп жүргендіктен, расында, қазақша сөйлеу мәртебе екенін сезінем. Қазақша сөйлейтінімді мақтан тұтамын. Келесі жылы жарық көргеніне 100 жыл толатын «Ақ желкен» журналының оқырмандарымен кездесіп, ой бөлісуге асықпын.
Жоел АДАМСОН, «Invest шешім» консалтингтік компаниясының президенті:
Қазақстанның келешегі – қазақ тілінде
Қазақстанда тұрып, жұмыс істей отырып, өмірде де, жұмыста да тиімді болу үшін орысша да, қазақша да білуім керек болды. Тілді жетік білуім үшін екі тілдің бірін таңдауыма тура келгенде, екеуін де терең меңгеруге уақытым жетпейтінін түсіндім. Сонан соң көптеген адамдармен сөйлесіп, соңында қазақ тілін меңгеруді дұрыс деп шештім. Қазақ тілін жақсы көремін. Менің ойымша, статистика Қазақстанда қазақ тілінің қолданысы артып келе жатқанын көрсетеді. Қазір қазақ балаларының 70 пайызы қазақ тілінде білім алып жатыр. Бұл қазақ тілінің танымал бола бастағанын көрсетеді деп ойлаймын. Қазақта «Тілге құрмет – елге құрмет» деген сөз бар, яғни халқын сыйласаң, тілін құрметтейсің.
Тіл үйрену – өмір бойы істелетін жұмыс. Мен қазақ тілін әлі үйреніп жүрмін. Күн сайын сөз жаттаймын. Қазақ тілінің сөздік қоры өте мол екен. Оны әрдайым қайталап отырмасаң ұмытылып кетеді. Алғаш Қазақстанға келгенде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің қабырғасында екі жыл қарқынды түрде қазақ тілін үйрендім. Одан кейін инвестициялық бағытта жұмыс бастап, оны қазақ-ағылшын тілдерінде жүргізіп келеміз.
Абдулла СЕКИМИ, блогер, тіл маманы:
Қазақ тілі - ең бай, ең көркем тіл
– Қазір Қазақстанда қазақша сөйлеуге айрықша талпыныс бар. Бұл адамдардың жаппай қазақша үйренуге қызығушылықтарын арттыратын құбылыс. Себебі, қазақ елінде ұзақ жылдардан бері тұратын өзге ұлт өкілдері, шетел азаматтарының көпшілігі қазақша білмейді. Бұл өте өкінішті жағдай. Олардың кейбірінен «неге қазақ тілін білмейсіз?» деп сұрағанда, «қазақ тілін үйрену қиын» деп жауап береді. Бұларын мен сылтау деп ойлаймын. Негізі қазақша үйрену өте оңай. Қазіргі блогтарын өзге тілде жүргізіп жүрген блогерлердің қазақша жүргізуге талпынып жатқаны, әлбетте, қазақ тілін үйренуге деген өзгелердің қызығушылығын арттырып отыр. Болашақта Қазақстанда тұратын шетел азаматтары да, өзге ұлттар да қазақша сөйлейтін болады.
Қазақ тілі маған өте қатты ұнайды. Қазақ тілі – бай тіл. Мысалы, біздің француз тілінде бір сөз асып кетсе екі мағына білдірсе, қазақ тілінде бір сөздің төрт-бес мағынасы бар. «Конфликт» деген сөзді алайықшы. Француз тілінен енген бұл сөздің французша бір ғана conflit деген мағынасы бар. Ал қазақ тілінде осы сөзді «араздық», «жанжал», «талас» деген секілді қаншама сөзбен айтуға болады. Үлкен конфликт болса, оны мағынасына сәйкес бір сөзбен сипаттаса, кішкентай келіспеушілікті сипаттайтын сөз тағы бар. Ал француз тілінде қандай конфликт, үлкен бола ма, орташа немесе кіші конфликт бола ма, бір ғана conflit сөзімен айта салады.
Қазақ тілі, жаңа айтып өткенімдей, өте бай әрі сырға толы ғажап тіл. Осындай тілді үйреніп жүргеніме қуанам. Әлі де мен білмейтін қанша сөз бар! Тоқтамай үйрене беремін. Алдымен осылай ауызекі сөйлеуді жетілдіре түсем. Болашақта әдеби тілді меңгеру үшін мүмкін университетке түсіп оқып алармын деп те ойлап жүрмін. Сол толық меңгерген кезде қазақшаны аз уақыт ішінде үйренуге болатынын көрсеткім келеді.
Мен өзім қазақшаны тәжірибе арқылы үйрендім. Қазақша сөздер жаттап, сөздік қорымды молайттым, сосын ол сөздерді күн сайын достарыммен сөйлескенде қолдану арқылы тілімді дамыттым. Одан бөлек YouTube арқылы кинолар, сериалдар көрдім. Бірақ мен қазақша үйрене бастаған уақытта, яғни осыдан үш-төрт жыл бұрын YouTube желісінде қазақша кино, сериалдар, тіл үйренетін қызықты контенттер өте аз болған еді. Қазір тіл үйренем деген адам үшін жақсы контенттер көбейіп келеді. Осы тұста тағы бір айта кеткім келетіні, шетелдік туристер, шетел азаматтары Қазақстанның үлкен қалаларына көп келеді. Мұнда, өкінішке қарай, көпшілік орыс тілінде сөйлейді. Қонақтар қазақ тілінің қолданыс аясы тар деген ойда қалып, көбіне орысша үйренуге ден қояды. Бірақ бір қуанарлығы, кейінгі кездері маған қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер жиі хабарласады. Қазақша жүргізетін блогым арқылы мені тыңдап, менімен қазақшаларын дамыта түскісі келетінін білдіріп жатады. «Қазақ тілінде ән айтатын мына әншінің өнеріне тәнтімін, сол әншімен қазақша сөйлескім келеді» деген сияқты өтініштерін де айтып хабарласады.
Иван ЧЕРВИНСКИЙ, блогер, «Алға, Қазақстан» жобасының авторы:
Бағдарламаларды қазақ тілінде жүргізгім келеді
– Қазақ тілін үйрену оңай болмай жатыр. Тек қазақша сөйлейтін ауылдарға барғанда ғана жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, тілімді дамытуға мүмкіндік алам. Бұған дейін жеке мұғаліммен, арнайы курстарға, әңгімелесу клубтарына барып айналыстым. Қазір Қанат Тасыбековтің «Ситуативный казахский» деп аталатын кітабы арқылы үйреніп жүрмін. Қазақстанға келгеніме қазір бір жарым жыл болды. 2019 жылы Петерборда жүргенде-ақ қазақша үйренуді бастаған болатынмын. Дүкендерде, көшеде ауызекі тілде сөйлесе алам. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Менің мақсатым – бағдарламаларды еркін жүргізіп, сұқбатты қазақша берумен қатар, өзім де қазақ тілінде сұқбат алатын деңгейге жеткім келеді. Әлбетте, ең маңыздысы әрі әзірге қиыны – ойымды қазақтың бай да шұрайлы тілімен жеткізуді үйрену.
«Қиын жолдардан аман келеміз
Асыл заман, саған сенеміз…»
Кішкентай Марияның ықыласпен орындаған «Отан-Ана» әні жүректі тебірентетіндей әсерлі болғанынан шығар, әнді тыңдап отырып, қазақ тілінің тағдыры туралы еріксіз ойға батасың. Тарихқа көз салсақ, қазақ тілі аз қыспақ көрген жоқ. Аттың жалы, түйенің қомында күн кешкен қазақтың қиын-қыстау кезеңде тілімізді аман сақтап қала алғаны бас идіріп, жүректі толқытады. Осындай сан сынақтан өткен тіліміздің мәртебесінің биік болмасқа қақысы жоқ! Аналарымыз бесік жырын айтып, балаларымыздың тілі осы тілмен шықты. Тәуелсіздігіміздің тірегі де – қазақ тілі.
«Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл» депті қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы. Иә, қылыштай өткір, жіптей нәзік, тамыры терең, сұлу да көркем тіліміз күн тұрғанша тұруға құқылы!
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2024
935 рет
көрсетілді0
пікір