- АҚ ЖЕЛКЕН
- 16 Қараша, 2024
Гүлмира ЗЕРБАЙ, ментор: Бала ерте жастан тіл табысып үйренуге тиіс
«Буллингтің алдын алуда ересектердің рөлі өте маңызды»
Былтырғы оқу жылынан бастап Талдықорған қаласының мектептерінде менторлар жұмыс істей бастады. Бұл – баланың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында республика бойынша қолға алынған пилоттық жоба. Менторларға балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың, кемсітушіліктің алдын алу, оқушылардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру, балалардың коммуникациялық дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық қырларын дамыту бағытында жұмыс жүргізу міндеттелді. Редакция поштасына балалардан келіп түсіп жататын хаттардың бірінде есімін көрсетпеген жасөспірім: «Мені сыныптастарым келекелеп, үнемі тілімнің мүкісі барын бетіме баса береді. Олар мазақтаған сайын өмірден түңіліп кетем. Ешкімнен көмек сұрағым келмейді. Балалар мазақ еткенде үндемей құтыламын», – деп жазыпты. Бұл буллинг қой! Баланың қорлыққа төзіп жүре беруіне не себеп? Талдықорған қаласындағы №4 орта мектептің әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторы Гүлмира Зербаймен әңгімемізді осы сауалдан бастадық.
– Әдетте буллингке ұшыраған бала ұялғанынан, әлсіз болып көрінуден немесе қорыққаннан өзінің ішкі күйзелістерін жасырады, әлімжеттік жасаған балалар барлық сыныптасын оған қарсы қойып, «арызқой», «шағымданғыш» атандыруы мүмкін деген ойдың өзі оны тежейді. Сол себептен балаларының әлімжеттікке ұшырап жүргенін ата-ана байқамай да қалады. Баланың тұйықталуын, үлгерімінің төмендеуін жасөспірім кезеңнің ерекшелігі деп қабылдауы мүмкін. Бала өзінің буллингке ұшырап жүргенін жасыруының тағы бір себебі, ата-ана мектепке барып, дау шығарады, яғни бұл мәселе одан ары ушығып кетеді деп қорқады.
Өкінішке қарай кейбір ата-ана мен мұғалімдер бұл мәселеге үстірт қарайды. Кейбір ата-ана баланың басына түскен жағдайдың байыбына бармай, түкке тұрмайтын нәрсе деп мән бермеуі мүмкін, бала өз мәселесімен бетпе-бет жалғыз қалады. Кейбіреуі бала өз мәселесін өзі шешіп үйренуге тиіс деп ойлайды. Жәбірленген бала тіпті кімнен көмек сұрау керегін білмей дал болады, себебі, «арызқой» атануды ұят санайды.
Табиғатынан ішкі діңі мықты балалар өзін қорлауға жол бермей, жеңеді, олар осындай жағдайда керісінше, шыңдалып шығуы мүмкін. Алайда болмысы нәзік, дене бітімі әлсіз, сезімтал балаларға ересектің көмегінсіз, қолдауынсыз қарсы тұру қиын тиеді. Олар өздеріне бағытталған агрессияға төтеп бере алмай, үрейге бой алдырып, тұйықталып, күйзеліске түсіп, сынып кетуі де мүмкін. Сондықтан ересектер балаларының сыртқы келбетіне, ішкі күйзелістеріне, мінездеріндегі өзгерістерге мән беріп, мұқият қарағандары дұрыс болар еді.
– Балалар бір-біріне қатыгездік көрсетіп, әлімжеттік жасауға бейім. Мұның ең басты себебі неде? Ұрпақ тәрбиесінде қандай қателік жіберіп жатырмыз?
– Қазіргі кезде балалардың ортасында әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың белең алуының себебі осы деп бір нәрсені ғана атай алмаймыз. Жасөспірімдердің арасында келеңсіз жағдайлардың көбеюіне түрлі факторлар әсер етіп жатыр. Олардың қатарында әлеуметтік желілердегі жағымсыз ақпаратты, деструктивті мағынадағы ойындарды, балалардың ғаламторға тәуелді болып, виртуал әлем мен шынайы өмірдің аражігін ажырата алмауын және кейбір ата-ананың бала тәрбиесіне деген селқостығын атауға болады. Біздің қоғамда мектеп қызмет көрсетуші мекеме ретінде қабылданады, яғни «біз баламызды мектепке береміз, мұғалімдерге мемлекет ақша төлеп жатыр, енді білім мен тәрбие беру – түбегейлі мектептің міндеті» деген пікір көпшілігімізге тән. Алайда мұндай көзқарастың кесірінен балаларымыз зардап шегіп жатыр, себебі, тәрбие процесіндегі ата-ананың орнын ешкім де, ештеңе де толтыра алмайды.
Соңғы кездері буллинг деген ұғым біздің сөздік қорымызға еніп, көрінісі де көп күттірмей байқалып жатыр. Әсіресе, бұл құбылыс жасөспірімдер арасында кең таралған. Психологтардың пайымдауынша, буллингтің бір себепкері – өзін өте жоғары бағалайтын бала болса, тағы бір себепкері – ата-ана мейірімінен, назарынан шет қалған балалар. Олар ересектердің назарын өздеріне аудару үшін түрлі «өнер» көрсетуі мүмкін. Солардың бірі – өз қатарластарына әлімжеттік жасау.
Ата-ананың назарына, мейіріміне бөленбеген баланың мінез-құлқында жағымсыз нышандардың болуы, бойында адамдармен агрессиясыз, дұрыс қарым-қатынас орнату дағдысы қалыптаспайтыны заңды нәтиже. Бесік жыры, ананың әлдиі, әкенің қолпаштауы, ата мен әженің ертегілері сияқты қарапайым нәрселер ата-ана мен баланың арасында тығыз, жылы байланыс орнатуға көмектеседі. Баланың күнделікті өмірінде не болып жатқанын сұрастыру, бір мезгіл қасында отырып әңгімелесу, бірге кітап оқу, мағыналы фильм қарау ата-ананың аз ғана уақытын алады, бірақ оның жемісі келешекте орасан болмақ.
– Буллинг жасаған агрессор балаға да көмек керек деп қалдыңыз…
– Буллинг орын алған ортада сол ортаның мүшелері үш тарапқа бөлінеді. Бір тарап – агрессор немесе буллер, яғни жәбірлеуші, ол бір адам немесе бір топ болуы мүмкін. Екінші тарап – құрбан, яғни жәбірленуші және үшінші тарап – бақылаушылар. Буллингке кез келген бала ұшырауы мүмкін, бірақ көбіне сезімтал, дене бітімінде не мінезінде ерекшелігі бар, достары жоқ, тұйық балалар құрбанға айналады. Ал өзіне деген сенімі зор, өзін-өзі тым жоғары бағалайтын, дене бітімі күшті, ата-анасының назары жетіспейтін балалар агрессор болуы мүмкін. Бақылаушылар аса белсенділік танытпаса да, олардың да жеке ұстанымдары болады. Мысалы, біразы қорыққаннан агрессор жағына шығып кетуі мүмкін, кейбіреуі «менің шаруам жоқ, маған тиіспесе болды» деп ойлайды. Біреулері құрбанға іштей жанашырлық танытады, оған көмектесе алмағаны үшін күйзеледі, ал кейбіреуі ашық түрде агрессорға қарсы шығады.
Әдетте көпшілік агрессорды жаман бала деп қабылдап, «оны жазалау ғана керек, оған еш көмек керек емес» деп ойлауы мүмкін. Алайда ол баланың агрессиясының түбінде не жатқанына үңілсек, ойымыз өзгеруі мүмкін. Сол сияқты құрбанға да, бақылаушыға да ішкі күйзелістерден арылу үшін психологиялық қолдау, ересектердің түсіністігі қажет болады.
Осы жерде айта кеткім келетіні – жасөспірім кенеттен озбыр болып кетпейді, оның сондай теріс қылықтарының астарында бір себеп болады. Мысалы, ол отбасында ата-анасының арасындағы күрделі қарым-қатынастың куәсі болуы мүмкін, қоғамға жат қылықтарды насихаттайтын контентті тұтынуы мүмкін немесе өзі зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін. Сондықтан зорлықшыл әрекет, біреуді ұрып-соғу, қорлау ол үшін үйреншікті жағдай сияқты қалыптасады. Ондай жасөспірім үйден немесе әлеуметтік желіден көрген іс-әрекеттерді қатарластарының ортасында қайталап, әлсіздерге билігін жүргізгеніне масаттанады. Олардың, жалпақ тілмен айтқанда, терісі қалыңдап кетеді де, басқалардың жанына жара салып жатқанын сезбейді де, түсінбейді де. Мұндай агрессорлар әдетте қатыгез болады.
Әлімжеттіктің тағы бір себебі – ересектердің немесе қатарластарының назарын аудару, өзінің күшін көрсету, қолындағы билігімен мақтану. Мұндай агрессорлар айналасындағыларға үстемдігін көрсетпесе, өзіне көңілі толмайды. Ал кейбір агрессорлар, шын мәнінде, өздері құрбан болудан қорыққаннан агрессорға айналуы да мүмкін.
– Буллингтің қандай түрлері болатыны туралы көп жазылып, айтылып жүр. Десе де сіз оқушылармен тікелей жұмыс істеп жүрген маман ретінде буллингтің түрлеріне тоқтала кетіңізші.
– Бірінші кезекте біз буллингтің қақтығыстан айырмашылығын айқындап алғанымыз дұрыс болар деп есептеймін, себебі, көп жағдайда балалар да, ересектер де кез келген түсініспеушілікті буллинг деп атай береді. Мысалы, екі сыныптас бір нәрсеге келіспей қалады, бірақ кейін татуласады немесе татуласпаса да, бір-біріне тиіспейді, соңына түспейді. Бұл құбылыс қақтығыс деп аталады. Ал егер сол екі сыныптас бір-бірімен ерегесіп, олардың біреуінің күші басым болып, басқаларды екіншісіне қарсы қойып не басқа да жағымсыз әрекеттер жасаса және ол ұзаққа созылса, ол құбылыс буллинг деп аталады. Қақтығыс – бір мәрте болатын жағдай, ал буллинг – созылмалы құбылыс. Жасөспірімдер арасында кең таралған әлімжеттіктің тағы бір түрі – кибербуллинг, әлеуметтік желі арқылы қудалау, құрбанға жағымсыз ақпарат жіберу, теріс пікір қалдыру, әлеуметтік желі арқылы жеке мағлұматтарын рұқсатсыз тарату.
Мазмұны жағынан буллингтің келесідей түрлері бар:
Денеге зақым келтіру, яғни ұрып-соғу, жеке заттарын тартып алу, бүлдіру, жасырып қою;
Вербал буллинг, яғни сөзбен қорлау, мазақтау, қорқыту, төмендету;
Әлеуметтік-психологиялық буллинг, өсек-аяң тарату, түрлі әрекеттерге мәжбүрлеу, көпшілік алдында масқаралау, топтан бөліп тастау, әдейі көзге ілмеу;
– Буллингтің алдын алу үшін не істеуіміз керек?
– Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған дұрыс дегенді білеміз, сол сияқты буллингтің салдарымен күрескеннен гөрі, оны болдырмаудың амалын қарастыруымыз керек. Сондай амалдың бірі – балаға өзінің жеке шекарасын белгілеуді, оны қорғауды үйрету, сонымен қатар басқалардың да шекарасын құрметтеу керегін айтып түсіндіру. Әдетте агрессор бірден тікелей шабуылға кіріспейді, ол бастапқы кезде көздеген адамның жеке шекарасын тексереді, яғни жеңіл-желпі қалжыңдаған сияқты болады, одан кейін сөзбен тиіседі, болашақ құрбан үндемей құтылып, өзінің шекарасын қорғай алмайтынын білдірсе, агрессор тұрақты түрде оның соңына түсе бастайды. Егер агрессор құрбанның ешкімге арызданбайтынына көзі жетсе, оның озбыр-лығына ешкім жаза қол-данбайтынын сезсе, ол құрбанға психологиялық қысым көрсетуге, ұрып-соғуға, оны көпшілік алдында жәбірлеуге кіріседі. Ал әуел бастан бала оның шекарасын бұзуға болмайтынын ескертіп, әлімжеттікке жол бермейтінін айқын көрсетсе, агрессордың арыны басылуы әбден мүмкін.
Әлімжеттіктің алдын алуда ересектердің рөлі өте маңызды, әрбір ата-ана баланың бойында әлеуметтік, коммуникациялық дағдыларды қалыптастыруды, олардың эмоциялық интеллектісін дамытуды, агрессияға тосқауыл қою жолдарын үйретуді ерте жастан бастауы керек. Агрессияға қарсы тұрудың өзі бір өнер іспеттес, себебі, әдейі келіп килігудің нақты мақсаты бар, ол – адамның намысына тию, тұқырту, басқалардың алдында төмендету, басқалардың алдында өзінің билігін көрсету. Жәбірленген бала мұндай кезде қайдан көмек сұрау керегін білмейді. Жасөспірімдер арасында «ересектерге айту – арызқойлық» деген қате пікір қалыптасқан, сондықтан бала төзіп, үндемей жүре береді. Ересектерге құрбанның өзі айта алмаған жағдайда оның жақын досы жеткізуі мүмкін. Сондықтан балаға дос болуды, тіл табысу дағдыларын ерте жастан сіңірген дұрыс. Жалпы, балаға өзінің ішкі күйзелістерімен бөлісу ұят емесін түсіндіру қажет. Ол көмек керек кезде ата-анасына, сынып жетекшісіне, мектеп психологына немесе өзі сенетін бір ересекке жүгіне алатынына сенімді болуы керек.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2024
878 рет
көрсетілді0
пікір