- АҚ ЖЕЛКЕН
- 10 Желтоқсан, 2024
Сәкен ел атауын қайтарды ма? (Оныншы викторина)

1. С.Сейфуллин М.Жұмабаевпен алғаш қай жерде кездесіп танысты?
а) Спасск зауытының орыс-қазақ мектебінде
ә) Омбы мұғалімдер семинариясында
б) Ақмола бастауыш приход мектебінде
в) Бұғылы мектебінде
2. С.Сейфуллиннің алғашқы мақаласы жарық көрген басылым?
а) «Айқап»
ә) «Тіршілік»
б) «Сарыарқа»
в) «Бірлік туы»
3. 1919 жылы ақын өміріне ірі бетбұрыс жасаған, кейін «Тар жол, тайғақ кешу» романына арқау болған үлкен оқиға өтті. Ол қандай оқиға?
а) Қаламгер Лениннің қабылдауында болды;
ә) «Бақыт жолында» пьесасының тұсаукесері өтті;
б) «Жас қазақ марсельезасын» жазды;
в) Колчак түрмесінен қашып шықты.
4. С.Сейфуллиннің «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деп аталатын, қазақ халқының тарихи атауын қайтаруға үндеген мақаласы қай жылы, қай басылымда жарық көрді?
а) 1919 жылы «Ұшқын» газетінде
ә) 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында
б) 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде
в) 1925 жылы «Бірлік туы» газетінде
5. 1925 жылы С.Сейфуллин өлкелік партия комитетінің қолдауымен құрған ұйым?
а) Қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясы
ә) «Алқа» ұйымы
б) Партия тарихы комиссиясы
в) Қызылорда халық ағарту институты
6. Халық мұрасын жинастырып, әдебиет тарихын жүйелеу үшін С.Сейфуллин қандай үлкен бастама жасады?
а) Тұңғыш рет әдеби бәйге жариялады;
ә) Фольклор мұраларын әкеп тапсырғандарға қаламақы тағайындады;
б) Фольклорлық экспедиция ұйымдастырды;
в) Тұңғыш рет халық ағарту институтында фольклор кафедрасын құрды.
7. С.Сейфуллиннің қай шығармасы қазақ әдебиетіндегі алғашқы шытырман оқиғалы хикаят болып саналады?
а) «Айша»
ә) «Альбатрос»
б) «Бандыны қуған Хамит»
в) «Қызыл ат»
8. Сәкеннің 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «мойындау хаты» қалай аталды?
а) «Ұшу бізге қажет»
ә) «Менің қателерім туралы»
б) «Не қылдыңдар?»
в) «Елге кесірі тиеді»
9. Қазақ жазушыларының арасынан С.Сейфуллин бірінші болып қандай мемлекеттік марапатқа ие болды?
а) Халық жазушысы атанды;
ә) Еңбек ері атағын алды;
б) Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды;
в) Мәскеу университетінің құрметті профессоры атанды.
10. Сәкен Сейфуллин қай жылы толық ақталды?
а) 1951 жылы
ә) 1957 жылы
б) 1959 жылы
в) 1961 жылы
«Қазақтың нар тұлғалары» викторинасы осымен аяқталады. «Ақ желкеннің» биылғы №3 санынан бастап Фариза Оңғарсынова, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Бердібек Соқпақбаев, Шәкен Айманов, Әбілхан Қастеев, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин сияқты тұлғаларға арналған барлығы 100 сұрақтан тұратын 10 викторина жарияланды. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан барлық оқырманға алғыс айтамыз. Дегенмен қатысушылар саны біз күткеннен едәуір аз болғанына да алаңдаймыз.
Викторина ерекшелігі – оған жыл бойы қатысуға болатынында. Яғни журналдың осы саны қолына тиген оқырман кітапханаға барып немесе басылымның сайтына кіріп те осыған дейінгі 9 викторинаға жауап беруіне болады. Жауаптар 31 желтоқсанға дейін akzhelken.1925@ gmail.com электронды поштасына қабылданады. Дұрыс жауапты еш түсініктемесіз, 1. А түрінде көрсеткен жөн.
Викторинаның жүлде қоры – 1 млн теңге. Демеуші – Ғабиден Құлахмет атындағы қоғамдық қор. Ең көп ұпай жинаған 5 қатысушыға «Ақ желкеннің» арнайы дипломы, заттай сыйлықтар (ноутбук, покетбук, планшет, смартфон, смартсағат) табыс етіледі. Желтоқсан айына дейін жарияланған тоғыз викторинаға тұрақты қатысып келе жатқан оқырмандар арасынан қазір 5 баланың мойны озық екенін хабарлаймыз. Дегенмен бұған дейін қатыспаған балалар 10 викторинаның жауабын жыл соңына дейін бірден жолдап, жеңімпаздар қатарына қосылуы да мүмкін. Викторина қорытындысы және 100 сұрақтың жауабы 2025 жылғы қаңтар айындағы санымызда жарияланады. Іске сәт! Жауаптарыңды асыға күтеміз.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2024

3968 рет
көрсетілді0
пікір