• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Желтоқсан, 2024

Тәуелсіздік күні және Тәуелсіздік құны

Тәуелсіздік күні – әр қазақ үшін елдің дербестігі мен ұлттық мақтанышының символына айналған қасиетті күн. Бұл күннің маңыздылығы – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған еркіндігі мен тәуелсіздік жолындағы күресі нәтижесінің биік шыңы екендігінде. Бұл айтулы күннің мәні терең: ол еліміздің егемендігіне, өз болашағын өзі таңдау құқығына және ұлттық бірліктің күшеюіне жол ашты. Желтоқсан көтерілісі батырларының күресіне, тәуелсіздікті сақтау жолындағы сансыз қиындығына бас ию және олардың қадір-қасиетін түсіну күні ретінде аталып өтеді.

Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздік күнімен тығыз байланысты, өйткені бұл көтеріліс қазақ жастарының намысы мен еркіндікке деген ұмтылысын айдан анық көрсетті. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерлігі мен батылдығы бүкіл халықтың рухын көтеріп, елдің егемендік жолындағы батыл қадамдарын тарихта қалдырды.

Осы қиындықтың бәрі рухымызды сындырған жоқ. Қазіргі жастардың бейбіт өмірде өсіп-өнуіне, дамыған экономикада жұмыс істеуіне, еркін ойлауына және әлемдік қауымдастықпен тең дәрежеде байланыс орнатуына тәуелсіздіктің арқасында қол жетіп отыр. Тәуелсіздік – үлкен жауапкершілік, ұлтты болашаққа жетелеу үшін әрқайсысымыздың мойнымызға артылған сенім. Біз бұл тәуелсіздікті келесі ұрпаққа лайықты түрде жеткізуіміз керек. Ал осы тәуелсіздікке қол жеткізу жолында қандай жолдардан өттік? Біз осы материалды жинақтау барысында желтоқсан көтерілісіне қатысқан батыр аға-әпкелерімізді іздедік. Нағыз қаһармандармен кездесіп, сұқбат жүргіздік. Желтоқсан көтерілісінің куәгерлері әрі батырлары Мырзағұл Әбдіқұлов, Светлана Серікбаева және Жармұханбет Отаршиевпен сұқбаттасып, олардың Тәуелсіздік құндылығы мен қазіргі қазақ қоғамының тәуелсіздік құнын қаншалықты білетіні жайында жүрекжарды сөз қозғадық. Бұл үш тұлғаның өмір жолы, сол кезеңдегі сезімдері мен бүгінгі көзқарастары – бізге еліміздің тәуелсіздікке жету жолындағы күрделі де құнды тарихын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Астана қаласының жастарынан да Тәуелсіздік күні туралы пікірлерін сұрап, олардың ұлы күнге деген көзқарасын білдік.

«Азаттық – ең биік ұғым»

Мырзағұл Әбдіқұлов үшін Желтоқсан көтерілісі өміріндегі ауыр соққы болды. Ол сол сәттерді еске алып, өз көзімен көрген шынайы көріністер мен басынан өткізген оқиғаларды баяндап, Желтоқсан қазақ халқының болашағы үшін күрес екенін айрықша атап өтті. «345 күн камерада отырып, ату жаза сына кесілдім. Бүгін атылатын шығармын, ертең атыламын деп ойлаумен күндерімді өткіздім. Қазақ қыздарының намы сы үшін сотталдым. Артымда бес балам, қарт анам болды. Еріккеннен барған жоқпын ол жерге, ар-намыс үшін бардым. Анам қайтқанда топырақ та сала алмадым. Бұйырған жоқ. Кейінірек ақталып шықтым», – деді кейіпкеріміз. Мырзағұл ағаның айтуынша, қазіргі бейбіт, тыныш өмір – Желтоқсанның азаптары мен құрбандықтарының да нәтижесі. «Бұл жолда қаншама тағдыр қиылды, бірі жан тапсырса, енді бірі өмір бойы мүгедек болып қалды. Қазір Тәуелсіздік күнін атап өтуіміз сол адамдардың ерен ерлігі мен батылдығының арқасында мүмкін болды» – деп бүгінгі ұрпақты сол тарихи, ұлы сәтті ұмытпауына шақырады.

Желтоқсан оқиғасының тағы бір куәгері Жармұханбет Отаршиев Тәуелсіздік құны рухани тұрғыдан да баға жетпес қымбат екенін атап өтті. Оның айтуынша, Желтоқсан көтерілісі – ұлттық сананы оятып, халықтың рухын қайта тірілткен тарихи белес. «Тәуелсіздік күні – бізді ұлт ретінде біріктіретін, өз болмысымызды айқындайтын күн. Желтоқсан көтерілісі бізге рухани күш беріп, Тәуелсіздігіміздің шынайы құнын түсінуге жол ашты, алайда оны бірі білсе, бірі білмейді» дейді Ж.Отаршиев. Расында тәуелсіздік, егемендік сөздерінің құнын өзіміз кетіріп жатқандаймыз. Желтоқсан айы келе сала, қала көшелерінде шыршалар безендіріліп, шарлар жарқырап тұрады. Бұл не қылған мазақ? Тәуелсіздік болмаса, бұл жарқыраған дүние болар ма еді? Неге біз әлі де оның құнын толыққанды түсінбейміз?

«Бұл күннің атмосферасы ерекше болуға тиіс»

Тәуелсіздік күні – демалыс күні ғана емес, халқымыздың азаттық жолындағы күрес жолын еске алып, болашаққа, келешек ұрпаққа жаңа міндеттер жүктейтін күн. Көп жастар тәуелсіздікті сақтап, елдің болашағын қорғау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті екенін айтады. «Тұран-Астана» университетінің студенті Ақмаржан Байтемешова бұл жайлы: «Қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік күні – жадымызда сақталуы тиіс өте маңызды күн деп санаймын. Бұл күн тарихымызды, халқымыздың бостандық пен бірегейлікке жеткен жолын еске салады. Мен үшін Тәуелсіздік жай сөз ғана емес. Ол – ата бабаларымыздың күш-жігерінің, олардың болашақ ұрпақ үшін жақсы өмірге деген ұмтылысы мен іс-әрекетінің нәтижесі. Сондықтан есте сақтау және бағалау маңызды.

Шынымды айтсам, бұл күн елеусіз өте шықпас үшін Тәуелсіздік күні туралы жиі айтып, еске салып тұру қажет. Және де бұл күні тек ресми іс-шаралар ғана емес, сонымен қатар адамдарды біріктіретін іс-шаралар: білім беру жобалары немесе тарихымыз бен дәстүрлерімізді еске түсіретін мәдени іс-шаралар болса жақсы болар еді. Жаппай мереке өткізу керек демеймін, бірақ ата-баба ларымызды құрметтеп, сол күннің мәні туралы ойлана алатындай атмосфера мен іс-әрекеттер болса деймін. Тәуелсіздік күні әркім өз елі үшін мақтаныш пен оның болашағы үшін жауапкершілікті сезініп, асыға күтетін нәрсеге айналғанын қалаймын», – деп пікір білдірді.

Ал Astana International University студенті Ерасыл Болатқанов: «Тәуелсіздік – бізге ата-бабамыздан қалған қасиетті мұра. Желтоқсан көтерілісі ерліктерін еске ала отырып, біз бұл мұраны сақтап, оны келесі ұрпаққа жеткізуге жауаптымыз», – деген ой айтты. Оның пікірінше, Тәуелсіздікке қол жеткізу тарихымыздың аса маңызды кезеңі болса, оны сақтау – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Тәуелсіздік –бізге берілген ұлы мұра. Ендеше, бұл мұраны жоғалтпай, оны мәңгі сақтап қалу – бүгінгі мен келешек ұрпақтың ортақ міндеті. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін оны қорғап, нығайтуға барынша атсалысу үшін жас ұрпақ өте білімді, салиқалы болуға тиіс. Тәуелсіздігіміздің құнын ұсақтатпайық. Тәуелсіздігіміздің рухы асқақтай берсін! Елдігіміз өсе берсін!

Аяна КАБЫЛБЕКОВА, Ақнұр ТҰЯҚБАЙ,

Еуразия Ұлттық университетінің студенттері

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2024

3588 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы