- АҚ ЖЕЛКЕН
- 30 Желтоқсан, 2024
«Өмір тәтті, құлыным!..»

Кейінгі кезде суицид әлем халқын алаңдатқан ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Сондықтан жаһан жұртшылығының назарын аударып, қоғам дертіне айналған суицидті болдырмау, алдын алу, жастарға, жеткіншектерге психологиялық көмек беру әдістері туралы айтып, мамандар пікірін тыңдау, ой бөлісу ауадай қажет. Халықаралық зерттеулер күн сайын 1000-нан астам адамның өз-өзіне қол жұмсауға тырысатынын айқындап берді. Өкінішке қарай кейінгі он жылда әлем бойынша суицид оқиғаларының саны шамамен 4 есе өскен. Ал 30 жылда 15 пен 24 жас аралығындағы жастардың өмірмен қоштасуға жиі талпынатыны белгілі болып отыр, – дейді статистика бойынша сараптама жасаған Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығының басшысы Сапар Рахменшеев өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында. Көрсеткіштерге көз салсақ, көңілді мұң басады. Көпшілік «бұл бар болғаны статистика» деп кейде қоғам дертінің себебіне үңілгісі келмейтіндей, бей-жай қарайтындай ахуал да байқалып қалады. Бірақ бұл дабыл қағатын жағдай.
«Ақ желкен» республикалық балалар мен жасөспірімдер журналы мінберінде психология саласында еңбек етіп жүрген білікті мамандар, ата-ана және оқушылардың қатысуымен суицид жасауға бейім балаларды, олардың психоэмоциялық жағдайын ерте анықтау проблемасын, осы дерттің алдын алу, болдырмау жолын жан-жақты талқылаған едік. Алқасөзге Алматы қаласы психикалық сауықтыру орталығының аға психологы Гүлмира Сәдуақасова, психоанализ бағытындағы психолог Назигүл Темірғалиева, Алматы қаласындағы № 104 орта мектептің мұғалімі Күлзипа Толымбек, ата-ана Меруерт Тілеубаева және Алматы қаласындағы № 104 орта мектептің оқушылары Сапарбай Нұргүл, Орынбек Даукен, Алматы қаласындағы № 39 мамандандырылған лицей оқушысы Ілияс Жеңіс, Алматы облысы, Іле ауданындағы № 51 мектеп оқушылары Роза Қуанышбай, Аида Демесбай қатысып, тақырыпқа қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ Астана қаласынан ата-ана, кітап оқуды насихаттаушы ұстаз Айнұр Бұлақбай мен Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, № 90 мектеп оқушылары Райана Әкімбай, Аслан Ізетұлы ZOOM арқылы қатысып, пікір білдірді.
Ересектер баланың жаны бар екенін ұмытып кетеді
Ақ желкен: Әуелгі сауалымыз: еліміз суицид жасаудан алдыңғы орындардың бірінде екен. Неге? Себеп-салдарына үңіліп көрейікші.
Гүлмира СӘДУАҚАСОВА: – Иә, жасөспірім суициді көбейіп келеді. 13 пен 17 жас аралығындағы балалардың суицидке бейімдігі жиі байқалады. Мұны баланың темпераментіне және отбасылық жағдайда балаға көңіл бөлінуіне де байланыстыруға болады. Жалпы сипаттама берсек, суицидке көбіне отбасылық тұрмыстық мәселе себеп болады. Кейбір жағдайда жасырын формада болады. Бұл жасырын формада бала тұйық болып келеді, ата-ана көңіл бөлмегендіктен, бала өзімен өзі болып, қиын жағдаймен бетпе-бет қалады. Бұл жағдайда оқушымен мектеп психологы және мұғалім жұмыс істейді. Өкініштісі сол, мектеп психологы мазасызданған баланы көргенімен, оны шұғыл л м и р көмек көрсету бөлмесіне апара алмайды. Ол жолдама береді, бірақ апару-апармау ата анасының еркінде. Шындығына келсек, көп ата-ана бұған немқұрайдылық танытады. Сол себептен біз ата-аналарға дәріс жүргіземіз.
Назигүл ТЕМІРҒАЛИЕВА: – Суицид – тығырыққа тірелген адамның жанайқайы. Психоанализ тұрғысынан қарағанда терең әрі күрделі проблема, көбіне тұлғаның ішкі күйзелісі мен отбасылық әсерлерден туындайды. Қазақстанда бұл жағдайдың кең таралуына, меніңше, бірнеше фактор ықпал етеді. Атап айтқанда, жеке өмірдегі күйзелістер, жалғыздық сезімі, әлеуметтік қиындықтар, түрлі желідегі басқалардың тым әдемі өмірі, түптеп келгенде, психологиялық сауаттылықтың аздығы. Ересектер баланың жаны бар екенін, оның жаны күйзеліске түсіп, ауыратынын ұмытып кетеді. Сезімдерін құнсыздандырып, күлкіге де айналдырып жатады. Қатал тәртіп, талап ету арқылы шыңдаймын деу – үлкен қателік. Жоғары талап қою мен тәртіп пен ережелерді үйрете отырып тәрбиелеу бөлек нәрсе.
Күлзипа ТОЛЫМБЕК:
– Психолог мамандардың пікірлерін де тыңдап отырмын. Оған қосарым да бар. Суицид себептері әртүрлі. Мысалы, жасөспірімдер кей жағдайларда қандай ортада жүр, сол жүрген ортасына да байланысты. Қазір ақпарат өте көп. Әлеуметтік желі де өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Оның да ықпалы болуы мүмкін. Сонымен қатар кей ата-ана бала жетістікке жетуі үшін шектен тыс талап қойып, бала сол талап үдесінен шығу үшін әрекет етіп, қолынан келмеген жағдайда басқа ой туа бастайды. Өз-өзіне сенімі азаяды. Ата-анамның сенімін ақтай алмадым деп күйзеліске түсуі мүмкін. Себебі, біз ата ананы құрметтеп, бірінші орынға қоятын, ата-ана үмітін ақтауды парыз санайтын халықпыз. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Әрине, отбасында ата-ана балаға жақын болып, бала өз ойын еркін, ашық айта алатындай сенім орнаса, жағдай басқаша болары сөзсіз. Сондықтан кішкентай кезінен әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білуге ұмтылуы қажет. Ашық сырласып, бала өміріндегі ең жақын, ең сенімді тұлға ата-анасы екенін сезіндірер болса, бала да сыр жасырмаған болар еді. Қиын жағдайға тап болса, ата-анасына айтып, кеңесін тыңдап, қолдауын сезінеді. Бала жанын ұғатын ата-ана шектен тыс жоғары талап қою орнына баламен бірге қиындықтарды еңсеріп, баланы биіктерге жетелеуге ынталандырары анық.
Бала өзіне сеніммен қарап үйренуге тиіс
Ақ желкен: Суицид жасауға бейім жандар болады деп жатады. Оны қандай белгілерінен ажыратуға болады?
Гүлмира СӘДУАҚАСОВА: – Меніңше, ең алдымен бұған компьютерлік ойындар кінәлі. Қазір ғаламторда баланы қатыгездікке үйрететін ойынның түр-түрі бар. Ол баланың ойлауын тежейді. Қияли етеді. Ойында қатыгез кейіпкерден ұтылып қалса, бала қатты қиналады. Компьютер әлеміне кіріп кеткен бала сыртқы ортамен байланысын үзеді. Өз әлемінде өмір сүреді. Ондай баланың сыныпта досы болмайды. Ал жұмысбасты ата-ана бұған көңіл бөле қоймайды. Әсіресе толық емес отбасыдан шыққан бала осыған бейім.
Назигүл ТЕМІРҒАЛИЕВА: – Суицидке бейім адамдарда бірнеше психикалық белгілер анықталуы мүмкін:
1. Өзін кінәлі сезіну – адам өзі туралы теріс ойласа, өзін ешкімге керек емес деп сезінсе, өз өміріне нұқсан келтіруге бейім болуы мүмкін. Балалар махаббат пен құрметі жоқ отбасындағы кез келген кикілжіңге өздерін кінәлайды. Кінәлау сезімі – еш пайдасы жоқ зиян сезім.
2. Эго әлсіздігі – баланың ішкі конфликтілерге төтеп беретін күші болмайды. Яғни сезімдерін айта алмайды, жақындарымен эмоциялық жылылық болмайды. Сондай ақ қатал тәрбие «жылама», «тыныш отыр», «елдің алдында абыройымды төкпе» деген секілді жеке тұлға ретінде баланы құрметтемеу, арада диалогтың болмауы, түрлі ситуативті жағдайлардан шығуда қолдап, көмектесіп, алдын ала талқылап отырмаса, бала өзіне сеніммен, құрметпен қарауды үйрене алмайды, ішкі конфликтте шырмалып қалады. Өмірде кездесетін қиындықтармен күресуге қабілетсіз болып өседі.
3. Депрессия және меланхо лия – бұл жай-күйде адамдар өлімді құтқарушы ретінде сезініп, ішкі жан дүниесінің азабынан құтылуды көздейді, өмірінен емес, жан дүние азабынан солай құтыламын деп шатасады.
4. Жалғыздық пен оқшаулану сезімі – жауап сыз махаббат, достарының жоқтығы, буллинг. Беделді балаға қарсы келе алмайтын, өз ойын қорғай алмайтын, өзін-өзі қорғай алмайтын адам айналасында қолдаушы адамдарды көрмесе немесе өзін қоғамға қажетсіз сезінсе, суицидке бейім болуы мүмкін.
5. Денсаулығы мен психикасында ақауы бар адамдар да бейім болады.
Баланы демеу мен қолдау өте маңызды
Ақ желкен: Осындай психологиялық күйзелістен, стрестен, қиын жағдайлардан қалай шығуға болады?
Назигүл ТЕМІРҒАЛИЕВА: – Бірінші, маманның психоаналитикалық және когнитивті терапиялары мен кеңесінің маңызы зор. Бұл ішкі жан дүниені түсінуге және өзгертуге мүмкіндік береді. Екінші, адамның өзін бағалауын, сенімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды қолға алу өте маңызды. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау, яғни достарының, отбасының қолдауы және қиындықтарды бірлесе шешуге көңіл бөлу арқылы қиын жағдайлардан шығаруға болады. Күйзеліс жағдайында болашаққа бағытталған жоспарлар құру, мақсаттарға ұмтылу арқылы өмірдің маңыздылығын қайта табуға болады. Психолог көмегіне жүгінуді көп адам ерсі көріп жатады. Бұл дұрыс емес. Күйзеліс, стресс кезінде маманның көмегі өте керек.
Бәріміз мұқият болайық
Ақ желкен: Суицидтің алдын алу үшін не істеу керек?
Гүлмира СӘДУАҚАСОВА: – Қазір қыз бала – «Монстр Хай» қуыршағымен, ұл бала «Өрмекші адаммен» ойнайды. Суретін салып, макетін жасайды. Қатыгез кейіпкерге ұқсағысы келеді. Меніңше, баланың көңілін басқаға бұру керек. Компьютерде баланы мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелейтін ойындар жасап шығарсақ. Қазақы кейіпкері көп мультфильм шығарсақ. Сонда біз баланы, жасөспірімді көп жаман әрекеттерден құтқара аламыз.
Назигүл ТЕМІРҒАЛИЕВА: – Суицидке бармас бұрын, кез келген адам саналы немесе бейсаналы деңгейде көмек сұрайды, ВК, Инстаграм, ТикТок, т.б. желілерде депрессивті, қоштасатын, кешірім сұраған жазбалар жазады. Мұндай жазбаны көзі шалған кез келген адам немқұрайдылық танытпай, дереу дабыл қағуы керек. Мен осы кеңесімізді оқып отырған барлық оқырманға мұқият болайық дегім келеді. Сонымен қатар халыққа күйзеліс пен стресстен шығу жолдары, психологиялық сауаттылық, сау қарым-қатынас, достықтың маңыздылығы, өзіне деген сенім, эмоциялық интеллектті дамыту қажеттігі, профориентация, парасатты ата-ана болу деген тақырыптарда үнемі білім берілуі керек деп есептеймін. Біз қазір шынында сезімдерді ажырата алмаймыз. Сезім жалпы жаман немесе жақсы деп бөлінбейді, барлық сезім біз үшін өте маңызды екенін түсінуіміз керек. Депрессияда немесе аффект жағдайында суицидке баруы мүмкін екенін адам сол кезде білмеуі ықтимал, сондықтан қасындағы адамдардың жанашыр болуына көп нәрсе байланысты. Қазіргі қоғамда адамдар көбінесе өз мәселелерін ойлап, басқалардың қиындықтарын байқамауы мүмкін. Бұл бейсаналы түрде өзін қорғау әрекеті болуы ықтимал. Кейде адам басқа біреудің ауыртпалығын мойнына алғысы келмейді. Бұл мәселеде қоғамда жанашырлық, мейірімділік мәдениетін қалыптастырудың маңызды екенін айтқым келеді. Адам қандай сұлу, күшті, ақылды немесе бай болса да, ол қаншалықты бақытты – сол маңызды. Алғаш бақытты болуды, әлемге деген сенімді кез келген адам отбасынан үйренеді. Бүкіл өміріндегі жетістікке жетуі соған тікелей байланысты.
Меруерт ТІЛЕУБАЕВА: – Суицидтің алдын алуға бола ма деген сұраққа ата-ана ретінде менің айтатыным, ең алдымен, бала мен ата-ананың қарым-қатынасы бірінші орында. Сондықтан бұл дерттің алдын алуда осы қарым қатынас дұрыс болуы керек дер едім. Қазір ақпарат көп. Бізге қажеттісі, қажетсізі бар, ақпараттар ағынына сүзгі қою қажет деп жатырмыз. Бірақ бұл түпкілікті шешім дей алмас едім. Біз ағылған ақпараттан олай қорғана алмаймыз. Кішкентай балаларға дейін гаджетті қолдана алады.
Тіпті осы жерде біз ескере бермейтін бір қауіп, сенсорды қозғай сала, бейнелерді өзгерте салып отырған, әлі санасы толық қалыптаспаған сәбилер өмірде де сенсорды қозғап, қолмен экранды түрте салып, бәрін өзгертуге болады деп ойлай бастайды. Сенсордың бала психологиясына қалай әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген. Ертелі-кеш гаджетке үңілген баланың саусақтарының басындағы ұсақ моториканы дамытумен де дұрыс жұмыс істемей отырмыз. Бұл баланы психологиялық дамытуда да, физикалық тұрғыда да зардабын тигізіп отыр. Бала тәрбиесіне балаға ұсынылатын контент те әсер етеді. Балалар, әрине, мультфильм көреді. Мысалы, менің балаларым «Балапан» арнасын көріп өсті. Бұл арнадан көрсетілетін мультфильмдер мазмұнды, мағыналы. Тәрбиелік мәні де ерекше. Ал YouTube секілді желілерде неше түрлі мультфильм бар. Қатыгездік, озбырлық насихатталатыны да бар. Бір ғана «Маша мен аю» деп аталатын мультфильмді алайықшы. Кішкентай Машаның кей әрекеттері баланың бойында агрессия қалыптастырады. Бала қолындағы ойыншығын сындырып, лақтырып, агрессиясын көрсетеді. Кейін ойындағысы болмай жатса, осылай агрессиясын көрсету арқылы қол жеткізуге болады деген ой пайда болады. Сондықтан біз – ата-ана баламен бірге отырып, көретін контентті бірге таңдауымыз, отбасындағы мейірімділікті бала бойына сіңіруіміз керек. Сөзбен емес, іспен көрсетсек қана нәтиже болады. Яғни балаға кішкентай кезінен көңіл бөлу көп қиындықтың алдын алады.
Қиналған адамға түсіністікпен қараған жөн
Ақ желкен: Өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген жанға жанашырлары қандай көмек беруі керек?
Айнұр БҰЛАҚБАЙ: – Суицид бірден бола қоймайды. Ол – жайлап, там тұмдап жиналған ішкі жабырқау сезімі. Сондықтан оның алдын алу баланың дүниеге келген сәтінен басталады. Неден бастаймыз? Балаға бесік жырын айтудан бастау керек. Тілі былдырлап шығып келе жатқанда қуырмаш, санамақ, түрлі тақпақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел үйреткен жөн. Өсе келе батырлар жыры, эпостық жырларды оқытып, жаттатқан дұрыс. Аңыз, қисса, ертегі оқып бергенде, баланың кеудесі құндылыққа толып, өмірге құлшынысы арта түседі. Кітап насихаттаушы ретінде айтарым осы. Ал күйзеліске түсіп, өмірден түңіліп, суицидтік әрекетке барғысы келгенін аңдаған жағдайда балаға көңіл бөліп, ойын тыңдаған жақсы болар еді. Өзім ата-ана болғандықтан айтарым: күніне 10-15 минут көңіл бөлсек, баланың өзіне, ата-анаға сенімі оянады. Өзін өмірде бар сезінген бала суицидті неғылсын?! Әлемдегі ең мықты қос тірегі онымен сөйлесіп, тілдесіп, пікірлесіп отырса, өлімді ойламас. Баламызға тәрбие беруде еріншектік танытпайық, ата аналар! Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, Мың жылдығын ойлаған халық даналықтың дәнін егеді. Даналықтың дәнін егуде жалқау болмайық!
Назигүл ТЕМІРҒАЛИЕВА: – Мен маман ретінде өмірден баз кешіп, қиналған адамға түсіністікпен қарауды және кекетпеуді, мұқатпауды, жаны неден қиналғанын түсініп, өздерін оның орнында болса не сезінер еді, ситуацияға оның көзімен қарап көруді ұсынар едім. Эмоциялық қолдаумен қатар, физикалық қауіпсіздік шараларын қабылдау маңызды. Кез келген адамның маманға жүгінуіне көмектесіп, психологиялық көмек көрсетілетін мекемелер туралы ақпарат беруі қажет.
Ақ желкен: Оқушыларға сұрақ. Жасөспірімдер өздерін өзгелердің түсінбеуі немесе жалғыздық кезінде қандай сезімдерге тап болады деп ойлайсыздар?
Райана ӘКІМБАЙ: – Жасөспірім балалар «мен ешкімге керек емеспін, ешкім мені түсінбейді» деп ойласа, бүкіл жер шарында өзін жалғыз сезінетін болады. Өзінің қазіргі жағдайын, ойын, басындағы қиындығын, қандай сезімде екенін кімге және қалай айтып жеткізерін білмей дағдарады. Солай ешкімге ашыла алмай, көңіл күйі түсіп, өзін-өзі шеттетеді. Бұрынғы сүйіп істеген ісі енді қызығушылық әкелмейді. Ата-анасымен де түсінбеушіліктер болып, ренжісуге әкеп тіреуі мүмкін. Негізі мұндай кезде баланың басты тірегі – ата-анасы. Олардан басқа кім түсінеді? Сондықтан үлкендер, ата-ана баланың көңіл-күйін бақылап, сырласуға жағдай жасаса, қиындықтың алдын алған болар еді.
Аида ДЕМЕСБАЙ: – Иә, «менің осы істеп жүргендерім дұрыс па? Әлде қате істеп жүрмін бе?» деген сұрақ туып, өз-өзің жоғалтып алған сияқты сезім болады. Жақын адамдармен осындай іштегі Н ойдың бәрін айтып, сөйлесу керек деп ойлаймын. Диалог болу керек.
Қиындық айтып келмейді
Ақ желкен: Қиындықты қалай жеңуге болады? Досыңыз немесе жақын адамыңыз қиындыққа тап болса, оған қалай көмектесер едіңіз?
Аслан ІЗЕТҰЛЫ: – Досыма немесе жақын адамыма көмектесу үшін алдымен оның жағдайын түсініп, мұқият тыңдаймын. Қиындыққа тап болған кезде адамға өзіне деген сенімділік пен қолдау қажет. Сол себепті, оның жанына жақын болып, қолдау сөздер айтып, осы қиындықтың уақытша екенін, одан шығу жолдары бар екенін еске саламын. Егер оның мәселесін шешуде нақты әрекеттер қажет болса, мысалы, кеңес беру, қажет ресурстарды іздеуге көмектесу немесе белгілі бір іс-әрекеттерді бірге жасау болса, оны да ұсынамын. Кейде көңілін басқа нәрселерге аудару да көмектеседі, сондықтан оны сергітіп, позитив ойларға тартуға тырысамын. Егер жағдайы өте ауыр болса немесе менің көмегім жеткіліксіз болса, оны кәсіби мамандарға жүгінуге, психолог немесе кеңесшімен сөйлесуге бағыттаймын. Осылайша, оның жанында болып, бірге шешім табуға қолдау көрсетемін.
Дәукен ОРЫНБЕК: – Егер менің досым немесе жақын адамым қиындыққа тап болса, мен оның жанынан табылуға тырысар едім. Жағдайды біліп, өз ойымды айтып, кеңес берем. Мәселен, досым маған қиындығы туралы айтып, ата-анама айтпа десе де, менің берген ақыл-кеңесімнен, қолдауымнан ештеңе шықпаса, өзім барып, ата-анасына балаларына көмек керегін айтуға тырысам. Себебі, ол өз болашағына өзі кедергі келтіріп, бәрін құртуы мүмкін. Сондықтан досыма менің берер көмегім – мәселесіне бей-жай, немқұрайды қарамау.
Ілияс ЖЕҢІС: – Адамға қиындық айтып келмейді. Бірақ қиындыққа тап болған адам, жаңа замандастарым да айтып жатыр, алдымен айналасындағы жақындарымен бөліскені дұрыс. Әлбетте, адам қандай жағдайда да өз-өзіне сенуі керек. Өзін қайрап, қиындық кездессе беріле салмай, қиын жағдайдың жақсы жағын іздеп, жақсы жағын көруге талпынса, әркім-ақ күйзеліске түспеудің амалдарын қарастыра алады.
Роза ҚУАНЫШБАЙ: – Депрессия кез келген адамда, үлкендерде де, жасөспірімдерде де болады. Ол қалыпты жағдай деп ойлаймын. Мысалы, біз әлеуметтік желілерден жетістікке жеткен адамдарды көріп, «менде неге осындай көлік жоқ, мен неге осындай болмадым» деп ойлауымыз мүмкін. Бұлай біреулерге қызығып, тұңғиық ойға батып, өзіңді кем санау жақсылыққа апармайды. Адам күйзеліске түскенде бір бөлмеге қамалып, өз-өзімен қалмай, ата-анасы, ұстаздары, достары сияқты жанашыр жандармен көбірек сөйлесуге тырысса, қиындықтан шығу оңай болар еді. Осы алқасөзде психолог мамандар айтып жатқандай, әр адам өзін бағалап, өмірге келгендегі миссиясы не екенін анықтауға тырысуы қажет. Расында адам өмірге депрессияға түсу үшін емес, биік шыңдарды бағындыру үшін келеді емес пе?! Бүгінгі басқосудан ойыма түйгенім – өмірде кездескен қиындыққа мойымай, әрқашан ізденісте болғанымыз, ата-анамызбен қарым-қатынасымызды реттеп, ашық сөйлесе алуымыз өте маңызды екен.
Нұргүл САПАРБАЙ: – Қандай жағдайда да балаға ата-ананың қолдауы қажет. «Балам, сенің қолыңнан бәрі келеді. Уайымдама!» деп ата-анасы қиналған сәтте жанынан табылып қолдау білдірсе, баланың күйзелісі жеңілдейді. Керісінше, ең жақын адамдарың, «Неге сен болмайтын қиындыққа мойып, ұнжырғаң түсіп жүр?» деген сияқты ренжіп, қайраймын деген оймен қатты айтатын болса, бала онан әрі күйзеліске түседі. Көбіне ҰБТ ға дайындық немесе БЖБ, ТЖБ сынақтарын тапсыру кезінде, білім олимпиадаларында үздік орын алуың керек деген сияқты кей ата-аналардың жоғары талап қоюы мәселелер туындатады, балаларды тығырыққа тірейді. Күйзеліске ұшыратады. Сонымен қатар, жасөспірімдердің бір-біріне сенуі, бірін-бірі түсінуі маңызды. Әсіресе, құпия сақтай білуі өте маңызды. Мәселен, сырыңды, мұңыңды біреуге сеніп, айтсаң, ол жария болып кетсе, ұятқа қаласың ғой. Сондықтан құпия сырыңды сеніп айтар досың болуы аса қажет дер едім.
ТҮЙІН
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай балаларды зорлық зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалды. Баланың жәбірленуден қорғануға құқығы бекітілді. Осы мақсатта балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, мектептердегі пси хология қызметінің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды. Мұның барлығы – ұрпақтың сапалы білім алумен бірге саналы азамат болып қалыптасу жолында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы. Балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекетіміздің басты назарындағы мәселелердің бірі әрі бірегейі екені сөзсіз. «Ақ желкен» республикалық балалар мен жасөспірімдер журналының редакциясы ұйымдастырған алқасөзге қатысып, үн қосып, пікір білдірген жандардың барлығына алғыс білдіреміз. Бүгінгі айтылған ақыл-кеңестер жастарымызға, жеткіншектерімізге ой салады деп сенеміз. Әр адамға жеке тұлға деп қарау, құрмет пен қамқорлық, қолдау мен бағыт-бағдар беру ғана суицидтік оқиғаларды барынша азайтады, алдын алады, әр адамның өмірін сақтап қалады. Бір бірімізге де ілтипатымыз азаймасын.
Алқасөзді жүргізген Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2024

2685 рет
көрсетілді0
пікір