• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Желтоқсан, 2024

Бар ізгілік – бесіктен

Қазақстан ажырасу бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұр. Бұл – осы жылдың 4 наурызында жаңарған америкалық Petrelli Previtera ажырасу және отбасылық заң фирмасының мәліметі. Ажырасуға себеп көп. Отбасында ортақ құндылықтардың болмағаны да шаңырақтың шайқалуына әкеліп соғады. Адам отбасында тұлға болып қалыптасады, ал отбасының негізгі іргетасы құндылықтардан тұрады. Біз кейіпкерлерімізден отбасындағы құндылықтар туралы сұрадық.

Мейірім

Зира НАУРЫЗБАЙ, қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы: – Отбасыда тұлға ретінде бір-бірін құрметтеу, отбасылық жылылық маңызды шығар. Таласбектің «Талтүс» романы – автобиографиялық шығарма. Кішкентайынан өгей ананың қолында өскен бала аналық махаббатты, жылылықты сағынып өседі. Өзі қырық жасына дейін отбасын құра алмай жүрген. Отбасын құрған соң мейірім, жылылық болғанын қалады. Таласбектің айтуынша, кеңес өкіметі кезінде адамдар бір-біріне деген мейірімді жоғалтып алған. «Талтүс» романында «мейірлене қарады» деген сөздер жиі қайталана береді. Мұны орысшаға аударған кезде байқадым әрі орысшаға аудару қиын болды. «Посмотрел с нежностью» деп аударып едім, біртүрлі шықты. Қазақ үшін мейірім деген – негізгі қасиет, біздің отбасымыздағы құндылық та сол мейірім болды. Балалардың көңіліне қатты қарайтын еді. Қызы 1-сыныпқа барғанда телефон алып берді. Ол кезде әркім телефон ұстамайтын заман еді. Бір күні жоғалтып алған екен. «Енді телефонсыз жүретін болдың» деп бұрқылдап жүрсем, Таласбек сол күні-ақ қызына қайтадан телефон сатып алыпты. «Ол өмірлік сабақтан бұрын, әке шешесінің мейірімін, қамқорлығын сезінеді» деп айтып еді. Бір жағынан ерте кететінін де сезген шығар...

Адамдық

Ертай НҮСІПЖАНОВ, журналист, Қытай тілінің маманы: – Әр отбасының өз құндылығы, философиясы мен идеологиясы болады. Соған қарай өмірлік өлшемдер қалыптасады. Меніңше, мынау дұрыс, мынау бұрыс деп қарауға болмайтын сияқты. Қай бағыт, қандай ұстанымда болса да, әйтеуір адамдық қағидадан аттамайтын болса болды. Яғни адам болуға, адал болуға ықпал ететін отбасылық тәрбие бәрінен құнды дер едім.

Адалдық

Талдыбек НҰРПЕЙІС, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:

– Отбасымыздағы ең құнды нәрсе – амандық. Бәріміздің деніміз сау, аман жүргеніміз біз үшін олжа. Балаларымыздың анасына сый-құрмет көрсетуі. Қазір көп отбасында адалдық азайып бара жатыр. Сондықтан «балаларым мен немерелерім адал еңбекпен өмір сүріп, нәпақа тапсын» деп талап қоямын. Өзім үлкен отбасында туып-өстім. 7 ұл, 4 қызды әкем трактор айдап жүріп бақты. Шешем балаларға қараймын деп оқу оқи алмады. «Біреудің ала жібін аттама, біреудің бір тиынын ұрлама» дегенді құлағымызға құйып өсірді. Төртіншіні бітірген кезде колхоздың жұмысына шығып, өз қажетімізге ақшаны еңбекпен таптық. Бір-бірімізді сыйлау, адалдық – отбасымыздың айнымас қағидасы. Әке-шешеміз «қанша қиын болса да шындықты айт» дейтін. Бүгінде немерелерімізге де осы нәрсені айтып, құлағына құйып жатырмыз. Қандай қызмет істесек те, қандай жетістікке жетсек те, тракторшы әкем мен үй шаруасындағы шешемнің тәлім тәрбиесін немерелеріме айтып келемін. Иә, қазір отбасындағы құндылықтар өзгерді. Техниканың, компьютердің дамыған заманында балаларды түрлі гаджеттерден шектеу қиын болып жатыр. Соған қарамай, керек кезінде ғана қолына ұялы телефон ұстауға немесе компьютерге отыруға рұқсат береміз. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, үлкенге бірінші болып сәлем беру сияқты құндылықтарды айтамын. «Автобусқа мінгенде екі-үш аялдама түрегеп тұрсаңдар ештеңе жоқ. Өзіңнен жасы үлкендерге орныңды ұсынып жүрсең, алғыс аласың» деп ізгілікті насихаттаймыз.

Махаббат, құрмет, сенім

Молдияр ЕРГЕБЕКОВ, Сүлейман Демирел атындағы университеттің профессоры, медиа зерттеушісі: – Махаббат, құрмет, сенім, адал болу және отбасын сақтап қалу үшін еңбектену және ымыраға келуге әрдайым ашық болу керек.

Махаббат

Мейрамгүл МӘДӘЛІ, тележүргізуші: – Біздің отбасындағы ең басты құндылық – махаббат. Балаларыңды махаббатпен тәрбиелейсің, ісіңді махаббатпен атқарасың, жолдасың екеуің бір-біріңе махаббатпен қарайсың. Махаббат бар жерде сыйластық, беріктік, қамқорлық сияқты ұғымдар міндетті түрде қатар жүреді. Балаларымызды да «не істесең де, махаббатпен істе» деп баулимыз. Махаббатпен атқарылған жұмыстың нәтижесі қашан да жақсы, сапалы болады.

Ұлттық құндылық

Арман ӘУБӘКІР, «Адырна» қоғамдық қорының жетекшісі: – Шай үстінде балаларыма қазақтың тарихи тұлғаларын таныстыруға тырысамын. Қазақтың мәдениеті, тарихы да тыс қалмайды. Балалар домбыра үйірмесіне барады, қолдан келгенше ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге тырысамыз. Жолдасым әдебиет саласының маманы болғандықтан, тақпақтар, өлеңдер жаттатқызады. Орысша сөз қоспай, таза қазақша сөйлеуге, оны өзіміз де ұстауға тырысамыз. Біз орысша қоссақ, бірден «орысша қосып жатырсыз ғой» деп ескертеді. Кітап оқуға үгіттеймін, қолым бос болып жатса өзім оқып беремін, кейде бірге оқимыз.

Дайындаған Б.МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2024

2442 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы