• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 31 Желтоқсан, 2024

Мықты болғаның мемлекетке керек

Бала денсаулығы – әрбір ата-ана үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі таңда әлем бойынша балалар арасында созылмалы аурулардың саны артып келеді. ДДСҰ мәліметінше, кейінгі онжылдықта балалар арасындағы созылмалы аурулар көрсеткіші едәуір артқан. Әрине, бұған экологияның нашарлауы, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы тікелей әсер етеді. Осы ретте балалар дәрігері Назым Мұратқызын сөзге тарттық. Ол «Ақ желкеннің» оқырмандарына бала денсаулығына қатысты маңызды ақпараттарды айтты. Дәрігердің айтуынша, ауруға әсер ететін бірнеше фактор бар.

– Бүгінде жедел респираторлық аурулармен, баспамен, жоғарғы тыныс жолдарының ауруларымен және т.б. созылмалы аурумен ауыратын балалар жиілеп кетті. Оның бірнеше себебін атауға болады: тұмаудың ауа арқылы таралуы, тұрмыстық қатынас арқылы жұғуы, уақытылы дәрігерге қаралмау, таза ауада серуендемеу, дұрыс тамақтанбау, әртүрлі химиялық қоспасы бар тәттілерді қолдану, балаға көңіл бөлмеу, смартфонды көп пайдалану, салқыннан қорқу, психо-эмоционалдық күйінің бұзылуы және т.б факторларды атауға болады. Кез келген ата-ана баласының дені сау болып өскенін қалайды. Сол үшін ата-ана мүмкіндігінше қолынан келгеннің бәрін жасайды. Дегенмен дәрігер бала өсіруге дайындық құрсақтан басталатынын алға тартады.

– Ата-ана үшін баланың денсаулығы өте маңызды. Сол үшін бала ананың құрсағына біткеннен бастап көңіл бөлу керек. Оны не үшін айтып отырмын? Өйткені бала дүниеге сау болып келу үшін анасының дені сау болуы керек. Медицинада сау анадан сау бала дүниеге келеді деген ұғым бар. Ол бекер айтылмаған, – дейді дәрігер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2023 жылғы есебіне сүйенсек, балалар арасында мына аурулар жиі кездеседі екен:

1. Респираторлық аурулар – ЖРВИ, тұмау, бронхит;

2. Аллергиялар – тағамдық аллергия, маусымдық аллергия;

3. Артық салмақ және семіздік;

4. Күйзеліс және психикалық мәселелер.

Тұмау, ЖРВИ (жедел респираторлық-вирустық инфекциялар) сияқты аурулар иммунитеті әлсіз балалар арасында көп тараған. Экологияның нашарлауы және дұрыс тамақтанбау балалар арасында аллергиялардың көбеюіне әкеліп жатыр. Фастфудтан, қантты көп тұтынғаннан семіздік, артық салмақ мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонымен бірге мектеп жасындағы балаларда күйзеліс пен мазасыздық жиі байқалады. Мұның себебін көп маман қозғалыстың аздығы мен гаджеттерді шектен тыс пайдаланудан көреді.

– XXI ғасырда баланы жоспарлау, жүктілікке дайында лу, баланы дүниеге әкелгеннен кейін оның денсаулығына, жетілуіне көңіл бөлу аса маңызды. Ерлі-зайыптылардың саналы шешім қабылдауы, ата-анасының ағзасын толық тексеруі, бала құрсаққа біткен кезден бастап оның дұрыс тамақтануы, ұйқысының дұрыс болуы, стресстен аулақ болуы, дәрумендерін уақытылы қабылдауы болашақ баланың қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Дей тұрғанмен қазір туабітті ақаулармен дүниеге келіп жатқан қаншама сәбиді кездестіруге болады. Оның себептері сан алуан. Мысалы, жүктілік кезінде анасының ЖРВИ-мен жиі ауруы, жүктілік токсикозы, түсік қаупі, мезгілінен бұрын босану, сәбидің салмағы 2500 граммнан аз болып тууы, сәбидің тұншығып тууы және туу барысында жарақат алуы, отбасы мүшелерінің ЖРВИ-мен жиі ауруы. Мұндай балаларға ерекше күтім мен дәрігердің бақылауы керек, – дейді педиатр.

Дәрігер айтқандай, қазір туабітті ақаулармен өмірге келіп жатқан сәбилер аз емес. Ал бала жүре келе қандай ауруға шалдығуы мүмкін? Назым Мұратқызы иммундық жүйенің әлсіреуі болашақта балаларда созылмалы аурудың пайда болуына әкелуі мүмкін екенін айтады:

– Егер де балалар инфекциялық аурулармен жиі ауыратын болса, дәрілерді ретсіз ішсе, оның ішінде антибиотикті жиі беру, дұрыс тамақтанбау, ұйқы режимінің бұзылуы, иммундық жүйенің әлсіреуі нәтижесінде болашақта балаларда созылмалы аурудың пайда болуына әкелуі мүмкін. Мысалы, жоғарғы тыныс жолдарының аурулары, созылмалы демікпе, мұрын-жұтқыншақтың созылмалы инфекциялық ошақтары, жүрек-қан тамыр аурулары, ішек-қарын жолдарының созылмалы аурулары (гастрит, колит, энтерит, холецистит, дискинезия, дисбактериоз және т.б), аллергияға бейімдік, зәр шығару жолдарының инфекциясы, сүйек-буынның созылмалы ауруларына алып келуі мүмкін.

Балалар денсаулығын қалай күтеді? Арнайы дәрумендер қабылдай ма? Мектеп оқушыларының пікірін білдік.

Альмара ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ, 10-сынып оқушысы: – «Денсаулық – зор байлық» деген сөзбен толықтай келісемін. Көпр адам ол сөздің мағынасын ауырмай тұрғанда біле бермейді. Қазір ақпарат көздері ашық, сол себепті әр оқушы өзін қызықтырған және мазалаған сұрақтарға жауап іздей алады. Мысалы, өз басым су ішкеннің денсаулыққа пайдалы екенін білемін. Сол себепті тұрақты түрде суды жиі ішуге көңіл бөлемін. Сабаққа да алып келемін. Одан бөлек жеміс-жидектерді де күнделікті өмірде пайдаланамын. Ерте ұйықтау, уақытылы тамақтану және суды көп ішу, үнемі қозғалыста болу адам денсаулығын жақсартады деп ойлаймын. Осы жолды ұстануға барша құрбы құрдастарымды, достарымды шақырамын.

Айнара БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 10-сынып оқушысы: – Денсаулық – адам өмірінің негізі. Ол бізге барлық нәрсені іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпы, мен денсаулығымды сақтау үшін әртүрлі жаттығулар жасаймын. Оған қоса таңертең бір стақан су ішуді әдетке айналдырып жүрмін. Әлеуметтік желідегі шығатын жарнамаларға онша қатты мән бермеймін. Жарнамадағы нәрселердің бәріне сене бермеу керек. Әр адам өз денсаулығына жауапты. Сол себепті дер кезінде спортпен шұғылданып, көп қимыл қозғалыс жасап, үнемі сергек жүрген адамның ұтылмасы анық. Әлбетте, денсаулықтың сыр беруіне бірнеше фактордың әсер ететіні сөзсіз. Дер кезінде дәрігерлерге қаралған адам шешімін табады.

Фариза РАХМЕТОЛЛА, 10-сынып оқушысы: – Тұзды тағамдарды көп тұтынатынымды мойындаймын. Күніне 10 грамм тұз қолданудың өзі өте зиян, меніңше. Қазір күніне 5 грамм тұз мөлшерінен асырмауға тырысамын. Себебі, денемде са рысу түзіліп, ісіне бастағанымды сезіп жүрмін. Сондай-ақ зиянды тағамдарды тұтыну тіске айтарлықтай зардабын тигізеді. Ол қазір көп жеткіншектің негізгі проблемасына айналған. Тіс емдету қымбат тұрады. Сондықтан тіске күтім жасаған жөн. Қазіргі заманда ауырмау мүмкін емес сияқты. Денсаулыққа жақсылап көңіл бөлетін уақыт та аз. Дегенмен әрқашан күтініп жүрген артық етпейді.

Тоғжан ШАРДӘУЛЕТҚЫЗЫ, 8-сынып оқушысы: – Денсаулығымды күту үшін ең бірінші кезекте дұрыс тамақтанудан бастаймын. Әлбетте, үш мезгіл тамақ ішу және де жеміс-жидек пен көкөністі жиі жеуге тырысамын. Спортпен жиі айналысам деп айта алмаймын, бірақ мүмкіндігінше кешкі 22:00-ден кейін ұйқыға жатуға тырысамын. Ұйқы режимінің дұрыс сақталуы маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Арнайы дәрумендер ішіп көрген емеспін, әлеуметтік желіде жарнамаланатын дәрумендерді де алып көрмеппін. Тек табиғи заттарды пайдаланамын.

Еркежан ҚАЗДЫБАЙ, 8-сынып оқушысы: – Денсаулығымды әрдайым бірінші орынға қоямын, барынша көп көңіл бөлемін. Мен үшін одан маңызды ештеңе жоқ сияқты. Арнайы дәрумендер ішіп, жаттығулар жасаймын. Денсаулықты күтуге байланысты арнайы ережелерді ұстанамын. Ми қабілетін жақсарту үшін Омега 3 дәруменін және иммунитетті көтеру үшін арнайы басқа да дәрумендерді ішіп жүруге тырысамын. Жарнамадағы заттарға мән бермеймін, тек дәрігердің тағайындаған дәрумендерін ғана ішемін. Қазіргі трендтегі жаттығуларды жасай бермеймін, тек өзіме ыңғайлы, тиімді жаттығуларды ғана жасаймын.

Дәрігерлердің пікірінше, балалардың физикалық және психикалық саулығы салауатты өмір салтына тікелей байланысты. Салауатты өмір салтына дұрыс күн тәртібі, сапалы ұйқы, физикалық белсенділік және эмоциялық тұрақтылық кіреді. Осылардың үйлесімі баланың жалпы денсаулығы мен болашақтағы өмір сүру сапасын қалыптастырады. Бұл пікірді педиатр Назым Мұратқызы да қуаттайды.

– Баланың иммундық жүйесін қалыптастыру үшін біз не істей аламыз? Барлығы қарапайым – тек қана баламен таза ауада жиі серуендеу, дұрыс тамақтану, режимді дұрыстау. Яғни баланың уақытында ұйықтауына көңіл бөлу керек. Жиі сұйықтық беру, салқыннан қорықпау, баланы қатты қалың киіндірмеу, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау, сырттан келгенде міндетті түрде қолды сабындап жуу, үйді ылғалды тазалау, бөлмені желдету, жақсы көңіл-күй сыйлау, балаға көңіл бөлу және де уақытылы вакцина алу, – дейді маман.

ДДСҰ-ның деректеріне сәйкес, балалардың шамамен 40%-ы жеткілікті физикалық белсенділікпен айналыспайды екен. Мамандар балалардың күнделікті серуендеуін, таза ауада ойнауын және спорт секцияларына қатысуын ынталандыру қажет деп санайды. Мысалы, күніне бар болғаны 30-60 минут физикалық белсенділік баланың бұлшық еттерін нығайтып қана қоймай, оның көңіл күйін жақсартуға және стресс деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Бала күнімізде үлкендердің «аяғыңды жылы ұста, ұлтарақсыз аяқ киім киме, жалаңбас жүрме, күртеңнің алдын шешпе, терлеп далаға шықпа» деген тыйымдарын көп естідік. Бәрін қатаң сақтамасақ та жалаңбас жүрмедік, аяғымызды жылы ұстадық, ұлтарақсыз аяқ киім кимедік. Содан да болар, қазір маусымдық ауру келгенде иммунитетіміз төтеп беріп жүр. Бұл кезіндегі ата-анамыздың ақылы, үлкендердің ескертпесінің пайдасы шығар деп топшылаймын. Бала кезден-ақ иммунитет қалыптастыруға көңіл бөлу керек. Бала денсаулығы ең алдымен отбасыдан басталады. Ата-ананың тамақтану мен тәртіпке қатысты әрекеті баланың болашақ өміріне тікелей әсер етеді. Бала денсаулығы – олардың болашақ өмірінің берік іргетасы. Сондықтан әр ата ана бала денсаулығын қорғауға уақыт арнап, үлкен күш жұмсауы керек. Дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану, дер кезінде тексеруден өту баланың сау әрі бақытты болып өсуіне ықпал етеді. Баланы салауатты өмір салтына баулу, спортқа қызықтыру – олардың денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы. Денсаулығы мықты бала – табысты ұлттың кепілі.

Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

5436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы