• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Қаңтар, 2025

«Ақ желкеннің» тұңғыш редакторы

Атақты австриялық жазушы Стефан Цвейг «XIX ғасыр басталысымен өмірге оттай жалындаған ұрпақ келді, бірақ жаңа ғасыр өзінің жастық шағын ұнатпады, жас өскіндерін өзінің темір шалғысымен шауып тастай бастады» деп жазған еді өзінің «Гёлдерлин» деп аталатын дүниесінде. Одан әрі ұлы қаламгердің шалқар ойының түйіні мынау: «Өмірге жалындап келген әсіресе ең батыл, ең рухты, ойшыл, арманшыл жастарды жүз мыңдап Наполеон соғысы алып кетсе, кейін түрлі ауру, түсініксіз жағдайларда, қапияда келген ажалдан баудай түсіп жатты. Олар Андре Шенье, Аполлон, Джон Китс, Шиллер, Байрон, Георг Бюхнер, Вильгельм Гауф, Леопарди, Беллини, Шуберт, Грибоедов, Пушкин секілді заманының заңғарлары еді. Олардың ешқайсысы да қырыққа жеткен жоқ, тек кейбіреулері ғана отыз жасқа жете алды; осылайша Еуропа бұрын-соңды көріп білген сыңғырлаған лирикалық көктемдердің ішіндегі ең көркемі бір мезгілде жойылды, табиғат туралы, ғаламның мейірбандығы туралы барлық тілде гимн айтқан жас жігіттердің осындай қасиетті шоғыры тас-талқан етілді».

XX ғасыр да дәл осы кепті киді. Төрткүл әлем, Еуропа, тіпті Азия құрлығындағы емес, өзіміздің қазақ даласындағы жағдайға көз салайықшы… Жаңа жүзжылдықтың тым қаталдығы жаныңды жабырқатып, мұңнан бас көтере алмайсың. Қазақтың өндірдей жастары алдымен патша жарлығымен майдан даласындағы қара жұмысқа шақырылды, қарсы шыққандары абақтыларда ажал құшып жатты. Одан кейін Қазан төңкерісі, байларды кәмпескелеу, ұжымдастыру деген желеу мен тоз-тозы шыққан даланы аштықтың алапат дауылы астаң-кестең етті. Адамдар мыңдап емес, миллиондап қырылды. Солақай саясат Алаштың ардақтыларына ауыз салды. Ұлттың саф алтындай ұл-қызы қуғын-сүргіннен, тосыннан келген безгек, өкпе ауруы сынды дерттерден, басқа да түрлі себептерден қыршынынан қиылды. Шәкәрім, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сұлтанмахмұт, Халел, Жаһанша, Ерғали… Олар тым көп, тізіп жазу мүмкін емес.

Жастық жалынымен болашаққа қарыштай қадам түзеген, жаны жақсылыққа, ғылым-білімге, өнерге құмар Ерғали Алдоңғаров та жасын дай жарқ етіп, бар болғаны 29 жасында өмірден озған сондай боздақтардың бірі болатын. Біз биыл жарық көргеніне 100 жыл толып отырған журналымыздың ең алғашқы редакторы болған, бүгінде есімі көмескі тартқан осы бір ғажайып жан туралы баяндағымыз келеді.

Тұңғыш редактордың өмір жолы

Ерғали Баймұхамедұлы Алдоңғаров 1901 жылы Қостанай облысының Шұбартеңіз ауылында дүниеге келген. 1910-1916 жылдары Троицкідегі алты жылдық орыс мектебінде оқып, одан кейін Челябідегі училищеде білім алады. Сол кездерде ақ қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, балаларға арнап «Балапан» атты қабырға газетін шығарады.

Зерттеу еңбектерге көз жүгіртсек, ең алғаш оқу ағарту саласында жұмыс істеп, кедей, жетім балалардың білім алуына, қазақ жастарының қоғаммен тығыз араласуына мұрындық болады. Жастар арасында драма үйірмесінің негізін қалап, өзі де бірқатар рөлдерді сомдаған деген деректерді де кездестіреміз. Әншілік қабілетімен де көзге түскен. Қазақ әнін жинақтаушы Александр Затаевичті ел ішіндегі әнші күйшілермен таныстырып, көп әнді бірге тапқаны да айтылады.

Осындай бір бойында сан түрлі өнер тоғысқан азамат ұстаздықты да, ел басқару ісін де, актер, әншілікті де емес, шығармашылықтың ауыр жолын таңдайды. 1926 жылы жарық көрген «Тілшілер құралы» деп ата латын кітабында: «Тілшілер өздерінің кім екенін аз білген сықылды. Міндеттерін де білмей келді. Бұлай болатыны, қазақ баспасөзі әлі жас, оның оқушылары да, жазушылары да кейінгі бір-екі жылдың ішінде ғана көбейіп келе жатыр. Рас, баспасөздің елге қандай мәнісі барын білу, баспасөзге хабар, мақала жазу оп-оңай жұмыс емес. Әуелгі кезде партияның, үкіметтің жәрдемі болмаса, газеттің басында отырған адамдар күшті болмаса, тілшілерді ұйымдастыру деген жұмыс әшейін бір қиял болып та қалуы мүмкін. Тілшінің көбеюі жалпы елдің сауатты болуына, жылма-жыл жұртшылық санасының өсіп, саяси пікірлерінің ашылуына тіреледі», – дейді Ерғали Алдоңғаров. Осы сөзінен ақ қаламгерлік жолды неге таңдағанын аңғаруға болады.

Жастар басылымдарының атасы

Ол «Пионер» журналына дейін бірнеше басылымның іргетасын қалауға атсалысты. Алдымен 1919 жылы жарық көрген «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті тілшілерінің бірі болады. «Газеттің алғашқы санында басқарманың «Оқушыларға» деген үндеу мақаласы, Ерғали Алдоңғаровтың «Сиезге әзірленіңдер» мақаласы мен ақын Бернияз Күлеевтің «Ұшқынға» атты өлеңі жарияланған» деген дерек келтіреді «Егемен Қазақстан» газеті («Ұшқыннан» «Егеменге» дейін», 2019 жыл). 1921 жылы атауы «Еңбекшіл қазақ» деп өзгерген осы газеттің редакция алқасына Ерғали Алдоңғаров та Мұхтар Әуезов, Әбдірахман Байділдин, Абдолла Асылбековтермен бірге мүше болып бекітіледі.

Сондай-ақ сол жылы жарық көрген жастарға арналған «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналында еңбек етеді. Журнал іргетасын қалаған Абдолла Асылбековтен кейін редакторлық қызметке кіріседі. Қазақ халқының ашаршылық жылдарындағы жағдайы туралы журналдың «Аштық бөлімі» деген арнайы айдарына алаш арыстары сол кездің ащы шындығын ашық жазды.

Осы жылы комсомол ұйымының ұйғарымымен Ерғали Ташкентке жіберіліп, жастардың «Жас қайрат» газетін шығарды. 1988 жылы «Пионер» журналының №1 са нында жарық көрген Темірбек Қожекеевтің «Жұлдыздай аққан жыр ғұмыр» атты мақаласында: «1921 жылы облыстық комсомол комитеті бюросының мүшелігіне сай ланып, жастар мен балалар баспасөзін дамытуға кірісті. Артынша комсомол орындары оны Түркістан жастарының «Жас Алаштан» кейінгі органы «Жас қайрат» газетіне редак тор етіп жіберді» деп жазады.

«Жас қайрат» газетінің жұмысын жолға қойғаннан кейін, Ерғалиды Орынборға қайта алдырып, «Жас қазақ» журналын шығаруды тапсырады. 1924 жылдың февралінен «Еңбекшіл қазақтың» төртінші беті аптасына бір рет шығатын жастардың бетіне айналдырды. «Лениншіл жас» деп аталған осы беттің де редакторы Е.Алдоңғаров болды» деп жазады Т.Қожакеев. «Қазақ совет баспасөзі тарихынан» (1962 жыл, Б.Кенжебаев, Т.Қожакеев) кітабында «Жастар баспасөзі» тақырыбымен жастар басылымдарының тарихына шолу жасалады. Сонда «Қазақ жастарының жиырмасыншы жылдардағы баспасөзі туралы жазғанда, Ерғали Алдоңғаровтың еңбегін айрықша айтпасқа болмайды. Өйткені ол – коммунист жастар одағына ең алдымен кірген, Қазақстандағы ұйымдас тырушы болған қазақ жастарының бірі... Ерғали – өзінің комсомол жұмысына араласқан күнінен бастап жастар баспасөзін: қазақ тілінде жастарға арнап кітаптар, газет, журналдар шығаруды қолға алған, соның ұйымдастырушыларының бірі, аса көрнектісі болған азамат. Ерғали Алдоңғаров қазақша, орысша мейлінше сауатты, өте білімді жас, талантты журналист, шебер ұйымдастырушы еді» деп жазады.

«Лениншіл жас» басылымы 1925 жылы өзінің мерейтойлық шығарылымында: «Ерғали төңкерістен бергі 5-6 жылын жастарды әдебиет арқылы тәрбиелеу жолында өткізді. Аз уақыт ішінде жастар әдебиетін жасасатын жаман қара балалардан жас тілшілер ұйымдастырды. Ұйымсыздық, сауатсыздық, отаршылдық, ұлтшылдық, сұрқиялық, баққұмарлықпен баспасөз арқылы күресті», – деп жазды.

Ол 18 жасында Республикалық Жастар одағының ұйымдастыру бюросының мүшесі болып, баспа ісін басқарды. «Еңбекшіл қазақ», «Өртең», «Қызыл Қазақстан», «Жас қайрат», «Жас қазақ» басылымдарының басы-қасында жүріп, ұйымдастырушылық қабілеті шыңдалған, қаламы қарымды журналист Ерғали Алдоңғаров 1925 жылы жарық көрген осы қолдарыңыздағы «Ақ желкеннің» түп-тамыры, яғни алғашқы шығарылымы – «Пионер» журналының да редакторы болды.

«Тарихтың жаңа бетін аштық»

Ерғали Алдоңғаров «Пионер» журналының бірінші санына «Саяси бөлім» деп аталатын айдармен жаңа журналдың бағыт-бағдары, көздеген мақсаты туралы «Тарихтың жаңа бетін аштық» деген тақырыпта мақала жариялайды. Оның өмір сүріп отырған қоғамды жақсы көргені, болашағының жақсы болатынына кәміл сенетіні осы мақаланың басталуынан-ақ айқын көрінеді:

«Үстіміздегі заман – бақытты заман. Бұл заман жалғыз үлкендер ғана емес, жастар ғана емес, кейінгі ұлан, балапандарымыз өз алдына отау тігіп, өзінше жаңа әлеумет тұрмысына, коммунизмге жету шараларын іздестіріп, күннен-күн ұйымдасып көбейіп, жалғыз жолмен бой түзеп келе жатқан заман» (Е.Алдоңғаров, «Тарихтың жаңа бетін аштық», «Пионер» журналы, №1, 1925 жыл). Әрі қарай жас жеткіншектерді тәрбиелеуде жастар баспасөзінің, әдебиетінің маңызы зор екенін айта келіп, журналдың осы бағытта атқарар рөліне тоқталады. Тәжірибелі редак тор «Пионерді» балалардың өнегелі замандасына қарап бой түзеуіне, өз-өзіне сын көзбен қарап, өз кемшілігі, қателігінен сабақ алуына, әдебиетке, шығармашылыққа құмар болуына дәнекер болған пайдалы басылымға айналдыра алды. Қаржы, кадр жетімсіздігіне қарамастан, жоқтан бар жасай жүріп, жаңа басылымды дамыта түсті. Жазу-сызуға бейім жеткіншектерді журнал ісіне тартты. Алаш қайраткерлерінің шығармаларын да жариялатты. Тілшілер қатары толығып, жер жерде пионер ұйымдарының жұмыстары жанданды. Құрақтай болып қаулап өсіп, келешекке зор сеніммен бой түзген жастардың алдыңғы легінде андағайлап Ерғали Алдоңғаров көрінді.

Жарқ еткен жасын ғұмыр

Баспасөз саласындағы тынымсыз еңбегі оны ауыр дертке шалдықтырды. 1928 жылдан бастап жабысқан өкпе ауруы асқынып, 1930 жылдың мамырында қаламгер өмірден озды. Ғұмырының соңғы жылдарында ол еңбек жолын бастаған «Еңбекші қазақ» (бұл басылым 1925 жылға дейін «Еңбекшіл қазақ» аталған) газетінде қызмет етеді. Бүгінде Ерғали Алдоңғаровтың есімі әлдебір жиындарда тілге тиек болғанмен, бейнесі жадымыздан көше бастаған... Оның еңселі ескерткіші де, ауыл, қалаларда есімі берілген көше де жоқ… Бірақ «Ақ желкені» бар! Ғасыр жасаған журнал барда Ерғали Алдоңғаров есімінің ұмытылуы мүмкін емес.

«Болашақ» бағдарламасының идеясы

Ерғали Алдоңғаров – қай басылымда қызмет етсе де, мақала, очерк жазып, жариялап, шығармашылықтан бір сәт қол үзбеген қаламгер. «Ерғали мақала, очерктермен қатар фельетон, көркем әңгімелер де жазатын. Оның әңгіме, фельетондары да көбінше жастар, пионерлер туралы, солардың тәлім-тәрбиесі, мінез-қылығы, іс-әрекеті, міндеті туралы болып келетін» дейді Бейсенбай Кенжебаев («Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті», Алматы, 1961 жыл). Белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы өз еңбегінде қазақтың «Ұшқын», «Тілші», «Жас қайрат» сияқты мерзімді басылымдарының жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің қалыптасуында ерекше орны болғандығын атап өтеді («Алаш және әдебиет» кітабы, 338-б). Қазақ баспасөзінің тарихын зерделеген осындай еңбектерде Ерғали Алдоңғаровтың қайраткерлігі мен қаламгерлігі туралы деректер көптеп кездесті. Бұл қазақ журналистикасының да, әдебиеттің де дамуына Ерғали Алдоңғаровтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенінің куәсі.

2021 жылы «Ақиқат» журналының оқырманына жол тартқанына 100 жыл толуына орай өткен алқасөзде белгілі тарихшы Хангелді Әбжанов Ерғали Алдоңғаровтың Смағұл Сәдуақасовпен бірлесіп жазған хаты барын, оның тарихта «Үшеудің хаты» болып қалғанын тілге тиек етеді. «Ол хатты мен архивтен тауып едім. Жастардың «Өркен» деген газеті болған. Сонда «Үшеудің хаты» деп жарияладық. Сол хатта осы Ерғали Алдоңғаров қазіргі «Ақиқат» шыққан 1921 жылы қазақ жастарын Германияға оқуға жіберуге ұсыныс жасайды. Бүгінгі «Болашақ» бағдарламасының идеясы осыдан жүз жыл бұрын, сонау 1921 жылдары айтылған! Яғни осы журналдың басы қасында жүрген азаматтар халқының болашағын да, кешегісін де, қуанышы мен ренішін де жақсы білген» дейді тарихшы («Ақиқаттың» тарихы – қазақтың қуанышы мен қасіретінің тарихы», «Ана тілі» газеті, 1921 ж.)

Қаламгердің басылымдарда жарияланған мақалаларынан бөлек бірнеше кітабы да бар. Оның бірі 1922 жылы жарық көрген «Ауыл ұйымдарына жолбасшы» кітабы болса, екіншісі – жоғарыда айтып өткен, 1926 жылы жарық көрген «Тілшілер құралы» деп аталатын еңбегі. Бұл кітапшалар қазір Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорында сақтаулы. Жарқ еткен жасын ғұмыр Баспасөз саласындағы тынымсыз еңбегі оны ауыр дертке шалдықтырды. 1928 жылдан бастап жабысқан өкпе ауруы асқынып, 1930 жылдың мамырында қаламгер өмірден озды. Ғұмырының соңғы жылдарында ол еңбек жолын бастаған «Еңбекші қазақ» (бұл басылым 1925 жылға дейін «Еңбекшіл қазақ» аталған) газетінде қызмет етеді. Бүгінде Ерғали Алдоңғаровтың есімі әлдебір жиындарда тілге тиек болғанмен, бейнесі жадымыздан көше бастаған...

Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2024

763 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы