- Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
- 31 Желтоқсан, 2024
Уикипедияшы Рахман

Астана қаласындағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Рахман Төрегелді – Қазақстандағы ең мықты уикипедияшылардың бірі. Яғни ол ғаламтордағы ашық энциклопедияның қазақы мазмұнын байытушы бірден-бір азамат. Рахманның анасы Мақпал Жұмабай поэзия әлеміне өзіндік үнімен, мақамымен келген ақын екенін оқырман жақсы біледі. Мақпалдың қазақ тілінің жаһандық жаңалықтар көшіне ілесуіне барын салып, керемет бастама көтеріп жүретініне сүйсінетінбіз. Жақында Шымкентке барған сапарымызда ол ұлы Рахманның Уикипедияға мазмұн қосуға қатты тырысып жүргенін айтып қалды. Біз де Рахманның бұл қырын ашуға тырысып, бірнеше сұрақ қойдық.
– Мен бұрыннан бері Уикипедияны қолданушы ретінде тұтынатынмын, – дейді Рахман. – Бірақ бір күні анаммен сөйлесіп отырып, Уикипедияның әркім өз үлесін қоса алатын ашық энциклопедия екенін білдім. Сол кезден Уикипедияда қалай мақала жазу керегін зерттей бастадым. Алғашында қиын болған, бірақ әкімшілердің көмегінің арқасында сапалы мақала жазып үйрендім. Әкімшілер – Уикипедия ережелерінің сақталуын қадағалайтын адамдар. Оларды қатысушылар сайлайды. Олар жаңадан келген қатысушылардың қатесін түзеп, кеңес беріп отырады. Өзара әңгіме қатысушылардың талқылау бетінде өтеді. Яғни бұл процестің бәрі онлайн жүзеге асады. Уикипедияшы болам деген кез келген адамға ыңғайлы әрі қолжетімді формат осы.
Дегенмен Уикипедияны парақтаған әрбір тұтынушы қазақ тіліндегі ақпараттың тым аз екенін бірден сезінеді. Рахман да әу баста сондай күй кешті. «ҚазУикиде ақпараттың аздығы қатты сезіледі. Осы жағдайды кішкене болсын түзеу үшін Уикипедияда мақала жазуға шешім қабылдадым» дейді ол. Шындығында, осындай жаһандық игіліктерді әншейін тұтынып, былай шыға бере «қазақ тілі ғылым тілі, ақпарат тілі болуға жарамайды» дейтіндер қаншама!.. Рахман, керісінше, жаңалықты өзі жасаушы болуға бел шеше кірісіпті. Ол «қашан интернет әлемі қазақша толығады?» деп күтіп отыра беруді тіпті ұят санайды. Талапты жас бүгінде Уикипедия беттерін түрлі тақырыптармен толықтырып жүр. Футбол, тарих, кино, саясат, т.б. тақырыптарды өзі алдымен жақсылап зерттеп алып, әбден тексерілген мәліметтерді орналастыруға тырысады.
– Бұған дейін жарияланған мақалаларды да жетілдіріп отыруға тырысамын. Елеусіз қателерді түзеймін және мақалаларды уикилендіремін (уикипедия ережесіне сай безендіремін). Мәліметтерді ағылшынша беделді БАҚ-тардан, платформалардан аламын және шеттілді уикимақалаларға назар аударамын. Дереккөзді міндетті түрде белгілеймін. Бұл – ақпараттың ақиқатын растайтын шарт. Ақпараттың растығы – тұтынушы үшін ең маңызды қажеттік, – дейді Р.Төрегелді.
Рахман бұл шаруаға күніне кем дегенде екі сағатын арнауға тырысады. Ал тұрақты түрде айналысқанына екі жыл болды. «Қазір Уикипедиядағы қазақша мәліметтер көлемі қанша екенін салмақтай аласың ба? Қазақ тілі мәліметтің көптігі-аздығы жөнінен қай шамада?» деген сұрағымызға ол: – Қазақша Уикипедияда, өкінішке қарай, ақпарат өте аз. Жақсы қамтылған тақырыптар бар (Қазақстанға байланысты тақырыптар), бірақ кей тақырыптар туралы мүлде ақпарат жоқ. Сол себепті де мен әртүрлі сала туралы жазуға тырысамын. Әсіресе, жоқ тақырыптарды қамтуға күш саламын. Өзіме қоятын бір талабым – ол тақырып маған ұнап, қызықтыруы керек. Мысалы, Германия тарихын жан-жақты ашып, тарихи кезеңдері, патшалықтары туралы бірнеше мақала жаздым. Көпшілік ұнатып көретін «Тақтар таласы» сериалына 100 ден астам дереккөзді қолданып, мақаланы жаңарттым. Футбол жұлдыздары туралы да ақпараттарды толықтырып отырамын. Қазіргі кездегі көпшілік іздейтін ақпараттарды жазу арқылы қазақ тілінің бәсекеге қабілеттігін көрсете аламыз.
Әрине, біздің қазақ Уикипедиясының мәселелері баршылық. Орыс, ағылшын Уикипедиясында редакторлар қатарында ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, профессорлар бар. Ал бізде бұл жағы кемшін. Бұл жалпы қоғамның, ғылыми ортаның, мамандардың платформа әлеуетіне сенбеуі деп ойлаймын. Осы көзқарасты өзгертуге тырысуымыз керек. Мәселен, эсперанто деген ойдан шығарылған тіл бар. Ол бар болғаны 1887 жылы пайда болған. Бірақ осы тілге арналған Уикипедиядағы мақалалар саны біздікімен шамалас. Эсперантода 2 000 000-ға жуық адам сөйлейді. Бірақ соның өзінде олар бізбен теңесіп тұр. Өзбекстанда Уикистипендия деген мемлекеттік бағдарлама бар. Бұл жоба өзбек тіліндегі интернеттегі контентті көбейтіп, сапасын көтеру үшін жасалған. Ол ел президенті Шавкат Мірзияевтың қаулысымен бекітілген. Жобаның екі маусымында өзбек Уикиінде 85 000 сапалы мақала жазылды. Бізге де осындай бағдарламалар керек деп ойлаймын, – деп жауап берді.
Қазақ тіліндегі ақпаратты тұтынушылардың кім екенін саралау қиындау. Сонда да Рахман өз үлесінің қазақтілді ортаға пайдасы барына сенімді. «Мақала қаралымының санын көруге болады. Бірақ кімдер көбірек қарайтынын білу мүмкін емес. Уикипедияны көбі анонимді түрде қарайды. Тіркелгендер де көбіне жеке ақпарат қалдырмайды» дейді ол. Бір қарағанда, бұл әншейін әуестік сияқты. Бірақ бір мақаланы толық жазу үшін немесе бұрыннан бар мақаланы толықтыру үшін Рахманның қаншалық ізденетінін, қанша сенімді деректерге сүйенетінін ескерсек, оның бұл әрекетін жанкештілік деуге де болар еді. Ең бастысы, жас талап бұл үшін ешқандай ақы да алмайды.
– Маған Уикипедия білім, ғылыми мақала жазу, ақпарат іздеу дағдысын берді. Уикипедиядағы әр өңдеу сайын, әр жазған мақаламнан кейін мен бір үлкен жобаға, үлкен идеяға қатысым бар екенін сезінемін. Ғаламтордағы қазақ тілін дамытуға үлесімді қосып жатырмын деп санаймын. Қазірге дейін толыққанды 70-ке жуық мақала, 2300-ден астам өңдеу жасадым. Белсенділігім бойынша қазақ тіліндегі ондықтың ішінде жүрмін, – деп көңіл тоғайтады ол. Өзің атқарған шаруаның елге пайдасы тиіп жатқанынан рақат алу деген осы болар!
Қазақстанда қазақша Уикипедияны тұрақты толықтырып тұратын адам санын нақты білу қиын. Дегенмен олар тым көп те емес. Рахманның айтуынша, белсенді қатысушылар – өте қарапайым жандар. «Біз мақала жазғанда, сайттағы талқылауларда өзара байланыста боламыз. Кез келген қатысушының талқылау парақшасына сұрақ қалдырсаң, міндетті түрде жауап береді» деп қорытты ол бұл жайлы. Ал мектеп бітірген соң Рахман өзі таңдаған салаға толық мойын бұрып, Уикипедия толтыруды кешеуілдетіп алмай ма? Қанша дегенмен, негізгі шаруалар да мойын бұрғызбауы да мүмкін ғой. Бұған қатысты Рахманның ойы бізге қатты ұнады.
– Мен мектеп бітіріп жоғарғы оқу орнына түскенде де, Уикипедияны жазуды тоқтатпаймын деп ойлаймын. Өзім таңдаған сала бойынша өте толымды мақалаларды жаза алатын деңгейге жетемін. Кәсіби маман болғанда мақалаларымның сапасы арта түсері анық, – деп сенімді жауап берді. Ал өзі сияқты Уикипедия толтыруға қызығатын балаларға Рахман қандай кеңес айтады?
– Айтып өткенімдей, Уикипедия мүшелерінің көп бөлігінің жас деңгейі маған белгісіз. Бірақ онда балалар бар екеніне сенімдімін. Олар еш берілмей Уикипедияны дамыта берсе екен деп өтінер едім. Ал қызыққандар болса, бізге көмектесуге шақырамын. Өзім болсам, әр уикипедияшыдан жаңа білім үйреніп келемін. Әрине, еліміздің әлеуеті Уикипедиямен өлшенбейді, дегенмен интеллектуалды мүмкіндігіміз, халқымызға қатысты ақпараттардың қазақ тілінде болуы немесе жалпы әлем туралы ақпараттың қазақ тілінде болуы біздің бәсекеге қабілетімізді, тіліміздің қолжетімділігін білдіреді деп ойлаймын. – Уикипедияшы Рахманның ойы осындай.
Өзі атқарып жатқан мықты шаруаны жарнамалай бермейтін, үнсіз тындыратын, сөйтіп, қазақтың бір кетігін жамап жүретін тұлғалар бар. Рахман солардың жақсы жолымен келе жатыр. Ел үшін адал көңілмен атқарған әрбір іс болашақта бәрібір еленбей қалмайды.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2024

672 рет
көрсетілді0
пікір