• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 31 Желтоқсан, 2024

Маң даланы жаяу кезген Марғұлан

Марғұлан Ермағанбетұлы – ультрамарафоншы, «Басқару» қорының жетекшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Жалғыз өзі Алтай мен Атыраудың арасында жүгіріп өткен. Бұдан бөлек, қасына өзі секілді ультрамарафоншыларды жинап, 2023 жылы Қазақстанды айналып жүгіріп шыққан. Астанада тұратын Марғұлан Ермағанбетұлымен Шымкентте жолығып, «неге ұзақ қашықтыққа жүгіруді таңдады, қандай мақсаты бар, бұл әуестік оған не береді», т.б. сауалдарымызды жаудырып, әңгімесін жазып алған едік.

Алтай мен Атырау арасында...

Жазушы Уинстон Грумның романы бойынша түсірілген, әлемдік кинематографияның алтын қорына енген «Форрест Гамп» деген фильм бар. Классикалық туынды. «Оскар» жүлдесін 6 рет иеленген. Осы фильмді көргеннен кейін жүгіруге деген ерекше махаббатым ашылды. Алғаш іссапармен Мәскеуге барғанда жүгіріп көрдім. Одан кейін еш дайындықсыз Астанадағы марафонға қатысып, 42 шақырым жүгірдім. Жалпы, тоғыз жасымнан бастап самбо, дзюдо күресімен айналыстым. Ұлытау өңірі табиғаты керемет, әдемі жер ғой. Жаттығу кезінде тауға қарай ұзақ жүгіретінбіз. Осылайша физикалық тұрғыдан шынығып, жүгіру базасы бала кезімнен қалыптасты. Әлі күнге дейін ардагерлер арасында күресемін.

Жұмыс бабымен еліміздің барлық өңірін араладым, шетелге көп шықтым. Ел көріп, жер таныған сайын «өзіміздің кең байтақ жерімізді, көркем табиғатымызды қалай насихаттасам екен, туристік өлкеге айналдыру үшін не істеу керек?» деген секілді сан ойлар миымнан шықпай, мазалайтын. Көп ойланып, екі жыл дайындалып, жүгіру мәдениеті мен ішкі туризмді насихаттау үшін Алтай мен Атыраудың арасында жүгіремін деп шештім. Оған дейін 4 үлкен марафонға (42 шақырым), 2 триатлонға (қыста жүгіру, вело, шаңғы; жазда жүзу, вело, жүгіру) мен 3 дуатлонға (жүгіру, вело, жүгіру) қатыстым. Күнде 10 шақырым жүгіріп, дайындығымды әбден пысықтадым.

Сөйтіп, 2022 жылы сәуірдің соңғы күндерінің бірінде Астанадан Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданына жолға шығып, елімізде автостоптың қалай дамығанына көз жеткізу үшін жолай кездескен көліктерге қол көтеріп, жөнімді айтып, тегін жеттім. «Алтай мен Атырау арасын жүгіріп өтемін» деген мақсатымды орындау үшін жалғыз жолға шықтым. 2 мамыр – өмірімдегі тарихи күндердің бірі. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, шығарып салды. Қасымда басқа адам жоқ, сөмкем жоқ, көлік жоқ, «жалғыз жүгіремін» деген мақсатымды естіген олар біраз таңғалды. Ауыл жігіттері, спортшылары келесі ауылға дейін менімен бірге жүгіріп, қолдау көрсетті. Қатон-Қарағай ауданының сол кездегі әкімі Ділдар Қалихан бес шақырым бірге жүгіріп, жалпы өңірдегі спорт пен туризмнің дамуы жайында сұқбат берді.

Менің мақсатым – тек жүгіріп ғана қоймай, жер жердегі ауылдардың спорты, туризмі қалай дамып жатқанына көз жеткізу. Осы арқылы ұлан-ғайыр жеріміздің сұлулығын насихаттау, адамдарды спортпен айналысуға, өз денсаулығына немқұрайды қарамауға шақыру. Қолымдағы картаға қарап, ауылдардың арақашықтығына байланысты 50-80 шақырым жүгіремін деп белгілеп аламын. 25 күн ішінде 100-ден аса ауылды басып өттім. Ауыл адамдарының қонақжайлығына, кеңпейіліне куә болдым.

Сапардың өзіндік қиындықтары да болды. Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл аумағынан өтіп, Қостанайға жақындағанда трассамен емес, жол қысқарту үшін жазық дала, яғни егін алқабымен жүгіруді таңдадым. Біраз жер жүгірген соң, байланыс ұстамай, адасқанымды сездім. Су жоқ, жөн сұрайтын бір адам жоқ. Әйтеуір кешке қарай егін шаруашылығымен айналысатын, жер жыртып жүрген адамдарға кезіктім. Шынында да оңтүстік бағытқа қарай кетіп, адасыппын. Олар маған жол көрсетіп, трассаға бағыттап жіберді. Бір кезде әлсірей бастадым. Оның үстіне жаңбыр астында қалып қойдым. Елді мекендер де кездеспеді. Осылайша арып азып, Ақтөбенің шекарасына келгенімде бір КамАЗ-дың тоқтап тұрғанын көрдім. Қарбыз артып, Ресейге өткізуге апара жатқан Жетісайдың жігіттері екен. Олар маған қамқорлық танытып, айран, шұжық және қарбыз берді. Қарным аш болғандықтан еш нәрсеге қарамай үшеуін араластырып жеп алдым да, ары қарай жүгіріп кеттім. Екі шақырымнан кейін жағдайым нашарлай бастады. Сонда да тоқтамай он шақырым жүгіріп, алдымдағы ауылға жетіп алдым. Ауыл азаматтары мен әкімі күтіп алды. Бірден Хромтау қаласының ауруханасына апарып, анализ тапсыртты. Температурам 39-дан түспей қойды. Сөйтсем, ағзама ерте көктемде дәріленіп піскен қарбыздан инфекция түскен екен. Бірнеше күн ауруханада жатуға тура келеді. Дәрігерлер ары қарай жүгіруге болмайтынын айтты. Осылайша Атырауға дейін жүгіремін деген арманыма жетпей, Ақтөбе өңірінде марафонды аяқтадым. Негізі, ары қарай 600-700 шақырым жол қалған еді, ары кетсе бір апталық жүгіріс. Бірақ денсаулығыма мән беріп, 1800 шақырымнан кейін жүгірісті тоқтатуға тура келді.

Қазақстанды айналып жүгіріп шығу арманы қалай пайда болды?

Біраз уақыттан кейін ішімде тағы бір арман пайда болды. «Nomad run» қозғалысының аясында команда жинап, 7500 шақырымды айналып, Қазақстанның ішін жүгіріп өткім келді. Жер-жерге сұрау салып, идеямды ортаға салдым. Осылайша Қостанайдан – Дмитрий Каптел мен Меңдібай Әлімғазинов, Өскеменнен – Тоқтар Ғалымжан, Семейден Медғат Демежан қосылды. Ең үлкеніміз Меңдібай аға болды, жасы 55-те. Біз алыс қашықтыққа жүгіру арқылы халық арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосуды көздедік. Сапарды Астанадан бастап, Ақтауда нүкте қоямыз дедік. Елдің ішін жаяу аралап шыққан 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашов ағамыз бағытымызды сызып берді. 7500 шақырымды бес адамға бөлдік. Сол кезде әр адамға 1600 шақырымнан келді. Біз норматив қойдық, бір адам бір күнде 50-100 шақырым арасында жүгіріп отыру керек. Жалпы, 250-300 шақырым басып өтуіміз керек болды.

2023 жылдың мамыр айында «Бәйтеректің» маңынан жолға шығып, ай соңында Каспий жағалауында нүкте қойдық. Бір ай ішінде 18 қала мен аудан орталығын, 100-ден аса ауылды басып өттік. Жастармен кездестік, «біз де жүгіріп, спортты серік еткіміз келеді» десті олар. Көздерінен ұшқын көрдік, армандарын, мәселелерін тыңдадық.

Жастар, кей ауылдың әкімдері мен азаматтары, спорт басқармасының басшылары, спортшылар бізді көк тумен, алаулатып жалаулатып қарсы алды. Жалпы, мұндай марафондар, әлемдік спорт сайыстары адамдардың басын біріктіреді. Елдің көрікті аймақтарын жарнамалап, турист тартуға таптырмас алаң. Әрине, өзіндік қиындықтары болады: аяғың күп болып ісіп кетеді, саусағың қажалады, шаршайсың, қолайсыз ауа райына тап боласың. Бірақ өз мақсатыңды анық білген кезде, ол қиындықтың бәрі бір шетте ысырылып қала береді. Бізде ережесіз жекпе-жек өнері, бокс, т.б. жекпе-жек спорт түрлері жиі насихатталып, бұқаралық спорт, жүгіру кенже қалатыны алаңдататын. Сосын «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғап, біздерге аманат етіп қалдырған жерлерді аралап, танудың орнына, шабаданымызды арқалап, шетелге асығамыз. Өз табиғатымызға, тауларымызға, сарқырамаларымызға, жазық даламызға, шөлімізге, шатқалдарымызға, гүлдерімізге сүйсінбейміз. Сол себепті де ішкі туризм мен спорттың дамуына аз да болса үлесімізді қосайын деп осындай қадамға бардым. Біздің осы ультрамарафонымыз Қазақстан рекордтар кітабына тіркелді.

Қазақ – қонақжай халық

Бұған осы екі сапар кезінде анық көз жеткіздім. Жолай өтіп бара жатқан көліктер тоқтап, «бізге мініңіз, баратын жеріңізге дейін жеткізіп тастайық» дейтіндер көп болды. Мақсатымды естіген соң, көліктерінде бар тағамын, сусынын қолыма ұстатып кетеді. Сондай ақ үлкен трассада жүретін жол полициялары да көп көмектесті. Бірде түнгі 23:00-де жүгіріп келе жатқанымда, екі жол патрульдік полиция қызметкері тоқтатты. Сөйтсем, түн ішінде автобанда жүгіруге болмайды екен. Мен білмеппін. Бұл жағдайда ескерту жасалады немесе айыппұл салынады. Полиция қызметкерлері менің мақсатымды білгеннен кейін қолымды алып, Павлодардың бір кафесіне апарып, қонақ қып күтіп жіберді.

Тағы бірде аяғымдағы қымбат, жаңа кроссовкамның шеті жыртылып қалды. Сонда Екібастұздың желаяқ жігіттері күтіп алып, қоярда-қоймай дүкенге ертіп барып кроссовка сатып алып берді. Сол аяқ киіммен соңына дейін жүгіріп шықтым. Ал таныс достарым қарсылығыма қарамай бір күнде 100 000 теңге жинап берген. Павлодар облысының Аққулы ауданы, Жамбыл ауылында 74 жастағы Өмірзақ аға велосипедімен жолға шығып, түнгі 12-де қарсы алған. Үйіне апарып ет беріп, екі сағат бұқаралық спортты дамыту жайында әңгіме айтты. Өзі де ауыл ішінде жастарға неше түрлі спорт сайыстарын өткізіп, насихаттап жүрген жан. Әр ауылда осындай Өмірзақ ағалардай спортқа шынайы жаны ашитын үш-төрт адам болса, әлдеқайда алға кетер едік.

Өскемен маңындағы бір ауылда да таңертең тұрсам, мен тоқтаған үйдің иесі иісі мұрныңды жаратын шелпек пісіріп қойыпты. Сондай адамдардың ниетін көріп, жақсылығын сезінген соң тоқтағың келмейді. Ендігі арманым – бүкіл Еуропаны аралап жүгіріп шығу. Жалпы, марафонда бокс, күрестегідей қарсыласыңмен күреспейсің, өзіңмен күресесің. Өзіңнің қорқыныштарыңмен, жалқаулығыңмен күресесің. Осылайша ерік-жігерің шыңдалады, физикалық, психологиялық тұрғыдан мықты бола түсесің. Өмірдегі қиындықтарға тез сынып қалмай, төзе білуді үйренесің. Сондықтан жас достарыма, бүгіннен бастап, аяғына кроссовка киіп, жүгіруді бастап кетуді ұсынамын. Өзімнің екі ұл, екі қызым бар. Олар да менімен бірге жақын қашықтыққа жүгіреді. Біз уақытымызды ойын сауық орталықтарынан гөрі саябақтарда, табиғат аясында жиі өткіземіз.

Жазып алған Әйгерім БЕГІМБЕТ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2024

691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы