- АҚ ЖЕЛКЕН
- 24 Қаңтар, 2025
Қой өсірсең, дронмен өсір

Өткен жылдың қараша айында республикалық басылымдарда маңғыстаулық өрендердің жаңа стартапы туралы тамаша жаңалық жарияланды. Ақтаулық оқушылар Асылжан Абуллаев пен Мәдина Абдула төрт түлік малды өрістен бақылайтын робот-шопан ойлап тауыпты. Өздеріне хабарласқанымызда, Мәдина бұл жаңалық туралы өзі баяндап беруге қуана келісті.
Q-AGRO стартапы: бастама
Біз алты ай бұрын Q-AGRO стартапын бастадық. Бұл ерекше жоба, ол малшылардың (шопандардың) жұмысын жеңілдету үшін жаңа технологияларды пайдаланады. Біздің командада қазіргі кезде 6 студент, 2 оқушы бар. Алғашқы қадамымыз Caspian Startup Battle деген үлкен жарыстан басталды. Сол сында біз дрондарымызды алғаш рет көпшілікке таныстырдық. Біз үшін бұл маңызды болды, себебі, идеямыз басқа адамдарға ұнады және қолдау тапты.
Q-AGRO дегеніміз не?
Бұл – толық экожүйе. Оның негізгі бөлігі – жасанды интеллект (AI) және YOLO Computer Vision v11m моделі. Бұл модель арнайы камералар арқылы малды бақылап, олардың орнын анықтайды. Осылайша, шопандардың жұмысын автоматтандырады, яғни олар қолмен емес, технологияның көмегімен жұмыс істейді.
Жобаның негізін қалаушылар
Асылжан Абдуллаев – Q-AGRO стартапының негізін қалаушы. Ол – үш мәрте Қазақстан чемпионы және Zhongguancun World Competition әлем чемпионатының вице-чемпионы. Сонымен қатар eKömek стартапының негізін қалаушы және Astana IT University студенті. Асылжан Қызылорда қаласындағы ұлдарға арналған БИЛ лицейінде оқыған. Ол әлем және Азияның жетекші университеттерінен 6 шақыру алған.
Мәдина Абдула – Q-AGRO стартапының аймақтық үйлестірушісі. Ол республикалық деңгейдегі көптеген конкурстардың жеңімпазы. Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Оның ұйымдастыру қабілеті мен табандылығы стартаптың дамуына ерекше үлес қосып келеді.
Жобаның маңызды жетістіктері
• Future Engineers, Caspian Startup Battle, Startup Battle, Zhongguancun World Competition секілді беделді жарыстарда І және ІІ орындарды иелендік.
• Біздің команда Johnette Global India компаниясының штаб-пәтеріне сапарға жолдама ұтып алды. Бұл әлемге әйгілі дрондарды әзірлейтін компанияның тәжірибесімен танысуға үлкен мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда Q-AGRO: • Astana IT University-дің бизнес-коворкинг резиденті;
• Enactus AITU және FabLab AITU-дің ресми серіктесі;
• Назарбаев Университеті, NURIS және Enactus Kazakhstan ұйымдарымен серіктестік орнатқан.
Болашақ жоспарларымыз
1. Дрондарды жетілдіру Біз дрондарымызды одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Олар тек малды бақылап қана қоймай, денсаулығын тексеріп, қауіп-қатерді анықтай алатын деңгейге жетуі керек.
2. Республикалық деңгейге шығу
Қазіргі таңда біз бірқатар серіктестермен жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта Q-AGRO-ны бүкіл Қазақстанға танытып, ауыл шаруашылығында басты құралға айналдырғымыз келеді.
3. Халықаралық нарыққа шығу Қазақстанда жетістікке жеткеннен кейін, жобамызды шетелге таныстыруды жоспарлап отырмыз. Әсіресе, мал шаруашылығы дамыған елдерге (мысалы, Австралия, Бразилия, АҚШ) шығу маңызды.
4. Инвестиция көлемін арттыру
Қазір біз 6 миллион теңге инвестиция тарттық. Болашақта 50 миллион теңгеге дейін қаржы жинап, өндірісімізді кеңейтуді жоспарлаймыз.
5. Ғылыми зерттеулер
Жобамызды ауыл шаруашылығында қолдану арқылы жаңа технологияларды зерттеп, инновациялық шешімдер енгізуді жалғастырамыз.
6. Кадрларды дамыту
Команда мүшелерінің біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту бағдарламаларына қатысамыз. Сонымен қатар жаңа таланттарды іздеп, оларды Q-AGRO-ға қосамыз.
7. Әлеуметтік әсер
Біздің мақсатымыз – ауыл шаруашылығын тиімді ету ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту. Бұл технология шопандарға уақыт пен күшін үнемдеуге көмектеседі.
Неге Q-AGRO ерекше?
Q-AGRO – стартап қана емес, Қазақстан ауыл шаруашылығының болашағы. Ол шопандарға көмектеседі, жұмысын жеңілдетеді және тиімділікті арттырады. Біздің стартаптың басты мақсаты – еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа технологиялар арқылы дамыту.
Мәдина АБДУЛА,
НЗМ оқушысы
«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2024

4097 рет
көрсетілді0
пікір