• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Қаңтар, 2025

Жеңімпаз Оралда тұрады

«Ақ желкен» журналы екі жылдан бері оқырмандар арасында танымдық викториналар ұйымдастырып келеді. 2023 жылы «Қайталанбас сәт» фотобайқауын оқырмандар жылы қабылдап, белсене қатысты. Ал 2024 жылы мерейтойлары аталып өткен белгілі тұлғаларға арналған «Қазақтың нар тұлғалары» байқауы ұсынылды. Наурыз айынан басталған байқау жыл соңына дейін жалғасты. Оған қатысқан әрбір жанашыр оқырманға алғыс айтамыз. Дегенмен қатысушылар саны біз күткендей көп болмағанын да жасырмаймыз. Алғашқы кезеңдерге қатысып, кейін төбе көрсетпей кеткендер де, ортасында бір жалт етіп жоқ болғандар да, кейінгі екі-үш турына ғана қатысқандар да болды. Ал байқаудың қамту аймағы мейлінше кең болғанына қуаныштымыз. Қысқаша айтқанда, Алтай мен Атырау арасындағы жеткіншектер толық бақ сынап көрді деуімізге болады. Екі жыл қатарынан «Ақ желкеннің» байқауына Ғабиден Құлахмет атындағы қоғамдық қор және Med365 компаниясы демеушілік танытып келеді. Қор жетекшісі Ғазиз Құлахмет мырза биыл да дәстүрден жаңылмай, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар балаларына 2025 жылға «Ақ желкен» журналын жаздырып беру үрдісінен айныған жоқ. Ғазиз мырзаға оқырмандар атынан алғыс білдіре отырып, барлық ісіне сәттілік тілейміз. «Қазақтың нар тұлғалары» викторинасы Фариза Оңғарсынова, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Бердібек Соқпақбаев, Шәкен Айманов, Әбілхан Қастеев, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллин сияқты ел ардақтыларына арналды.

І ОРЫН – Сәбина ТҰРҒАНБЕКОВА (85 ҰПАЙ)

Орал қаласы, №50 мектептің 9-сынып оқушысы. Сәбина ІІ және ІІІ турларда сәл тізгін тартқандай болғанмен, кейінірек әр турда бір немесе екі жауаптан ғана қателесіп отырды.

10 кезеңнен тұрған викторинаның қорытындысы мынадай:

ІІ орын – Диана ҚҰРМАНӘЛІ (82 ұпай)

Түркістан облысы, Шардара ауданы, Б.Соқпақбаев атындағы мектептің 9 «А» сынып оқушысы. Диана жауаптарды топтап жіберіп, бірден үздіктер қатарына қосылды.

ІІІ орын Жандос ЕРКІН (79 ұпай)

Ақмола облысы, Степногорск қаласы, №1 Бестөбе орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Жандос алғашқы турдан үзбей қатысып, журналға мақалалар да жазып, белсенділігін үнемі байқатып отырды.

Ал 78 ұпайдан жинаған үш оқырманымыз бірден IV орын иегері атанып отыр. Олар: Жанерке Айдар (Тараз қаласы, №46 орта мектептің 11-сынып оқушысы), Жасын Батыр (Шымкент қаласы, «Мадейра Мерей» орта мектебінің 5 «А» сынып оқушысы) және Айсара Мейрамбекова (Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, М.Әуезов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы).

Барлық жеңімпазды шын жүректен құттықтаймыз. Қазақтың болашағына, ғылымына, әдебиетіне, өнеріне еңбек сіңірген тұлғалар өмірін білуге құштарлық өз халқыңды тани түсуге қызмет ететіні сөзсіз. Жеңімпаздар арасында болашақта елім дейтін азаматтар өсіп келе жатқанына да сеніміміз мол. Біз қатысушылар жауабын 2025 жылдың қаңтар айының ортасына дейін күттік. Барлық хатты шашау шығармай, мұқият қарап, жауаптарын тіркеп отырдық. Сондықтан «менің хатым жетпей қалды», «мен қатысатын едім» деген арыз-өтініштер енді қабылданбайтынын естеріңе саламыз. Жеңімпаздардың бағалы сыйлығы және марапат қағазы арнайы тапсырылады. Мүмкіндік туып жатса, редакцияға арнайы келгені немесе сенім білдірген адамына қолхат жазып жібергені абзал. Жеңімпаздардың жүлде алған сәттері немесе жүлдені қабылдағаны туралы бейнежазбалар «Ақ желкеннің» әлеуметтік желілердегі парақшасында жарияланады. Басылымның бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында байқауға қатысқан барлық оқырманға алғыс жаудыра отырып, келесі сынға да белсене қатысуға шақырамыз.

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2024

379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы