• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Қаңтар, 2025

Әділет РАХМЕТОЛЛА: Антарктида күткеннен де керемет екен

Жақында белгілі журналист, саяхатшы Әділет Рахметолла Антарктидаға сапарлап қайтты. Жиһанкез жігіттің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан сапар барысын мейлінше қадағалауға тырыстық. Елге оралды деген хабарын естіген соң сұқбатқа шақырдық. Қазақстанға табаны тиген соң да Әділет тыным көретін емес. Күні кеше ғана Алматы тауларындағы мұздықтарға өрмелеп бара жатқан бейнежазбасын жариялады.

– Антарктида сапары жоспарымда болған жоқ, – дейді Әділет. – Бір-екі жыл бұрын ресейлік Polartravel компаниясының өкілдері Инстаграм желісіндегі парақшамызбен танысқанын айтып, Гренландия аралына шақырды. Бірақ виза уақытылы дайын болмай, бара алмай қалдым. Былтыр олар тағы да ұсыныс білдірді. «Өткен жолы Гренландияға бара алмай қалдыңыз. Енді Антарктидаға шақырамыз» деді. Келісім мынадай болды: мен саяхатшы-блогер ретінде Антарктидаға барамын және осы компанияға жарнама жасаймын. Polartravel компаниясы Антарктида, Арктика, Гренландия сияқты адам аяғы баса бермейтін мекендерге, Солтүстік мұзды мұхитқа тур ұйымдастырады. Оңтүстік полюске саяхатшыларды кемемен апарады. Компания таңдауы Сәкен Қағаров деген блогер досыма да түсіпті. Олар бізді жайдан жай таңдай салмағанын түсіндік. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызды әбден зерттеген, контентімізді көрген. Қамту ауқымымыздың кеңдігін де байқаған. Оның үстіне біз вайн, күнделікті тіршілік, күлкілі нәрселер емес, саяхатымызды, айнала табиғатты, қоршаған ортаны түсіреміз, экосауаттылыққа үндейміз.

– Ең суық құрлыққа сапар қашан басталды?

– Бір жыл бұрын жоспарланды. Біз әуелде қатты сене қойған жоқпыз. Жақындаған уақытта құжаттар реттеліп, жоспарлар нақтыланғанда ғана сене бастадық. Бізге үлкен миссия жүктелген жоқ. Негізгі мақсат – Антарктиданы көру және Инстаграмға контент жасау, Қазақстанға Антарктиданы «ашу», алтыншы құрлыққа турист ретінде баруға болатынын көрсету.

– Байқауымызша, бұл сапарға Қазақстаннан екі адам ғана бармаған сияқты.

– Иә, Polartravel бізді шақырды, біз елден тағы бірнеше жігітке ұсыныс жасадық. Сөйтіп, бас-аяғы он жігіт барып қайттық. Сапарластардың бәрі тамаша видеолар түсірді, елден, аудиториядан дереу кері реакция алып отырды. Ең бастысы, осы сапар туралы жазған, түсірген, көрсеткен дүниелеріміздің бәрін оқырмандарымыз жақсы қабылдады. Осыдан кейін Қазақстаннан Оңтүстік полюске баруға ниеттілер көбейіп жатыр. Polartravel де түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді. Қытайдан, Аргентинадан мамандар бар. Бізге орыстілді қызметкерлер ұсыныс айтты.

– Сапар бағыты қандай болды?

– Алдымен Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласына ұшып бардық. Сосын осы елдің ең оңтүстігігіндегі Ушуая қаласына ұштық. Қазір ол жақта жаз мезгілі. Сол жерден жүз адамдық туристік кемеге отырдық. Антарктидаға екі жарым күнде жеттік. Дрейк бұғазы арқылы жүздік. Бұл өзі кемелер көп апатқа ұшыраған, дауылдар жиі болып тұратын мекен деп естігенбіз. Әрине, қорқыныш болды. Дегенмен кемеміз үлкен болғандықтан да іштей сенімді болдық. Қандай толқын ұрса да шыдайды деп ойладық. Сапар барысында бәрі сәтті болды. Күн бұзылған жоқ. Екі күніміз теңізге бейімделумен өтті, алғашқыда өзімізді нашар сезіндік. Тамақ батпады, ұйқымыз келе берді, жүрегіміз айныды. Телефонға да қарай алмадық. Әншейін жаттық та қойдық. Жалпы, Дрейк бұғазы – екі мұхиттың суы шектесетін қауіпті аймақ. Мұнда күн райы күрт өзгереді, қарға адым жер көрінбейтіндей түнек болады. Дегенмен Антарктиданы көруге деген құштарлық бәрін ұмыттырады екен. Жердің шеті болған соң, ол жақты көру арман ғой. Жалпы, адам баласының табаны сирек тиетін жер.

– Мұз басқан құрлық күткендеріңдей, елестеткендеріңдей болып шықты ма?

– Иә, Антарктида тек мұздан тұрады деп елестететініміз рас. Кәдімгі тауларды көргенде таңдай қағып қалдық. Таулардың ашығы да, мәңгі мұз басып жатқаны да бар. Біз барғанда күн жылы екен. Жаз мезгілі деуге болады. 12 күн кемеде қонып, құрлықты кішкене қайықтармен жүріп араладық. Күн қатты салқын болған жоқ. Кейде күн шыққанда күртемізді шешіп тастадық. Қазір нағыз баратын, аралап көретін маусым. Түн тіпті орнаған жоқ десе де болады. Күн батса да жарық болып тұрады. Бір шетін ғана көргендіктен, Антарктиданы толық көрдік дей алмаймыз.

– Жануарлар, құстар әлемі қандай екен?

– Киттер қасымызда жүзіп жүрді. Косатка, өркешті кит көрдік. Кеменің жан-жағында топ-тобымен жүрді. Пингвинді бірінші рет көрдім. Өте көп екен. Жүзгендері де қызық. Жағалауларда, айсберг үстінде жүреді. Бірақ ластау екен. Жиі дәрет сындырады, иісі жаман. Балық аулау әдістері бәрімізді тәнті етті. Итбалықтар да өте көп. Суқұзғын (баклан) деген құс та осы жерді көптеп мекендейді екен.

– Сонда саяхатшылар арнайы орындарда емес, кемеде жатты ма?

– Иә, жатын орнымыз, тамақ ішетін орнымыз кемеде болды. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылар арнайы бағдарлама түзіп, біздің сапарымызды соған ыңғайлады. Бірнеше жағалауға, айсбергтерге апарды. Ұйымдастырушылар талабы бойынша, пингвиндерге қатты жақындауға болмайды. Аралық кемі бес метр болуы керек. Келе жатқан пингвинге жол беріп, өткізіп жіберуге тиіспіз. Олар да адамдарға әбден үйренген, еш үрке қоймайды. Қойылған талаптарды туркомпания қатты қадағалайды. Өйткені туристер тәртіп бұзса, компания лицензиясынан айырылады. Пингвинге жақындауға, ұстауға болмайды. Кемеге аяқты әбден тазалап, аяқ киімімізді химиялық тазартудан өткізіп барып қана кіреміз. Қандай да бір инфекция тасымалдамау үшін істелген шара.

– Арнайы стансаларға жол түспеді ме?

– Ұлыбритания, Аргентина, Чили сияқты елдердің стансаларын көрдік. Ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Ауа райын, жергілікті фаунаны зерттейді. Айта кететін бір нәрсе, мен Антарктидаға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан туларын арнайы алып бардым. Біздің сапардан бұрын жолы түскен өзбек азаматы Антарктидаға қазақтың көк туын қадап, екі ел арасындағы достықты керемет насихаттап еді ғой. Соған жауап және құрмет ретінде мен де бауырлас үш елдің туын тіктім. Олардың діңгегін темірден арнайы жасатып алдым. Инстаграмда бұл бейнежазбам өте көп қаралым жинады. Қателеспесем, 1 млн 200 мың адам көрді. Өзбек, қырғыз бауырларымыз шынайы алғыс білдірді.

– Жалпы, өзің қанша елде болдың?

– Бұған дейін 30 елге табаным тиіпті. Антарктиданы 31-ел деп қосуға болатын шығар. Ендігі жоспарым – Австралияны көру. Алты құрлық ішінде әзірше жолым түспегені – сол Жасыл құрлық қана.

– Сапардан керемет әсермен қайтқаның байқалады.

– Антарктида әсері керемет. Мектепте бұл құрлық туралы география пәнінен оқыдық, бірақ «сонда барамыз, табанымыз тиеді» деп армандап та көрген емеспіз. Екінің бірі бара бермейтін жерге жол түскен соң да эмоция керемет болады екен. Орындалмайтын арман жүзеге асқандай бір тамаша күй. «Ақ желкеннің» оқырмандарына айтарым, саяхаттау керек. Жер, ел көрудің адамға берері өте көп. Өзге мәдениеттерді түсінесің, сырына бойлайсың. Адамдармен танысасың, бірге жүрген сапарластарыңды тани түсесің. Көбінің бұған дейін бар деп білмеген қыры мен сыры ашылады. Ақыл кеңес аласың. Саяхат адамды сабырға, сөйлесуге үйретеді. Барған мемлекеттің заңы мен тәртібіне бағынасың. Бір нәрсе анықтап алу үшін күлімсіреп сөйлеп, сыпайы болуға тырысасың. Үнемге үйренесің. Ой-өрісің кеңиді. Бұрын өзім адамдармен көп әңгімелесе алмайтынмын. Енді ашыла түскендеймін. Қызыққандарға көргеніңді айтып бересің. Әр елдің жақсы-жаман жағын көресің. Ой түйесің. «Құрылысы керемет екен. Тамағы жақсы екен. Адамдары қандай сыпайы! Біздің ел де осылай өркендесе ғой» деп ойланасың. Көрген жақсылығыңды өз еліңе жасағың келіп тұрады. Қазақстанның ішінде де саяхаттайтын жерлер өте көп. Отандастарымыз соларды тани түсуге тиіс.

– Антарктида сапарында, жалпы әлемді аралай жүріп көрген түйгеніңді кітап қып жазу ойыңда жоқ па?

– Ойланып көрмеппін. Шынында да ескеруге тиіс нәрсе екен.

– Әлеуметтік желілерде қанша оқырманың бар?

– Инстаграмда – 642 мың, ТикТокта 60 мыңға жуық оқырманым бар. 70 пайызы – Қазақстаннан, 30 пайызы – шетелдерден. Басым бөлігі табиғатқа, саяхатқа, жылқы малына қызығатындар.

Сұқбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2025

3522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы