- Спорт жұлдыздары
- 28 Қаңтар, 2025
«Алтын болмаса да, жүлдеге ілінемін деп ойладым»

Күні кеше Алматыда фристайлдан өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақ ұланы тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Фристайл-акробатикадан әлем чемпионатын жеңіп алған тұңғыш қазақ Дінмұхаммед Райымқұлмен оқырмандарымыз үшін сұқбаттасуды жөн көрдік.
– Дінмұхаммед, тарихи жеңісіңмен құттықтаймыз. Әлем чемпионатында топ жарған алғашқы қазақ атанып отырсың. Жеңістің әсері қандай?
– Шыны керек, әлі де сене алар емеспін. Құдды алтын жүлдемді біреу тартып алатындай күйде жүрмін. Өйткені осыған дейін қатысқан екі әлем чемпионатында жүлдеге іліну тұрмақ, іріктеу кезеңінен өте алмаған едім. 2022 жылы Аустрияда да, 2023 жылы Италияда да сәтсіз өнер көрсетіп, жаһандық додадан жүлдесіз қайттым. Дегенмен бұл жолы жүлдеге ілінетініме сендім. Бірақ алтын иеленем деп ойлағаным жоқ. Өйткені ақтық сындағы қарсыластарымның бәрі әлем чемпионатында жүлде алып, ересектер арасында да жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар еді. Финалға шыққан соң қатты қобалжыдым. Өзімнің ең сүйікті бағдарламам Double-full, double-full әдісін сәтті орындағаннан кейін кемі күміс жүлдегер атанатыныма сенімді болдым.
– Қобалжуыңды қалай жеңдің? Өз-өзіңді қалай жігерлендірдің?
– Иә, қатты толқыдым. Біріншіден, бұл сәтті ұзақ күттім, екінші жағынан, жауапкершілік екі есе арта түсті. Дегенмен бұл додаға қалай дайындалғанымды, жаттығуда қалай тер төккенімді есіме түсіріп, өз өзімді жігерлендірдім. Жарты жыл бойы осы Double-full, double-full әдісін пысықтап, жетілдірдім. Әдісті орындау барысында бапкерім де дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып тұрды. Қытайлық қарсыласым Юч Юнхен де өз бағдарламасын тамаша орындады. Бірақ бұл әлем чемпионатындағы ең күрделі бағдарламаны сәтті орындағандықтан, жеңіс маған бұйырды. Жеңімпазды жариялаған кезде маған тек 100 деген ғана естіліп, ары қарай дұрыс естілмей қалды. Бірақ бапкерлерімнің, командаластарымның қуанышын көргенде жеңімпаз атанғанымды түсіндім. Шүкір, елімізде өткен осындай байрақты бәсекеде топ жарғаныма, қазақ баласының да қысқы спорт түрінен үздік бола алатынын көрсеткеніме қуаныштымын.
– Жалпы қазақ балаларын қысқы спорт түрінен көру қиындау. Сені бұл спорт несімен қызықтырды? Неліктен фристайл акробатика спортын таңдадың?
– Өзім Шымкент қаласының тумасымын. 2013 жылғы қарындасым Шымкент те батутта секіру спортына қатысатын. Анам екеуміз қарындасымның жаттығуының аяқталғанын күтіп отыра тынбыз. Босқа отырғанша қатыса салайын деп шештім. Басында жай ғана уақыт өткізу үшін қатысып жүрдім. Батутта секіру спортының соңы осы фристайлға апаратынын білмедік. Бір жылдан кейін бізді Өскеменге апарып, шаңғы тебуді үйретті. Сөйтіп, 9 жасымнан бастап, яғни 2016 жылдан фристайл-акробатика спортын серік еттім. Бірақ 2018 жылы ғана алғаш рет шаңғымен трамплиннен суға секіріп көрдім. Дәл сол жылы Уфа қаласында алғаш рет қарға секірдім. Менің фристайл спортындағы алғашқы қадамым осы. 2021 жылдан бастап кәсіпқойлықпен айналысып, жарыстарда өнер көрсеттім. Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатысып, жеңімпаз атандым.
– Ал әлемдік аренада қай кезден бастап сынға түстің? Қандай жетістіктерге қол жеткіздің?
– Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанғаннан кейін әлемдік додаларға қатысу мүмкіндігі бұйырды. 2022 жылы алғаш рет халықаралық сайыста сынға түсіп, Еуропа кубогында бақ сынадым. Украинада өткен турнирде чемпион атансам, Минскідегі (Беларусь) Еуропа кубогында күміс жүлдеге ие болдым. Осы жетістіктерімнен кейін бапкер Бағлан Бақытұлы ұлттық құрама сапына шақырды. Сөйтіп, жастар арасында да, ересектер арасында да әлем кубоктарына қатыстым, біліктілігімді арттырдым. Ересектер арасындағы додаларда жүлдеге іліну өте қиын. Біріншіден, олимпиада және әлем чемпионатында топ жарған кіл мықтылармен сайысқа түссең, екіншіден, бағдарламаны ең биік нүктеден, яғни үштік трамплиннен орындайсың. Сондықтан ере сектер арасында үздіктер қатарынан көріну қиын соғып жатыр. Дегенмен қазіргі уақытта әлем кубогының жалпы рейтингінде 30-орында тұрмын. Ал олимпиада ойындарына жолдама тек рейтингтегі үздік 25 спортшыға беріледі. Ендігі мақсатымыз – қысқы олимпиадаға жолдама жеңіп алу.
– Бізде фристайл спортынан жаттығатын арнайы базалардың жоқтығын білеміз. Дайындықтарыңды қай жақта өткізесіздер? Жаттығуда көңілді басты не нәрсеге бөлесіңдер?
– Иә, елімізде біз дай ындалатын арнайы спорт кешендері жоқ. Оқу-жаттығу жиындарының басым бөлігін шетелде өткіземіз. Жазда Беларусь пен Швейцарияда жаттықсақ, қыста жарыс өтетін елде жаттығамыз. Беларусь та көбінесе суға секіреміз. Ал жаттығуға келер болсақ, трамплиннен секірер алдында қардың қалыңдығын, желдің бағытын, күн райын қадағалап, бәрін есептейміз. Мысалы, еріген қар жұмсақ болып, жылдамдықты азайтады. Ал жылдамдық жетпей қалса, секіру қиын әрі жерге түскенде жарақат алу қаупі көбірек болады. Жел арқамыздан соқса төменірек, яғни алға сәл еңкейіп тұрамыз, алдымыздан соқса – керісінше. Осындай ерекшеліктің бәріне көңіл бөлуіміз керек. Жарақат алып қалмау үшін физикалық тұрғыдан да әлеуетімізді арт тырамыз. Өйткені біздің спорт та бел мен аяқтың күші аса маңызды рөл атқарады.
– Фристайл спортының еліміздегі даму деңгейі мен спортшыларды қолдау жағы қалай? Әлемдегі бәсекелестік жағынан қай елдің спортшылары мықты?
– Иә, фристайл спортына қызығатын, білетін адам дар аса көп емес. Әсіресе, қазақ жастары арасында бұл спорт аса танымал емес. Сондықтан айналысатын адамдар да аз. Дегенмен фристайл өте қызықты, әрі күрделі спорттың бір түрі. Ал қолдау жағына келетін болсақ, үкімет тарапынан өте жақсы қолдау бар. Жыл сайынғы жоспарлы оқу-жаттығу жиындары уақтылы өтеді. Үздік спортшылар тиісті жалақылары мен сыйақыларын алады. Бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда деңгейіміз де әжептеуір өскен. Қазір бізбен әлемдік аренада кез келген спортшы санасады, қарсылас ретінде көреді. Бұрындары аса менсіне бермейтін, қарсылас құрлы көрмейтін. Қазір Қазақстан құрамасының әлемдік аренада абыройы бар. Ал әлемдік деңгейде Қытай, АҚШ, Канада, Швейцария сияқты елдердің спортшылары үздіктер қатарында. Әлемдік рейтингтің үздік бестігінде де осы елдердің спортшылары тұр. Айтпақшы, осы жылы әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіруге жақын тұрмын.
– Алда 2026 жылғы қысқы олимпиада келе жатыр. Олимпиадаға қатысу мүмкіндігіңді қалай бағалайсың? Алға қойған мақсаттарың қандай?
– Иә, олимпиялық ойындарға аз уақыт қалды. Дегенмен оған дейін де маңызды додалар бар. Алда Азия ойындары келе жатыр. Төртжылдықтың басты додасында ел намысын абыроймен қорғап, үздіктер қатарынан көрінуді көздейміз. Одан бөлек, бірнеше әлем кубогы бар. Бұл жарыстың барлығы маңызды, әрі олимпиадаға ұпай жинауға мүмкіндік беретін додалар. Осы әлем чемпионатындағы жеңістен кейін үміт артатындар көбейіп, жауапкершілік те артты. Сондықтан қазір екі есе жаттығып, тәжірибемізді арттырып, шеберлігімізді шыңдап жатырмыз. Бұл жетістікпен тоқтап қалмай, тағы да биік белестерді бағындыруды көздейміз.
Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2024

3407 рет
көрсетілді0
пікір