• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 27 Наурыз, 2025

Еркелік пе, әлде «шексіз билік» пе?

Қазақ қоғамында балалардың ата-әжесіне еркелеп, арқа тұтуы, олардан ерекше қамқорлық көріп өсуі – дәстүрімізбен және ұлттық құндылықтарымызбен біте қайнасқан түсінік. Тұңғыш баланы «ата-әжесінің баласы» деп теліп қою да ата-әжеге деген ерекше құрметті білдірсе керек. Балалар ата-әжесін қалай арқа тұтып, еркелейді? Оның бірнеше себебі болса, ең бірінші себебі – жұмсақтық пен мейірім. Ата-әжелер әдетте балаларға ана мен әкеден өзгеше, жұмсақтықпен, мейіріммен қарайды. Көп жағдайда балаларды қаталдықпен емес, нәзіктікпен тәрбиелейді. Бұл балаларға қауіпсіз әрі жайлы болып сезіледі. Сондықтан олар ата-әжесіне еркелеп, сүйіспеншілікке бөленеді. Әрқашан қасынан табылып, оларға назар аударып, тыңдап, ойнатып, әртүрлі қызықты әңгімелер айтып беретін ата-әжелер баланың жүрегінде ерекше орын алады. Бала тәрбиесінде олар сабырлы, шыдамды және мейірімді болады. Олар өмірдің әр кезеңін өткерген адамдар ретінде балаларға өзіндік сенім мен психологиялық тұрақтылық береді. Сондықтан балалар ата-әжесіне эмоциялық түрде жақын болып, еркелейді. Ата-әжелер өмір бойы өз балаларына тәрбие берген кездегі қателіктерін түзеп, немере тәрбиесінде шалыс баспауға тырысады.

Сондай-ақ қазақ қоғамында ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту өте маңызды. Ата-әжелер немерелерін қамқорлықпен өсіру арқылы ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жалғайды. Бұл ата-ананың жауапкершілігінен басқа, ата-әжелердің де ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын білдіреді. Ата-әжелер үшін немерелер – өмірдегі үлкен бақыт пен қуаныштың қайнар көзі. Немерелерімен уақыт өткізгенде өмірдің шынайы мәнін сезінеді. Осының бәрін күнделікті өмірден байқап жүргенімізбен, ата-әжелер мен немерелерінің де қарым-қатынасы реттелу керек екенін мамандар айта бастады. «Баланы тек әке-шешесі бағу керек», «ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен бала екі жақты болып қалады» деген пікірлер үстемдік алды.

Ата-әжесіне еркелеп өскен балалардың психологиясында қандай өзгерістер болады? Жалпы ата-әжеге еркелеп өскен қаншалықты дұрыс? Психолог, психотерапевт Серікгүл Сәлидің айтуынша, бұл сұрақтың екі түрлі жауабы бар. «Біріншісі, айналасындағы адамдардың жақсы-жаманын, ақыл-парасаты, құндылықтары қандайлық екенін білмейтін, оң мен солын ажыратпаған баланың ата-әжесіне еркелеуі баланың қолына үлкен билік береді. Сол биліктің арқасында бала өктем, өркөкірек болып өседі. Осы өркөкіректік дер кезінде жақсы тәрбие алуына кедергісін тигізеді. Даналыққа жетіп, әдемі қартайған кісілер баланы еркелете отырып, қарапайымдыққа, ізетті болуға үйретеді. Оны да үйретпейтін, даналыққа жете алмаған қарттар бар. Қарттық жетіп, іштері жеккөрушілікке толып, айналасын құнсыздандырып, балаларының алдында қарттығын міндетситін ата-әжелер немерелерге билік беріп, құрал ретінде пайдаланады. Маман ретінде осындай тәрбие алған адамдарды көп көремін. Ата-әжесінің қолында өсіп, ішкі тірегі қалыптаспаған, ешкімді тыңдамайтын, ешкімді менсінбейтін, өзін жоғары санайтындар баршылық. Екіншісі, ата-әженің қолында өсе жүріп, бір күні ата-әжесінен айырылып қалған кезде өзін жоғалтып алғандар да кездеседі. Ыстық жақтан суық жаққа түскендей күйде болады. Осындай атмосфералық өзгеріс баланың әлеуметтенбеуіне, тіпті тентіреп кетуіне себеп болып жатады. «Ересек адам болды ғой, неге өзін ересек сияқты ұстамайды екен?» деп ойлайсың. Алайда ата-әженің еркелетуі баланы есейтпейді. Ата-әже еркелетіп өсіруінің нәтижесін тәжірибемде көп көргендіктен айтып отырмын. Егер ата-әже баланың ата-анасын бірінші орынға қойып, солармен бірге тәрбиелеуге атсалысса, тіпті керемет болар еді. Жас ата-ана қызуқанды, албырт болады. Сондай кезде салмақты, сабырлы болуды көрсетіп отыратын ата-әже болса, бала жақсы тәрбие алар еді. Өкінішке қарай мұндай жағдай көп емес.

Бір мысал

Ата-әже тұрғанда, еркеліктің дәмін татпай тұрмайтын балалар бар. Сондай балапанның бірі – Зейін. Зейін көбіне атасына емес, әжесі Мираға қатты еркелейді екен. «Апасы болса, Зейінге күш бітеді» дейді анасы Айжан. «Апасы келген кезде Зейін бәрімен шекісіп, тіпті бізге сөз қайтара бастайды. Апасы аузынан шыққанын орындап, «ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс» жасайды. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «әке-шешем» деп елжіреп береді. Апасына телефон соғып, «үйге келіп қон, зейнетақың түсті ме, түссе анау-мынау алайық» деп шақырады. Апасы көшенің басынан көрінгеннен-ақ Зейін жүгіреді, апасы да бұған қарай жүгіріп, екеуі табысады. Апасы ертегі айтып береді, ол ертегі «бір шал мен кемпірдің Зейін деген баласы болыпты, ол өте бай болыпты» деп басталып, түрлі-түрлі болып аяқталады. Зейін қыздардың ішіндегі жалғыз ұл болғандықтан еркелетеді деп ойлаймын. Бәрі бірігіп «Соқыр теке» ойнаған кезде, апасы қыздардың көзін қаттырақ байлап, Зейіннің көзін әдейі бос байлайды. Осыны пайдаланып, Зейін басқаларды тез ұстап алып, жеңіске жетеді. Өзім де атамның қызы болдым. Атам қасымда болса, ешкімді тыңдамай, шолжаңдап кетуші едім. Қазір өзімнің балам да әжесі болса, бізді көзге ілмей еркелеп шыға келеді. Мұның бәрі уақытша, балалық шақтың тәтті болуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Кейін сағынып еске алатын естелікке айналады...

Маржан НӘБИ:

– Тұңғышымыз Дәния ата-апасының қасында өте ерке және өте еркін. Мысалы, бізбен дүкенге барғанда рұқсат беретін заттарды ғана алады. Ал ата-апасымен барса, өзі қалаған барлық затты алдыртады. Тіпті зиянды заттар болса да. Атасы балажан кісі, сондықтан көбіне атасына жақын. Жалпы ол кісі балаға менен жақсы қарамаса, жаман қарамайды. Ең бастысы, Дәнияға ешқашан «жоқ» демейді. Дәния бізге, ата-апасына ғана емес, жалпы әулетке де ерке десек болады. Атасының бауырларына да ашылып еркелейді. Оның себебін өз басым былай түсінемін: үйде жалғыз ұлдан алғашқы немере әрі әулетте де ұлдан алғашқы немере.

Енді Дәнияны ата-әжесі қалай еркелетеді? Дәния оларды қалай арқа тұтады? Мысалы, демалыс күндері Талғарға барамыз, сол кезде апасы Дәнияның жақсы көрген тамақтарын дайындап, күтіп отырады. Сосын туысқандардың Дәниямен жақсы ойнайтын балаларын үйге арнайы шақырып қояды. Анықтап айтқанда, Дәнияны ойнату үшін сөйтеді. Ал Дәния інісі Димашты атасына әлі күнге дейін жақындатпайды, сүйдірмейді. «Мен ғана» деген сеніммен жүреді. Еркеліктің кемшіліктері қазірдің өзінде байқалады. Мысалы, назарсыз қалудан қорқады, үнемі бірінші қадамды сырттан күтеді. Бірінші барып, «бірге ойнайық» деп айту оған қиын. Оны келіп ойнату керек, шақыру керек дегендей...

Бірде қызық оқиға болды. Дәурен (әкесі) Дәнияға тәтті жеуге ме, әлде телефон көруге ме, рұқсат бермеді. Дәния қатты жылады. Атасы шыдамай, Дәуренге «айтқанын істе» деп жатыр. Дәурен істемеймін деп отыр. Ал Дәния жылағанын қояр емес. Сол кезде атасы: «Дәурен, қазір бекерге төбелесіп қаламыз», –  дегенде, бәріміз күлгенбіз. Сонда немересінің кішкентай қалауы үшін баласымен төбелесуге дайын тұр ғой...

Атасы мен апасы жылда Дәния үшін сандықшаға ақша жинайды. Оны жазда ашады және Дәнияны Алакөлге шомылуға жібереді. Екі жыл солай істеді. Биыл да тағы үлкен сандықшаға жинап жатыр. Былтыр жазда Дәния ата-апасымен бірге Алакөлге барғанда, Дәурен де бірге барды. Себебі, әкесі екеуміздің біреуіміз бірге бармаса, Дәния ешкімді тыңдамай, тәттіні тоқтамай жеп, телефонды көп көреді. Ал қалағанын істеткізейін десе, Дәурен бар, істеткізбейін десе, ата-апасымен Алакөлде жүр. Соған шыдамай Дәния ата-апасына «Дәуренді Алматыға жіберейікші» депті. Тіпті түнде ұйықтап жатып, ұйқысырап оянып кетсе де «апа, Дәуренді Алматыға жіберейікші» дейді екен.

Дәния бір жасқа толғанында төркініме бардым. Бір айға деп барған едім, бір күн де қала алмадым. Дәния қатты ауырып, іші тоқтамады. Сосын ауылдағы молдаға дем салдыруға апарғанда, «ішіккен» деді, яғни атасын сағынған. Қатты салмақ тастады. Содан Алматыға қайттық. Әуежайда атасы күтіп алып, жылап жібере жаздады.  Ешнәрсе жемей, ауырып келген Дәния сол сәтте жазылып, түк болмағандай, баяғыдай болып шыға келді. Әуежайда атасының аяқтарына дейін сүйіп шықты. Қазір әлі кішкентай, еркелікті де көргені дұрыс шығар. Біздің балаларға қоятын талабымыз көп, қаталдығымыз да бар. Өйткені қазір заман басқа. Осындай кезде мейірім көрсетіп, еркелетіп алатын ата-әженің болғаны да жақсы, алайда не нәрсенің де шегі болатынын ұмытпаймыз.

Түйін

Осындай жылылыққа, мейірімге толы шақтар мәңгі бола бермейді. Дегенмен жақсы көрудің, еркелетудің зиянды жақтарын көре беретін болдық па деген ой да жоқ емес. Әлде ата-әже махаббатын «шексіз билікпен» шатастырып ала беретіндердің өзі кінәлі ме? Ол жағын өзіңіз таразылап көрерсіз.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2025

6718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы