• Спорт жұлдыздары
  • 24 Наурыз, 2025

Мұздағы егіздер

Жылдамдықты, күшті және шыдамдылықты талап ететін хоккей спортында талантты қыздар қатары көбейіп келеді. Бұған Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарында куә болдық. Хоккейден әйелдер құрамасы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алып, үлкен жетістікке жетті.  Осы спорттық сында нағыз ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскен қазақ қыздарының ішінде Ділназ бен Мунира Саяхатқыздарын атап өтуге болады. Егіз хоккейші қыздар, ерекше үйлесімді ойын көрсетті.

– Хоккейге қалай келдіңдер? Бұл спортқа қызығушылық қалай пайда болды? 

– Біз Өскемен қаласының тумасымыз. Ата-анамыз қаламызда қыздарға арналған хоккей клубының бар екенін білгеннен кейін, бізді сол клубқа алып барды. Сөйтіп, 9 жасымыздан бастап, хоккей спортын серік еттік. Мұз айдынына алғаш шыққаннан бастап-ақ бұл спортты бірден ұнатып, қызығушылығымыз артты. Спорттық жолымыздың алғашқы қадамынан бастап ата-анамыз ерекше қолдау көрсетіп келеді. Хоккей құрал-жабдықтарының қымбаттығына қарамастан, алаңсыз жаттығуымыз үшін барлық жағдайымызды жасады. Алғашқы бапкеріміз Евгения Рамазанова да  бұл спорттың қыр-сырын толық меңгертіп, жетістікке жетуімізге жол ашты.  

–  Егіз болғанның қандай артықшылығы мен қиындығы бар? Бір командада ойнау қарым-қатынастарыңа қалай әсер етеді? 

– Шыны керек, қиындығынан артықшылығы басымырақ. Ылғи бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жанымыздан табылуға тырысамыз. Дегенмен кейде арамызда түсініспеушілік те болады. Ондай сәтте эмоциямызға тез ерік беріп, арамызда кикілжің туындайды. Бір командада ойнау – біз үшін бақыт. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз әрі сеземіз. Мұның бәрі жақсы өнер көрсетуімізге оң әсер береді. Мұз айдында бір-бірімізбен бәсекелесетін сәттер мүлде болған емес.  

– Екеуің де шабуылшысыңдар. Неліктен бұл рөлді таңдадыңдар?

– Иә, екеуміз де шабуыл шебінде ойнаймыз және оның ешқандай сыры жоқ. Ересектер қатарына қосылған сәтте бапкерлер құрамы бізді шабуылшы ретінде таңдады. Мен орталық шабуылшы болсам, Мунира – оң қапталдағы шабуылшы. Бірақ кез келген позицияда ойнай аламыз. Шыны керек, өзіміз қалап шабуылшы болған жоқпыз. 

– Спорттағы ең үлкен жетістіктерің мен есте қалған жарыс туралы не айтасыңдар?

– Біз үшін әр жарыстың орны бөлек, ерекше маңызға ие. Дегенмен есте қаларлық және тарихи жетістікке толы болған былтырғы Андоррада өткен ІІА дивизионындағы әлем чемпионатын ерекше атап өтуге болады. Бельгия, Испания, Исландия, Тайпей және Мексика сияқты мықтыларға қарсы ойынның әрқайсысы әлі күнге дейін көз алдымызда. Бұл біздің халықаралық аренадағы алғашқы әрі ірі жеңісіміз еді. Сол себепті де ең есте қалған, әрі ерекше әсер сыйлаған жарыс деуге болады. Одан бөлек, жақында ғана Қытайдың Харбин қаласында өткен Азия ойындарындағы жетістігіміздің орны бөлек. Өкініштісі, алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп, елімізге алтын сыйлай алмадық. Дегенмен сұрмерген ретінде ойынымыз жақсы жүріп, командамыздың жеңіске жетуіне елеулі үлес қостық. Әсіресе Гонконг құрамасына қарсы ойында екеуміз де хет-трик жасадық. Төртжылдықтың басты додасында мұндай нәтиже көрсеткенімізге қуаныштымыз. Шыны керек, бұл біздің мансабымыздағы ең үлкен жетістіктің бірі.

– Қандай кәсіби хоккейшілерден үлгі аласыңдар? 

– Үлгі деп қарап, пір тұтатын хоккейші жоқ. Бірақ осы спортты серік еткелі ойын үлгісін ерекше ұнатқан екі хоккейші бар. Оның бірі – Қазақстан ұлттық құрамасының үздік  ойыншысы Евгений Рымарев болса, екіншісі – Никита Михайлис. Екеуі де жерлесіміз және екеуі де шабуылшы.  

– Күніне неше сағат жаттығасыңдар? Жаттығу қалай өтеді? Жаттығулар мен жеке өмірді қалай үйлестіресіңдер? 

– Аптасына алты күн, бір жарым сағаттан жаттығамыз. Күнделікті мұз айдындағы жаттығудан бөлек, аптасына екі рет физикалық күш-қуатымызды арттыратын жаттығулар жасаймыз. Одан бөлек, аптасында бір рет денені созуға арналған жаттығуларды орындаймыз. Күнделікті жаттығулар мен жеке өмірді үйлестіру қиынға соқпайды. Өйткені достарымыздың бәрі хоккейді жақсы көреді. Бізге әр кез қолдау көрсетіп, жанымыздан табылуға тырысады. Сондықтан жиі-жиі кездесіп, жақсы уақыт өткізуге тырысамыз.     

– Екеуің де «Торпедо» командасының ойыншысы әрі капитанысыңдар. Командалық рухты сақтау үшін не маңызды деп ойлайсыңдар?

– Командалық рухты сақтау үшін ең бірінші ауызбіршілік қажет. Команда капитаны ретінде әр ойыншымен жақсы тіл табысуға және солармен бір арнада болуға тырысамыз. Командадағы әр ойыншыны қалай жігерлендіруді, керекті сәтте қандай сөз айтуды білуің қажет. Осының бәрі командалық рухты сақтап тұруға ғана емес, асқақтатуға әсер етеді. 

– Болашаққа қандай мақсаттар қойып отырсыңдар?

– Алдымызға ауыз толтырып айтарлықтай ұлы мақсат қойған жоқпыз. Бастысы, ұлттық құрама сапында жоғары деңгейде өнер көрсетуді жалғастыру. Құрамаға, елге пайдамызды тигізуді көздейміз. Хоккейші ретінде шеберлігімізді шыңдап, тактикалық, физикалық тұрғыдан да әлеуетімізді арттыруымыз керек. Әлемдік деңгейдегі хоккейшілердің қатарына қосылып, еліміздің абыройын халықаралық аренада абыроймен қорғауды міндет еттік. 

– Қазақстандағы әйелдер хоккейінің дамуын қалай бағалайсыңдар? 

– Біз хоккеймен айналыса бастаған уақытпен салыстырғанда қазір хоккей спорты жақсы дамып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде бұл спортты серік еткен жас жеткіншектер де жетерлік. Мемлекет тарапынан да жақсы қолдауға ие болып, ішкі біріншіліктегі бәсекелестік те өсіп келеді. Әсіресе әйелдер хоккейі жаңа деңгейге көтеріліп, жақсы жаққа қарай өзгеріп жатыр.

Сұқбаттасқан 
Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2025

3832 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы