- АҚ ЖЕЛКЕН
- 02 Сәуір, 2025
Бір тарих, бір көше, екі ғимарат

«Ақ желкен» журналының шыға бастағанына биыл 100 жыл. Мемлекеттегі келеңсіздіктерге, Екінші дүниежүзілік соғысқа және тағы да басқа себептермен кейбір жылдары үзіліп қалса да, журналдың Ерғали Алдоңғаров салып берген сара жолы үзілмегені кейінгі журналдардан да анық байқалады. Бұл жолы біз 1950-1958 жылдар аралығындағы «Пионер» (бұрынғы «Ақ желкен») журналына шолу жасаймыз.
Саяси тақырыптан тыс қалмаған
«Пионер» журналының 1950 жылы жарық көрген бірінші санының мұқабасында жаңа жылдық шырша мен айналасындағы балалардың суреті бейнеленген. «Шыға бастағанына 12 жыл» деген жазуды көзіміз шалады. Ал мұқабаның екінші бетінде 70 жасқа толған Сталиннің балалардан гүл алып жатқан суреті тұр. Оның астында «Шын жүректен» деген атаумен Мұзафар Әлімбаевтің көсемге арналған өлеңі жарияланған.
Құттықтап ұлы әкесін,
Гүл ұсынды балалар.
Көруден көсем дидарын
Асқан бақыт қайда бар! – деп келетін өлең төрт шумақтан тұрады.
Журнал беташары «Көсемге хат» деген мақаламен басталады. Авторы жазылмаған. Онда Сталиннің 70 жасқа толуымен бүкіл пионерлер құттықтап, оған жақсы оқуға, адал болуға ант береді. Оны «Ұлы әкеге», «Ұлттар әкесіне» теңеп, өлең жыр арналып, мадақ айтылады.
«Алда – Ұлы болашақ» атты жазушы Ғабит Мүсіреповтің мақаласы да: «...әрбір совет оқушысы оқу-білім алуға, ақыл-ойын тереңдетуге саналы түрде қараулары керек. Алда – Ұлы болашақ, Сталин ұрпақтары», – деп аяқталады. Бұл мақалада жазушы «Пионер» журналының шын оқырманы екенін байқатып, балаларға сөз көркемдігін, жұмбақ шешу өнерін және әңгіме көркемдігін аңғаруды үйреткен.
Алғашқы екі беттен-ақ сталиндік культтің дүркіреп тұрғаны анық көрінеді. Өйткені «1945 жылғы жеңіске Сталин көсемнің арқасында қол жетті» деген желеу болған-ды. Бұл ұран дүркірей келіп, 1950 жылдары өзінің шарықтау шегіне жеткен.
Осылай журналдың саяси бөлімі аяқталады десек те болады. Жалпы, осы жылдар (1950-58) аралығында шыққан «Пионер» журналының алғашқы 3-4 беті саяси мәселелерге, көсемдерді (Ленин мен Сталинді) мадақтауға арналады. Кейбір кездерде, мысалы, саяси науқан кездерінде бұл беттердің саны 10-нан да асып кетуі мүмкін. Ал жыл сайынғы сәуір айының саны Ленинге арналады. Өйткені 22 сәуір «күн көсемнің» туған күні еді.
1950 жылғы алғашқы санына Б.Соқпақбаевтің «Ұят күшті» әңгімесі басылған. Бодан есімді баланың Қанат деген досының қарындаштарын ұрлап алуы туралы бұл әңгіме бір қарағанда «Менің атым Қожа» шығармасын еске түсіреді. Әрине, Қожа ұры емес, дегенмен өз қателіктерін мойындай алатын бала. Бұл шығармадағы Бодан да солай, өзінің қателігін мойындап, кешірім сұрайды.
Қызығы, бұл әңгіме кейіннен өзгертіліп, «Компас» атауымен жарық көрді. Жазушы қарындаштың орнын компаспен алмастырып, алғашқы әңгімедегі секілді Боданды пионерлік антпен қинамайды. «Компас» әңгімесінде бала өзінің ар-ожданының алдында қиналып, соңында өзінің ұрламағанын дәлелдеу үшін компасты суға лақтырып жіберетін.
Осы санға басылған «Ауыл мұғалімі» деп аталатын М.Иманжановтың да повесі кейіннен «Алғашқы айлар» деген атаумен қайта жарық көрген.
Ғалымдар ғалымдар туралы
«Отан ғылымының ұлы адамдары» атты қызықты айдар атақты ғалымдар туралы сыр шертеді. Бірінші нөмірдегі бұл айдар математик С.Ковалевскаяға арналып, оны математик ғалым Орынбек Жәутіков жазған екен. Бұл кездері атақты ғалым кандидаттық дәрежеде. Танып отырған боларсыз, Алматыдағы әйгілі физика-математика мектебі қазіргі таңда осы кісінің атында.
Өзім зерттеген жылдардағы журналдардан тапқан бір ерекшелік, әрбір тақырыпты өзінің шын мамандары жазып отырған. Мысалы, әрбір үш нөмірде жарық көретін ғалымдар туралы мақалаларды тек ғалымдар дайындаған. Ковалевская математик ғалым болса, ол туралы – математик Жәутіков, ботаник Тимирязев туралы мақаланы биология ғылымдарының кандидаты Т.Дарқанбаев дайындаған. Т. Дарқанбаев қазақтан шыққан әйгілі биолог, Қазақстан бидайының тағамдық маңызын зерттеген ғалым болатын.
Ғылыми айдарлар легіне «Білгім келеді» деген айдарды да қосуға негіз бар. Мұнда редакцияға келіп түскен хаттарды ғалымдарға жолдап, олардан жауап алып жариялап отырған. 1950 жылғы 2 санында Маңғыстау ауданынан келген Өтеғұлов есімді оқушының «Мұнай неден, қалай пайда болған?» деген сауалына химия ғылымының кандидаты Б.Бірімжанов жауап жазады. Бірімжанов – тұздарды зерттеп, Қазақстан фосфорын тыңайтқыш ретінде пайдаланудың формуласын жасап шығарған ғалым.
Астрономия туралы сұрақтарға астроном, ғалым Г.Тихов жауап жазып, астрономия мен аспан әлемінің қызықты деректерін ұсынып отырған. Оның ең қызықты мақаласы ретінде «Марста тірлік бар ма?» деген еңбегін атап айтуға болады. (1950 ж., №10).
Халықтар достығы мен «қастығы»
1949 жылы Қытайда комунистік партия жеңіске жетіп, оны бірінші болып Кеңес одағы құттықтайды. 1950 жылғы алғашқы екі нөмірде Қытай ертегілеріне, Мао Цзе-дунның даналығына арнайы орын берілген. Яғни «Пионер» журналы мемлекеттер арасындағы достықтың да хабаршысы ретінде танылған. Жалпы, біз қараған 1958 жылдарға дейін әр жылғы нөмірлердің кемінде бір санында қытай комунистері туралы мақала жарық көріп отырған. Бұл 1960 жылдарға дейін жалғасса керек. Өйткені осы жылы Қытай мен Кеңес одағының арасындағы байланыс үзілген болатын.
1950 жылғы наурыз айындағы нөмірге Сырбай Мәуленовтің «Орман баласы» өлеңі жарияланады. Әлі де танымал ақын болмағаннан болса керек, астына «Қостанай қаласы» деп берілген. Бұл 28 жастағы Сырбай ақынның Қостанай радиосында редактор болып қызмет істеп жүрге шағы болатын.
Сәуір айының нөмірі толықтай В.И.Лениннің 80 жылдық мерейтойына арналады. Бұл санның ең қызығы сол, «Ленин кітапты қалай оқыған?» деген материалды атақты жазушы Әзілхан Нұршайықов дайындаған.
Мамыр айында – С.Мұқановтың 50 жас мерейтойы, маусымда Жамбылдың қайтыс болғанына 5 жыл толғаны туралы кеңінен материалдар жазылған.
Әр мемлекет өзінің саясатын жүргізіп, халықты бастамаларына сендіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарын қолданатыны белгілі. Дегенмен Кеңестер одағы бұл мәселені шарықтау шегіне жеткізді. Біз мұны 1950 жылғы «Пионер» журналының 7-нөмірінен байқаймыз. Бұл сандағы «Халықтар семиясында» деп аталатын мақала – журналдың беташар сөзі. Мұнда Балтық елдерінің Кеңес одағына қосылуына 10 жыл толғанын Р.Бөлекбаев есімді автор мақтана жазады. Дегенмен Гитлер әскері 1939 жылы Польшаға басып кіргенде екінші жағынан Кеңес одағы көмектескенін, сол сәтті пайдаланып Сталиннің Балтық елдерін басып алғанын ешкім айтпайды. Яғни аталған елдерді одақ құрамына бейбіт түрде кірген деп суреттеген.
Осы нөмірге Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» повесі басыла бастады. Кітапқа басылған повесть пен журналдағы шығарма арасында аса айырмашылық жоқ. Шығарма журналдың 1950 жылғы №5 санына басылған. М.Иманжановтың да «Ауыл мұғалімі» повесі журналдың үш санына қатар басылды.
Колорад қоңызы туралы естуіңіз бар ма еді? Иә, картоп жапырақтарына жабысқан қызыл қоңыздар ше. Олар біздің өлкеге 2000 жылдары келді деп ойлаймыз. Бірақ бұл зиянкестер туралы ақпарат 1950 жылғы «Пионер» журналында жазылған. Ол туралы мақала: «Биылғы май айының аяғында американдықтар Герман демократиялық республикасының жеріне самолетпен колорад қоңызын шашып кетті» деп басталады. Бұл қырғи-қабақ соғыстың алғашқы белгілері болатын. Расы солай, колорад қоңызы шынында Американың Колорада штатында пайда болған. Бірақ Атлант мұхитын қалай кесіп өткені туралы әлі күнге анық ақпарат жоқ.
Осы кезеңдерден бастап АҚШ-ты қаралауға бағытталған мақалалар жиі-жиі жарияланып тұрды. Тіпті Еуропа елдеріндегі оқудың ақылы екені, көбінің жұмысқа ерте жегілетіні де тілге тиек етіле бастайды. Авторлар Кеңес одағын мадақтай отырып, батыс елдерін бір шымшып өтеді. 1951 жылғы нөмірлерінен бастап Еуропа елдерінің мемлекетке қарсы шыққан, жүйеге қарсы күрескен тұлғалары туралы мақалаларды үздіксіз беріп отырған. Бұл айдар «Бейбітшілік жолындағы күрескер» деп аталады.
1950-1958 жылдар аралығында Кеңес одағында екі үлкен жаңалық болған. Үшіншісін сөз арасында айта кетермін...
Біріншісі, 1953 жылдың 5 наурызы күні ұлттар әкесі – Иосиф Сталин қайтыс болуы, екіншісі жазықсыз атылып кеткен қайраткерлердің ақтала бастауы. Бұл процесс 1957 жылдан басталған-ды.
Түрлі-түсті баспа саласы аса дамымаған болса да, «Пионер» журналының мұқабасы бұл жылдары қызылды-жасылды болатын. Мен қарастырған 9 жылдағы 102 журналдың 101-і түрлі-түсті мұқабамен жарық көрсе, жалғыз біреуі ғана ақ-қара түсті мұқабамен басылған екен. Қай саны деп ойлайсыз? Әрине, Сталиннің қайтқанына арналған сан.
1953 жылдың наурыз айындағы санының мұқабасында Сталиннің ескерткіші басылып, «Пионер» деген жазу қара әріптермен терілген. Журнал Зарықбай Ыбыраевтың «Сталин» деген өлеңімен ашылады.
Көргем жоқ тұрмыс қыспағын,
Өмірім – қызық, ен бақыт.
Мәпелеп бізді Сталин
Мейірім төкті әр уақыт...
Осындай мазмұндағы өлеңдер легі бұл санда жетіп артылады. С.Мұқановтың «Мәңгі бірге», Ж.Молдағалиевтың «Лениннің – Сталиннің партиясында», М.Әлімбаевтің «Ұлы есім» секілді өлеңдері де осы санға басылыпты.
Бұл жазушы-ақындарды қаралап, сынап-мінеп отырған жайымыз жоқ. Өйткені заман талабы, өмір талабы солай болғаны белгілі. Ол шақтағы оқиғаларға бүгінгі күннің биігінен бағалау қаншалық қате екенін баршамыз түйсінуіміз керек.
Журналдың кішкентай жеңісі
Ұлы көсемнің қайтыс болғаны «Пионер» журналына ғажайып әсер етті десек те болатын шығар. Өйткені 1953 жылдан кейінгі сандарда бұрынғыдай саяси тақырыптар терең қозғалмайды. Алғашқы 4-5 беті түкке керексіз мадақтаулардан арылып, журналдың екінші тынысы ашылғандай күй кештіреді. Жалған сөздерге, ұрандарға көзің аса сүріне қоймайды. Тағы бір қызығын айта кету ләзім, Сталиннен кейін бірінші хатшы болып сайланған Хрущевті мадақтау материалдары да көзге түсе қоймайды.
Сөз арасында айта кетермін деген бір оқиға – Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толғаны. «Пионер» журналының 1954 жылғы 7 саны Хәкім Абайға арналып Сәбит Мұқановтың сөзімен басталады. Көсемдер мен иллюстрациялық суреттер орнын осы бір санда Абайдың жас күніндегі суреті басқан. Бұл қазақ оқырманы мен қазақ ұлты үшін ғажайып жеңіс еді. Өйткені журналдың осы бір санына дейін қазақ ақынына арнайы ден қойып, бір журналдың бірнеше бетін және мұқабасын қазақ ақынына арнау болмаған дерсіз. Оның орнына «ұлы орыс тіліне», «ұлы орыс жазушыларына» көп орын беріліп, насихатталып келген. Тіпті бір жылда шығатын 12 санның кемі жартысынан астамында «Ұлы орыс тілін қалай үйренеміз?», «Ұлы орыс тілі бізге не береді?» деген секілді мақалалар дүркін-дүркін жарияланып тұрған.
Жалпы Кеңес одағы кезінде қазақ жастарын өте тар тізімді мамандықтарда оқытқанын көпшілік біле бермес. Иә, қазақ жастары зоотехник, агроном, мұғалімдік секілді мамандықтардан ары аса қоймайтын. Қазақ жастарына оқуға берілетін квота тек осындай мамандықтарды қамтыды. Үлкен ғылым қуып, шарықтап кетуге жол беріле қоймады. Тіпті қарапайым әскерге алынған қазақ жігітінің өзі артиллерия, шекарашы немесе байланысшы секілді маңызды батальондарда әскери борышын өтеген жоқ. Олардың көбі құрылыс батальондарында болған. Яғни қазақ жастарын маңызды тетіктердің маңайына жуыта қоймаған-ды. Мұның бәрі дерлік шеттету және рухани тұрғыда жаныштау болатын.
Ойлап қараңызшы, қазіргі таңда БАҚ тек шетелдік қайраткерлерді, ақын-жазушыларды насихаттап, өз ұлтымызға назар салмас болса – қазақ руханиятына жойқын соққы болар еді. Өйткені өзінен қайраткер шықпаған ұлт өкілі насихатталып жатқан жұрттың бейсаналы түрде құлына айнала бермек.
Дегенмен «Пионер» журналының редакциясы осы бір шеттетуді айналып өтетін жаңа жол тапқандай. Олар қазақ рухы мен табиғатына сай әдеби шығармаларды, қазақ тіліндегі ғылыми-танымдық мақалаларды көбірек басуға тырысты. Былайша келгенде, үлкен идеологияны қазақы танымға негізделген рухани контентпен басуға барын салған-ды. Жоғарыда атап өткен М.Иманжанов, Б.Соқпақбаев сынды қазақ жазушыларының шығармаларының көптеп басылуы соның дәлелі. Әсіресе, Б.Соқпақбаевтың әйгілі «Он алты жасар чемпион», «Менің атым Қожа» секілді повестері тұңғыш рет «Пионерде» басылған. Қожа жайлы хикаяны журналдан өз атауымен таба алмайсыз. Өйткені хикаяның алғашқы нұсқасы «Өзім жайлы повесть» деп аталатын. Дәл осы атаумен 1956 жылдың соңғы сандарынан бастап басылып, 1957 жылғы алғашқы санында жарияланып бітті. Шығарма алғаш жарық көргенінде үлкен сынның астында қалған. Өйткені тәртіпті қоғам құрғысы келетін, коммунизмге жол тартқан қоғамда Қожа секілді еркін ойлы азаматтарға орын жоқ. Орыс тіліне «Менің атым Қожа» болып аударылып басылғанда, ондағылар: «Егер балаларыңызды тәртіпсіз етіп тәрбиелегілеріңіз келсе, осы повесті оқытыңыз», – деген сыңайдағы сын жазған. Қазақ оқырмандары да Қожаның қазақтың өзіндей алқам-салқам еркелігін көтере алмап еді. Бірақ өз табиғатын жоғалтып алған қазақ баласы Қожамен бірге өзін жылдам тауып алды десек те болады.
Сонымен, 1957 жылдың екінші басты жаңалығы – репрессия құрбандарын ақтау кезеңінің басталғаны. Бұл оқиғаны өзім де ойламаған екенмін. 1957 жылғы тамыз айының нөмірін парақтап отырғанда Сәкен Сейфуллиннің бейнесі көзіме оттай басылды. Көптен көрмеген жанмен қауышқандай болдым. Қазақ оқырманы да батасына қосқан жанның бейнесін көргенде тебіренген шығар деп ойлаймын.
Расы керек, осы жылдардан бастап қазақ ақын-жазушыларының бейнесі «Пионер» журналында көптеп кездесе бастайды. 1957 жылдың қыркүйек саны М.Әуезовтің 50 жас мерейтойына арналып, ұлы Ернар Әуезовпен бірге түскен суреті жарияланған мұқабаның ішкі бетіне «Үлкен жазушы» деген мақала арналып, «Көксерек» повесінен үзінді басылған.
Содан ары Бейімбет Майлин («Таңба» әңгімесімен), Ілияс Жансүгіров («Шәркей» әңгімесімен) сынды қазақтың арда кеткен азаматтары алдымыздан шыға берді. Бұл екі қаламгерге Сәкенге жазылғандай ұзақ-сонар таныстыру мақала жазылмады. Жай ғана қысқа өмірбаяны беріліп, әңгімелері ұсынылды. Бірақ қайбіріне де «жазықсыз атылды, құрбан болды» деген сөз арналмаған. Иә, кеңес үкіметі қателігін мойындап, кешірім өтінетін ел емес. «Коммунизм деп аталатын ұлы жол құрбандықсыз болмайды» дейді олар...
Тамырын іздеген, үзбеген
Қорыта келгенде, 1950-1958 жылдар аралығында «Пионер» журналы оқушыларға бағыт-бағдар беріп отырған бірегей журнал болды. Ондағы әңгіме, өлеңдердің барлығы дерлік балаларды қазақтықтан алыстатпай отырып кеңестік идеологияны насихаттады.
Біздің санауымыз бойынша, бұл жылдары он төрт тұрақты айдар жазылып тұрды. Бірі әрбір санда, қайбірі нөмір аралатып шықты. Тұрақты айдарлар қатарына «Біздің пошта (Мектептен хат)», «Көркем шығармалар», «Пионер және мектеп», «Спорт», кейбір жылдары «Одан-бұдан» деп аталатын қызықты фактілер жинағы тұрақты жазылып тұрды.
«Тамаша адамдар өмірінен» – танымал адамның өмірінен ғибратты әңгіме.
«Республикамыздың алдыңғы қатарлы адамдары» – еңбек озаттары және қайраткерлер жайында жазылатын айдар.
«Білгім келеді» – оқушылардың сауалдарына жауап. Көбіне ғылыми-танымдық бағытта.
«Отан ғылымының ұлы адамдары» – советтік ғалымдар еңбектерін таныстыратын айдар.
«Жас мичуринші» – ауыл шаруашылық, селекция, агрономдық секілді тақырыптардағы қызықты мақалалар жарияланып тұратын айдар.
«Мұғалімнің кеңесі» – оқу үлгерімін жақсартуға кеңестер.
«Республиканың жаңа құрылыстарынан» – елдегі ірі құрылыстардан репортаж.
«Бейбітшілік жолындағы күрескер» – әлемдегі демократ ойшылдар, әсіресе батыс, капиталистік елдерден құқай көрген қайраткерлер туралы айдар.
«Жаңа кітап» – әр үш айда бір жазылатын, оқырманды жаңа кітаптармен таныстаратын айдар.
Жалпы, 1950-1958 жылдары «Пионер» журналының редакциясы Сталин көшесі, 79-үйде орналасқан. Бұл – қазіргі Абылай хан көшесінің бойындағы «Аманат» партиясы орналасқан ғимарат. Қызығы, «Ақ желкен» журналының редакциясы қазір де Абылай хан көшесінің бойында.
Әрбір жыл, әрбір айда жарық көрген журнал сандарынан қазақ қоғамының тынысы, тіршілігі айқын аңғарылып тұрады. Қай тұста халыққа нендей ақпарат жетпей жатқанын немесе авторлардың қандай ойды жеткізгісі келетінін іштей ұғып, түсінесің. Бұл «Ақ желкен» журналы қызметкерлерінің, оқырмандарының ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан байланысынан болса керек!
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2025

3562 рет
көрсетілді0
пікір