- АҚ ЖЕЛКЕН
- 05 Мамыр, 2025
Арман ағысының дәл бейнесі

«Ақ желкен» журналының шыға бастағанына биыл 100 жыл. Ғасыр жасаған журнал тарихына қатысты сериялық мақалалар легін жалғастырамыз. Балалар мен жасөспірімдерге арналған мерзімді басылымдар ішіндегі ерекше орны бар «Пионер» журналы кеңес дәуіріндегі қазақ балаларының рухани серігі, тәрбиелік мектебі болды. Біз бұл шолуда журналдың 1978-1990 жылдар аралығындағы кейбір сандарына сүйене отырып, мазмұнын саралап көреміз. «Пионер» журналы 1959 жылдан 1978 жылға дейін белгісіз себептермен тоқтап қалды. Басылым тарихында мұндай үзілістер 1925-1930, 1941-1945 жылдар аралығында да болғанын білеміз.
Өсиетке адал
Ал 1978 жылы қайта шыққан нөмірлерден-ақ журналдың мазмұны тек танымдық бағытпен ғана шектелмей, балалардың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтуге арналған әдеби-көркем дүниелерге толы болғаны аңғарылады. 1978 жылғы қаңтардағы нөмірдің мұқабасында Лениннің портреті бейнеленген. Мұқабасынан-ақ аңғарылып тұрғандай, алғашқы бетінде «Арқат» орта мектебінің пионер вожатыйы Гауһар Асқарованың «Ильич өсиеттеріне адалмыз» деген мақаласы жарияланған. Автор мақаласында жас жеткіншектерді коммунистік идеяға, советтік патриотизм мен пролетарлық интернационализмге, Ленин өсиеттеріне адал болуға шақырады. Журнал беттерінде үгіт-насихат материалдары тұрақты жарияланған. Бұдан сол кезеңнің саяси-идеологиялық бағыты да байқалады. Леонид Брежневтің пікірімен ашылған нөмірлерден-ақ кеңестік идеологияға қызмет ету мақсаты айқын сезіледі. Балаларға еңбекке баулу, коммунистік мораль, ұжымшылдық секілді ұстанымдарды үйрету басты міндеттердің бірі болған. Мысалы, Шерхан Мұртазаевтың «Жылдар жаңғырығы» соның дәлелі. Лениннің туған күні, Қазан революциясы, Ұлы жеңіс секілді даталар журналдың әр санында беріліп отырған. Визуал үгіт-насихат формасы (Ленин, Брежнев, қызыл жалау, марш элементтері) балаларды кеңестік санада тәрбиелеуге бағытталған.
1978 жылғы қаңтарда жарық көрген журналдың алғашқы беттерінің бірінде Қалдарбек Найманбаевтың «Әкем жайлы айтыңызшы...» атты повесінен үзінді берілген. Шығарма әке мен бала арасындағы рухани байланысты, баланың ішкі ізденісі мен өмірлік ұстанымын сипаттайды. Сол жылдарда шыққан журнал бетін парақтап отырып бір байқағанымыз, қазақтың мен деген ақын-жазушыларының шығармалары «Пионер» журналында жиі жарияланған екен. Атап айтқанда, Б.Соқпақбаев, С.Мәуленов, Ә.Нұршайықов, Ж.Әбдірашев сияқты қаламгерлердің туындыларын көзіміз шалды. Қаңтардағы нөмірге ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Санаңа жаз сырымды, жүрекке жаз…» деген тақырыптағы «Портфель», «Көше тәртібі», «Баға» атты үш бөлімнен тұратын ғажап топтамасы жарық көріпті. Туындыда ақын баласына жан сырын ақтарып, сезім қылын шертеді.
1978 жылғы наурыздағы нөмірге Күләш Ахметованың «Бір нәзік сезім» атты топтамасы да оқыған жанды бірден елітіп әкетеді. Туынды 8-сынып оқушысы Сұңғаттың атынан баяндалады. Ақын бозбала Сұңғаттың парталас қызға деген ғашықтық сезімін жырлаған:
«Үндемей-ақ өзіңе тарта аласың,
Ұрса аласың, кінә да арта аласың.
Ашуланып тұрсаң да әдемісің,
Ақ бантикті тәкаппар парталасым!
Ұлдардың да өзіңсің бар таласы.
Айналаңнан шықпайды анталасып…
Саған ұнап қалуды армандайды
Отырса да жанында парталасы.
Түсінбеймін өзіңнен бөтен қызды,
Қарап едің, кеудеме от енгіздің.
Кездейсоқтық жасасын бір партаға
Отырғызған сенімен екеумізді!»
Журналдың тілі қара-пайым, оқушыға түсінікті, әдеби нормаға сай. Балалармен бір тілде сөйлесіп, оларды жетелейтін, ойлантатын материалдар көп болыпты. Сонымен бірге публицистикалық стильде жазылған очерктер мен сұқбаттар да жиі кездеседі. Журналда балалардың жас ерекшелігіне сай әзіл-сықақ, тақпақ, ертегі, спорт, тарих, экология, өнер, ұлттық дәстүр тақырыптары да кеңінен қамтылған. Мәселен, «Батпырауық» айдарында балалардың қиялы мен тіл байлығын дамытуға бағытталған қысқа өлеңдер мен әзілге толы жаңылтпаштар жарияланып тұрған. Қазан айындағы нөмірге «Күтпеген кездесу» айдарымен қақпашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Құралбек Ордабаевтың «Футболдың әліппесін абайлап аш» деген тақырыптағы сұқбаты жарияланған. Журнал тілшісі Әшірбек Көпішев сұқбатта футболшының тұлғасы мен кәсіби қырын ашуға талпыныпты. Сондай-ақ жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Сол бір сапар» әңгімесі жарық көрген. Жазушы балалық шақтың естеліктерін, ауыл мен табиғаттың көркем келбетін сипаттай отырып, оқырманды ішкі жан дүниесімен тілдесуге жетелейді. Тағы бір ерекше атап айта кетерлігі – ол кездегі өлеңдер мен әңгімелерге салынған иллюстрациялар бірден назарыңды аудартады. Суреттердің бояуы қанық, сондай шынайы. Көп бет бейнелі коллаждармен көркемделген. Сонымен бірге суреттер мен очерктер пионерлердің күнделікті өмірі мен еңбекке араласуын, табиғат аясындағы саяхаттарын, жазғы лагерьлердегі тыныс-тіршілігін шынайы сипаттайды. Тәрбие мен еңбек тақырыбы журналдың негізгі мазмұндық ұстыны болғанға ұқсайды.
Ғылымға, өнерге бетбұрыс
«Пионер» журналы 1982 жылға қарай тақырып жағынан түрленгені байқалады. Сол жылдан бастап журнал бетінде ғылымға, өнерге, ұлттық болмысқа, тіл мәдениетіне қатысты мақалалар көбейе түскен. Әсіресе шығармашылықты, жеке тұлғаның дамуын көздеген материалдар жүйелі жарық көрген, жаңа айдарлар қосылған. Мысал ретінде 1982 жылғы қаңтар айында жарияланған «Жас тілшілер университеті», «Шеберхана» айдарларын ерекше атауға болады. Бұл айдарлардың жеке логосы да болған екен. «Жас тілшілер университеті» айдарымен жарық көрген Темірбек Қожакеевтің «Баспасөз: міндеттері мен принциптері» балаларға ғана емес, ересек оқырманға да пайдалы. Мақалада баспасөздің тәрбиелік, қоғамдық міндеті мен идеологиялық бағыты ашық сипатталады. Журналист болуға қызыққан балаға бағыт-бағдар беріледі. Ал «Шеберхана» айдары қолөнер мектебі іспетті. Әр нөмір сайын бір ұлттық өнер тақырыбында материал жарық көріп тұрған. Осы сандағы «Зергерлік тәсілдер» атты мақалада күміс, мыс, темірмен жұмыс істеудің нақты қадамдары көрсетілген. «Бұл сабағымызда байырғы зергерлердің жиі қолданған тәсілдерінің бірі – темірге (болатқа) түсті металдарды (алтын, күміс, мыс, жез, т.б.) жалатудың бірнеше әдісімен танысамыз. Жоғарыда аталған түсті металдардың ішіндегі ең оңай қолға түсетіні мыс болғандықтан, зергерлік тәсілдер үйрену үшін соны пайдалану қолайлы болады. Мыс сымды темір бұйымның бетіне жалату үшін алдымен темірді жасытып, яғни сәл қызарғанша шоққа ұстап, егеп тегістеп алған соң, темір көкшіл қара түске енгенше тағы шоқтың табына ұстап суытып алу шарт» деп бастаған мақала авторы Дәркембай Шоқпарұлы зергерлік өнерді жақсы түсіндіреді. Материал иллюстрациялар арқылы түсінікті, қызықты берілген. 24-25 айқара бетке Гүлнат Уәлиханованың «Ғасырлар түнегінен оралған батыр бейнесі немесе тарихты тірілтетін ғажайып әлем туралы» атты мақаласы жарияланған екен. Тарихи-антропологиялық бағыттағы мақала Махамбет батыр бейнесінің реконструкциясы туралы. Махамбет батырдың қалпына келтірілген бейнесі мен бас сүйегінің қаңқасының суреті де қатар беріліпті. Автор «Тарихи тұлғалардың шынайы бейнесін қалай жасауға болады? Өз ұрпағының жасампаз ғұмыры үшін, жаннат даласы мен ана сүтімен енген ана тілдің болашағы үшін ғұмырын арнап, алып бейнесі тарихтың аласапыран дүлей дауылдарына көміліп қалған халқымыздың аяулы ұлдарының келбетін жасауға бүгінгі ғылыми дәуірде мүмкіндік бар ма?» деп сауал тастайды.
Сондай-ақ журналдағы «Пионердің сурет көрмесі» балалардың салған суреттерін жариялайтын, шығармашылығын дәріптейтін тұрақты бөлім болды. Бұл санда Ақтөбе, Маңғыстау, Орал облыстарында тұратын балалардың суреттері жарық көрген. Суреттердің негізгі тақырыбы – табиғат, отбасы, достық. Яғни бала дүниетанымының негізі. Осы нөмірге ақын Кәкімбек Салықовтың «Немерем ұйықтап жатқанда» деген көлемді туындысы басылған. Журналда әдеби аудармалар да жарияланып отырған. Мәселен, бұл нөмірде Мереке Құлкенов аударған Зоя Воскресенскаяның «Әкенің шие ағашы» шығармасы жарық көрген. Шығармада баланың табиғатқа, еңбекке деген қатынасы, ата-анамен байланысы әсерлі суреттеледі.
Баланы ойлауға шақырды
Басылымның сол жылғы №4 нөмірінің мұқабасында күн мен гүлдің, кемпірқосақтың, көбелектің, құстардың суреті бейнеленіпті. Тартымды мұқаба табиғатпен үндескен балалықты бейнелеп тұрғандай. Мұндай көркем мұқабалар журналдың тек мазмұндық емес, визуал тәрбие құралы болғанын да көрсетеді. «Жас тілші пионер Болатбек» деген эсселер балаларды өз ойын жазбаша жеткізуге үйреткен деуге болады. Әсіресе пионер Болатбектің «Партия сенімін ақтаймын» деген сөзі сол кездегі идеологияның жасөспірім санасына қалай сіңірілгенін аңғартады. Бірақ бұл жерде назар аударарлығы – бала өзін қоғамдық іске араласушы ретінде көреді.
Осы нөмірдегі «Көзқарас» және «Өмір деген өзің ғой…» деген материалдарда оқырман хаттары мен олардың пайымдары берілген. «Адам не үшін өмір сүреді?» деген сауал – қарапайым пионердің аузына салынған философиялық сұрақ. Бұл баланы ойлануға шақырады. Сол жылдары журнал бетінде тұрақты жарияланып тұрған «Мың да бір амал» айдары математика мен логиканы дамытуға арналған. Бұған қарап журнал тек тәрбие құралы емес, білім беру міндетін де мойнына алғанын аңғаруға болады. Ол кезде бүгінгідей телефон сияқты байланыс құралдары болмаған, интернет деген атымен жоқ. Журнал «Көгілдір конверт» айдары арқылы балаларды бір-бірімен байланысқа шақырған. Бұл балалардың өзге елдегі құрдасымен хат алмасуы арқылы мәдениетаралық байланыс орнатудың жолы болған. Журнал шетелдік мекенжайларды беріп, балаларды достыққа үндейді. Қазіргідей бәрі қолжетімді цифрлы заманға қарағанда, ол кездегі әр хаттың артында үлкен үміт пен сағыныш тұрғанын байқаймыз. Журналдың әр айдары өз алдына бір шеберхана дерсің. Ол тек оқуға емес, адам болуға, пікір айтуға, ой қозғауға, сұрақ қоюға негізделген. Балалар үшін бұл журнал бір жағынан ұстаз, бір жағынан дос болған.
Ақын Мейірхан Ақдәулетов «Пионердің» тұрақты тілшісі болыпты. 1986 жылғы қаңтардағы нөмірде ол «Көзқарас» айдарында «Белсенді» сөзінің екі мағынасы талдаған. Мұнда тіл мәдениеті, сөйлеу әдебі мәселесі көтерілген. Ал желтоқсан айындағы нөмірге «Халық тарихының ордасы» атты Қазақ КСР Орталық мемлекеттік музейіне арналған кең көлемді танымдық очерк берілген. Әр бетке «Алтын адам», көнеден жеткен ыдыстар, мамонт қаңқасы секілді музей ішіндегі жәдігерлердің суреті берілген. Сол жылдары журналдың «Күтпеген кездесу» айдарымен елге белгілі тұлғалармен сұқбаттар ұйымдастырылған. Бұл нөмірде Әбіш Кекілбаевтың сұқбаты басылыпты. Сұқбатта жазушының адамның ішкі әлемі, балалық шақ, шығармашылыққа деген жауапкершілік, кітап туралы тұщымды ойлары бар. Мұндай сұқбаттар арқылы жас оқырман үшін жазушы алыс бейне емес, сырлас дос, пікірлес аға ретінде көрсетілген деп топшыладық.
Оқырманның сырласы
Бұл жылғы нөмірлерде қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы мен тілі туралы мақалалар көптеп жарияланып, кеңестік жүйенің шеңберінде болса да, ұлттық болмысқа басымдық берілген. Журнал бетінде оқушылардың хаттары мен әңгімелері көп жарияланған. Яғни бұл басылымның балалармен тікелей байланыста болғанын аңғартады. Сондай-ақ балалар жан сырын ақтаратын алаң болған. Мұны 1989 жылғы №7 нөмірден байқаймыз. «Әкемді жек көремін» деген тақырыпта оқушы баланың хаты жарияланған. Хатта әкесімен жақын бола алмаған бала жан сырын бүкпесіз ақтарыпты. Журнал редакциясы бұл хатты жай ғана жариялап қоймай, үн қатып, оқырман пікірін сұрайды. Дәл осы санда «Құрдымға бастайтын жол» атты мақала басылыпты. Мақала авторы темекі, ішімдік, нашақорлық секілді қоғамдағы дерттерді талдайды. Мұндай талқыларға балалар хат жазып, ойын білдірген, ал журнал редакциясы бұл күрделі мәселеге батыл үн қосқан. Журналдағы экология, денсаулық, отбасылық қатынас, рухани тәрбие және зиянды әрекеттерге қарсы күрес тақырыптары көтеріліп, оқырманмен шынайы диалог құрылған. Редакция қоғамның, табиғаттың және адамзаттың тағдырына баланың жүрегімен қараған. «Пионер» құр ақпарат бермей, балалардың эстетикалық, зияткерлік, физикалық тәрбиесін бір арнаға тоғыстыра білген.
Фаризаның «Ақ желкені»
«Пионер» журналының 1989 жылғы №10 санында 1990 жылдан бастап журнал атауының өзгеретіні хабарланған. «Пионер» енді «Ақ желкен» деген атпен жарық көретіні ресми түрде жарияланған. «Ақ желкен» атауының мән-мағынасын «Бұл атау, біздіңше, балалық шақ қиялының, галстукті өрендердің асқақ романтикасының, өмір айдынында алыс сапарларға бастайтын арман ағысының дәл бейнесі, ана тіліміздегі төл ұғым» – деп түсіндіреді редакция. Журнал қайта жаңғырған 1978 жылдан 2000 жылға дейін бас редактор қызметін атқарған қазақтың даңқты перзенті, аяулы ақын Фариза Оңғарсынова да «Арман қуған «Ақ желкен» деп арнайы мақала жазып, оқырмандарға жаңа атаудың сырын түсіндіреді. Мұны символикалық тұрғыдан кеңестік идеология дәуіріндегі балалар баспасөзінің бір кезеңмен қоштасып, жаңа рухани кеңістікке бет бұруы десек болады. Журнал ұжымы бұл атауға мынадай ерекше сипаттамаларды тізіпті:
«Ақ желкен» – бала тәрбиесін мұрат тұтқан баршаның бас қосар шаңырағы, сұқбаттас серігі;
«Ақ желкен» – арман көкжиегін бетке алған балауса көңілдер, болашаққа ұмтылған тұмса тілектер;
«Ақ желкен» – туған жер, туған ел бақытын арттыратын ұл мен қыздың бүгінгі тербелер тал бесігі;
«Ақ желкен» – өнерге құштар ұландар қолтаңбасын алғаш түсіретін әппақ парақ, балғын бояулар көрмесі.
Мақала соңында ұжым «Ақ желкен» айдын төсіне бет алды деп сүйіншілейді. Журналдың 1990 жылдан бастап «Ақ желкен» болып шығуы тек атау ауыстыру емес, басылымның таптаурын идеологияның аясынан шығып, қиял мен шығармашылық еркіндікке жол ашуы еді. Осылайша «Пионер» журналының 1989 жылғы қазан айындағы нөмірі бір дәуірмен қоштасудың және жаңа кезеңге жасалған рухани бетбұрыстың хабаршысы болып тарихта қалды.
Ф.Оңғарсынова басқарған осы кезеңде кешегі «Пионер», бүгінгі «Ақ желкен» қазақ жасөспірімдерінің нағыз досы, айтулы мінбері, ағартушылық кеңістігі бола білді. Қорыта айтқанда, «Пионер» журналы – бір дәуірдің тынысын жеткізген ашық алаң. Оның әр бетінде бүтін бір ұрпақтың өскен ортасы, ойлану өрісі, арман көкжиегі жатыр. Ал «Ақ желкен» осы мұраны жалғап, жаңа кезеңнің, жаңа ұрпақтың үні болып рухани кемеге айналды.
Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2025

1014 рет
көрсетілді0
пікір