- АҚ ЖЕЛКЕН
- 04 Мамыр, 2025
Андреа Луенго: Димаштың концертін Чилиде өткізуді армандаймыз

Чилилік мейір-бике қыз әнші Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болып, домбыра үйреніпті. Қазақстанға арнайы сапарлап, Димаштың концертін көріпті. «Қазақстан» арнасынан осындай сюжет көріп, Андреа есімді қызбен сұқбаттасуға асықтық. Сөйтіп, әлеуметтік желілерден іздедік. Instagram желісінен тез тауып алдық. Ең қызығы, Андреа бұл желіге andrea_kudaibergen деп тіркеліпті. «Жақсыда жаттық жоқ», бұрыннан таныстай әңгімеге кірісіп кеттік.
– Андреа, Димаш туралы алғаш қашан білдіңіз? Оның әнін алғаш рет қашан естідіңіз?
– Мен Димаш туралы алғаш рет 2019 жылы естідім. Вокал оқытатын ұстазым YouTube желісіндегі Димаштың S.O.S. деген әнін көріп отырып, қатты тәнті болды. Шынымды айтсам, Димаштың ғажайып дауысын естігенде қатты таңдай қақтым. Тіпті естен танғандай болдым. Көзімнен жасым моншақтай берді. Бұған дейін ешбір әншінің әнінен осынша әсерге бөленіп көрмеген едім.
– Димаштың дауысы сізді несімен таңғалдырды? Басқа әншілерден несімен ерекшеленді?
– Оның аса кең ауқымды диапазоны таңғалдырды. Оны өзгелерден даралайтын қасиеті де осы екенін сеземін. Әңгіме Димаштың вокалдық диапазонында ғана емес. Димаш әнді сиқырмен орындайтыны сонша, сіз ол ән айтып тұрған тілді түсінбесеңіз де, онымен байланыста бола аласыз. Димаш туралы әлеуметтік желілерден көп ақпарат іздей бастағанымда, мен оның барынша қарапайымдығын, отбасына, достарына және өнерін ардақтаушыларға сонша жақындығын түсіндім. Оның сүйкімділігі, өзін-өзі ұстай білуі, туған еліне деген махаббаты мені де Димаштың табынушысы етті деуіме болады.
– Димашты тыңдамас бұрын сіз қазақтар туралы, Қазақстан туралы білетін бе едіңіз?
– Мен бұрын Қазақстан деген елдің атауын ғана естідім. Өкінішке қарай бұл ел туралы ештеңе білгенім жоқ, оның адамдары қандай екенінен де хабарым болмады. Енді Қазақстан – менің жүрегімдегі ел, бір емес, бірнеше рет барғым келетін мекен.
– Домбыра аспабы туралы да Димаш арқылы білдіңіз бе?
– Бір күні теледидардағы Таланттар шоуынан домбыра тартқан қыздың видеосын көрдім. Домбыраны алғаш көргенім сол, оның қай елдің аспабы, атауы қандай екенін білмедім. Бірақ Димаштың шығармашылығына қызығушылығым оянып, оның үнемі домбыра тартатынын көргенде, ықыласым бұрынғыдан да арта берді. Домбыраға қол жеткізіп, өзім де ойнап үйренуге аңсарым ауды. Маған Димаштың өз концерттерінде домбыра тартатыны ерекше ұнайды. Ол шоуға бірегейлік қоса түсетінін сеземін. Димаш осы арқылы адамдарға өз елінің мәдениетін паш етеді. Ақыры сіз сол елдің өзіне, мәдениетіне, ұлттық аспаптарына ынтық бола түсесіз.
– Сонымен, домбыра тартуға қашан кірістіңіз?
– Өз домбырама қол жеткізгеніме екі жыл толды. Өз бетімше ойнап үйреніп жүрмін. YouTube-тегі видеоларды да көремін, маған сол қатты көмектеседі. Домбыра алу үшін үш жыл бойы амал іздедім. Осындай аспап жасайтын бизнесі бар қазақ азаматтарын сендіруге де тура келді. Оларды домбыраны Чилиге салып жіберуге көндірдім. Аспабым осылайша Чилиге екі ай жүріп жетті.
– Домбыраға қалай тапсырыс бердіңіз? Бұл бастамаңыз туралы біреумен ақылдастыңыз ба?
– «Қос ішек» дүкені домбыраны Чилиге жіберді. Оларға алғысым шексіз. Қазақстанға жолым түскенде олар өздері жіберген домбырамды да ала бардым. Дүкен иелері аспабыма арнап қатты құндақ дайындап берді.
– Мүлде таныс емес аспапта ойнау қиын болған жоқ па?
– Иә, қиын болғаны рас. Өйткені ғаламтордағы домбыра ойнау курстарының барлығы не қазақ, не орыс тілдерінде берілген. Ал әлемнің біз тұратын бөлігінде домбыра үйрететін бірде-бір оқытушы жоқ. Сонда да күй тартып үйрену туралы видео салған қазақ оқытушыларының арқасында көп сабақ алдым. Қазір «Әлқисса», «Ерке сылқым», «Адай», «Көңіл толқыны», «Алаш аманаты», «Аққу» күйлерін білемін.
– Димашты алғаш рет өмірде қай жерде көрдіңіз? Ол сізге қандай әсер қалдырды?
– Димашты алғаш рет өткен жылы көріп, ақыры арманымды іске асырдым. Бір досым маған Димаштың Ыстамбұлда (Түркия) өткен концертіне толық төленген сапар сыйлады. Оны өмірде көру ерекше оқиға болды. Өз-өзіме келу үшін де біраз уақыт керек болды, өйткені сүйікті әншімді дәл қарсы алдымнан көргеніме сене алмай тұрып қалыппын. Бұл естен кетпес күн болды. Тіпті осы арманыма жол ашқан досымның көмегінен де зор керемет десем болады. Бойымды түрлі эмоция кернегені сонша, мұны адам сенгісіз жағдай деп бағаладым. Оның дауысын тікелей тыңдау видеодан әлдеқайда керемет екен. Одан кейін Димашты Астанада көргенде, бұл да орындалған арманымның біріне айналды. Өйткені Қазақстанды көру де бір арманым еді. Айтары жоқ, 2024 жыл мен үшін өте керемет болды. Мен Димашты алғаш рет 2019 жылы видеодан көрдім, ал оның концертіне баруға мүмкіндік табу үшін бес жыл бойы күттім.
– Чилиде, оның ішінде Сантьяго қаласында Димаштың өнерін ардақтаушылар көп пе? Өзара сөйлесіп тұрасыздар ма?
– Чилиде Димаштың табынушылары өте көп. Олар талантты әншінің біздің елімізде танымал бола түсуі үшін көп шаруа тындырып жатыр. Біз Димаштың концертін Чилиде өткізуді армандаймыз. Мұнда фан-кездесулер, радиожобалар ұйымдастырамыз, жарнама экрандарында насихаттаймыз. 23 жастағы бір жігіт Чили ұлттық телевидениесінде Димаш туралы айтып, қатты құрмет білдірді. Біздің ел соның арқасында Димаш туралы көбірек естіп-білді. Осы жігіт Таланттар шоуында Димаштың әндерін шырқап, жартылай финалға дейін жетті.
– Қазақстанға баруға қашан бел будыңыз? Біздің еліміз сізге ұнады ма?
– Мен Қазақстанда былтыр күзде, Димаш Астанада екі концерт берген кезде болдым. Димаштың табынушысына айналғаннан-ақ Қазақстанға баруды армандадым. Сіздердің ғажайып елдеріңізге бару үшін біраз күш жұмсадым. Қазақстанның табиғаты ерекше таңдай қақтырды. Мен Алматыға бардым, Қайыңды, Көлсай көлдеріне, Шарын керішіне экскурсия жасадым. Бұл бір ғажап сапар болды! Таулы Алматы менің туған қалама ұқсайды екен. Қазақтардың қонақжайлығы ерекше ұнады. Мұның бірегей қасиет екенін сеземін. Тағамдар да көңілімнен шықты, көрсеткен қызметтер де жаныма жақты. Шынымды айтсам, тағы да барғым келеді. Астана да тамаша қала. Мен міндетті түрде ораламын, өйткені Қазақстанның басқа да қалаларын көргім келеді.
– Осындай сапардан кейін достарыңызға, отандастарыңызға Қазақстан туралы, Димаш туралы не әңгімеледіңіз?
– Мен Димаш туралы, Қазақстан туралы үнемі достарыма, отбасыма, әріптестеріме айтып отырамын. Олар менің Қазақстанға барып, арманымды орындап қайтқаныма қатты қуанды. Мен оларға видеоларым мен суреттерімді де жиі көрсетемін, олар бұған қатты тәнті болады. Достарымның көбі Димаштың дауысына ғашық. Оның әлеуметтік желідегі жазбаларын бағып отырады. Сапарымның суреттерін көріп, олар Қазақстанның сонша ғажайып ел екенін түйсінді, таңдай қақты. Мен оларға қазақ мәдениеті, ерекше дәстүрлері туралы әңгімелеймін. Осы бір тамаша ел туралы білмейтін адамдар үшін мұның бәрі қызық.
– Қазір өзіңіз үшін қазақ мәдениетінің, қазақ тілінің маңызы қандай?
– Қазақ мәдениеті өте бай. Маған сіздердің дәстүршіл, отаншыл болмыстарыңыз, өз дәстүрлеріңізді сақтауға тырысатындарыңыз ұнайды. Кейбір елдерде мұндай қасиет жоғалып барады. Сіздерде бірегейлік бар, шетелдіктер сол үшін де құрметтейді. Маған ұлттық киімдеріңіз, әшекейлеріңіз, Наурыз мейрамы қатты ұнады. Мен өз Чилиімді де жақсы көремін, өзімді патриотпын деп санаймын, бірақ енді Қазақстанды да ерекше махаббатпен жақсы көре бастадым. Басқа елге қоныс аудару мүмкіндігі болса, ойланбастан Қазақстанды таңдар едім. Сондықтан жүрегім екіге бөлініп тұр десем де болады. Мен әлі қазақ тілін үйренуді бастаған жоқпын. Дегенмен дәрістерге қатысатын күн де алыс емес деп ойлаймын. Жақын құрбым қазақ тілін үйрену курсына барып жүр, маған ол қазақ сөздерінің қалай айтылатынын үйретіп жүр. Мен де жақында қазақ тілін қолға аламын, өйткені оны өте әдемі тіл деп білемін. Бірақ үйренуге қиын тіл екенін де мойындаймын.
– Сіздің Димаш өнерін ардақтаушы екеніңізді қазақ журналистері қайдан білді? Сіз туралы сюжет түсіруге қашан ұсыныс жасады?
– Менен сұқбат алған журналистің аты-жөні Темірлан Нұрсолтанов. Мен онымен екі жыл бұрын Instagram-да таныстым. Ол испан тілін үйреніп жүр екен, ал ағылшынша өте жақсы сөйлейді. Қазақстанға барғанымда Димаштың Астанадағы фан-кешінде Айгүл Үлкенбаевамен бірге домбыра тарттым. Келесі күні Темірлан мені сұқбатқа шақырып, «Астана Арена» жанында жазып алды. Ол мені Қазақстанда көргеніне қуаныш білдірді. Біздің достығымыз бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Мен Темірланды журналист болмай тұрып-ақ білемін десем де болады. Ал биылғы Наурызда ол менен тағы сұқбат алып, эфирге шығарды.
– Көп рақмет!
Сұқбаттасқан
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2025

971 рет
көрсетілді0
пікір