• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 05 Мамыр, 2025

Халық қасіретінің кейіпкері

Отандық кинотеатр экрандарын толықтай дерлік қазақ фильмдері жаулап алды. Осыдан 8 жылдай бұрын «Қазақша бизнес», «Брат или брак» сынды картиналар шығып, халық жаппай тамашалап жатқанда да елдегі кино ахуалы мұнша өзгерер деп ешкім күтпесе керек. Бүгін қазақ киносы да, көрермені де тірілді. Саннан өтіп, сапа сұрайтын деңгейге жетті. Әрине, арзан комедиялардың өзіндік көрермені бар десек те, көбі «мұндай фильмдерден» шаршағанын айта бастады. Халық күліп шаршады ма, әлде интеллекті төмен әзілдер шаршатты ма? Осы сұранысқа орай үлкен экрандарға драмалық фильмдер де шығып, комедиялармен таласа алатын көрермен жинағанына және жинай алатынына биыл көзіміз жетті.

2025 жылы 20 ақпанда үлкен экранға Абдусайд Төлегеновтің «Молда» атты киносы шықты. «Өнер қырандары» әзіл-оспақ театрының бұл жобасы атына заты сай діни һәм адамгершілік мәселелерін қозғайды. Комедия жанрында түсірілген туындыны халық жылы қабылдап, жалпы 1 млрдтан астам табыс түсірді. Оның алдында шыққан Асар Абулхаировтың «Qazaq alemi» картинасы да халықты күлдіре отырып ой салуға тырысқан картина болатын. 13 наурыз күні кинотеатрлардан көрсетіле бастаған «Малай» фильміне айтылып жатқан сындар да жақсы деуге болады. Дегенмен бұл фильмдердің бәрінің дерлік сценарийі бір-бірінен айнымайды. Үш фильмге ғана айтылған сын емес, қазіргі бүкіл қазақ комедияларына айтылатын сын – осы. Кейіпкер белгілі бір қиындыққа тап болып, соны шешу жолында белгілі бір түйсінуге жетеді. Соңында ол түзеледі, дұрыс жолға түседі. Сонымен, фильм финалы драмалық блокпен аяқталады. Бәрі-бәрі бір реттік картиналар екені айтпаса да түсінікті. «Неге комедия көп?» деген сауал туары анық. Киносыншылардың сөзімен айтар болсақ, комедия – негізгі ойыңды арзан қаражатқа жеткізіп, көбірек ақша табуға болатын киножанр.

Эмоция сату «өнері»

Кино деген не десеңіз, ол – эмоциялар көмбесі. Ал оның жарнамасын жүргізіп, халыққа сатуды эмоция сату өнері деуге негіз бар. Байқасаңыз, қазақ киноларының бәрінің жарнамасы ұқсас. Комедия болса, күліп шыққан көрерменнен сұқбат алып, әлеуметтік желі парақшасына салып қояды. Драмада жылап шыққан көрермендерді аңдиды. Яғни қазақ киносын сатуда жалаң эмоциялар ғана қолданылып келеді. Не күлесің, не жылайсың... Міне, біздің көрермен қазіргі таңда осы екі эмоцияны ғана сезім ретінде қабылдай алатын секілді. Соңғы кездері осы эмоцияға үшіншісі қосылды. Ол – қорқыныш. Терең түйсіну, тұңғиыққа түсіп, интеллектуалды бойлауға жетелейтін фильмдерді біз қабылдап үйренбедік. Қазақ көрермені үшін фильмнен не қорқып, күліп немесе жылап шығу парыз. Жарнаманың да осы бағытта жүргізілетіні сондықтан. Бәріне жарасар, бірақ 2025 жылы жарыққа шыққан екі фильмнің жарнамасына бұл жүрмеуі керек еді. Өйткені ол екі картина да қарапайым, жалаң эмоциялардан биік тұратын. Біріншісі –  «Болмаған балалық шақ», екіншісі – «Менің атым Қожа-2: жаңа саяхат». Бүгінгі мақаламызда алғашқы фильмге тоқталамыз.

Кітаптан көшкен кейіпкер

Бұл фильмді постхоррор жанрындағы драмалық ертегі деп атауға негіз бар. Ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаяты желісімен түсірілген картинасынан көрермен жай жылап шыққан жоқ еді. Олар ата-ана қадірін, бауырдың бағасын ұғынып шықты деп ойлаймыз. Басын ашып алатын бір нәрсе бар, фильм кітап жүгін көтере алмаған. Өйткені «Болмаған балалық шақ» – әдеби туынды ретінде анағұрлым терең шығарма. Бұл тұста кинодан әдеби шығарманың әлдеқайда биік тұратынына тағы бір көз жеткізген едік. Мұндай синдромның мәнін ғалымдар адамның елестету қабілетімен байланыстырады. Яғни кітап оқып отырып сен өз санаңда кинотеатр жасап аласың. Жә, сонымен «Болмаған балалық шақ» үлкен экранға шыққан күннен бастап көрермен көзайымына айналды. Өйткені халық мағынасы бай, тағдырлы фильмдерге шөліркеп қалған. Дегенмен бұдан да бөлек көрермен көңіліне жаққан бірнеше қырын талдап көрелік.

Драмалық әдеби ертегі

Біздің халық санасы ертегілік құрылымды жақсы көреді. Ертегілерде негізгі кейіпкердің көбінесе ерекше қабілеті болады. Оның досы да, жауы да айқын. Сонымен қатар ертегі кейіпкерінің бәрі дерлік біреуді құтқару жолында күреседі. Бұл эпостық жырлардың мотиві деуіңіз мүмкін. Бірақ батырлық эпостардың бәрі дерлік батырлық ертегілерден бастау алатынын ұмытпаған жөн. Сонымен бірге кинода тура ертегілік сарынға сай кадрдан тыс баяндау бар. 

Киноның бас кейіпкері Ақош ерте жасында әкесінен айырылады. Әпкесі, ағасы және өзі үшеуі осылай қиын жағдайда қалады. Көп өтпей, ағасы Данайдың емі үшін анасы біреуге тұрмысқа шығып, амалсыз балаларын нағашы апасының қолына қалдырады. Анасының тұрмысқа шығып жатқан сәтінде ол құдалардың бәрін ертегілік антогонистер бейнесінде елестетеді. Бас антиқаһарман Тағай – анасының жұбайы. Бұл рөлді актер Берік Айтжанов өте жоғары деңгейде алып шықты. 

Той үстінде сарайға қамалған Данышпан мен Ақош Тағайға қатты өшігіп, есік саңылауынан ызаға булыға қарайды. Осы сәтте Ақош өз бойындағы ерекше қасиетті байқайды. Фильмде бұл «теріске кіру» деп берілген. Қазақ мифтерін іздестіре отырып, «теріске кіру» және «теріс» деген ұғымдарды таба алмадық. Бұл сөзбен тек дұрыс емес күштер байланысты екені аңғарылады. Мысалы, «теріс бата», «теріс қарау», «теріс айналу» деген жағымсыз ұғымдар кездеседі. Осы тұрғыдан келгенде, фильмдегі баланың ерекше қабілетке ие болатын күйін дұрыс емес нәрсе деуге болатын шығар. Яғни ақылдан кетіп, тек қара күш қалатын күй. Расында, фильмде бұл күйге түскен кезде бала бір кезде ғана жеңіске жетеді. Ол әлімжеттік көрсетіп жатқан балаларды ұрып құлатып, досын құтқарып қалады. Одан бөлек сарай есігін бұзып шыққанда, Тағаймен төбелескен сәттерде Ақош жеңіліп тынатын. 

«Теріс» сөзінің екінші бір қолданылар тұсы бар. Ол «киімді теріс кию» мотиві. Яғни жаман түс көргенде немесе көңілі сезген жамандықтың алдын алу мақсатында қазақта киімді теріс кию ырымы болған. Бұл қырынан келгенде, теріске кіру мотивін – «жамандықтың алдын алу», ал «теріс» ұғымының өзін жамандықтан қорғаушы күш деуге болады. Дегенмен бұл күшке Тағай да ие екеніне кино барысында көзіміз жетеді. Бұл бөлек параллель. 

Мүгедектер арбасына таңылған ағасы екеуі анасын Тағай құбыжықтың қолынан құтқаруды арман етеді. Ол үшін Ақош «теріске кіруді» толық үйренуі керек. Бірақ көп ұзамай ағасы дүниеден көшіп, әпкесі оқуға кетіп, бала жалғыз қалады. Қартайған нағашы әже бойында қуаты тасыған Ақошты тәрбиелей алмасын ұғып, анасына «алып кетуге» өтініш етеді. Осылай бас кейіпкер негізгі қарсыласының территориясына кіреді. Бұл да ертегілік мотив екені айқын.

«Терістік» параллель

Ертегідегі қаһарман мен антиқаһарманның күші көбіне тең келеді. Өйткені әлсіз жауды жеңу қызық болмасы анық. Алдыңғы бөлімде айтқанымыздай, Тағайдың да теріске кіретін қабілеті бар. Бірақ ол қалыптасқан еркек ретінде Ақоштан бәрібір күшті еді. Ақош одан оңбай жеңіліп, тауаны шағылады. Енді жоғарыдағы «Теріс» ұғымына қайта оралайық. Бірінші «теріс» адам бойындағы ашу мен ызаны алапат күшке айналдыратын күй десек, екінші «терісті» жамандықтан қорғаушы күш деп таныдық. Егер екеуінің де (қаһарман мен антиқаһарманның) бойында осы күш болса, онда ол «ақ» немесе «қара» да, «жамандық» не «жақсылық» та емес. Екі кейіпкер арасында параллель жүргізіп көрелікші.

Ақош – әкесінен айырылған, анасынан тиісті деңгейде мейірім көре алмайтын, кез келген істі жұдырықпен шешуге құмбыл бала. Тағай да – әкесіз өсіп, анасынан мейірім көре алмаған, адамдарды қара күшпен басқаруды қолдаушы кейіпкер. Яғни екеуі де бірдей тұлға. Ашуын күшке айналдырып, «теріске кіре» алатынын қосыңыз. Ал қара күшке кім сенеді? Қорқақтар. Олар төбелесу арқылы іштегі негізгі қорқынышын жасыруға тырысады. Мейірім көрмей өсіп, айналасын өзіне жау санап, әрқашан қорқынышта жүреді. Яғни екі кейіпкер бойындағы «теріс» деген күш – ашуды қара күшке айналдыратын қорқақ адамдардың қорғаныш қабаты. Яғни аталған ұғым бойына қазақтағы «теріс» сөзіне қатысты екі ұғым да кірістірілген.

Түйсінудің жасы

Теріске кіріп, Тағайдан жеңілген Ақош біраз уақыттан кейін әкесінің бауырларының қолына барады. Сол жерде ержетіп, өз туыстарымен жақын өсіп, бауырластықтың, қазақтағы ағайынгершіліктің мәніне қанып өседі десек те болады. Осы жерде жүріп ол әлеммен тепе-теңдік табады. Бірақ оның ішкі арманы сол күйі өзіне маза бермейтін. 

Өлкенің аңшылары жиналатын орынға баруды арман етеді. Өйткені ол жаққа Тағай да келетін еді. Ер-жетіп, қалыптасқан жігіт осы жолы Тағайды жеңіп, анасын құтқарып алатынына нық сенімді. Дәл солай болады да. Ақош Тағайды атып, анасына асығады. «Қайтайық», «жүр», «мен оны өлтірдім» дейді. Бірақ анасының екі баласы бар. Өмірі өз алдына жалғасып жатыр. Осы көрініске куә болған жігіт үмітін үзіп, кері қайтады. Дегенмен Тағайдың бұл оқиғадан кейін агрессияға қатты беріліп, ауылдың астаң-кестеңін шығарып жатқанын, өзіне қарыз адамдарды қорқытып-үркітіп, бопсалап жатқанын естиді. Осы тұста ғана бас қаһарман ашуды ашумен жеңу мүмкін емесін ұғады. 

Ол анасы тұратын ауылға қайта оралып, Тағайдың анасына өтініш жасайды. Бұл кейіпкер де – белгілі бір деңгейде қасіретті адам. Туған жерін тастап, өзге ұлтқа, өзге жерге тұрмысқа шыққан ана бейнесінде тура Ақоштың анасында суықтық бар. Баласын әрқашан қорқытып, зілмен ұстайды. Фильмнің соңында баланың қорқақ, соның әсерінен ашушаң, агрессор болып өсуінің басты себебі – мейірімге қанбауынан деген ойды байқаймыз. Зіңгіттей Тағайдың ана құшағына еніп жылап жатқан тұсында еріксіз көзіңе жас келеді. Ағасы мен қарындасының отбасының арасындағы араздықты да ол осы мейіріммен жеңіп, татуластырады. Бұл тұста да көрермен көзінің жасын сығып алған-ды. Бұл жас жалаң эмоцияның жасы емес, түйсіну жасы секілді. 
Көрермен фильм соңында әркімнің өз өмірі, өз тағдыры бар (жаңа отбасын құрған ана, мейірім көрмеген Тағай, туған жерін сағынатын Тағайдың анасы) деген ойға тұрақтаған Ақошты Алматыға шығарып салады. «Болмаған балалық шақ» драмалық әдеби ертегі дедік. Драмасы түсінікті. Ертегі мотивтерін де талдап шықтық. Бірақ неге «әдеби» ертегі? Бұған кейіпкердің кітаптан көшкенінің қатысы жоқ. Ертегі атаулы – қарсыла-сын тура мағынасында жеңіп, бақытқа жететін жанр. Ал мұнда бас кейіпкер қарсыласын қара күшпен емес, мейіріммен жеңеді. Солай өзін де, қарсыласын да агрессиядан, туралап келгенде, «терістен» шығарып алады. Бұл ертегілік емес, әдеби шешім.

Үштік кейіпкер теориясы

Кино саласында жетістікке жеткен фильмдерді талдауда осы теория қолданылады. Негізінде бұл теория көп әдеби шығармалар мен ертегілердің, эпостардың архетипі десек те болатын шығар. «Хәрри Поттер», «Сақиналар әміршісі», «Шрек», «Матрица» секілді танымал фильмдерді есіңізге түсіріңізші. Барлығының үш кейіпкері бар. Олардың әрбірі әртүрлі кейіпке ие бола тұрып, сюжетті қызықты етеді. Мысалы, Хәрри Поттер – бас қаһарман. Оған батырлық, ерлік, көшбасшылық тән. Хәрмиона – ақыл, мейірім мен даналықтың образы. Ал Рон болса, сезім мен адалдықты үстейді. 
Балаларға таныс «Шрек» мультфильмінде де осы тектес үш таған бірігеді. Шрек – бас қаһарман, ерлік пен батылдық символы. Есек – адал достықтың, қолдаушының образында. Фиона ханшайым – ақыл мен даналық образы. 

Қызығы, бұл теория қазақ ертегілері мен эпостық жырларында да қолданылады. Мысалы, батырдың өзі қаһарман болса, тұлпары адал досы, жары ақылшысы ретінде суреттеледі. «Болмаған балалық шақ» фильмінде де осы ұстын сақталған. Жалпы, тұтас фильмнен осы бір үштағанды байқаймыз. 
Ақош негізгі кейіпкер, ерлік жасаушы болса, ағасы Данай – ақыл мен парасат, қолдаушы дос образында суреттеледі. Ал әпкесі мейірім символына айналады. Кейіннен бас кейіпкерден басқа образдарды махаббаты Дина мен досы алмастырады. Досы қолдаушы болса, Дина мейірім мен парасат ұғымдарымен астасады. 

Сонымен, «Болмаған балалық шақ» фильмі екі бірдей классикалық теорияны ұстын ете отырып, көрермен жүрегіне жол тапты. Қалыптасқан ертегілік мотив пен бір-бірін толықтыратын үштаған кейіпкерлер теориясы сценаристер мен режиссердің шешімі десек, рөлдерді сомдаған актерлердің де ойынында міней қоятын жалғандық болмаған. Бұл үшін тұтас авторлар мен актерлерге, жалпы осы фильмді шығаруға атсалысқан барша командаға алғыс айтамыз.

Алғашқы кадрға оралу

«Егер бірінші актіде сахнада қабырғаға ілулі мылтық болса, ол соңғы актіде міндетті түрде атылуға тиіс. Егер атылмаса, мылтықты ілуге болмайды» деген Чеховтың атақты сөзі есіңізде болар. «Болмаған балалық шақ» фильмінде бұл мылтық басында атылып, тұтас кино бойы сол атылған мылтықтың қасіретіне куә боласыз. Алғашқы кадрларда көрсетілген жарылысты есіңізге түсіріңізші. Ол Семей полигонында жарылған атом бомбасы еді. Соның кесірінен Ақоштың әкесі қайтыс болып, ағасы мүгедек болып қалған. Осылай фильм жеке тұлғаның қасіреті арқылы, тұтас халықтық нәубетті ашып көрсетеді.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2025

977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы