- Спорт жұлдыздары
- 03 Мамыр, 2025
Бекзатты ұмытпаңдаршы!

Уақыт бәріне де емші ме?Емші. Ұмыттыра алатыны үшін де.
Сидней олимпиадасының үздіктерін қарсы алған сәт естен кетпейді. Қазан айының салқын кеші еді. «Жас Алаш» газетінің тілшісімін. Фототілші Асылхан Әбдірайымұлы, аға журналист Бақтияр Тайжан, курстасым-әріптесім Нәзия Жоямергенқызы Алматы әуежайында тұрмыз. Ұшақты ұзақ күттік. Денсаулығым болмай, көзіме сыздауық шығып, ісіп кеткен. Оған қарайтын емеспін. Батырларды траптан күтіп алдық. Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдәбековті сәл оңашалап алу мұң болды, журналистердің қысымы өз алдына, қарапайым жанкүйерлер де құшақтан босататын емес.
...Кейін Бекзаттың анасы Сырлыкүл апай айтқан бір сөз әлі күнге жадымда жаңғырады. Журналистер микрофон тосып, баласының қасында бақытқа шомылып тұрған анадан: «Бекзатқа не тілейсіз?» – деп сұраған-ды. «Сол кезде «баламның жасы ұзақ болсын, үйленсін, өсіп-өнсін» деп неге айтпадым?» деп Сырлыкүл апай әлі күнге өкінеді. «Өзі екі-үш дүркін олимпиада чемпионы болам деп жүр ғой, сол арманына жетсін» деппін. Оның олимпиадада екі-үш рет озғанын қайтемін, қасымда аман жүрсе жетер еді ғой»... деп аһ ұрады ана.
***
Шынын айтсақ, Бекзат Саттарханов 2000 жылы олимпиада чемпионы атанғанша, біз қазақ баласының ұлы аламандағы жеңісі қандай болатынын білгеніміз жоқ. Иә, сонау 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында қос балуанымыз – Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров жеңімпаз атанды. Бірақ ол табыс алып империяның жарқын жеңісіне бір бөлшек болып қана қосылды. Ал Сиднейде Бекзат пен Ермахан дара шыққанда... қазақ қайта туды!Жылдардың емес, ғасырлардың, ғасырлардың емес, мыңжылдықтардың алапат сындарынан өтіп, ХХІ ғасырға аман жеткен қазақ дейтін жұрт бейбіт майданда мойын оздыра алатынын осылай сезініп еді. Ол жеңісті басқа емес, өзі жұп-жұқа, бірақ сүйегінде батырлық рухы өшпеген 20 жастағы өрен сыйлағаны да ғажап болды! Айтса сенгісіз оқиға болды. Сол өрен жеңіс тұғырында жалғыз емес, отызға таяған Ермахан ағасымен бірге тұрды. Бұл қазақ ұрпағының екі буыны ерекше дүр сілкінгенінің көрінісі еді. Мұхтархан мен Болат жеңіс тұғырына сынық сүйем жетпей тоқтаса да, біз үшін биіктің биігі, мықтының мықтысы болып тұрды.
***
Бекзат екі, тіпті үш дүркін олимпиада чемпионы бола алар ма еді? Ол 57 келі салмақта өнер көрсетті. Бірақ бойы сұңғақтау еді. Сондықтан келесі олимпиадаларда сол 57 келіде, салмақ қосты дегенде 60 немесе 64 келі салмақ дәрежесінде сынға түсер еді. 60 келі салмақ дәрежесінде 2004 жылы Афина төрінде Марио Кинделан, Әмір Хан сияқты саңлақтармен, 64 келіде Юдел Джонсон, Борис Георгиев, Манус Бунжамноңмен терезесі тең өнер көрсетіп, артық айтқанымыз емес, тіпті солардың шаңын қағар еді. 24 жас Бекзаттың нағыз түлеген, өрлеген, әбден тәжірибе жинап сақайған кезеңі болар еді.
Бір ойым айтады: Бекзатқа ғұмыр бергенде, ол өзбекстандық Хасанбай Досматов сияқты өзінен кейін талай талантты боксшының тынысын ашар көшбасшы болар еді. Бірнеше олимпиялық циклде дарабоз атанып, спорттан зор абыроймен кетер еді. Тіпті спорттық функционер ретінде де топ басында жүрер еді. Мұның бәрі әншейін болжам, арман ғана... Өлшеулі ғұмырды біз өлшейміз бе әйтпесе...
***
Сөз басында уақыт ұмыттырып барып қана емдейтінін айттық. Осыдан 10-12 жыл бұрын Түркістан облысында өткен жас қаламгерлер байқауына қазы болғанымыз бар. Берілген бес тақырыптың бірі «Бекзат Саттарханов – қазақ спортының аңызы» екен. Жиылған жиырмаға жуық талапкердің он төрт-он бесі осы тақырыпты таңдағанына таңғалғанымыз жоқ. Солай болуға тиіс. Бірақ алдымызға келген жазбаларды оқи отырып, өкініштен бас шайқадық. Толған күрсініс! Толған аһ ұру! «Қайран Бекзат... Арысым-ай!.. Арманыңа жетпей кеттің-ау...»
Сөйте отырып, Бекзаттың Сиднейде топ жарғанынан мүлде хабарсыз, әйтеуір сол 2010 жылдарға дақпырты жеткен тұлға ретінде ғана танитын жазбагерлер бар екенін бірден түйсіндік. Сонда бас-аяғы он жыл шамасында Бекзат халық жадынан өше бастапты-ау... Саңлақ ұлды спортқа қатысы бар адамдар ғана есінде сақтап, арманын әлдилеп қала береді екен... Содан бері тағы он бес жыл аунады. Жыл сайын сәуір айында біраз жұрт есіне алады. Батырдың атында халықаралық турнир өтеді. Қазақстанда ірілі-ұсақты халықаралық жарыстар өткізілсе, Сейілхан әкей құрметті қонақ ретінде шақырылып тұратын еді. Ол кісінің де көзі кетті...
***
Бекзаттың қабіріне белгі орнатылып, жылдық асы берілген соң бірнеше жыл өтті. Бір күні Түркістан жақтан жаман хабар жетті. Әлдебіреулер Бекзаттың қабірін тонапты. Тонағанда, ескерткішті құлатып әкете алмасы анық қой. Бекзаттың 1998 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіп алған күміс медалінің, Сидней алтынының көшірмесі, яғни мыс темірлер ұрланыпты... Мемлекет халқының бәрі керемет ақылды, патриот, сабырлы да салмақты болуы мүмкін емес. Ел бар жерден телі де, тентек те шығады. Бірақ сол телі-тентектің өзі мұқым ел үшін не нәрсенің қасиетті һәм қасіретті екенін сезіне алмайтынына өкінеміз ғой сол. Қараңғыны жамылып зиратқа жақындағанда, дәл сол жерде қазақ рухын бір сілкінткен ұланның мәңгі тыныстап жатқанын ұры екеш ұры да сезіне алмағаны-ай...
***
Түркістан облыс орталығы атанбай тұрғанда Б.Саттарханов атындағы спорт кешені салынды. Уақыт өте келе жаңа кешеннің тоза бастағаны, күйі кеткені айтылып жүрді. Бір күні «Бекзаттың атындағы кешен мүлде сүріледі екен!» деген жайсыз хабар дүңк етті. «Ақ желкен» де осы мәселеге алаңдады. Тілшіміз Дәурен Түлкібай кешеннің болашағы туралы жауапты адамдарды сөзге тартып, мақала жазды. «Сүрілетіні рас, бірақ оның орнына жаңа, заманауи спорт кешені салынады» деген жауапты адамдардың сөзі дәтке қуат болды. Осы күні жаңарған, жасарған Түркістанға Шымкент жағынан ене қалсаңыз, Б.Саттарханов атындағы даңғыл бойында жап-жаңа спорт кешені көз тартып қарсы алады. Бекзаттың атында! Жайнап тұр!Бәсе, біз сонша жадымыз қысқа халық емес едік қой.
***
Бекзат ұмытылатын ұл емес! Жас ұрпақ, «қошқар мен теке, балға мен шеге» деп мәнсіз ән айтып жүре бермей, Бекзат туралы ізденші. Көкірегінде арманы жоқтардың арманын оятқан Бекзат мәңгі халық жадында болуға тиіс.
***
...Әуежайда дұрыс сөйлесіп үлгермеген соң, «жасалаштықтар» боксшылардың ізіне түстік. «Мамыр» ықшамауданындағы зәулім үйге аялдапты, мол дастарқанға тап келіппіз. Бірақ тамаққа қарамай-ақ тоқпыз. Батырлармен сұқбатты бір реттеп алып, әрі де, бері де суретке түсеміз. Көзімдегі сыздауықты ұмытқанмын, бір қарасам, Бекзаттың алтынын кеудеме тағып алып, Асылхан ағаның фотоаппараты шырт ете қалуын бағып тұрмын. Сол суреттер өмірімдегі керемет естеліктер болып қалды. Күлімсіреп тұрған Бекзат. Мәңгі бар болатындай, мәңгі халықтың ықыласына шомылып жүре беретіндей көрініп еді.
***
Биылғы сәуір айында Бекзат 45 жасқа толар еді. 45 жас деген не, тәйірі! Нағыз жігіт жасы емес пе? Оның арманы әлі іске асқан жоқ. Қазақтан әлі күнге екі немесе үш дүркін олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Бекзат кеткелі 25 жыл өте шығыпты. Ширек ғасыр. Ұмытпайықшы.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2025

972 рет
көрсетілді0
пікір