- АҚ ЖЕЛКЕН
- 27 Мамыр, 2025
Азаттық таңында үн қатқан

Балалар мен жасөспірімдерге арналған мерзімді басылымдар ішіндегі ерекше орны бар, ғасыр жасаған журнал тарихына қатысты сериялық мақалалар легін жалғастырамыз. Кеңес дәуіріндегі қазақ балаларының рухани серігі, тәрбиелік мектебі болған «Пионер» журналы 1990 жылдан бастап «Ақ желкен» деген атаумен жаңа дәуірге қадам басты.
1990 жылы шыққан нөмірлерден-ақ журнал ұлттық құндылықтарға ден қойып, жастардың еркін ойлауына, ұлттық рухты дамытуға бет бұрғанын байқауға болады. Журналда қазақтың салтдәстүрі, тарихы, ұлы тұлғалары жайлы материалдар көбейген. Мысалы, Абай, Жамбыл, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты тұлғалар жайлы танымдық мақалалар жиі жариялана бастады. 1990 жылғы қаңтардағы нөмірдің алғашқы бетінде балалар басылымының шежіресін ерекше атап, әр жылдағы журналдың атауы мен мақсатын көрсеткен.
Бастау
1925 жыл. Орынбор қаласы (Қазақ автономиялық республикасының сол кездегі астанасы). «Пионер» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл қазақ халқының тарихындағы тұңғыш балалар журналы еді.
Өсу кезеңдері
1931 жыл. Қызылорда қаласы (Қазақ автономиялы республикасының бұрынғы астанасы). «Екпінді жас» деген атаумен журнал қайта шыға бастады. (Осы тұсқа бір түсіндірме: газет тілшісі Айнұр Мұратова жақында «Екпінді жас» журналының көп ғылыми деректерде айтылып жүргендей, 1931 жылы емес, 1930 жылы жарық көргенін журнал мұрағатын ТМД кеңістігінен түгел зерттей жүріп анықтады).
1937-1939 жылдар. Алматы қаласы. «Вожатыйға көмекші» деген атпен жарық көріп, өзінің бастапқы мақсатты ісін жалғастырды.
1939-1941 жылдар. Алматы қаласы. «Пионер» журналының басты назарында балаларды еңбекке баулу, Отанның күшқуатын арттыруға жұмылдыру мақсаты болды.
1946-1958 жылдар. Алматы қаласы, «Пионердің» ұйымдастырушылық, тәрбиешілік рөлі Жеңістен кейінгі халқымыздың жанқиярлық еңбегінің ажырамас бөлшегі.
1978 жыл. Алматы қаласы, «Пионер» журналы бүгінгі балаларға коммунистік тәрбие берудің құралы ретінде қайта шыға бастады.
Жол жалғастығы
1990 жыл. Алматы. «Ақ желкен» деп жаңа атауға ие болған журналдың мақсаты – балаларға эстетикалық тәрбие беру, тарихи сананы байыту, туған жер, туған елдің ұланы болуға тәрбиелеу.
Иә, бұл шежіреге сүйене отырып, журналдың әр кезеңдегі бағыт-бағдары мен мақсатын айқын көруге болады. 1990 жылдан бастап «Ақ желкен» журналының мазмұнына едәуір өзгерістер енгізілгенін байқадық. Балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ әдебиеті туындыларына, ертегілерге, өлең-жырларға көбірек орын берілді. «Ақ желкен» атауы болашаққа, еркіндікке, арманға бет алған қазақ жастарының символына, мазмұны тек танымдық бағытпен ғана шектелмей, балалардың ойөрісін, дүниетанымын кеңейтуге арналған әдеби-көркем дүниелерге толы болғаны аңғарылады. Журналдың қаңтар айындағы санынан бастап тұрақты айдарлар жариялана бастады. Мысалы, «Тәлімнама», «Қоңырау» және «Жерұйық» айдарлары әр нөмір сайын жалғасып тұрды. «Тәлімнама» айдары белгілі әдебиет, өнер, жалпы шығармашылық қайраткерлерінің, еңбегімен азаматтық белеске көтерілген адамдардың балалық шағы мен қазіргi балалар туралы сырын, ой-толғанысын жариялаған. Осы айдардың алғашқы материалы ретінде Мұзафар Әлімбаевтың «Азамат болу өз қолыңда» атты балалық шағы туралы толғанысы жарияланды. Мұнда балалардың уақытты дұрыс пайдаланбауы жайлы да жазылған. Ал «Қоңырау» айдары оқушылардың жазған хаттарынан тұрса, «Жерұйық» айдарында қазақ халқының тарихы туралы жазылған. «Қазақ қайдан шыққан?», «Он Оқ Елі», «Қос дидарлы қағанат» деген тақырыппен халқымыздың өткен тарихына саяхат жасаған.
1990 жылғы ақпан және наурызда жарық көрген журналдың алғашқы беттерінің бірінде Рахымжан Отарбаевтың «Жұлдыздар құлаған жер» атты повесінен үзінді берілген. Шығарма Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі туралы деректерге негізделіп, көтеріліс басшылары мен Пушкин, Даль арасындағы достық жүздесулер, патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты, Жәңгір ханның бұрын беймәлім болып келген іс-әрекеті жанжақты баяндалады. Сондай-ақ 1990 жылдарда шыққан журнал беттерінде қазақтың көрнекті ақынжазушыларының шығармалары жиі жарияланды. Атап айтқанда, И.Оразбаев, Т.Молдағалиев, Е.Елубаев, Е.Жақыпбек сияқты қаламгерлердің туындыларын көзіміз шалды. Ақпандағы нөмірге ақын Есенқұл Жақыпбектің «Жаман ат қалай жабысады?» деген тақырыптағы өлеңдері жарық көріпті. Ақынның балаларға арналған туындысы әлі де өзектілігін жоғалтпағандай көрінеді. Ақын балалардың жаман әдеттің соңы неге апаратыны туралы жырлаған:
«Сауысқан»
Жерді шарлап тауысқан,
Ала қанат сауысқан.
Шықылықтап сөз тасып
Бірден-бірге ауысқан.
Әдеті бар дейді оның,
Өсек отын үрлейтін.
Сөз тасығыш кей бала,
Сауысқан емей, кім дейсің?!
«Көбелек»
Бейне жеңіл көбелек,
Ұшып-қонып не керек.
Отырған жөн сабақта,
Тастағандай шегелеп,
Жеңілтектер класта,
Атанады «көбелек».
«Түлкі»
Қызыл түлкі әккі-ақ аң,
Қулығымен қауіпті.
Қарғып түсіп қақпадан,
Қағып кетер тауықты.
Айла жасап басқаға,
Қулығыңмен аспағын.
Онда сені, масқара,
«Түлкі» дейді достарың.
«Көкек»
Көкек ылғи көкек деп,
Шақырады өз атын.
Адамдардың содан ғой,
Оған жыны қозатын.
«Мектептегі жалғыз мен
Үлгілі оқу озатың!»
– деп күнде елге мақтансаң,
Сен де көкек боласың.
Журналдың әр санында мерейтойлар мен атаулы күндер де назардан тыс қалмаған. 1990 жылдың мамырдағы санында «Ұлы Жеңіске 45 жыл» айдарымен Марат Ысқақтың «Қыран ана» поэмасынан үзінді берілді. Поэмада ел басына күн туған кездегі кішкентай ауылдың қаһарман адамдарының бірі Әдемінің ерлікке толы өмірінің айшықты сәттері жырланады. Ал қазандағы нөмірде «Жұбан Молдағалиевтің туғанына 70 жыл» деген тақырыппен жыр қыраны Жұбан Молдағалиевтің жырлары оқушыларға ұсынылды. Жалпы атаулы күндердің ішіндегі ең ерекше көзге түскені – 1995 жылы журналдың 70 жылдық мерейтойының атап өтілуі. «Ақ желкенді» және оқырмандарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, шығармашылық ұжым журналдың өткен нөмірлері бойынша топтамалар ұсынды. Онда қазақ зиялыларының журнал туралы айрықша пікірі берілген.
«Бала және заң» айдарында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қандай балалардың заңға қайшы әрекеттері үшін жауапқа тартылатыны туралы айтылады. Бұл айдар үздіксіз шығып тұрған. Сондай-ақ 1990 жылдың маусым айындағы нөмірден бастап «Спорт» айдарымен даңқты футболшы, «Қайраттың» әйгілі капитаны болған Тимур Сегізбаев өзінің тәжірибесін үйрету мақсатында журналдың жас оқырмандарына «Қайратта ойнағың келе ме?» атты футбол сабағын жүргізген.
Басылымның 1991 жылғы №1 нөмірінің алғашқы бетіне «Таэквондоның тәңірі» деген тақырыппен Мұстафа Өзтүріктің елге оралуы туралы көлемді мақала жарияланса, ақпан және наурыз айындағы санға Гүлнәр Шәмшиева, Күләш Ахметова сияқты аяулы ақындардың өлеңдері жарық көрген. Ал мамыр айында батыр Мәншүк Мәметованың балалық шағынан көпшілік біле бермейтін бір үзік сырды ашқан. Күні бүгінге дейін белгілі себептермен толық айтылмай келген батыр қыздың отбасы жөнінде шындықты жазған.
Журналдың 1992 жылғы қыркүйек айында шыққан санында қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның 60 жас мерейтойына орай «Шерағаң» атты мақала жарияланды. Мақалада Шерхан Мұртаза туралы танымал қаламгерлердің естеліктері, пікірлері берілді. Сол үзіндінің ішіндегі Шерхан Мұртазаның «Қазақ болу қандай бақыт!» деген жазбасы ерекше әсер етіп, қазіргі қоғамда да өзекті мәселе екенін айқындап тұрғандай. «Қазақ балаларына ұлтжанды болу керек, өз ұлтын сүю керек. Бізде ұлтын мадақ-мақтан ету жетіспейді. «Қазақпыз» деп айтуға да арланады кейбіреу, «қазақ» деп айтса, қорланады кейбіреу. Қазақ болу қандай мақтаныш, қандай бақыт!» Қазақ боп туғанымызға мың да бір тәуба! Шүкіршілік» деу керек. Сан жылдар езіп-жаншып тастаған ұлтты тірілтіп, еңсесін көтеру керек. Халқының қамын, елінің ертеңін ойлар ұландар өсеріне мен сенем» деп келер ұрпақтың отансүйгіш болатынына сенім білдіріпті Шераға.
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

1733 рет
көрсетілді0
пікір