• Бала және біз
  • 29 Мамыр, 2025

Жақсылық қылсаң – өзіңе, жамандық қылсаң – өзіңе

БУМЕРАНГ ЗАҢЫ ӘРҚАШАН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

2021 жылы корей актерлері фанаттарының ішінде шу шықты. Танымал актер Чжу Су оқушы кезінде қатарластарына буллинг жасаған екен. Зәбір көрген сыныптасы Чжу Суды кінәлап, арыз жазыпты. Мұны естіген корейлердің төбе шашы тік тұрып, Чжу Суден теріс айналады. Агенттіктер Чжу Сумен жасасқан келісімшарттарын бұзып, бірге атқарып жатқан жобаларынан шығарды. Осылайша, Чжу Судың өмірінің бір сәтте астаң кестеңі шықты. Содан кейін ол әскерге кетті. Араға төрт жыл салып, Чжу Су филиппиндік сериалға түсіп, жарқ ете қалады. Сөйтсе, Вьетнамда ол өзінің мансабына жаңа жол тауыпты. «Ағылшын тілін үйреніп, әлемдік жобаларға қатысқым келеді» депті видеоблогында. Ол осы күнге дейін өзінің кінәсіз екенін айтып әлек. «Өз басым ешкімге буллинг жасаған емеспін, тек буллинг жасағандардың қасында ғана жүрдім» дейді. Кейіннен үстінен арыз жазған сыныптасымен кездесіп, сөйлесіп, түсінісіп, ол арызын қайтып алған соң, Чжу Су жарыққа шыға бастады. Бірақ ол анық буллинг жасады ма, жасамады ма, өзіне ғана аян. Әйтеуір бір жағымсыз әрекеті үшін жазасын алғаны анық.

Дегенмен еш қымсынбай, көпе-көрнеу қиянат жасаудың бір қайтарымы болатыны бүгінде ешкімді аса ойландырмайтын сияқты. Семейде бір жасөспірім баланы қатарластары жабылып ұрып, қорлап, видеоға түсіргені естеріңізде болар. Наурыз айында оларға сот үкім шығарып, бес жасөспірімді арнайы мектепке және ерекше тәртіптегі мектепке орналастырды. Олар жалпы не істегенін түсінді ме? Сабақ алды ма? Әлде ары қарай солай өмір сүре бере ме? Бұл басы ашық сұрақ күйінде қалып тұр. Осы оқиғадан кейін де әлімжеттік тоқтай қалған жоқ. Балаларға үйде де, мектепте де дұрыс тәрбие берілмейтінінің дәлелі осы болса керек. Үйде ата-анасы «біреуге жамандық жасама, обалына қалма» демей ме? Мектепте «біреуге жасаған қастығың алдыңнан он есе болып шығады» деген сөз айтылмай ма? Әлде айтылса да, тыңдайтын құлақ жоқ па?

Адам баласы ежелден ақ өзінің іс-әрекеттерінің салдары болатынына сенген. Батыс философиясында да, шығыс даналығында да, қазақ халқының мақал мәтелдерінде «не ексең, соны орасың» ұғымы кездеседі. Осы идеяны бейнелі түрде бумеранг заңы деп атайды. Бұл заңға сәйкес, адам жасаған ісі, мейлі ол жақсылық болсын, жамандық болсын, айналып келіп, өзіне қайта оралады. Дегенмен бұл заң әрдайым жұмыс істей ме? Неліктен кей адамдар жамандық жасап, жазасыз қалып, тіпті байлық пен билікке ие болады? Ал кейде адал, ізгі ниетті адамдар неге азап шегіп, әділетсіздік көреді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Бумеранг заңы – физикалық емес, моральдық философиялық заң. Оның мәні – әрбір әрекет, сөз, ниет адамның болашағына әсер етеді дегенге саяды. Бұл заңды өмірде былай түсінуге болады: адам біреуге жылы сөз айтса, әлгі адам да оған ізетпен қарай бастайды. Біреуге шын ниетпен көмектескен адамның өзі қиналған кезде сол жақсылығы өзіне басқа бір жолмен оралады. Қиянат жасаған адам уақыт өте жұрттың сенімінен айырылады, жалғыз қалады, беделін жоғалтады. Бумеранг заңы көбіне адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, қоғамдық сенімге және ішкі рухани күйге әсер етеді. Яғни бұл заң материалдық емес, көбіне әлеуметтік және рухани деңгейде жұмыс істейді.

Бұл заң неге кейде жұмыс істемейді? Біз өмірде жамандық жасаған адамның табысты болып кеткенін, ал адал жанның қиналып жүргенін жиі көреміз. Неліктен бұлай? Осыған дейін жазылған мақалаларға қарасақ, әділетсіздік мәңгі емес, уақытша екені айтылыпты. Жамандықпен келген жеңіс – уақытша. Бумеранг заңы бірден емес, уақыт өте келе жұмыс істеуі мүмкін. Кейбір адамдар бүкіл өмірін өтірікпен, зұлымдықпен өткізгенімен, түптің түбінде жазаға тартылады немесе рухани күйрейді.

Бумеранг заңының бірден орындалмауына қоғамдағы жүйе де әсер етеді. Қоғамдағы заң мен тәртіп әлсіз болса, әділет орнауы қиын. Жемқорлық, парақорлық, тамыр-таныстық сияқты факторлар жаман адамдардың жазасыз қалуына мүмкіндік береді. Кейде адамдар бумеранг заңының жұмыс істеп жатқанын байқамай да қалады. Кей адамдар жолы болған кейіп танытуы мүмкін, соған қарап оны «жолы болғыш» деп санайтындар бар. Бірақ оның ішкі күйзелісі, жалғыздығы, сенімсіздігі сырт көзге байқала бермейді.

Бумеранг заңы бар екенін біле тұра, қорықпай түрлі жамандыққа баратындар бар. Олар бұл заңға әлде сенбейді, әлде бірден жазаланбайтынына сенімді. «Әйтеуір бір жол тауып, құтылып кетермін» деп ойлайды. Оның тағы бір себебі, көп зұлымдық жасаған адамның ар-ұяты өліп, ар ожданы өшеді. Бумеранг заңы моральдық философиялық заң екенін айттық, әрдайым көзге көрінбесе де, уақыт пен кеңістік арқылы жұмыс істеп жатады. Оған тарихтан да, бүгінгі күннен де көптеген мысал келтіруге болады. Осы заңға ұқсас, тағы бір заң бар. Ол – карма заңы...

Осы өмірде болмаса келесі өмірде орындалатын заң

Карма – үнділік философияда, буддизм, индуизм діндерінде кездесетін ұғым. Адамның жасаған әрбір ісі міндетті түрде өзіне әсер етеді. Осы өмірде болмаса да, келесі өмірде (реинкарнация) қайтып келеді деген мағына береді. Адамның әрбір ісі, сөзі, тіпті ойы да өз тағдырына әсер ететінін білдіреді. Буддистер «кім аз күнә жасаса, сол келесі өмірде бақытты өмір сүреді» деп түсінеді.

Бүгінде карма ұғымы бумеранг заңы сияқты өмірлік тәжірибе ретінде қарастырылады. Сондықтан коуч, емші, бақсылардың лексиконындағы ең көп айтылатын сөз де осы – карма. Бумеранг заңы, карма ұғымы демей-ақ, әр әрекетіңе жауап беретініңді «не ексең, соны орасың», «біреуге ор қазба, өзің түсесің» деп қазақы дүниетаным бірауыз сөзбен қорыта салған. Ары кетсе, «бәрін бір Құдай көріп тұр» қайырады.

Түйін

Қоғамда жасөспірімдер арасында қылмыс көбейіп бара жатқаны алаңдаушылық тудырып отыр. Оған себеп те көп шығар, бірақ «бүгінгі бала – ертеңгі халық» екенін ескерсек, болашаққа үреймен қарайтынымызды жасыра алмаспыз. Жамандық жасаған адамның жақсылыққа жолыға бермейтінін, біреуге жасаған қысастық өз болашағын өз қолымен күйрету екенін балаларға түсіндіруден жалықпайық. Өйткені ең үлкен жаза – адамның өз өзімен бейбіт өмір сүре алмауы, ал ең үлкен марапаты – жүрек тыныштығы мен шынайы абыройға жетуі.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

1224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы