• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Мамыр, 2025

Су да саясат

Қазақстандағы су ресурстары мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келе жатыр. Ел аумағындағы ірі өзендердің көпшілігінің бастауы көрші мемлекеттерде орналасқаны, сондықтан ол мемлекеттермен еліміздің су мәселесі төңірегінде ортақ мүддесі бар екені айтпаса да түсінікті шығар. «Өзеннің басын алмай, өлке сенікі болмайды» деген Абылай ханның сөзі әлі күнге өзекті.

Еліміздегі су проблемасы өте ауқымды және парадокстарға толы. Көктемде су тасиды, ал жаздың ортасынан бастап су жетіспейді. Былтыр гидротехник және экс-министр Нариман Қыпшақбаевпен сөйлесу барысында су ресурстарына байланысты біраз нәрсеге көзіміз жеткендей болған.

«Тасқын деген Құдайдың, табиғаттың ісі. Бірақ оның алдын алуға әбден болады. Ол үшін жыл он екі ай зерттеу қажет. Қай өзен суы ерте ериді, қанша қар жауды және ол қандай қар? Жауған қардың да түрін тексеру маңызды. Өйткені бір қар көп жауғанымен, ерігенде түкке тұрмайтын суға айналады. Бөгеттер мен су қоймалары сол есептелген суға қарай икемделуге тиіс. Ең бастысы, су жолдарын жабуға болмайды. Қазір әкімдіктер су жолдарын ұмытып, сай-саланы қоқыс төгетін жерге айналдырған. Тіпті су жүретін жерлерге ауылдар салынып кетті. Мұның бәрі қан тамырларындағы тромбтарға ұқсайды».

Осындай әңгімелермен еліміздегі су ресурстарына ауысып, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан секілді еліміздің су қатынасы бар мемлекеттер туралы да сөз қозғадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, кеңес билігінің соңғы жылдарында бұл мемлекеттермен келісім жасалғанын, ол келісімдер ендігі өзгеру керектігін экс-министр алға тартқан болатын. Сондай келісімдердің өзгеруін биыл көзімізбен көріп отырмыз. Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен Сырдария мен Талас өзендеріне байланысты тиімді келісімдер жасалғанын Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Бұдан бөлек 2024 жылғы төтенше жағдайларға байланысты Қазақстанда бөлек министрлік құрылып, су ресурстарын пайдалану мен қорғауға байланысты жаңа кодекс қабылданды. Осы кодекс бойынша елімізде су қауіпсіздігі ұғымы тұңғыш рет енгізіліп отыр. Яғни ендігі уақытта шаруашылық пен халық тіршілігіне қажетті барлық су ресурстары ластанудан, бей-берекет пайдаланудан қорғалатын болады. Сонымен қатар суды тиімді пайдалану нормалары, оларды басқарудың жаңа тәсілдері осы су кодексінде қарастырылған.

Былтырғы жылдың екінші жаңалығы ретінде су инфрақұрылымдарын жаңарту жұмыстарын атап айтсақ болады. 2024 жылы Қазақстан су инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізді. Ел бойынша 13 000-нан астам гидротехникалық нысан (канал, бөгет, шлюздер, су таратқыштар) қайта жаңартылып немесе тиімді басқару жүйесіне көшірілді. Нәтижесінде: 10,9 км³ суармалы су егістік алқаптарға жетіп, ауыл шаруашылығы өнімділігі артты; Шардара су қоймасына жеткізілетін су көлемі айтарлықтай ұлғайып, 4,8 млрд м³-ке жетті. Бұл өз кезегінде Түркістан облысындағы су тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді.

Қырғызстан-Қазақстан су қатынастары

2024 жылы жазда Қырғызстан мен Қазақстан арасында Талас өзенінің суын пайдалану бойынша келіспеушілік болған. Қырғызстан тарапы Қазақстанды белгіленген лимиттен артық су пайдаланды деп мәлімдеп, су жіберуді уақытша тоқтатқан еді. Екі ел арасындағы келіссөздер нәтижесінде Қазақстан өз тарапынан су пайдалану тәртібін қайта қарап, келісілген лимит шеңберінде әрекет етуге міндеттеме алды. Бұл жағдайлар екі ел арасындағы су ресурстарына байланысты келісімді қайта қарауға итермелеген болатын. Талас өзені мәселесі Қырғызстан мен Қазақстан арасында ұзақ уақыт бойы өзекті болып келеді. Шу өзені туралы дау-дамай баршылық. Екі өзен де Қырғызстан жерінен келіп, Қазақстанның Жамбыл облысына жетеді. Биылғы наурыз айында Қазақстан премьер министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров екі ел арасындағы су ресурстарын бөлісуге қатысты маңызды келісімге қол қойды. Осы келісім аясында Қырғызстан биыл Қазақстанға Талас өзенінен жалпы көлемі 400 млн, Шу өзінінен 180 млн текше метр су жеткізеді. Бұл су негізінен Жамбыл облысындағы егін шаруашылығын дамытуға және ауыз су қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталмақ. Мамандар бұл су көлемінің облыс халқына жететінін алға тартып отыр. Дегенмен жаңа су кодексіне сәйкес барынша тиімді пайдалану керек.

Тәжікстанмен су қатынастары

2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан еліне мемлекеттік сапармен барып, екі ел арасында біршама келісім-шарттар жасалған болатын. Бұл келісімдер арасында су ресурстарына қатысты да мәміле болған еді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Тәжікстан су ресурстары және басқа да мәселелер турасында «еліміз үшін Орталық Азияның барлық мемлекеттері секілді маңызды серіктес» деп атап айтты. Өйткені екі елді Сырдария өзені байланыстырып тұр. 2025 жылғы 5 сәуірде Өзбекстанның Самарқанд қаласында Орталық Азия елдерінің су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі 89-отырысы өтті. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан қатысқан бұл жиында дариядан қай ел қанша су алатыны келісілді. Биылғы вегетациялық кезеңде (суару маусымы) Қазақстан Сырдария өзені арқылы 3,7 миллиард текше метр су алатын болады. Достық каналы арқылы 909 миллион м³ су жеткізіледі; Солтүстік Арал теңізіне 975 миллион м³ су бағытталады. Бұл су көлемдері көршілес елдермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде нақтыланды. Су ресурстарын әділ бөлу өңірлік тұрақтылықтың кепілі ретінде қарастырылуда. Өзбекстан елі суару маусымынан тыс, 1 қазанға дейін Қазақстанға 16 млрд текше метр су жіберетінін мәлімдеген болатын. Бұл былтырғы, алдыңғы жылдармен салыстырған 1 млрд текше метр көп.

Орта Азиядағы су ресурстары мәселелері

Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы егіншіліктің көзі Сырдария арнасы екені белгілі. Ал бұл өзен Қырғызстанның Нарын өзені мен Өзбекстанның Ферғана жазығындағы тау сілемдерінен бастау алады. Тәжікстанның Сох, Исфара өзендері де дарияға құяды. Қырғызстан мен Тәжікстанның таулы аймақтарында орналасқан су қоймалары бар. Мысалы, Қырғызстандағы Тоқтоғұл және Тәжікстандағы Нүрек. Бұл қоймалар негізінен су электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылады. Бұл елдерде қыс мезгілінде электр энергиясына сұраныс жоғары болғандықтан, олар су қоймаларынан суды қыста ағызып, жазда жинақтауға бейімделген. Ал бұл шешім Қазақстан мен Өзбекстан секілді төменгі ағыстағы суармалы егіншілікпен айналысатын елдерге қиындық тудырады. Олар жаз мезгілінде, егін егу және суару кезеңінде суға мұқтаж. Сондықтан су қоймаларынан судың қыста босатылуы жазда төменгі ағыс елдеріне су тапшылығын туындатады.

Бұл мәселе кеңестік кезеңде «су үшін энергия» қағидаты бойынша шешілетін. Яғни Қырғызстан мен Тәжікстан жазда төменгі ағыс елдеріне су жібереді. Ал Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан қыста бұл елдерге көмір, газ және электр энергиясын жеткізіп отыратын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл жүйе бұзылды. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында Сырдария өзенінің су энергетикалық ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы келісім жасалды. Бұл келісімде су қоймаларын жазда – суармалы егіншілік үшін пайдалану, ал қыста энергия өндіру үшін су босату және төменгі ағыс елдерінің энергетикалық өтемақы беруі қарастырылған.

Жалпы, Орталық Азиядағы су энергетикалық мәселелерді шешу үшін бірнеше халықаралық ұйымдар мен бағдарламалар жұмыс істейді: Орталық Азияның Су және Энергетика Бағдарламасы (CAWEP) Дүниежүзілік банк, Еуропалық Одақ, Швейцария және Ұлыбританияның серіктестігімен жүзеге асырылады. Бағдарлама аймақтағы су және энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Аралды Құтқару Халықаралық Қоры (IFAS) 1993 жылы құрылған. Мақсаты – Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік экономикалық мәселелерді шешу. Ал үшінші келісім туралы алдыңғы бөлімдерде айтып өттік.

Есіл өзенін Торғай арқылы Аралға бұру жобасы

Есіл өзенінің көктемгі тасуы кезінде арнасы лық толып, оның бір бөлігін Торғай өзені арқылы Арал теңізінің бассейніне бағыттау туралы мәселенің көтерілгеніне біраз болған. Сонымен қатар бұл жоба Қазақстанның су ресурстарын басқару саласындағы ірі стратегиялық қадамдарының бірі болып саналады. Жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме 2025 жылы аяқталып, талқылау басталды. Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекешов бұл жобаның негізгі мақсаты Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту және солтүстік-батыс аймақтардағы су тапшылығын азайту екенін ерекше атап өтті.

Вице-премьер Қ.Бозымбаев депутаттардың сауалына: «Жобаға кіретін құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны – 324,4 млрд теңге. Жоба аясында 3 учаскеден тұратын канал салынуы керек: «Есіл-Торғай» – ұзындығы 42 км; «Қарақол-Сарыөзен» – ұзындығы 52 км; «Шалқартеңіз-Арал» – ұзындығы 183 км. Қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі суды бассейндер арасында қайта бөлу мәселелерін кешенді зерттеп жатыр», – деп жауап берді.

«Каспий-Арал экожүйесін жаңғырту және тасқын залалын жою халықаралық қоры» зерттеулеріне сүйенсек, Сергеев су қоймасынан жылына 1,5-2 млрд су мақсатсыз ағып кетеді екен. Бұл су көлемі Арал теңізін толық қалпына келтіруге жетпесе де, Солтүстік Аралдың деңгейін қалыпты ұстап тұруға әбден жететінін айтқымыз келеді. Жалпы, аталған жоба тек Арал теңізі емес, жолындағы көп аймаққа жақсы әсер етеді деген болжам бар. Өйткені канал бойындағы өңірлер егін шаруашылығымен айналысып, тартылып кеткен үлкенді-кішілі көлдердің толысуына да септігін тигізеді деп күтілуде.

Биыл еліміздегі су мәселесі осындай келісімдер мен жобалар аясында шешіліп жатыр. Мұндай келісімдер жыл сайын өзгертіліп, қайта жасалып отыратыны да белгілі. Өйткені аймақтағы климаттық жағдайлардың, су қорларының көлемінің және әр елдің ауыл шаруашылық қажеттіктері жыл сайын өзгеріп отырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар тартылып, әрбір тамшы суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жолдар қарастырылғаны абзал. Бұл еліміздегі ауызсу тапшылығының және жалпы су дағдарысының алдын алуға мүмкіндік береді.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

1226 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы