- АҚ ЖЕЛКЕН
- 28 Мамыр, 2025
Егер де пластик болмаса...

Бүгінгі таңда пластик — жер бетінде ең көп қолданылатын, әрі ең даулы материалдардың бірі. Оның ашылуы адамзаттың дамуына үлкен серпіліс әкелді: арзан, жеңіл әрі икемді болғаны үшін әр салада кең қолданыс та тапты. Алайда соңғы онжылдықтарда пластиктің табиғатқа келтіріп жатқан зияны жайлы мәселе әлемдік деңгейде ушығып отыр.
ХІХ ғасыр соңында бакелит атты материалды бельгиялық Лео Бакеланд деген химик ойлап тапқан болатын. Алғашында ол қарапайым тоқты оқшаулағыш ретінде қолданылған. Осы материалға ұқсас затты мұнай құрамынан да анықтаған ғалымдар бүгінгі пластик материалдарын жасап шығарды. Жібек, жүн, сүйек, темір, ағаш сынды материалдарға балама ретінде ғана жасалған бұл зат тұтас әлемді жаулап алады деп көпшілік ойлаған жоқ-ты. Бірақ өзінің арзандығымен және функционалдығымен пластик тұтас әлемге жайылып кете барды.
Еліміздегі пластик революциясына 1990 жыл дары ес біле бастаған біз де куә болғанбыз. Кішкентай кезімізде пластиктен жасалған заттарды көп көрсек те, олардың күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылуын байқамаған едік. Теледи дар, радио, көлік панельдері, кейбір тұрмыстық заттардың бөлшектері, Қытайдан енді-енді келе бастаған ойыншықтар пластиктен жасалған болатын. Содан 90 жылдардың соңында ауылдарға пластик бөтелкелер келе бастады. Қарапайым тілде оны «баклашка» деп атайтын едік. Бұл орыстың «баклага» (тері немесе ағаштан жасалған су құятын ыдыс) сөзінен шыққан. Десе де бұл сөздің тіпті астарында «бақыраш» (ожау, шелек) деген түрік сөзі жатуы ықтимал екенін ғалымдар айтып жүр.
Сонымен, ауылға келген пластик бөтелкелер өте үлкен сұранысқа ие болды. Өйткені өте төзімді, берік материал болатын. Ауыл тұрғындары оның сыртын киізбен қаптап, суға батырып алып, қой баққанда, алыс жолға шыққанда өздерімен алып жүретін. Ондай су салқын, әрі аттан түсіп қалса сынбайтын, төгілмейтін. Пластик осындай сыйлы материалдан бүгінгі күнделікті, қарапайым, тіпті онсыз өмірімізді елестету мүмкін емес материалға айналып кетті. Десе де бұл жаңа бұйым тарапына қарсы айтылып жатқан уәждер де жоқ емес.
- Пастиктің микробөлшектері адам ағзасына зиянын тигізеді;
- Жыл сайын қаншама тонна пластик топырақты, теңіздерді ластайды.
Ал пластик жүздеген жыл бойы мүлде жойылмайтын материал болып саналады;
- Теңізге, топыраққа түскен пластиктерден жан-жануарлар, балықтар өте үлкен зиян шегіп жатыр.
Міне, осындай келеңсіз қасиеттерінің арқасында пластик бүгінгі күннің негізгі талқылау тақырыбына айналды. Ал енді елестетіп көрейікші, егер пластик мүлде болмаса, өміріміз қандай болар еді?
Тұрмыс қалай өзгерер еді?
Айналаңызға қарасаңыз, пластиктен көп нәрсе көрмейсіз: қаламсап, тіс щетка сы, сусабын құтысы, азық-түлік орамдары, су бөтелкелері – барлығы да пластик. Егер осының бәрі жоқ болса:
- Қаптамалар орнына шыны, металл немесе қағаз пайдаланылар еді. Бұл материалдар экологиялық таза болғанымен, ауыр, морт сынғыш немесе қымбат келеді. Мысалы, қағаз өндірісі үшін қаншама орман кесілу керек екенін білесіз. Ал шыны құю процесі өте қымбат. Металдың жайы да осыған саяды.
- Бір реттік ыдыс-аяқтар болмай, адамдар қайта пайдаланатын ыдыс тасуға мәжбүр болады. Бұл айналаны қоқыстан тазартқанымен, өте қолайсыз болар еді. Балалар ойыншықтарының түрі азайып, ағаштан немесе металлдан жасалған ойыншықтар қымбаттап кетуі мүмкін. Ал ағаш пен металлдың қымбаттығын тағы да жоғарыда атап өттік.
- Ең қызығы, киім де қымбаттап кетеді. Өйткені қазіргі киім өнеркәсібінің 70 пайыздан астамы пластиктен жасалған матадан тігіледі. Ол полиэстер деп аталады.
Медицина мен денсаулық сақтау жүйесі
Пластик болмаса, заманауи медицинада көп құралдардың да болмайтынын ескерте кетейік. Шприц, катетер, құлақ таяқшалары, қан құю қалталары, медициналық қолғаптар – барлығы пластиктен жасалған. Олардың орнына шыны, металл немесе табиғи материалдар қолдану гигиеналық талаптарға сай келмеуі мүмкін. Оның үстіне шыны, темір секілді материалдарды бір емес, бірнеше рет қолдануға тура келгендіктен, не түрлі індеттер таралу қаупі де жоғары.
Естеріңізде болса, ертеректе шыныдан жасалған шприцтер болатын. Оны пайдаланар алдында спиртпен шайып немесе суға қайнататын еді. Бірақ бұл амалдар да кейбір инфекцияларды өлтіруге қауқарсыз екенін ескеру қажет. Бұдан бөлек заманауи медицинада қолданылатын жаңа технологиялар, компьютерлер мен аппараттардың да пластиктен жасалғанын ескеріңіз. Бұл туралы алда айтамыз.
Автокөлік, құрылыс және электроника
Автокөліктердің қазіргі жеңілдігі мен отын үнемдеуі пластик бөлшектердің арқасында. Пластик жеңіл әрі берік материал екенін атап өттік қой. Резеңкенің өзі пластиктің бір түрі екенін ескерсек, көліктер жайлы дөңгелексіз қалар еді. Ескідегі секілді темірден жасалған дөңгелектер пайдаланылып немесе тек теміржолмен жүретін көліктер ғана қалар еді.
Құрылыс саласында да пластиктің орны ерекше. Егер пластик болмаса, сіздің үйдегі краннан сарғыш су ағар еді. Әрине, су құбырлары ескірген болса. Бірақ қазіргі су құбырларының көбі пластиктен қойылып жатыр. Бұл өз кезегінде процесті жеңілдетеді. Оның үстіне пластик тоттанбайды әрі қабырғасына қатпар жинамайды. Өте берік терезе жақтауларын, киім ілгіштер мен дивандарды пластиксіз елестетіп көріңіз. Пластик секілді арзан материал болмаса, үй бағасы да бірнеше есе жоғары болар еді.
Телефон, компьютер, теледидар сияқты құрылғылардың корпусы мен ішкі тетіктерінің көп бөлігі пластиктен жасалады. Ең алғашқы есептеуіш машинаның салмағы бірнеше тонна болғанын білесіз. Олар ғылымның дамуымен жеңілдеген жоқ. Пластиктің келуімен жеңілдеді. Ондағы бірнеше келі салмақты лампалар мен тетіктерді кішкентай пластик алмастырды. Қабы ағаш, үлкен, лампалы теледидарлар есіңізде шығар. Міне, соның бәрі дерлік пластик арқасында қазіргі деңгейге жетіп, жеңілдеп, арзандап отыр. Ал қолыңыздағы смартфонды айтпай-ақ қояйын.
Экологиялық қырынан қарағанда...
Пластиктің болмауы табиғатқа біраз жеңілдік әкелері сөзсіз.
- Табиғат тазарар еді,
- Жануарлар азап шекпес еді,
- Адам денсаулығына келер жасырын қауіптер азаяр еді.
Әрине, бұған балама ретінде нені қолданамыз? Ағаш, темір, шыны, қағаз, тері, жүн, мақта...
Мақтадан бастайық. Қазір әлемде 24 млн гектарға мақта егіледі. Бұл 2,5 есе артатын болса, оны суғаратын су да осынша есе өспек. Ал судың қазір қаншалықты тапшы екені белгілі. Оның үстіне көп жыл мақта егілген аймақ жарамсыз болып қалып, эрозияға ұшырайтынын да ойлаңыз. 7 млрд қой дегеніңіз қазіргі қой саны нан 6 есе көп (1,2 млрд қой бар қазір). Бұл жайылым алқабының 6 есе артуы керектігін білдіреді. Бұдан бөлек аяқкиім өнеркәсібіне пайдаланылатын теріні ойлаңыз. Жоғарыдағы есеппен қарастыратын болсақ, жер бетіндегі барша адамды бір жұп аяқкиіммен қамтамасыз ету үшін 1 млрд сиыр өсіріп, сою қажет. Ал сіз сиыр жапасы әлемдік жылытуға апаратын метан газын көп бөлетінін білесіз бе? Яғни мұнша бас сиыр өсіру экологияға мүлде кері әсер етеді. Ал жібекті өндіру үшін 80 млн га-ға тұт ағашы егілуі керек. Бұл тағы да егістік алқаптың артуына, су тапшылығына әкеп соқтырары сөзсіз. Әрине, пластикке балама материалдар бар. Биоыдырайтын материалдар, крахмал негізіндегі пленкалар, целлюлоза және тағы басқалар... Бірақ мұның бәрі пластик секілді кең ауқымда тұтынуға мүмкіндік бермейді.
Қарапайым киімдегі түймені алып қарайық. Болжамдап есептейтін болсақ, орташа ағаштан 1500 түйме жасауға болады. Әр киімге 5 түймеден тағылса бұл 300 адамға киім болар еді. Ал жер бетіндегі 8 млрд адамға 5 түймелі бір-бір киім тігетін болсаңыз, 26 млн-ға тарта ағаш кесу керек болады. Бір-бір киім деймін, киім шкафыңызды ашып, киімдеріңіздегі түймелер санын санап көріңізші. Жалпы, киімді мақта мен жүннен және жібектен тоқитын. Енді осыны есептеп көрелік.
- 1 адамға орташа жылдық киім көлемі: 10 кг
- 8 млрд адамға жылына қажет жалпы киім:
80 миллиард кг (немесе 80 млн тонна) Бүгінгі материалдық пропорциямен есептегенде:
Қорытынды
Пластик болмаса, өміріміз анағұрлым қиындап, көп салаларда даму қарқыны тежелер еді. Тіпті ХІХ ғасырдан бір-ақ шығуымыз ықтимал. Дегенмен пластикті бей-берекет пайдаланудан да алшақтаған абзал. Яғни мәселе – пластиктен толық бас тартуда емес, оны саналы әрі жауапты тұтынуында. Ең бастысы, пластик – қайта өңдеуге көнетін өте функционалды материал. Қазіргі пластик қоқысты қайта өңдейтін болсақ, адамзат 16 жыл бойы мұнайдан жаңа пластик алмай өмір сүре алады екен. Бұл мұнайға және жер шарының экологиялық ахуалына оң әсер етері сөзсіз. Дегенмен 1-2 рет өңделгеннен кейін оны қайта өңдеу мүмкін емес болып қалады. Сондықтан бұл процестің де шегі бар. Сондықтан пластик материалдарды үнемді, тиімді және жараса, қайта пайдаланған абзал. Біз жер шарының экологиясын қорғау үшін экологияға тиімсіз материалды қолдануға мәжбүрміз! Оны толықтай алмастыратын материалдар ойлап табылғанша көндігуге тура келеді.
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

1219 рет
көрсетілді0
пікір