- Бала және біз
- 30 Маусым, 2025
Жасқаншақ бала – жасық

«Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінен.
Бүгінгі қоғамда білім ғана емес, тәрбие де басты құндылыққа айналуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде дәл осы мәселеге ерекше тоқталып, «Қазақстан балалары» атты жаңа ұлттық бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Елімізде былтыр арнайы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданды. Бұл құжаттың арқасында отбасындағы балаға жасалатын қиянат, мектептегі буллинг сынды құқықбұзушылықтардың алдын алуда нәтижелі жұмыстар жасалды. Алайда балаларға жәбір көрсету, зорлық-зомбылық тыйылар емес. Ол үшін статистикаға жүгінудің де керегі жоқ. Әлеуметтік желілерде баланың құқығы тапталып жатқаны туралы күнде бір жан ауыртар ақпарат тарап жатады. Жақында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook парақшасында Алматы облысының 7 ауданындағы мектептерге тексеру жүргізіп, балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылықтың жаға ұстатарлық жағдайға жеткеніне куә болғанын жазды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы айда біз мемлекеттік органдармен, Бала құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, облысқа іріктемелі тексеріс жүргіздік. Облыс оқушыларының арасында аноним сауалнама жүргіздік, сондай-ақ олардың анкеталарын зерттедік. Нәтижелері бізді селт еткізді.
Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының мектептерінде балалар ақша бопсалау, тамақ тартып алу, буллинг, зорлық-зомбылық барын, сонымен қатар мұғалімдер тарапынан қысым болатынын, дене шынықтыру және алгебра пәні мұғалімдерінің өрескел әрекеттері туралы жазған. Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен.
Сондай-ақ Жамбыл ауданының бір мектебінде балалар мынадай қорқынышты көріністі сипаттаған. Кіші сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларын көргенде қолдарын ақша беру үшін бірден қалталарына салады екен, әйтпесе оларға күш қолданылады дейді. Балалар бесінші сынып оқушысын топ болып ұру, насыбай қолдану (ол кейде жерде жатады деп жазған) туралы да жазған. Сонымен қатар олар оқушыларға қатысты кибербуллингті жариялайтын аноним Instagram-арна туралы хабарлап, бұл туралы мұғалімдерге айтқандарымен, ешқандай көмек алмаған. Одан бөлек балалар күзде кемінде 50 оқушы қатысқан жаппай төбелес болғанын айтты. Бірақ мектеп бұл фактіні жоққа шығарып отыр, ал полицияға мұндай ақпарат түспеген.
Осылайша мектептерде оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтарды мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің жасыруы, балалармен профилактикалық және жеке жұмыстың жоқтығы байқалады. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасындағы жағдайды білмейді немесе елемейді, жасырады және полицияға хабарламайды. Бұдан бөлек көп жағдайда мектептердің өздері анкетада буллинг, ақша бопсалау және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер бойынша оң жауаптар берілгеніне қарамастан, қорытынды анықтамада мұндай жағдайларды 0% деп көрсеткен».
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өзі анықтаған фактілер қоғамда жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын қылмыстық оқиғалардың белең алып, дабыл қағарлық жағдайға жеткенін көрсетеді.
Қатыгездікке жол жоқ!
Қазақстанда бала құқығын қорғаумен айналысып келе жатқан түрлі ұйымдар бар. Солардың қатарында 20 жылдан бері мыңдаған ана мен баланың тағдырына араша болып келе жатқан «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі де бар. Одақ басшысы және Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығының» директоры Зүлфия Байсақованың айтуынша, осы жылдар ішінде ұйымға 2 миллионнан астам адам хабарласқан.
Зүлфия БАЙСАҚОВА, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» басқарма төрағасы, «Жан-Сая» дағдарыс орталығының директоры:
Бұл жай дерек қана емес, нақты көмек сұраған, қиын жағдайға тап болған адамдардың үні. Қазақстандағы әр алтыншы бала отбасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездікке куә болып, қорқыныш пен күйзелісті басынан кешіреді, тіпті ауыр психологиялық жарақат алады. Сондықтан олардың бойында энурез, тұтығу, теріде бөртпе, псориаз секілді дерттер кездеседі. Қазақстанда шамамен 1 миллион бала зорлық-зомбылық куәгері екенін ескерсек, мұндай балаларды оңалту мен қоғамға бейімдеуге арналған ғылыми негіздегі арнайы бағдарламалар жасалуға тиіс.
Жаңа бағдарлама қандай болуы керек?
Зүлфия БАЙСАҚОВА:
Бұған дейін де елімізде бірнеше бағдарлама болған. Менің ойымша, қазір ең алдымен жағдайды дұрыс саралап, балалардың құқығын қорғауға бағытталған барлық бұрынғы бағдарламалардың жүзеге асуын талдау қажет. Бұл әлсіз тұстарды анықтауға көмектеседі. Кейбір жерлерде жұмыс неге толық атқарылмағанын түсініп, осының бәрін жаңа «Қазақстан балалары» бағдарламасына енгізу керек. Бұл кешенді бағдарламаның бір бағыты – балаларға қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылықпен күрес деп білем. Зорлық-зомбылықтың түрі көп: жыныстық сипаттағы, отбасылық (тұрмыстық) зорлық-зомбылық, мектептегі буллинг, сондай-ақ сталкинг пен қудалау (жолда, көшеде, қоғамдық орындарда). Сондықтан бағдарламаны жасауға өте мұқият қарауымыз керек. Ғылыми-әдістемелік орталықтарды, ғылыми әлеуетті тарту маңызды. Бізде көптеген зерттеу институттары бар. Сонымен қатар тәжірибелі мамандарды да осы жұмысқа қатыстырған жөн. Бағдарлама мектептерде енгізуге болатын жүйелі бағдарлама болуы тиіс. Мектептерге балаларға ауыртпалық салатын түрлі эксперименттік пәндерді енгізуді тоқтататын уақыт жетті. Оның орнына, Мемлекет басшысы ескерткендей, тәрбиелік мазмұны бар тұрақты бағдарлама жасалуға тиіс. Сонымен бірге кез келген бала көмекке жүгіне алатындай, балалардың құқықтарын қорғауға көмектесетін нақты құралдар жасалуы керек.
«150» жедел сенім желісі туралы білесің бе?
Баланың қауіпсіз ортасы болу үшін, ең алдымен, ол өзі сеніп, кеңес алуға, сырын ақтаруға жүгінетін адамды немесе ортаны табуы керек. Біреуден зәбір көргенде, түрлі қысымдарды сезгенде ішіңдегі қаупіңді, жан қиналысыңды айтар сенімді адам таба алмаған жағдайда, 150 қысқа нөмірлі сенім желісіне қоңырау шалып, жағдайыңды айтуға болады. Бұл – Қазақстандағы алғашқы сенім телефоны. Мақсаты – халыққа шұғыл психологиялық, жедел психотерапиялық көмек көрсету, суицидтің, қорқытудың алдын алу, жасөспірімдер мен олардың отбасын әлеуметтік қорғау, телефон арқылы кеңес беру. Еліміздің кез келген бұрышынан, күнде де, түнде де хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін, анонимді және құпия түрде жүргізіледі.
Зүлфия БАЙСАҚОВА:
Қазір бізде екі сенім нөмірі бар: 150 және 111. Бірақ 111 нөмірі 1414 платформасына тіркелгендіктен, баланың жеке ақпараты автоматты түрде анықталып қалады. Бұл сенімді азайтады. Сондықтан сенім телефондарының қауіпсіздігін арттыру – басты міндеттердің бірі. Екінші маңызды мәселе, ақпаратты жинау мен тарату ісін тоқтату қажет. Мысалы, психологтардың балалардың психикалық денсаулығына қатысты ақпаратты міндетті түрде құқық қорғау органдарына жіберуі дұрыс емес деп ойлаймын. Сондай-ақ қандай да бір оқиға болса, ол мектептің рейтингіне әсер етпеуге тиіс. Себебі, көп мектеп тәрбие жұмысын жүргізе алмай отыр деген айыптаудан, мектеп рейтингісіне нұқсан келтіруден қорқады.
Тәрбиесі мықты елдің болашағы жарқын
Мемлекет басшысы айтып өткендей, тек біліммен шектелмей, тәрбиеге де баса назар аударуымыз керек. Тәрбиелі ұрпақ – қауіпсіз қоғамның негізі. Ал әрбір баланың құқығы қорғалып, өз ойы мен сезімін ашық білдіретін қоғам – нағыз әділетті қоғам. Ал әр баланы жеке тұлға деп қарап, үнін естіп, құқығын қорғауға ат салысу - әрбіріміздің парызымыз.
«Қазақстан балалары» бағдарламасы – бала тәрбиесімен айналысатын, құқығын қорғайтын, оқу-тәрбие жұмыстарын үйлестіретін мамандарға, қоғам белсенділеріне, жергілікті билік өкілдері, мемлекеттік мекемелер, яғни, барлық сала мамандарына ортақ бағдар беретін жүйелі құжат болуы тиіс.
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

999 рет
көрсетілді0
пікір