• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Мамыр, 2025

Шекелік таққан шырайлым

Жасыл желегі жайқалып, алуан түрлі гүлдері көз арбаған Алматының көшелерінде табиғатынан бөлек жанарыңды ала алмайтын бір ғажап сұлулық бар. Сіздің ойыңызға әдемі үйлер, бәлкім, қалаға көрік беру үшін орнатылған әсем шамдары түсер?! Жо-оқ, бұлардың бәрінен бөлек, шаһардың шырайын кіргізіп, ажарын одан әрі аша түсетін Алматының арулары десем, келісесіз бе?!

Биыл күн көзі жылт еткен көктемнің алғашқы күндерінен бастап заманға лайықталып тігілген шапан, камзолдарын киіп, көз жауын алар ұлттық әшекейлерін тағынып, құлпырып шыға келген қазақ қыз-келіншектерін көргенде көз сүйсінді. Ұлттық киімдерімізбен, этно стильдегі әшекейлерімізбен бұрынырақта тек Наурыз мейрамында ғана жарқырай шығып, кейін сандығымызға салып қоя салатынбыз. Соңғы жылдары, керісінше, қазақтың ұлттық киім, әшекейлерін күнделікті киіммен үйлестіріп киетіндер көбейді. Жігіттер оюлы шапан үлгісімен тігілген сәнді пальто, костюмдер және тақия іспетті түрлі бас киімдер кисе, бойжеткендер шапан, камзол, кәжекейлерін сақина, сырға, алқа, білезік, шашбау, шолпы, шекелікпен толықтырып, ерекше жайнай түсті. Ұлттық киімдерімізді киіп, әшекейлерімізді тағынған өзге ұлт өкілдерін, шетелдік туристерді де қала көшелерінен жиі кездестіреміз. Бұл өзіміз күнде көріп жүрген алып шаһар Алматыдағы көріністі тілге тиек еткеніміз. Әсілінде, қазір елімізде ұлттық шапанымыз брендке, әшекейлеріміз сәнге айналды.

Шолпысы шашбауымның сыңғыр қағып…

– Бұдан он жылдай уақыт бұрын өңіржиек пен оюлы алқалар, бесбілезіктер сәнде еді. Қазір шекеліктер, шашбау, шолпы, өрнекті шаш түйреуіштер және қапсырмалар күнделікті қолданысқа енді, – дейді белгілі ақын, қолөнер шебері Асылзат Арыстанбек.

Мереке күндерінен, той, жиын, басқосулардан бөлек, қыз-келіншектер шекелік, шашбау, шолпыны күнделікті таға бастады. Әдетте ұзын шашқа, өрілген бұрымға тағылатын шашбау мен шолпыны қазір түрлі ұзындықтағы, тіпті қысқа шашқа да тағатындар бар. Сәнді түйреуіш түрінде жасалғандары да кездеседі. Шеберлеріміз ою-өрнектерімізді талғаммен үйлестіріп шашбау, шолпы, шекелікті түрлі пішінде жасап жатыр.

келік, өңіржиек, қапсырма, тұмарша деген сөздерді оқулықтардан, әдеби кітаптардан ғана оқитын едім. Шынымды айтсам, олар бәрі бір-біріне ұқсас болады деп ойладым. Бір қызығы, мұражайлардан көргенде «менде де болса ғой, тағып жүрсем» деп армандап қана қоюшы едім. Қазір бәрі сатылымда бар. Сатушыларға барып «мыналардың қайсысы шашбау, қайсысы шолпы?» деп сұраймын. Кейбірі айырмашылықтарын айта алмайды, – дейді қолөнер бұйымдары сатылатын дүкенде кездестірген Арайлым есімді студент қыз.

Асылзат Арыстанбек, ақын, қолөнер шебері: «Иә, шашбау мен шолпыны бір әшекей деп ойлайды көбі. Шашбауды тиыннан немесе күміс теңге тәріздес етіп, бау тағып жасайды. Бауының өзі моншақ шашақтан болуы мүмкін. Шашбауды бойжетіп келе жатқан қызға әдейілеп жасап, оның кәмелетке толғанын, бой түзей бастағанын ишарамен білдіргені бұл халқымыздың. Баудың жоғары жағы бұрыммен қоса өріліп, теңгелі тұсы бұрымнан төмен түсіп тұрады. Ал шолпы шашбаудан төмен, бұрымның ұшына тағылады және шашбауға қарағанда күрделірек. Бірнеше теңге, көзі бар мөрлерді айқастырып, керегелеп отырып екі бұрымды қосақтап ұстап тұру үшін жасайды. Ертеректегі ырым бойынша, «шашта адамның жарты жаны бар» деп сұқ көзден қорғау үшін шашты жауып тұратын шолпы жасаған. Бойжеткеннің бұрымы біреу болмауы мүмкін, тарамдалып бірнеше өрім өреді. Қызға үкі тағып, құда түскеннен кейін шашын екі бұрым ғып өріп, шашбау тағады. Бұл қыздың айттырылып қойғанын білдіреді. Ұзатылып келгеннен кейін екі бұрымды қосақтап шолпы тағады. Бұл әйелдің қосағы бар екенін білдіреді. Күйеуі өліп, жесір қалған әйел шолпысын шешіп, бір бұрымын тарқатып, алдына түсіріп жоқтайды. Демек, әшекей тек көркемдік үшін емес, айтқызбай ұғу үшін тағатын белгі рөлін де атқарған».

Зергерлер осындай әшекей бұйымдарды жасағанда көркемдігіне мән беріп қана қоймай, олардың әрбіріне терең мағына сыйғызған. Бүгінде қыз-келіншектеріміз тағып жүрген шолпының негізгі қызметі – шашты әсемдеп, оған қоңырау үніндей ерекше дыбыс беру. Шолпы таққан қыздар аяқ басқан сайын шолпысы сыңғырлай түсіп, әуезді әуен жанды тербей, ерекше күйге бөлеген. Сондай-ақ шолпы мен шашбаудың бұрымның жинақы тұруына, шаштың түспеуіне де пайдасы зор.

Қазіргі шекеліктер бұрынғыдан өзгерек

– Кішкентай қыздар, бойжеткендер, келіншектер, тіпті кимешек киген әжелерге дейін тағып жүрген шекеліктің қандай сыры бар?

Асылзат Арыстанбек: «Шекелік – шығыс әйелдерінің әшекей бұйымдарының бірі. Өзбек, ұйғыр, тіпті саха әйелдері де шекелік тағуды сән көрген. Шекелік – маңдайды жауып, екі жағынан екі салпыншақ тұмаршалар салып жасалатын күміс әшекей. Көшпелілер заманында алтыннан әшекей тақпаған. Әшекейден бөлек әдіптелетін бұйымның бәріне күміс құйылған. Күміс икемді әрі өзіндік қасиеті бар. Шекелікті жас қыздар бұрымның үстінен шекесінен бастап таққан. Келіншектер кимешектің немесе бас киімнің үстінен қадаған. Бәйбішелер қарқарасының маңдайынан түсіріп қоятын болған. 
Қазір қыз-келіншектер қазақтың ұлттық киімдерін заманға лайықтап киюмен қатар, әшекейлерін де сәндеп таға бастады.

Әшекей жасаушы шебер ретінде даму заңдылығына қарай кез келген бұйымның өзгеретінін ескерсек, қазіргі шекеліктер бұрынғыға қарағанда өзгерек. Күміс тектес металлдан жіңішке, ыңғайлы етіп жасалған. Тіпті тақияларға қадап тағып жүргендер де бар. Мектеп оқушыларының өзі ақ бантиктерімен қатар шекелікті де жарастырып тағып жүр. Моншақпен әдіптеп жасайтын шеберлердің де қолы жүріп тұр. Қалай десек де дәстүрдің жаңарып, жаңғырып жатқаны қуантады».

Айзада Шәкір,  «Қолөнер әлемі» сауда орнының қызметкері: «Бұрын көбіне ұлттық әшекейлерімізді адамдар Наурыз мейрамы қарсаңында ғана іздеп жататын. Қазір олай емес, күніне орта есеппен 5-6 шекелік сатылады. Шекелік тағылған бас киімдерге де сұраныс өте жоғары. Шетелдіктер кәдесый ретінде көп сатып алады және шекара асып бара жатқан қазақстандықтар да осы шекеліктерімізді, қазақ зергерлерінің басқа да заттарын сұрастырып жатады. Ұлттық нақыштағы бұйымдарымыздың трендке айналғанына қуанамын. Сондай-ақ білмейтіндер сауда қатарымызға арнайы бұрылып келіп, «шекелік деген не, қалай жасалады, қандай металлдан жасалған?» деп қызығушылық танытады».

Қыздардың көркіне көрік қосатын шекелікті ертеде «сұлулыққа сырт көз сұқтанбасын, назар алдымен жарқыраған әшекейге түссін» деген ырыммен де жасаған. Бас киімге сән берумен қатар, шекеліктің сылдырлаған дыбысы қыз-келіншектердің жүрісіне нәзіктік, әсемдік береді деп есептеген. Шекеліктің салмағы мен ұзындығы әртүрлі болады. Иықтан төмен түсіп тұратындары да бар. Тиын сияқты дөңгелек, үшбұрыш, ромб, жүрекше, гүл жапырақшасы тәрізді және басқа пішіндерден құралып, бір-бірімен нәзік шынжыр арқылы жалғанады. Ұлттық әшекейлер алтыннан, көбіне күмістен жасалған. Бағалы тастармен, моншақтармен байытылып отырған.

Моншақпен кестеленген қапсырмалар

Ұлттық киімнің сәнін кіргізетін, зергерлер қолынан шығатын бұйымның бірі – қапсырма. Қазір шапан, камзолдармен қатар заманауи бешпет, кеудешелерге қапсырма қадау да сәнге айналған. Бір сөзбен айтсақ, қапсырма – шапан, камзол, кәжекей сынды сыртқы киімдердің сәнді ілгегі. Күмістен, алтыннан, кейде ақық тастардан жасалып, ою-өрнекпен безендірілетін қапсырманы қазір шеберлер моншақпен кестелеп те жасап жүр. Қошқармүйіз оюы бейнеленген қапсырмаларды көз жауын алардай алуан түспен моншақтап тоқып, сәнге айналдырған қолөнер шеберлері дәл осындай түріне сұраныстың артқанын айтады.

Тұрсынай Батыр, қолөнер шебері, тігінші: «Қазір шапан немесе камзолға ою-өрнекті жапсыра бергенді көп адам ұнатпайды. Киім тігілген матаның түсімен бірдей мөлдір моншақтардан қазақтың ою-өрнегін нәзік етіп кестелетіп, қапсырма тіктіретіндер көп. Өте әдемі көрінеді. Бұл да дәстүрді жаңартудың бір көрінісі. Сәндік заманауи костюмдерге де қапсырма қадату қазір сәнге енді».

Елімізде бүгінде сәнге айналған бұл әшекей бұйымдар – халқымыздың тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін құнды мұраларымыз. Бір кезде мұражайлар мен көрмелерден ғана көріп, тамашалап келген ұлттық бұйымдарымыздың қайтадан жаңғырып, қолданысқа енгені расында қуанатын құбылыс. Әсіресе жастардың ұлттық құндылықтарды заманауи талғаммен үйлестіріп, жаңа тыныс беруі ата-бабадан жеткен мұраға құрмет емес пе? Шолпысы сыңғыр қаққан, шекелігі жарқырап көзді арбаған арулар, зерлі шапан, оюлы етік киген бозбалалар қаланың да, даланың да сәніне сән қосып, халқымыздың бай мәдениетін насихаттауға осылайша үлес қосып жүр.

Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

951 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы