• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Мамыр, 2025

Тұтығудың емін тапқан

Дамирдің он сегіз жылдан бері ем іздеп бармаған жері жоқ. Сөйлегенде тұтығып, кекештеніп, и әрпін қосып айтады. Мектепте апайдың алдына оқып келгенін айта алмаған... Қыздармен танысқанда өзінің есімін айту мұң болған... Асханада тек «плов» деуге шамасы келген. Кекеш адам көбіне ынжық, момын. Өйткені ішінде қайнап жатқан сөзін сыртқа шығара алмайды.

Дамирді емдеу ең алдымен қорықтық жасап, қорғасын құюдан басталады. Қойдың ішегімен қылқындырады. Қалаға келіп, ақылы логопед, психолог, алтын ине салдырады. Ем болмағасын, гипноз жасатып көреді. «Тұтуғуды біздің ел емдей алмайды» деп ресейлік Роман Снежкоға барады. «Үш күнде емдеймін» дегеніне сеніп, бір сағатқа жүз мың теңге төлейді. Мысырда күйзелісті емдейтін шөп барын естиді. Оған да барады, нәтиже жоқ. Ем іздеп Ыстамбұлға, Ташкентке де барады. Дауа іздеп шаршаған Дамир әлеуметтік желіден Балнұр Омардың «тұтығуды емдеймін» деген видеосын көреді. «Шетел емдей алмаса, қалай қазақтың қызы емдейді?» деген ой болады. Балнұрды алты ай бақылап, қабылдауына келеді. Емдеу ұзақтығы бір ай болса да, Дамир алты күннің ішінде нәтижеге жетеді.

Балнұрдың негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Тараздағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде оқыған. Кейін магистратура, докторантураны ҚазҰУ-да оқып тауысқан. Тұтығуды емдеуі де қызық. Оны былай деп еске алады:

«Абай, Оралхан оқуларының жеңімпазымын. Колледжде оқып жүргенде кезекті қалалық байқауда орын алмай, қатты жыласам керек. Мені актриса Майра Әлімбет көріп, «байқауға өзім дайындаймын» деді. Майра апай үш күнде дауысымды қойып берді. «Шаттық жастар» театр клубында режиссермін. Бір аптада 3-4 рет іс-шара өтеді. Студенттерге Майра апайдан үйренген «дауыс қою» әдісін қолданамын. Қалдыгүл апайдың тапсырмасымен Абайдың қара сөздерін жатқа айтатын едім. ҚазҰУ-ға оқуға түстім, тұрмысқа шығып, бөпелі болдым. Екі айлық қызыммен магистратура оқыдым. Ол кезде дубляж курсы деген жоқ болатын. Сәті түсіп, Азамат Қанапиядан білім алдым. 7-сыныпта «Қазақстан» арнасынан Азамат ағаның сұқбатын көріп, «менің ағайым болады» дейтін едім. Емізулі қызыммен үш ай жүріп оқыдым. Қосымша орыс тілінен қазақшаға аударма жасаймын. Бір күнде бір киноны аударып, 60 000 теңге табамын. Курс аяқталғанда карантин басталды. «Алматы аналары» деген топта дауыс қою, дұрыс сөйлеуге қатысты тікелей эфирде сабақ өтемін. Қызығушылық осылай басталды. ҚазҰУ-ға баспасөзге аудармашы болып жұмысқа кірдім. Осы аралықта жолдасыммен ажырастым».

Балнұр өмірінің қиын сәтінде қолдау білдірген ата-анасына алғыс айтады. Әкесі: «Қызым, сен халыққа керексің, оқы, ізден!» – деп ақ батасын берген екен. Екі баласын ата-анасына тастап, бар назарын жұмысқа қояды. «Тұтығудан емдеңіз» деп бір жігіт өтініш айтады. Екі аптаның ішінде жақсы нәтижеге жетеді. Бірақ «менің тұтыққанымды ешкім білмеуі керек» деп пікір білдірмейді. Оның бұл қылығын көтере алмай, «тұтығатын адаммен жұмыс істемеймін» деген шешімге келеді.

«Марал есімді массажиспен бірге жұмыс істедім. Күнделікті дұрыс сөйлеу сабағын әлеуметтік желіге салып жүрдім. «Дауыс қоюды» үйретсеңіз деп сұрайтын. Содан он екі сарапшыны оқыттым. Осыдан кейін оқушылар тоқтап, өзім тағы ауырып қаламын. Осы кезде тұтығудан емделуге Ахмад деген бала келді. Оны емдеп, өзім Түркияға кітап жазамын деп кетіп қалдым. Келгесін ел аралап, дауыс қоюдан тур жасадым. Ақтаулық қызды бір аптаның ішінде тұтығудан толық емдеп шықтым. Шымкентте 18 жастағы қызды емдедім. Адамдар бір-бірінен естіп, хабарласады. Бір қызығы, өзім тұтығудан емдейтінімді білмеймін. «Сізді екі жылдан бері бақылап жүрмін» деп Гүлсара деген қыз келді. «Емге дейін және кейін» деп әлеуметтік желіге видео жүктедім. Әлгі видеоны миллионнан аса адам көрді».

Елімізде екі миллионға жуық адам тұтығады. Оның ішінде ауыр түрімен 18 532 бала күреседі. Балнұр жұмыс бастағанда «тұтығу емделмейді» деп үш жүздей логопедпен сөзге келіпті. Логопедтер ресейлік, америкалық әдіспен оқытады. Олардың тілінің табиғаты бізге келмейді. Қазақ тілі кеудемен байланысты. Арнайы жаттығулар, тыныс алу техникасы, дұрыс сөйлеу әдістері арқылы еркін сөйлеп кетуге мүмкіндік бар. Онлайн емделу «инеге дәріні құй да, өзіңе сал» дегенмен бірдей. Ақпаратты майын тамызып жеткізсе де, демді 1 мм жоғары алса, ол кеудеге барады. Ал төмен алса, диафрагмадан төмен асқазанға түседі. Бұл адамның денсаулығына өте қауіпті. Тұтығуды одан сайын асқындырады.

«Менің құпиям – авторлық әдістеме. Яғни дауыс қоюдан бұрын фонетист-интонологпын. Қазақ тілінің дыбыстарын зерттедім. Дыбыстың қай жерде қалай шығып, оған қаншалықты күш керегін компьютермен өлшеймін.  Дубляждан алған білімдерім бар. Әр дыбыс пен сөздің салмағы болады. Қазақ тілінің табиғатына сай дыбыстар 70 пайыз кеудеден шығады. Дауыссыз дыбыстарды мүлдем басып сөйлеуге болмайды. Оразхан Кенебаев есімді мықты маманнан сабақ алдым» дейді Балнұр.

«Бірінші себеп – қорқыныш»

«Тұтығудың бірінші себебі – қорқыныш. Біз бір нәрседен қорықсақ, көзімізді жұмамыз. Ыңғайсыз дыбыс шықса, құлақты жабамыз. Тура осылай адам сөйлеуге қорықса, сөйлеуге жауап беретін диафрагма жиырылып, жұмылады. Сүйек қысылып, үстіндегі төрт қабат бұлшықеттің барлығы жиырылады. «Балам дұрыс сөйлемейді» деген ананың өзіне ем керек. Сыртқы ортадағы асықтыру тұтығуға алып келеді. Тұтығу – ұрсып сөйлеу мен асығып сөйлеудің қосындысы. Сөздің соңын жұтып қоятындар уақыт өте келе тұтығады. Біздің елімізде көбіне жылан, елес, иттен қорқудан пайда болады. Ата-ананың қателігі – баланы үнемі күйзелісте ұстап, баланың көзінше ұрысуы. Бұл жағдай көбіне ер балаға әсер етеді. Анасын қорғай алмағанына өзін кінәлі сезінеді. Бала тұтығатын болса, ата-ана алдымен өзіне қарауы керек.

Ғалымдардың өзі тұтығудың ДНҚ-дан берілетін ауру емес екенін дәлелдеген. Яғни тұтығу тұқым қуаламайды. Көбіне орта, психика және сөйлеу дағдыларына байланысты. Кейде отбасында бірнеше адам тұтығады. Осы кезге дейін әкесі мен баласы тұтығатындар болды. Бұл – тұқым қуалау емес, еліктеу. Бала естігенін қайталайды. Егер үйде тұтығатын адам болса, бала соны үлгі етеді. Тұтығудан арылам деген адам ең бірінші барлығына дайын болады. Не үшін құтылғысы келетінін, құтылған соң не істейтінін білуі керек. Құтыламын деген анық шешімі бар адамдарға ғана ем қонады. Егер мақсат жай менің әдістемемді сынап кету болса, ерігіп келудің қажеті жоқ.

Тұтығудан бірден сөйлеп кету мүмкін емес. Нәтиже бірте-бірте байқалады. Техниканың сіңуіне сабыр, еңбек пен төзім қажет. Әсіресе, ата-аналарға дем салмаймын, дем қойып емдеймін. Алдыма келген соң ертеңіне сөйлеп кетуі немесе сәл жаттықса, бір аптада сөйлеуі, онлайн курстан емделуі аңыз»  дейді тіл маманы. Егер тұтығуды емдемей жүре берсе, ол уақыт өте келе күшейіп, өмірдің түрлі саласына теріс әсер етеді. Өзіне сенімі төмендеп, әр сөзді айтуға қиналады. Адамдармен сөйлесуден қашу әдетке айналады. Көпшілік алдында сөйлеуді қажет ететін мамандықтарда өсуге кедергі келтіреді. Жетістікке жету баяулайды.

Балнұр ұстаздарға өкпелі екен. Сөйлеу тілінде қиындығы бар баланы біліп тұрса да сессиядан құлату, лайықты бағасын қоймау ұстаздыққа жатпайды. Айта алмаса, жазбаша  немесе асықпай сөйлеуіне мүмкіндік беру керек. Өткен айда емге келген он жеті адамның он бесі жақсы нәтижеге жетіпті. Ал қалған екі адамда физикалық жағынан нәтиже болғанымен психологиялық тұрғыда нәтиже жоқ. Өйткені өздері жібергісі келмейді. Балнұрдың алдын ала диагностика өткізетін себебі де осы. Адам дайын ба? Тұтығудан қиналатын балалардың ойлары зерек, ұшқыр келеді. Себебі, адам сөйлеуге көп күш жұмсайды. Күш жұмсалмаған соң назарын қабылдауға қояды. «Мен жазылсам, осылай істеймін» деген ой жүреді.

Тұтығу – сөйлеу ырғағының бұзылуы, сөздерді, дыбыстарды, буындарды қайталап айту немесе ұзақ кідіріс жасау. Бұл мәселе көбіне балаларда кездесіп, ересек жасқа дейін сақталады. Тұтығу көптеген факторларға байланысты пайда болуы мүмкін. Олар физиологиялық, неврологиялық, психологиялық және әлеуметтік деп бөлуге болады. Ми мен жүйке жүйесінің сөйлеуді реттейтін бөліктерінің үйлесімсіз жұмыс істеуі. Бала кезінде ауырған менингит, энцефалит сияқты аурулар. Кенеттен қатты қорқу, иттен шошу, үнемі психологиялық қысым. Отбасында немесе мектепте қатал тәрбие, жазалау. Кейбір балалар өте ерте сөйлейді. Бірақ миы сөйлеу жылдамдығына ілесе алмай, тұтығады. Керісінше, кейбір балалар кеш сөйлеп, бұл да тұтығудың қаупін арттырады. Балалар кейде бірнеше тілді қатар үйренген кезде олардың миына екі тіл арасындағы айырмашылықты өңдеу қиын болады. Бұл уақытша тұтығуға әкелуі мүмкін. Бала өскен сайын жоғалады. Тұтығу белгілі бір жағдайда ғана күшейеді. Қобалжып, асығыс сөйлеп, бейтаныс адамдармен сөйлескенде немесе қатты эмоция кезінде. 2-3 жаста басталып, 5 жаста байқалады. Осы жаста сөйлем құрағанда дем жетпейді. Өкініштісі, Балнұр кішкентай балаларды емдей алмайды. Өйткені, жаттығуды терең түсініп жасауға тиіс.

«Ішкі сенім керек»

«Мен ұсынатын ем жолы барлық адамға әсер етеді. Егер адамның ішінде «жеңемін» деген сенім болса. Кейбір адамдар психологиялық тұрғыдан мүлде дайын емес. Өйткені жауапкершілік алудан қашады. Тұтығудың артына тығылып, өздерінің әлсіздігін мойындағысы келмейді. Ал бұлай тығылу олар үшін ыңғайлы. Бір жағдай болса «мен тұтығамын» деп шығады. Қалыпты өмір сүруге ынтасы жоқ. Егер тұтығудан құтылса, барлық адамдар сияқты күш-жігерін жұмсап, жұмыс істеуі керек. «Мен осылай бейшарамын ғой» деген ыңғайлы. Ондай адамдарға ем қонбайды» деп Балнұр сырын ақтарды.

Он сегіз күндік интенсивте жатын орын мен үш мезгіл тамақ беріледі.  Тұтығудан емделу 10 бөлімнен тұрады. Остеопатиялық жұмыс, бұлшықеттерді босату, демді кеудеден диафрагмаға түсіру, демнің төменгі нүктесін қою, дикция, жақтағы жүкті алу, жаттау арқылы техника сіңіру, мазмұндау арқылы ақпаратты қабылдап, қорыту, өңдеу, сыртқа шығару. Психика және түпсанадан терең терапия арқылы тұтығуды босату. Жүйелі сөйлеп, арнайы техника және практикамен өз ойынан мәтін құрап айту. Ең қызығы, көшеге шығып, бейтаныс адаммен танысып, кез келген өтінішін айтады. Бұл қорқынышты жеңуге жасалған қадамның бірі.

Тұтығудан емделетін 16 жастағы ер балалармен – ер куратор, 14-15 жас ұл және кез келген жастағы қыздармен әйел куратор жұмыс істейді. Балнұрдың тобында оннан аса маман бар. Оның ішінде бесеуі – куратор. Әзірге Қазақстан бойынша 7-8 логопед оқыпты. Олардың үшеуі Алматы, Қызылорда, Шымкентте белсенді жұмыс істеп жатыр. Жазда он логопедті оқыту жоспарда бар. Одан бөлек Алматыдағы орталыққа  жұмыс істейтін төрт ер маман керек. 

«Тұтығудан тауы шағылмаған адам жоқ. Психотерапевт ретінде «тұтығу не нәрсеге кедергі?» деп сұраймын. «Тұтықпасам мансабым өсетін еді». «Жігітім тастамайтын еді». «Жақсы көретін қызым досыма тұрмысқа шықпас еді». «Сыныптастарым әлімжеттік көрсетпес еді». «Тұтыққаным үшін сабақ үлгерімім нашар» – айтылатын себептер осындай.

Ауыр тұтығатын адамды бір ай жеке емдеймін. Егер 30 жыл өмірімді осы салаға арнасам, ары кетсе 3000 адамның өзгеруіне көмектеседі екенмін» дейді Балнұр. Тұтығудың емін тапқан тапқыр қызға тек сәттілік тілейміз. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы