• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Мамыр, 2025

Мопедке де мәдениет керек

«Ер қанаты – ат» деген мақал қазіргі таңда архаизмге айналып кеткені өтірік емес. Бұл мақалды тарих немесе әдебиет сабақтарында ғана қолданамыз да қоямыз. Дегенмен мақал мәні әлі өзгерген жоқ. Тек «адам қанаты – көлік» деп жаңаша сипат беру керек.

Бәсіреден велосипедке дейін

Ерте кезеңдерден-ақ әрбір адам жеке мініс құралының болғанын қалады. Технология дамымаған кезеңдерде аттан басқа транспорт болған жоқ-ты. Заман дами келе аттың орнын өзге құралдар баса бастады. Велосипед, мотоцикл, автокөлік... Бір замандарда жаңа туған балаға бәсіре деп тай, бота атайтын. Сүндетке отырған ұл балаға нағашылары тай мінгізетін. Ал 1980 жылдардан бері қарай сүндетке отырған балалардың бәрі тойына түскен ақшаға велосипед әпереді деп күтті. Арман етті. Бірінің арманы орындалса, екіншілері үлкендердің алдауымен ержетіп кеткен болатын. Еуропаның, АҚШ-тың фильмдерін көріп отырсаңыз, мектепті бітіріп жатқан жастардың бәрі көлік алуды арман етеді. Кемінде мотоцикл мінгісі келеді. Бұл жай қызығушылық емес, еркіндік аңсаған рухтың көрінісі. Бірақ еркіндіктің құны – адамның өмірі болуы да ықтимал.

Мопед әпермесең...

Былтыр Алматы қаласы Алатау ауданының ювеналды полициясымен сұқбаттасқан едім. Сонда кейбір жасөспірімдердің сабаққа келмеу себебін мопедпен байланыстыра түсіндіріп еді. Яғни олар велосипедті місе тұтпай, әке-шешесіне мопед әпер дейтін көрінеді. Кемінде электросамокат әперуін талап етеді екен. Әпермесе, сабаққа бармаймын деп қырсығады. Бірақ мопед әперуге әрбір ата-ананың шамасы келе қоймайды ғой. Оның үстіне бұл көлік өте қауіпті саналады. Осы тұрғыдан келгенде «еркіндіктің құны адам өмірі болуы ықтимал» деген сөзіміз екі ұшты мағынаға ие болар еді. Бірінші, алда-жалда жол көлік оқиғасына тап келер болса, өмірі қиылуы ықтимал. Екінші, мопед әпермедің деп мектепке бармай, білімнен баз кешу арқылы болашағына балта шабады.

Жеңіл көліктер қаласы

Соңғы жылдары электросамокат, электрвелосипед, мопед, монодөңгелек сияқты жеңіл электрлі қозғалыс құралдары жастар арасында ерекше танымалдыққа ие. Әсіресе урбанизацияның күшеюі, көлік кептелегі және цифрлық өмір салтының белең алуы осы көлік түрлеріне сұранысты арттырды. Оларға арнап арнайы жол жолақтары салынып, дамып жатқаны да жасырын емес. Мұндай көлік құралдарын жастар жеңілдігі, қолжетімдігі үшін және кептелектен қашу үшін пайдаланады. Әлеуметтік желілер дамыған қоғамда жастардың кісікиіктеніп кеткені де осы құралдардың дамуына үлес қосып отыр. Өйткені жастар қоғамдық көліктерге мініп, адамдармен қарым-қатынас жасаудан қашады. Одан гөрі құлаққабын киіп алып, кейде өз жолағымен, кейде жаяу жүргіншілер жолағымен зуылдап кете барғаны абзал. Иә, кептелек жоқ. Ешкім кедергі келтірмейді. Алдыңнан соққан самал жел... Бәрі керемет. Тек бәрі керемет емес. Өйткені самокат немесе мопед тізгіндеген жастардың көбінің көлік жүргізу мәдениеті төмен. Заңды білмейді немесе оған бағынғысы жоқ. Соның кесірінен жол көлік оқиғалары осы жеңіл көліктердің қатысуымен жылдан-жылға артып келе жатыр.

Көріп отырғандарыңыздай, көрсеткіш мәз емес. Бірақ 2025 жылғы жеңіл транспорттық құралдарға қатысты заңнама нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының азая бастағаны байқалады. Дегенмен бұл көрсеткіш жылдың жылы мезгілдерінде бірнеше есе өсуі ықтимал. Өйткені қыста мопед және самокат айдаушылар азайып кететіні белгілі. Нағыз қос дөңгелекті транспорттар көшелерге енді шықты. Соның өзінде қаңтар мен наурыз айларының аралығында мопед жүргізушілеріне – 7034, самокат айдаушыларға 1386 әкімшілік айыппұл салынған. Бұл еліміздегі жеңіл көлік жүргізушілерінің ереже сақтамайтынының айқын дәлелі болса керек.

Мопедшілер манифесі

Інім 19 жасында мопед мініп, қалада жеткізу қызметімен айналысып жүрді. Оның жүргізуші куәлігі жоқ. Тіпті көлік мектебін де оқымаған болатын. Солай ешбір тәжірибесіз қауіпті көлік құралын тізгіндеген жігіт біраз қызықтарын бөліскен еді. Сонда байқағаным, мопед жүргізушілері өздерін толыққанды байкер сезінеді екен. Яғни мотоцикл сүйгіштер субмәдениетінің бір бөлшегі сезінеді. Жұдырықтарын түйістіріп амандасады, жол жиегінде бұзылып тұрған мопед жүргізушісіне міндетті түрде көмек көрсетеді, бағдаршамға тоқтағанда міндетті түрде тоқтау сызығының алдына шығып, бір аяғын тіреп тұра қалады... Осындай жазылмаған заңдары жетерлік.

Інімнің айтуынша: «Бұл қағидалардың көбі адам өміріне қауіп төндіреді. Бірақ оларды орындамасаң, сені нағыз мопедші деп есептемейді». Яғни жастар өз іштерінде манифест жасап, сол манифестке адалдық танытады. Ал мемлекет қабылдаған заңнамаға бағынғысы жоқ. 

Жауапкершілік сезіну

Жеңіл көлік дегенімізбен, мопед те, самокат та транспорттық құрал екенін есіңізден шығармаңыз. Өзгелердің өміріне зор қауіп төндіретінін жоғарыдағы статистикада атап кеттік. Ең бастысы, әрбір көлік құралын тізгіндеген сайын өзіңнің ғана емес, өзгенің де өміріне жауапты екеніңді ұмытпа. Жалпы, жол ережелері мен жеңіл көлік құралдарына байланысты ережелерден бөлек бірнеше қағида бар.

Көлікке отырар алдында мына сұраққа жауап бер:
Қай жолмен жүру керегін білемін бе?
Басымдық кімге тиесілі?
Тоқтау, бұрылу, жаяу жүргіншіге жол беру тәртібін меңгердім бе?
Көлік құралымда өзге жүргізушілерді алдын- ала хабарландыратын белгілерім (бұрылу, тоқтау шамдары) жұмыс істей ме?

2. Қауіпсіздік ережесін қатаң сақта
*  Қырпы (шлем) кию – бас жарақатынан қорғайды. 
* Жарқырағыш киім немесе белгілер – кешкі уақытта дұрыс көріну үшін.
* Қосымша жолаушы алма – самокатқа да, мопедке де жолаушы алуға тыйым салынған. 
*  Рөлді екі қолмен ұста
*  Музыка, телефонға алаңдама – бұл сенің назарыңды басқа жаққа аударады. 
*  Жаяу жүргіншілерге әрқашан жол бер. 
Жолдағы тәртібің – мәдениетіңнің айнасы.
Ешқашан жарыспа – бұл трек емес, көпшілік жолы.

Басқаларды итеріп, қорқытып немесе қысым көрсетіп жүру – бұзақылық. Қате жасасаң – үйрен. Кез келген адам қателесуі мүмкін. Бірақ бір рет қатты жүріп, апатты жағдай туғызсаң – бұл түсініспестік болуы мүмкін. Екінші рет қайталау – жауапсыздық.

Қорыта келгенде

Сонымен жеңіл көлік құралдары жастарға еркіндік береді. Бойындағы қызу қанын басуға көмектеседі. Солай бола тұра негізгі ережелерді сақтамасаң – өміріңнің күл-талқанын да шығарады. Ең болмады дегенде әкімшілік айыппұл салынып, мопедің талаптарға сай болмағаны үшін тартып алынып, айыппұл тұрағына қаңтарылады. Қазірдің өзінде Алматы қаласының айыппұл тұрақтарында 1500-ден астам мопед бар екен. Солардың біреуі сенікі де болуы ықтимал. Қандай да бір көлік құралының тізгінін қолыңа алғанда, сол сәттен бастап сенің жүргізушілік мәдениетіңнің қалыптаса бастайтынын ұмытпа. Иә, бүгінгі жеңіл көлік жүргізушілері ертең үлкен көлік құралының да рөліне отырады. Ал ол мопед немесе самокат емес. Оның салмағы да, апатты жағдайда келтіретін зияны да үлкен. Сондықтан жүргізушілік мәдениетіңді қазіргі күннен, жеңіл көліктерден бастап қалыптастыр!

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2025

962 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы